196
үшін өледі, күншіл күндеумен бүледі» сияқты мәтелдер мен «Ноғай-
лы елің бүледі», «Он сан ноғай бүлген күн» деген сияқты өлең-жыр
жолдарында келеді. Осы бүлу сөзін бұл күнде кәнігі бүліну немесе
бөлу деген тұлғаға ауыстырып
айту (жазу) фактісін жиі ұшыратамыз
және бүл- етістігін бүл + -ін деген деривацияланған (жұрнақ
жалғанған) тұлғамен тепе-тең деп түсіндірушілікті кездестіреміз.
Сол сияқты бусану/бұрсану, дем тарту/дом тарту, еңіреу/аңырау,
шерлі/жиырлы, жаулы/жылы (жылы-жұмсақ дегендегі), илеу/ай-
лау (зар илеу дегендегі), күнілескен/күңкілдескен, орындық/орнықты,
кіріш/кірпіш деген қатарлар сөз мағынасының көмескіленіп, өзі ак-
тив қолданыстан шығып қалғандығын көрсетеді. Сондықтан оның
сыртқы тұлғасын өзгертіп жұмсау (айту, жазу) орын алады.
Бұл параллельдердің бірқатары – өте ертеде қалыптасып кеткен-
дер. Мысалы, жаулы («майлы») дегеннің жылы (жылы-жұмсақ),
әйла- («ет-, қыл-») деген тұлғаның иле- (зар илеу) болып қолданылуы
ғасырлар бойына қалыптасқан, сондықтан оларды өзгертіп, түпкі
тұлғасына салып айтуға, жазуға болмайды. Ал енді бірсыпыра жа-
рыспалы қатарлар – мағына жақындығына қарай пайда болған соңғы
кезеңдердің жемісі. Мысалы, орындықты саба мен орнықты саба
дегендер мағына жағынан жақын, еңіреу ~ аңырау, шерлі ~ жиыр-
лы сияқты қатарлар, сірә, сөз ішіндегі дауысты дыбыстардың жуан-
жіңішкелігіне мән бермегендіктен (әлде арабша жазылғаннан қазіргі
жазуға көшірген кезде пайда болған) туған тұлғалар болар. Ал кіріш
пен кірпіш (ақ кіріш тас суда бар деген Бұхар жыраудың өлең жолы
кейбір кітаптарда ақ кірпіш тас суда бар деп басылғанына қарағанда),
дем тартар мен дом тартар деген жарыспалы қатарлар кіріш пен
дем сөздерінің аса түсінікті еместігінен орын алған деп шамалауға
болады. Бұл сияқты сөздердің тұлғалық және мағыналық тұрғыдан
құбылу процесін танытып, қазіргі кезең үшін дұрыс тұлғасын көрсету
– тарихи лексикология курсының міндеті.
§12. Қазақ тілінің сөздік қазынасында өте ертедегі наным-
сенімдерге қатысты бірқатар сөз кездеседі. Бір қызығы – олардың
түсіндірмесі Орталық Азия мен Батыс Сібір өлкелерін мекенде-
ген түркі халықтарының тілдерінен табылады. Мысалы, қайрақан/
қайраған деп Сібір түркілері: алтайлықтар, тувалықтар, телеуіттер
табиғат иесін, жебеуші иені атаған. Оны монғолдар да біледі, бұларда
Хайрхан – тау, су сияқтылардың иесі. Егер ертеректе қазақтар
ұлыстың ұлы күнінде – наурыз мейрамында: Көш, Қайрақан, көш
десіп, Көз көрместей өш! десіп тілек білдіретін болса, Мұхтар Әуезов
Қобылаңдының анасының аузына: Қарғысы қатты Қайрақан,
197
Қарғысынан сен сақта! деген сөздерді салса, ежелгі ата-бабалары-
мыз да Қайрақанды «иенің бірі» деп, оның ішінде «қарғысы қатты
ие» деп таныған болар. Бірақ қайткенде де соңғы бес-алты ғасыр
бойында бұл нанымды қазақтар ұмытқан, сондықтан оның атауы да
ақын-жыраулар тілінде ұшыраспайды.
Сол сияқты тықыр таяң тіркесін де V-VII ғасырлардағы
түркіттердің көк Тәңірге шалатын құрбандығының атауынан (тығыр
таих) қалған сөз болу керек деген топшылауымыз дұрыс болса, бұл
да ислам дінін қабылдаудан көп бұрынғы өте ерте кезде ата-баба-
ларымыз қолданған атау болып шығады, бірақ осы атау білдіретін
реалийдің (тау-тас, су иесі деп танудың) өзі халық санасынан кет-
кеннен кейін бұл сөз сол иенің атын емес, әуелі сол иеге шалынатын
құрбандық дегенге, одан соң құрбандық шалынатындай қиындық
туған кезді атауға жұмсалған болар. Сондықтан мұндай кезді тықыр
таяң кез немесе тықыр таянды деп атаған болар, я болмаса тықыр
дегеннің өзі тау-тас иесі дегенді білдіріп, оның қаһары төнген сәтті
тықыр келіп қалды (таянды) деп айтатын болуы да мүмкін. Қайткенде
де бұл жердегі тықыр – «дыбыс» деген ұғымдағы сөз емес.
§13. Қазақ лексикасының диахрондық сипатын тануда оның әс-
кери лексика деп аталатын тобы ерекше орын алады, өйткені ха-
лықтың бай ауыз әдебиеті, оның ішінде батырлар жырлары және сан
ғасырдың ақын-жыраулар шығармаларының, соңдай-ақ шешендік
сөздер мен мақал-мәтелдердің тілінде ұрыс-соғысқа қатысты зат,
қимыл атаулары кеңінен қолданылған. Ал сөздердің қолданыс бары-
сы олардың мағыналарында болып жататын өзгеріс-жаңалықтарды
дүниеге әкеледі.
Қазақ халқының, одан арғы осы халықты құраған ру-тайпалардың
сан ғасыр бойы күнкөріс кеңістігі үшін күресі, яғни көшіп-қонып,
малын жайып жүретін жер-суын сыртқы жаулардан қорғау үшін не-
месе жер-суды өзгелерден тартып алу, қайырып алу үшін жүргізген
ұрыс-соғыстары, қорғаныс-шабуылдары әскери лексика қорын молы-
нан қолдануға, сақтауға, өзгертіп, байытып отыруға мәжбүр еткен.
Оларды таза тілдік номинативтік (атауыштық) қызметте пайдала-
нумен қатар, көркем әдебиеттің, поэзияның, шешендіктің құралына
айналдырып, образдық қызметте де жұмсауы сөздіктің бұл тобының
мағыналық қозғалысын күшейте түскен.
Ең алдымен, қару-жарақ атаулары жинақталып, олардың әрқай-
сысының нақты мағынаға ие болу тенденциясы байқалады. XV-XVI
ғасырлардағы үлгілерде бір қарудың немесе іс-әрекеттің екі-үш вари-
антта аталуы да орын алады. Ол, бір жағынан, бұл кезеңдерде қазақ
тілінің лексикалық нормасы әлі де әбден қалыптасып бітпегендігінен