Мемлекеттің нысаны, оның мәні мен мазмұнының тікелей көрсеткіші болып табылады. Мемлекеттің мәні мен мазмұны қандай, оның нысаны да, сондай болады. Мемлекетті мән тұрғысынан зерттеу қоғамдағы қандай топтың, таптың мүддесін білдіруі мен қорғауын анықтауға болады. Мемлекетті мазмұны тұрғысынан қарастыру, оның қалай және қандай бағытта қызмет етуін анықтауға болады. Мемлекетті нысан тұрғысынан зерттеу, оның құрылымын негізгі құрамдас бөліктерін, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың негізгі әдістерін анықтауға мүмкіндік береді. Егер аумақ, тұрғындар, мемлекеттің мазмұндық сипаттамасын білдірсе, онда мемлекеттің нысаны, оның құрылымдық бөліктерін құру әдісін білдіреді. Мемлекеттің мәні мен мазмұны сияқты, оның нысаны әртүрлі әлеуметтік – экономикалық, саяси, тарихи, идеологиялық факторлардың әсерінен өзгеріп отырады.
Мемлекеттің нысаны – бұл оның құрылысы, оған әлеуметтік-экономикалық факторлар, табиғи, климаттық жағдай, қоғамның ұлттық-тарихы және діни ерекшеліктер, мәдени даму деңгейі әсер етеді. Қазіргі кезде мемлекеттің нысанын үшке бөледі:
- мемлекеттің басқару нысаны - бұл жоғары және жергілікті мемлекеттік органдарды ұйымдастыруды және олардың арақатынас тәртібін білдіретін мемлекеттік билікті ұйымдастырудың әдісі.;
- мемлекеттің құрылым нысаны - бұл мемлекеттің ұлттық және әкімшілік-аумақтық құрылымын, құрылымдық бөліктері арасындағы арақатынасын, жоғарғы және жергілікті органдардың мемлекеттік билік арасындағы арақатынасты білдіретін мемлекеттік нысанының бір бөлігі;
- мемлекеттің саяси режим - бұл саяси биліті жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерінің жүйесі.
Сонымен, мемлекет нысаны – бұл мемлекеттің басқару нысанын, құрылым нысанын және саяси режимдерді қамтитын саяси билікті ұйымдастырудың тәсілі.
22 Мемлекеттің басқару нысаны
Мемлекеттің басқару нысаны – бұл жоғары және жергілікті мемлекеттік органдарды ұйымдастыруды және олардың арақатынас тәртібін білдіретін мемлекеттік билікті ұйымдастырудың әдісі.
Мемлекеттік басқару нысаны билікті бір адам немесе сайланбалы алқалы субъектілердің жүзеге асыруына байланысты екіге бөлінеді:
- монархия;
- республика.
Монархия – бұл билік толық немесе ішінара бір адамның, яғни мемлекет басшысының (монарх, король, патша, шах) қолында шоғырланатын басқару нысаны.
Монархияның белгілері:
- билік мұра арқылы беріледі;
- билік мәңгілік сипатта болады;
- монархтың заң алдындағы жауапсыздығы;
- билікті бір адам немесе алқалы органдардың жүзеге асуы;
- монархтың мемлекетті өз еркіне сәйкес өкілдеуі;
- монархтың заң алдындағы жауапсыздығы.
Монархияның түрлері:
1) абсолюттік (шексіз) монархия – бұл заң бойынша барлық билік бір адам қолында шоғырланатын басқару нысаны. Абсолюттік монархияда халықтың мүддесін білдіретін өкілді органдар болмайды, мемлекеттің егемендігін ұстаушы ретінде тек бір адам болады (Сауд Аравиясы, Бурней).
2) конституциялық (шектеулі) монархия – бұл монархтың билігі өкілдік органдармен шектелетін басқару нысаны. Конституциялық монархияда мемлекеттік егемендікті ұстаушы ретінде млнархпен бірге мемлекеттің басқа да органдары болады. Өз алдына конституциялық монархия екіге бөлінеді:
- парламенттік;
- дуалисттік.
1) Парламенттік монархияның белгілері:
- Үкімет Парламент сайлауында көп дауысқа ие болған партияның өкілдерінен құрылады;
- Парламентте көп орны бар партияның көсемі – Үкімет басшысы болады;
- мемлекеттік билікке монархияның араласпауы, ол тек символ ретінде болуы;
- конституцияға сәйкес, Үкімет монархтың емес, Парламенттің алдында жауапты болады (мысалы, Ұлыбритания, Жапония).
2) Дуалисттік монархияда мемлекеттік билік екі жақты сипатта болады: атқарушы билікті - монарх құратын Үкімет жүзеге асырады, ал заң шығарушы билігі – Парламент жүзеге асырады (мысалы, ХІХ ғасырларда Германияда болды, қазіргі кезде жоқ).
Республика – бұл жоғары мемлекеттік билікті белгілі бір мерзімге тұрғындармен сайланатын, сайланбалы органдар немесе лауазымды тұлғалар жүзеге асыратын басқару нысаны.
Республикалық басқару нысанының белгілері:
- дара немесе алқалы мемлекет басшысының болуы;
- мемлекет басшысы және басқа да жоғарғы мемлекеттік органдардың белгілі бір мерзімге сайлануы;
- мемлекеттік билікті өз еркімен емес, халықтың тапсырысы бойынша жүзеге асыруы;
- заңмен белгіленген тәртіпте мемлекет басшысының жауаптылығы;
- жоғары мемлекет органдардың шешімі, барлық мемлекеттік органдарға міндеттілігі;
- мемлекет өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының қорғауы, мемлекет пен тұлғаның өзара жауаптылығы.
Үкіметті кім құрады, ол кімге бағынады және кімге есеп беруіне байланысты республика келесі түрлерге бөлінеді:
1) Президенттік (АҚШ, Қазақстан);
2) Парламенттік (Германия, Италия);
3) аралас (Польша, Австрия).
1) Президенттік республика – бұл мемлекеттік өмірді ұйымдастырудағы басты рөл Президенттің қолында болатын басқару нысаны.
Президенттік республиканың белгілері:
- Президентті тікелей халық сайлауы;
- Үкіметті Президент құруы;
- Үкімет Парламент алдында емес, Президенттің алдында жауапты болуы;
- Парламенттік республикаға қарағанда мемлекет басшының өкілеттігінің кең болуы.
Кей мемлекетте мемлекет басшысы және үкімет басшысы лауазымын бір адам (АҚШ), ал кейбір мемлекетте екі адам иеленеді (Қазақстан).
2) Парламенттік республика – бұл мемлекеттік өмірді ұйымдастырудағы басты рөл парламенттің қолында болатын басқару нысаны.
Парламенттік республиканың белгілері:
- Үкімет Парламент сайлауында көп дауысқа ие болған Парламенттің өкілдерінен құрылады;
- Үкімет Парламент алдында жауапты болуы;
- мемлекет басшысы Парламент не Парламент құрған арнайы комиссия немесе халық арқылы сайлануы;
- мемлекет басшысының билігі үкімет басшысының билігімен шектелуі.
3) Аралас республика (жартылай Президенттік, жартылай Парламенттік) - қоғамдық өмірді ұйымдастырудағы басты рөл Президенттің және Парламенттің қолында болатын басқару нысаны.
Аралас республиканың белгілері:
- Үкімет Президенттің де, Парламенттің де алдында жауапты болады;
- Президент пен Парламентті тікелей халық сайлайды;
- Президент Парламенттегі саяси партияларды ескере отырып, үкімет басшысын тағайындайды.
23 Мемлекеттің құрылым нысаны
Мемлекеттің құрылым нысаны - бұл мемлекеттің ұлттық және әкімшілік-аумақтық құрылымын, құрылымдық бөліктері арасындағы арақатынасын, жоғарғы және жергілікті органдардың мемлекеттік билік арасындағы арақатынасты білдіретін мемлекеттік нысанының бір бөлігі.
Мемлекеттің құрылым нысаны келесі түрлерге бөлінеді:
1) унитарлық (біртұтас);
2) федерация;
3) конфедерация.
1) Унитарлық мемлекет – бұл мемлекеттің орталық органдарына бағынатын, мемлекеттік егемендігі жоқ, әкімшілік – аумақтық бірліктерден тұратын бір тұтас мемлекеттік құрылым. Мысалы, Қазақстан, Италия және т.б.
Унитарлық мемлекет белгілері:
- барлық мемлекетке ортақ заң шығарушы, атқарушы, сот органдарының болуы;
- бір конституция, бір азаматтық, бірыңғай заң жүйесінің болуы;
- мемлекеттік егемендігі жоқ, құрамдас бөліктерден тұруы;
- шағын саны бар ұлттар тұратын біртұтас мемлекетте ұлттық және заңнамалық автономияға жол берілуі;
- сыртқы мемлекет аралық қарым қатынастарды орталық органдардың жүзеге асыруы;
- бірыңғай қарулы күштердің болуы.
2) Федерация – бұл бұрын дербес болған мемлекеттік құрылымдардың ерікті түрде бірігуін білдіретін мемлекеттер одағы.
Федерацияның белгілері:
- федерацияның аумағы, оның субъектілерінің аумағынан тұруы;
- жоғарғы мемлекеттік билікті федералды органдардың жүзеге асыруы;
- әр субъектілердің өзінің конституциясы, мемлекеттік органдары болуы;
- федерация субъектілердің мүдделерін білдіретін Парламент палаталарының болуы;
- негізгі жалпы мемлекеттік сыртқы саясаты федеративті органдардың жүзеге асуы.
Федерация үшке бөлінеді:
- ұлттық;
- аумақтық;
- аралас.
Ұлттық федерация - бұл ұлт белгісі негізінде құрылған мемлекеттердің одағы.
Ұлттық федерацияның белгілері:
- бұндай федерацияның субъектілері бір – бірінен ұлттық құраммен, мәдениеті, тұрмысы, салт – дәстүрі, дінімен ерекшеленетін ұлттық мемлекеттен және ұлттық мемлекеттік құрылымдардан тұруы;
- субъектілердің ерікті түрде бірігуі қағидатын ұстануы;
- үлкен және шағын ұлттардың мемлекеттік егемендігі қамтамасыз етілуі;
- жоғарғы мемлекеттік органдар субъектілердің өкілдерінен тұруы;
- субъектілердің құқықтық жағдайының ерекше болуы.
Аумақтық федерация – бұл аумақтық белгілер негізінде құрылатын одақтық мемлекеттер. Онда өз субъектілердің егемендігі шектеулі болады (АҚШ).
Аумақтық федерацияның белгілері:
- бұндай федерацияны құрайтын мемлекеттік құрылымның егемендігі болмайды. Өйткені, ішкі және сыртқы қарым – қатынастарда олардың қызметі федералды органдардың үстем қызметтеріне байланысты болады;
- оның субъектілері халықаралық қатынастарда тікелей өкілдік ету құқығы жоқ. Оның конституциясында одақтан бір жақты шығу көрсетілмеген, кейде тыйым салынады;
- конституциялық заңнама федерация құрамынан бір жақты шығуды қарастырмайды, кей кездерде оған тыйым салады;
- қарулы күштерді федералды органдар жүзеге асырады.
Аралас федерация – бұл аумақтық және ұлттық белгілер негізінде құрылатын федерация.
3) Конфедерациялық мемлекет – бұл белгілі бір мақсатқа жету үшін, құрылған тәуелсіз мемлекеттердің уақытша заңи одағы (ТМД, ЕО).
Конфедерациялық мемлекеттің белгілері:
- ортақ заңшығарушы, атқарушы және сот билік органдарының болмауы;
- біріңғай әскер, салық жүйесінің, мемлекеттік бюджеттің болмауы;
- бірнеше азаматтықтың болуы;
- бірыңғай ақша жүйесі, кеден ережелері және несие саясаты туралы келісім болуы мүмкін;
- ол ұзаққа созылмайды, ыдырап, унитарлық мемлекетке немесе федерацияға айналуы мүмкін.
24 Мемлекеттің саяси режимі
Саяси режим – бұл саяси билігі жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы. Мемлекет теориясында “саяси режим” және “мемлекеттік режим” ұғымдары кездеседі. Осыған сәйкес, осы екі ұғымның арақатынасына байланысты бірқатар көзқарастар бар. Кей ғалымдардың айтуы бойынша бұл екі ұғым бір мағынаны білдіреді. Ал кей авторлардың айтуы бойынша мемлекеттік режим саяси режимге қарағанда тарлау. Өйткені мемлекеттік режим – бұл мемлекеттік билікті жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы. Өз алдына саяси режимді тек мемлекет қана емес, сонымен қатар саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер де жүзеге атқарады.
Саяси режимді жүзеге асыруда қолданылатын әдістер мен тәсілдердің ерекшелігіне байланысты ол екі түрге бөлінеді:
1) демократиялық;
2) антидемократиялық.
1) Демократияның екі түрі бар:
- либералды;
- консервативтік.
Либералды демократиялық режимде – тұлға, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары тұрып, мемлекет оны қорғайды.
Консервативтік демократиялық режимде – мемлекет көбінесе салт – дәстүрге сүйенеді.
Демократиялық режимнің белгілері:
- халық тікелей және жанама демократия арқылы мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуы;
- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жарияланып, олардың нақты қамтамасыз етілуі;
- орталық және жергілікті мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларды тікелей халық сайлауы;
- саяси әр алуандылық (плюрализм), көп партиялық;
- мемлекеттік биліктің тармақтарға бөлінуі (заң шығарушы, атқарушы, сот билігі);
- сендіру, келісу, өзара келісімге келу әдістерінің басымдылығы;
- азшылықтың мүддесін ескере отырып шешімді көпшілік болып қабылдау;
- қоғамның барлық саласында заңның үстемдігі;
- бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі;
- сөз бостандығы, цензураға тыйым салу;
- жариялылық.
2) Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм, тоталитарлық және авторитарлық режимдер. Антидемократиялық режимнің белгілері:
- мемлекет қоғамдық өмірдің барлық саласын бақылауы;
- барлық қоғамдық ұйымның мемлекеттендірілуі (жеке меншіктің болмауы);
- адамның құқықтары мен бостандықтарының заң жүзінде болуы;
- бір саяси партияның үстемдігі;
- саяси әр алуандылықтың жоқ болуы, бір ресми идеологияның болуы;
- қоғамда заңсыздықтың үстем болуы;
- азшылықтың мүддесін ескермеуі;
- жариялылықтың болмауы, цензураның болуы;
- қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
- халықтың төмен экономикалық деңгейі;
- мәжбүрлеу мен жазалау шаралаының үстемдігі;
- сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.
25 Мемлекет функцияларының түсінігі мен белгілері
Функция - заң ғылымында мемлекет пен құқықтың алдында тұрған мүдде-мақсаттары, міндеттерді орындау қызметінің негізгі бағыттарын және оның әдіс-тәсілдерін анықтап, іске асыруды біріктіреді. Осы тұрғыдан мемлекеттің, үкіметтің, мемлекет аппараттарының функциясы деген заңды ұғым қалыптасады.
Мемлекет функциялары – бұл мемлекеттің қызметінің негізгі бағыттары, олардан мемлекеттің мәні мен мақсаты көрініс табады. Мемлекеттің функциялары оның міндеттерімен тығыз байланысты, олар мемлекеттің мәніне тәуелді болып келеді және оның өзгеруіне қарай өздері де өзгереді. Сонымен, мемлекет функциялары–ауыспалы сипаттағы санат. Олар мемлекет түрінің басқа түрге ауысу жағдайында да өзгереді.
Мемлекет функциясының белгілері мынадай:
1) қоғамдық өмірдің басты сферасындағы бағыттың арасындағы тікелей байланыстығы;
2) мемлекеттің мәні мен оның әлеуметті бағытының арасындағы тікелей байланыстығы;
3) қоғам дамуының тарихи кезеңдеріндегі пайда болатын ірі нақтылы міндеттері мен мақсаттарын орындауға байланысты мемлекеттің қызметінің бағыттылығы;
4) билік мәжбүрлеу әдістерін қолдануға қажетті белгілі бір нысандағы (көбінесе құқықтық ) функциясын іске асыру.
Мемлекет алғашқы кезінен бастап, қоғам онсыз дами алмайтын бірқатар қызметтерді, мысалы, қоғамдық қажетті жұмыстарды (жол, ирригациялық құрылыстар, стихиялық апатқа қарсы қорғаныстар алу), почта ісін, сауда мен қаржы айналымын, қоғамдық тәртіпті сақтау мен кейбір басқа да қызметтерді орындап келеді.
26 Мемлекет функцияларының түрлері
Мемлекет функцияларын түрлерге бөлуді әртүрлі негіздер бойынша жүзеге асыруға болады:
а) әрекет ету ұзақтығына қарай функциялар тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Тұрақты функциялар мемлекет дамуының барлық кезеңдерінде жүзеге асырылса, уақытша функциялар төтенше сипаттағы белгілі бір міндетті шешумен өз әрекетін жояды.
ә) маңыздылығына қарай негізгі және қосымша функциялар деп бөлінеді;
б) қоғамдық өмірдің қай саласында жүзеге асырылуына байланысты ішкі және сыртқы функциялар деп бөлінеді.
Мемлекеттің ішкі функциялары – бұл оның алдында тұрған ішкі міндеттерді шешудегі қызметінің негізгі бағыттары.
Ішкі функцияларға мыналар жатады:
- адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
- құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету функциясы;
- экономикалық функция;
- салық салу функциясы;
- әлеуметтік қорғау функциясы;
- экологиялық функция;
-мәдени функция.
- ғылыми-техникалық прогресті дамыту функциясы.
Мемлекеттің сыртқы функциялары – бұл оның алдында тұрған сыртқы міндеттерді шешуге байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Сыртқы функцияларға мыналар жатады:
- екі жақты пайдалы қарым-қатынас қалыптастыру;
- мемлекет аралық саяси ынтымақтастықты дамытып, жақсарту;
- мәдени және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қалыптастыру;
- мемлекетті қорғау функциясы;
- бейбіт тәртіпті сақтау функциясы;
- басқа мемлекеттермен одақтасу функциясы және т.б.
27 Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары
Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары – бұл мемлекеттің функцияларын жүзеге асыруға бағытталған оның органдарының біртектес қызметі. Мұндай нысандарды екіге бөлуге болады: құқықтық және ұйымдастырушылық нысандар. Құқықтық нысандарға мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық – бұл нормативтік актілерді дайындау мен шығаруға қатысты қызмет;
ә) құқыққолданушы – бұл құқық қолдану актілерін шығару арқылы нормативтік актілерді жүзеге асыруға байланысты қызмет, бұл заңдарды орындау мен басқарушылық сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты күнделікті жұмыс;
б) құқыққорғаушы – бұл адам мен азматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартуға және т.б. байланысты қызмет.
Ұйымдастырушылық нысандарға мыналар жатады:
а) ұйымдастырушылық-реттеуші – бұл белгілі бір құрылымдардың құжаттар жобаларын дайындаумен, сайлаулар жүргізумен т.б. байланысты мемлекеттік органдардың қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы жұмысы;
ә) ұйымдастырушылық-шаруашылық – бұл бухгалтерлік есеппен, статистикамен, қамтамасыз етумен т.б. байланысты жедел-техникалық және шаруашылық жұмыс;
б) ұйымдастырушылық-идеологиялық – бұл жаңадан қабылданған нормативтік актілерді түсіндірумен, қоғамдық көзқарасты қалыптастырумен және т.б. байланысты мемлекеттің әртүрлі функцияларын орындауды идеологиялық қамтамасыз етудегі күнделікті тәрбие жұмысы.
28 Мемлекет механизмінің түсінігі
Мемлекеттік механизмі өркениетті қоғамның әртүрлі даму кезенінде бірінғай құрылымы және қызметі болған жоқ. Ол дамып жетіліп, отырды. Әдетте заң әдебиеттерінде “мемлекет механизмі” және “мемлекеттік аппарат” түсініктері синоним сөздер ретінде қолданылады. Кей авторлардың айтуы бойынша бұл екі ұғым бір біріне ұқсас, ал кей авторлардыҢ айтуынша “мемлекет механизмі” ұғымы “мемлекеттік аппарат” ұғымына қарағанда кең болып келеді. Мемлекет механизмі – бұл бұл мемлекеттің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен мекемелердің жүйесі. Мемлекеттік аппарат – бұл басқару қызметін тікелей жүзеге асыратын және бұл үшін үстем өкілеттігі бар мемлекеттік органдардың жүйесі.
Мелекет механизмі белгілері:
- мемлекет механизмі басқарумен арнайы айналысатын адамдардан тұрады;
- тікелей үстем функцияларын жүзеге асыруда тығыз байланыста болатын күрделі органдар мен мекемелердің жүйесі;
- мемлекеттік аппараттың барлық буындарының қызметі – ұйымдастырушылық және қаржылық құралдармен, тиісті жағдайларда күштер әсер ету құралдарымен қамтамасыз етіледі;
- мемлекет механизімінің негізгі элементі мемлекеттік органдар болып табылады;
- мемлекет механизмі өз азаматтарының құқықтары мен мүдделеріне кепіл беруге және қорғауға міндетті.
Адамзат қоғамының дамуының әртүрлі саласында мемлекет механизмінің өзінің ерекшеліктері, өзіне тән құрылымы болды. Бұл экономикалық, әлеуметтік себептермен, мемлекет тұрғындарының ұлттық құрамымен, аумақ көлемі және басқа да факторлармен түсіндіріледі.
Мемлекет механизмі мемлекеттік биліктің жүзеге асуының негізгі субъектісі болып табылады. Мемлекет өзінің аппараты және органдары арқылы өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асырады, қоғамдық өмірдің тұрақталуы мен дамуына әсер етеді, елдегі демократияның тереңдеуіне септігін тигізеді.
29 Мемлекет механизмінің құрылымы
Қазіргі кездегі мемлекет механизмі өзінің күрделілігімен, оны құрайтын құрылымдар мен бөліктердің әралуандылығымен ерекшеленеді. Мемлекет механизмінің құрылымы деп оның ішкі құрылымын, оның элементтері мен буындарының орналасу тәртібін, олардың сәйкес келуі мен арақатынасын білдіруін айтамыз. Бұл құрылымға мыналар кіреді:
1) мемлекеттік органдар – бұл өздерінің тікелей үстем функцияларын жүзеге асыру барысында тығыз байланыста және өзара бағыныстылықта болатын мемлекеттік механизімінің бір элементі. Бұл органдардың ерекшелігі, олар мемлекеттік үстем өкілеттікке ие, атап айтқанда мемлекеттің күшімен байланысты құралдар, ресурстар мен мүмкіншіліктердіиеленеді, сондай-ақ жалпыға міндетті басқарушылық шешімдерді қабылдайды (мысалы, парламент, президент, үкімет, министрлік, мемлекеттік комитеттер және т.б.);
2) мемлекетткі ұйымдар – бұл мемлекеттік қорғаушылық қызметін жүзеге асыратын мемлекет механизмінің бір элементі (қарулы күштер, полиция, қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитеті және т.б.);
3) мемлекеттік мекемелер - бұл үстем өкілеттіктері жоқ, бірақ, экономика, білім беру, мәдениет, денсаулық қорғау, ғылым, әлеуметтік салаларда мемлекеттің функцияларын атқару бойынша тікелей қызметті жүзеге асыратын мемлекет механизмінің бір элементі (кітапханалар, емханалар, ауруханалар, мектептер, ғылыми зерттеу институттары, жоғары оқу орындар және т.б.);
4) мемлекеттік кәсіпорындар - бұл үстем өкілеттіктері жоқ, бірақ, шаруашылық экономикалық қызметті жүзеге асыратын, өнім өндіретін не өндірісті қамтамасыз ететін, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әртүрлі жұмыстарды орындайтын және әралуан қызметі көрсететін мемлекет механизмінің бір элементі (фабрика, зауод және т.б.);
5) басқарумен арнайы айналысатын мемлекеттік қызметшілер;
6) мемлекеттік аппараттың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастырушылық және қаржылық, сондай-ақ мәжбүрлеу құралдары.
Мемлекет механизмі және оның құрылымдары уақыт өте өзгеріп отырады. Оларға ішкі (мәдени-тарихи, ұлттық-психологиялық, діни-өнегелілік ерекшеліктер, экономиканың даму деңгейі, елдің аумағының көлемі және т.б.) және сыртқы (халықаралық жағдай, басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау және т.б.) факторлар әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |