Қазақстандағы XIX ғасырдың екінші жартысындағы сот жүйесі. XIX ғасырдың екінші жартысындағы отарлық Қазақстанның сот жүйесін алғаш рет, мейілінше ірі қайта ұйымдастыру 1867-68 жылдардағы жалпыимпериялық сот органдары мен билер соттарының жаңа құрылымын енгізу болды.
Отаршылдық әкімшіліктің аса маңызды элементі 1867-68 жылдардағы реформалар бойынша құрылған сот ұйымдары еді. Қазақстан аумағында соттар өздерінің жоғары деңгейлері бойынша әкімшіліктен қол үзе алмады. Жоғары сот деңгейлері болып табылатын сот бөлімшелері облыстық басқарманың құрылымдық бөлігі болды. Ресейде сот ісін жүргізудің прогресшіл принциптері енгізілуіне қарамастан, 1864 жылғы реформа бойынша облыстық басқармалардың сот бөлімшелерінің қызметі реформаға дейінгі сот ісін жүргізу нормаларына негізделді. Қылмыс толық анықталмаса да, қатаң жазалау шараларын қодану сот бөлімшелері іс жүргізу қызметінің негізі болды. 1867-68 жылдардағы реформалар бойынша Әділет министрлігі тағайындаған уездік судьялар төменгі инстанция болды. Әдетте олар арнаулы заң білімі жоқ, жасының ұлғаюына қарай қызметтен босаған әскери адамдар қатарынан тағайындалды. Қазақстанда жұмыс істеген бүкіл судьялар корпусына білім деңгейінің төмендігі дәл болды.
Уездік судьялар қылмыстық істерді өз бастамасы бойынша қозғай алатын еді және оларға қылмыстарды тексеру мен ашу міндеті жүктелді; әрі тергеуші болып табылатын уездік судья істерді тергеу міндетін ғана емес, сонымен қатар мәні бойынша шешу міндеттерін де өз қолына шоғырландырды.
Отаршылдық басқарудың күнделікті практикасы 1867-68 жылдардағы реформалар бойынша енгізілген сот жүйесінің тиімсіз екенін көрсетті. XIX ғасырдың 70- жылдарының басында әкімшілік басқару реформаларының жаңа жобаларын әзірлеуге байланысты жергілікті отаршылдық-әкімшілік сот жүйесін реформалау туралы мәселені барған сайын табандылықпен көтере бастады. Сот жүйесін реформалаудың алғашқы нұсқаларының бірі 1872-73 жылдарда Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П. Кауфманның басшылығымен әзірленген әкімшілік реформаның жобасында жасалды. Жобада 1864 жылғы сот реформасының көптеген элементтерін: бітістіруші судьялар институтын, бітістіруші судьялар съезін және сот палатасын енгізу көзделді; тергеу сот қызметінен бөлінді.
Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының әкімшілігі әзірлеген жобаларда сот ісін жүргізуде реформаға дейінгі нысандарынан бас тарту қарастырылды.
Іс жүзінде бұл жобалардың бәрін де сот органдарын әкімшіліктен бөлу туралы ой арқау болды. Бірақ сот жүйесін дамытудағы бұл оң бағыт Ресей империясының дайындалған жобаларды заң арқылы рәсімдеу позициясына тәуелді болған орталық ведомстваларынан тиісті қолдау таппады.
1898 жылғы сот реформасында адвакатура қызметінің құқықтық негізін реттеу көзделді. 1898 жылғы екінші маусымдағы «Уақытша ережлердің» 24 бабында адвокадтық қызметті жүргізуге куәліктерді округтік соттардың беруі көзделген. Нақ осы куәліктер бітістіруші соттарға да адвокаттық қызметпен айналысу құқығын беретін.
1909 жылы «Ақмола, Семей және Орал облыстарында ант берген зеседательдер сотын құруды енгізу туралы» заң шығарылды. 1909 жылғы заң бойынша Ақмола, Семей және Орал облыстарында ант берген заседательдердің тізімі жалпы негізде және әрбір уезд бойынша арнайы жасалды.
XIX ғасырдың басында Қазақстанда ант берген заседательдер сотының енгізілуі отарлық Қазақстандағы сот-құқықтық жүйенің дамуындағы елеулі кезең болды.
Патша үкіметі жалпы имрериялық соттарды енгізумен, олардың құзіретін кеңейту мен қатар сот органы ретінде билер сотын сақтап қалуға ұмтылды. Сонымен бірге патша үкіметі билер сотын сақтай отырып, оның қызмет шеңберін шектеуге және тарылтуға тырысты.
XIX ғасырдың 60- жылдарының орта шенінде патша өкіметі бірқатар жаңалықтар енгізіп, билер сотының қарауындағы іс жүргізудің маңызды тұстарын пайдалануды көздеді.
1867-68 жылдардағы реформалар бойынша билер сотының 3 деңгейі құрылды: бірінші деңгей-билердің жеке соты, екіншісі- билердің болыстық съезі және үшіншісі-билердің төтенше съезі.
Бірінші деңгей-билердің жеке соты 1867 жылғы уақытша ереженің 192-параграфы негізінде «100 сомнан аспайтын түпкілікті істерді» шешуге тиіс болды.
Достарыңызбен бөлісу: |