Курстық ЖҰмыс тақырыбы: XIX ғасырдың 60-90 жылдарындағЫ Әкімшілік-саяси рефорамалар


ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ АГРАРЛЫҚ САЯСАТЫ



жүктеу 334,5 Kb.
бет7/13
Дата06.02.2022
өлшемі334,5 Kb.
#37362
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13
Ержан курс

ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ АГРАРЛЫҚ САЯСАТЫ.

Патша үкіметінің қазақтар орналасқан жерлердегі аграрлық саясаты бірте-бірте жүргізілді, мемлекеттің заңдық және шаруашылық құқықтарын бекіту дәйекі түрде жүзеге асырылды. Мәселен, 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғыда» жерге мемлекеттік меншік туралы еш жерде тікелей айтылмаған. «Әрбір округтің лайықты түрде айқын межеленген жері болды, басқа округтің тұрғындары жергілікті бастықтардың оған дәл рұқсат болмайынша көше алмайды» деп жарияланған. Жергілікті бастықтардың ықпалы жер туралы басқа баптардан да сезіледі. Жерді межелеуде әскерилердің қатысуымен облыстық басық шешуші рөл атқарды. Сонымен бірге облыстық бастықтар аға сұлтанның қоныстануына арналған, заседателдерге арналған округтік жер бөліктерін, сондай-ақ сұлтандарға шаруашылық жүргізуге үш есе, старшындарға екі есе жер бөліктерін мұрагерлік меншікке деп бөліп отырған. 15 десятина болатын бір норма қазақтардың, тілмаштардың және қазақтардың егіншілікпен нысаналы айналысуы құқығымен бөлінді, бірақ күтім жасалмаған жағдайда 5 жылдан кейін қайтып алынды. Даулы жер мәселелері үш бидің куәлігімен жеребе бойынша шешілді.

1844 жылғы 14 маусымдағы «Орынбор қазақтарын басқару туралы ережені» өзінде-ақ «орынбор қазақтары орналасқан, ерекше облыс түрінде Бүкілресейлік империяның бір бөлігін құрайтын жерлер Сыртқы істер министрлігінің қарауында болады» және «орынбор қазақтарына және олар көшіп жүретін жерлерге қатысты жобалармен қандай да бір жаңа ұйғарымдарды орынбор әскер губернаторы Министрлікке енгізді» деп тура мәлімделген.

Кейініректе, 1867 жылы «Қазақ даласындағы басқару туралы ережелерді» әзірлеу жөніндегі комиссияның мүшелері қазақтардың жерге құқықтарын анықтайтын басқа заңның жоқ екенін және соның негізінде қазақ жерлерінің «Орынбор өлкесінің жергілікті бастықтары мемлекеттік деп...танып келгенін және танып отырғанын» атап өтті. Үкіметтік ұйымдар алдында жерге меншік туралы мәселе XIX ғасырдың 60-жылдарының ортасында кен өнеркәсіпшілер үшін далада учаскелер бөлуге байланысты нақты алға қойылды. Сондықтан 1868 жылғы 21 қазандағы «басқару туралы уақытша ережеде» енді жерді пайдалану мен иеленуге айқын шек қойылды. «Уақытша ереденің» 210-параграфында «қазақ қоныстары алып жатқан жерлер мемлекеттік жер деп танылады және қазақтардың қоғамдасып пайдалануына беріледі» деп жазылған. Жер пайдалану нысанының қалай анықталатындығына сәйкес барлық жер қыстаулар мен жайлауларға бөлінді. Мәселен, қыстаулар болыстар мен ауылдар арасында арнаулы съездер мен жиындарда, ал жекелеген шаңырақ иелері арасында ауыл қоғамдарының ішінде бөлінді. Қатысулардың шектелуі мүмкін болатын, ал олардағы қора-қопсысы болғанда ғана мұраға алуға құқылы еді. Ал жазғы жайлаулар болыстардың қоғамдық пайдалануына қауымдық құқықтың белгіленген дағдыларына сәйкес берілді. Болыс мүшелерінің өзара келісіміне сәйкес егін егетін және шөп шабатын жерлер, сондай-ақ олардағы құрылыстар жеке меншікте болды. Қазақстанның оңтүстігіндегі көшпелі халықты жерге осылайша орналастыру шын мәнінде 1886 жылғы 2 маусымдағы «Түркістан өлкесін басқару туралы ережеде» жарияланды.

1891 жылғы 25 наурыздағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» сол кездегі Қазақстан аумағындағы жерді пайдалану және жер иелену туралы барлық заңдарды бір ізге түсіріп, басын біріктірді. Шынына келгенде, онда негізінен алғанда 1868 жылғы «Уақтыша ереженің» қағидалары қайталанып, нақтыланды. Жер, соның ішінде ормандар да мемлекеттің меншігі деп танылды (119-бап), ал қоныстар алып жатқан жерлер мерзімсіз қоғамдық пайдалануға берліді (120-бап). Алайда 120-бапқа «I Ескерту» мазмұны жағынан мүлде жаңа болды және онда «көшпелілер үшін артық болып шығуы мүмкін жерлер Мемлекеттік меншік министрлігінің қарауына түседі» делінді. «Осы арқылы,-делінген «I Ескертуге» түсініктемеде,- мемлекеттің дала облыстарының барлық аумағына болашақтағы құқығы қорғалады, сонымен бірге көшпелі бұратаналарға қысым жасалмайды». Осындай жолмен үкіметтік ұйымдар қазақтарға тиесілі жерлерге сол кездің өзінде-ақ іс жүзінде бар құқықтарын заң жүзінде баянды етті.

Бірақ көп ұзамай осы баянсыз «Ескертудің» өзін де мемлекеттің ұстанғысы келмей отырғаны айқын болды. Өйткені ол 1893 жылдың өзінде-ақ қоныс аударушылар үшін жер бөліктерін бөліп беруге кірісті. Қоныс аударушылар топтары шенділерінің бірі, жер өлшеуші және статистикашы Т.И. Седельников кейініректе: «1904 жылы кейбір өзгерістер кезінде дала өлкесінің жерге орналастырушы комиссияларының жоғары шенді адамдары қазақтардан жерді тартып алудың заңдылығы туралы мәселенің туындауынан қауіптенді»,-деп жазды. Өйткені алдын ала қойылған талаптар-байырғы халықтың жерін межелеу және жерге орналастыру талаптары орындалмаған еді. Ол былай деп атап көрсетті: «Осындай мәселе қойылуының бір өзі...даланы отарлау алпауыттарына үрей туғызды. Өйткені сол кезге қарай бұл отарлаудың заңдық негізі болмағанын және жоқ екенін олардың өздері-ақ ұғынған еді». XIX ғасырдың 90- жылдарының басында қайтадан көтерілген шаруаларды қоныс аудару толқыны үкіметті қөрінеу заңсыздыққа баруға мәжбүр етті.

Үкіметтік ұйымдардың бұрынғы қоныстандыруға қатынастарының өз тарихы болды және ол заңдарды тиісті түрде көрсетілді.



XVIII ғасырдан бастап қазақ жерлеріне шаруаларды қоныс аудару қазақтардың отарлауынан кейін өкшелес жүргізілгені мәлім. Бұл қоныстандырудың ауқымы үлкен болмады, ал 1822 жылғы «Бұратаналарды басқару туралы жарғыда» «бұратаналардың иеленуіне бөлінген» жерлерге ресейліктердің өз бетімен қоныстануына қатаң тиым салынды. Дегенмен сол кездің өзінде-ақ қазақ қауымдарымен шарт бойынша жерді жалға алуға рұқсат етілген болатын. Ал 1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша ережеде» «қоғам құрамындағы қазақтардың да, жекелеген адамдардың да өз учаскелерін немесе олардың бөліктерін уездік басқармада куәландырылуға тиісті ерікті келісім бойынша орыстардың пайдалануына беруге құқығы бар» деп тура жарияланған. Нақ осында қоныс аударушыларға арналған кейбір жеңілдіктер: құрылыс салу үшін жер бөлу, құрылыс ағашын тегін беру туралы айтылған. Алайда жерді бөліп алу жолдары әлі де айтылмаған еді. XIX ғасырдың 60- жылдарында крепостниктік құқығы жойылғаннан кейін Ресей шаруаларының біршама еркін жүріп тұруы мүмкін болған кезде, Дала өлкесінің жергілікті өкімет орындары өз бетімен қоныс аудару проблемасына тап болды. Мысалы, Ақмола облысында алғашқы өз бетімен қоныс аударушылар Тобыл және Пермь шаруалары болды, олар 1866 жылы Көкшетау уезіндегі Саумалкөл көлі маңына қоныстанды. Заң бойынша Ақмола облысына қоныстануға ресми түрде 1889 жылы рұқсат берілді, бірақ сол кездің өзінде мұнда шаруалардың заңсыз 21 қоныс болды. Көрініс мынадай еді: «Егіншілік және басқа да кәсіпшіліктер үшін бос жатқан жерлер іздеген адамдардың тұтас топтары Ақмола облысында босып жүрді». «Дала уәлаяты газетінде» бастапқыда мұндай өз бетімен қоныстанудың өз жерлерін жалға беру құқығын іс жүзінде қолданған жергілікті қазақ халқының тиімді пайдаланғаны атап өтілді. 80-жылдардың басына қарай Көкшетау уезінде өз бетінше жерді иемденіп алған шаруалар аз болмады. Мұның нақты өмірде қалай болғанын мұрағат құжаттарынан көруге болады. Мәселен, Қостанай уезі Кеңарал болысының №3 ауылына жақын жерде Каменская және Белояр зәйімкелер құрылды. Қоныс аударушылардың бір бөлігінде ғана жертөле салуға жерді сол ауылдың қазақтарынан сатып алу туралы тілхаттары болды, ал «көпшілігі өз бетімен қоныстанды: қоныс аударушылар топ-топ болып келіп, ешкімнен сұрамай, бұрын келгендердің жанындағы жерлерді таңдап алып, жертөлелер салды, ал содан соң адал сөзін беріп, қазақтардан егін егетін жер сатып алды...Бұған тіпті өз жертөлелерін сатып, қазақтардың өздері де жәрдемдесті». Жергілікті әкімшілік үкіметтік қарарларды орындай отырып, өз еркімен қоныстануды жоюға тырысты, мұны мұрағаттарда сақталған заңсыз қоныс аударушылардың аты көптеп аталатын тізімдер дәлелдейді; онда аталған шаруалардың әрқайсысына «поселкеде түпкілікті орналасуға тиым салу» туралы хабарланғаны атап өтілген. Шаруалар бұрынғы тұрғылықты жерлеріне қайтуға тиіс болды. Бірақ стихиялы бұқараға ие бола алмаған дала генерал-губернаторы 1895 жылы шаруалардың Ақмола облысына келуіне уақытша тиым салды.

Және, керісінше, үкіметтің пікірінше «орыс тұрғындарын» көбейту керек болған жерлерде қоныс аударушыларға ерекше жағдайлар жасалды. Оларға ең алдымен империя құрамына біршама жақын да енген Жетісу, Зайсан приставтары және т.б. жерлер жатқызылды. Мысалы, үкіметтік ұйымдар «...орыс адамдарын орналастыру біздің Қытаймен шекарамызды қорғау мақсатында Өскемен және Зайсан уездері үшін ерекше маңызды» деп санады. Бұдан әрі «бүкіл шекара өңірі...орыс поселкелері дуалымен тұтас жабылар еді» деген тілек білдірді. XIX ғасырдың 40-жылдарында тек қана қазақтар қоныстандырылған Жетісуда 60-жылдарда облыс губернаторы Г.А. Колпаковскийдің бастамасы бойынша «өлкені орыстандыру мақсатында» шаруаларды орналастыруға рұқсат етілді. Еуропалық Ресейден алғашқы келіп қоныстанушылар Воронеж шаруаларының 242 отбасы болды. Жер учаскелері болмауы себепті олар Верный қаласының мешандарына жатқызылды, мұнда «олар Верныйдың тамаша бауларын өсіріп, сонымен бірге егіншілікпен айналысты. Бұл үшін қажетті жерді таяудағы станциялардың қазақтарынан жалға алды». Шаруалар тарту үшін 1868 жылдан бастап Жетісуға көшіп келгендердің отбасындағы ер адамдардың әрқайсысына 30 десятина жер бөлінетін, шаруашылық жүргізу үшін қарыз берілетін және 15 жылға салықтардан босатылатын ереже қолданылды.

1868-1880 жылдар аралығындағы кезеңде Жетісуда 36 шаруа селолары пайда болды. 80-жылдардың орта шенінде мұнда егіс салуға жарамды жер жетіспейтін болды, сөйтіп үлес мүшелері 10 десятинаға дейін азайтылды, ал жеңілдікті кезең 5-10 жылға дейін қысқартылды. Сонымен бірге енді Түркістан өлкесіне қоныстануға «селолық тоғышарлар санатына жататын, христиан дінін ұстанатын орыс бодандарына ғана» рұқсат етілетіні ескертілді. Сонымен бірге Қазақстан нақ сол кезеңде Ресей империясындағы егіншілікке бейімделген отырықшыландыру арқылы отарлау аудандардың біріне айналды. Қоныстануға уақыты жағынан үнемі қолданылатын, сондай-ақ өзгермелі бірнеше фактор себепші болды. Бірінші топқа: шет аймақтарда халық аз қоныстанған аумақтардың болуы; шаруалар жерінің аз болуына қоса алғанда, феодалдық сарқыншақтар; туған жерлерінде табыстың жетіспеушілігі; жер сапасының нашар және өндіріс тиімділігінің төмен болуы жатады. Егіннің шықпай қалуын; қоныс аударуды көтермелеген немесе тежеген үкіметтік саясатты және басқаларын өзгермелі фактор ретінде атауға болады.

Осы факторлардың уақыт жағынан жіктелуіне сәйкес шаруалардың қоныс аудару қарқыны ұлғайып және төмендеп отырды. Бір ғажабы, бұл кезеңдегі үкіметтің қаулылары оқиғалардың алдында жүрмей, ізіне еріп, бірде қоныс аударуды тежеуге, бірде оны белгілі бір шеңберге түсіруге тырысты. XIX ғасырдың 80-ші жылдарында Еуропаны қамтыған аграрлық дағдарыс Ресейге де келіп жетті, онда мұның үстіне 1880 жыл ашаршылық жылы болды. Осының салдарынан Ресейдің еуропалық аудандарынан империяның шет аймақтарына шаруалардың көшіп келуі күшейе түсті. 1881 жылдың аяғында қоныс аударушылар туралы уақытша ережелер қабылданды. Онда шаруалардың шет аймақтарға тиісті ұйымдардың рұқсат етуімен ғана қоныс аударуына жол берілді. Алайда 1883 жылы Қазақстанға қоныс аударуға тағы да тиым салынды. А0ырында бес жыл әзірленгеннен кейін, 1889 жылғы 13 шілдеде «Село тұрғындары мен мешандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныстануы туралы және аталған сословилердің адамдарын ерте уақытта қоныстанғандарға жатқызу тәртібі туралы» ереже күшіне енгізілді.



Қоныс аударуға Ішкі істер және Мемлекеттік меншік министрлігі ұйымдарының арнаулы шешімі бойынша ғана жол берілді. «Құрметке лайық», «сенімді» қожайындарға ғана рұқсат беруге өкім етіліп, олар қоныстануға арналған жерлерге жіберілді. Дала өлкесінде бұлар Ақмола, Семей және Жетісу облыстары болды. Ережеде жер учаскелерін құру туралы, жаңадан келгендердің қоныс аударушылардың жәрдемақыларымен жеңілдіктері жүйесіәне жатқызу тәртібі туралы ережелер қамтылды. Далалық облыстарда жер нормалары нақты анықталмады, қайта «егіншілік жағдайлары және топырақтың құнарлығы арқылы... анықталатын мөлшерде» белгіленді. 1889 жылғы ереже Қазақстанды Ресейден қоныс аударушыларға іс жүзінде ашып берді, бірақ ол содан кейінгі барлық заң актілері сияқты, қоныс аударушылар қозғалысын тәртіпке келтіре алмады. Төрешілдік сөзбұйдағы салу қоныстануға рұқсаттар беруді шамамен алғанда бір жылға дейін созды, осы себепті қоныс аударушы шаруалардың жартысына жуығы бұрынғысынша жолға жасырын түрінде шықты. Ал 1889 жылғы ережеде әрбір өз бетімен келушілерді тіркелген жеріне әкімшілік тәртіппен қайтаруға нұсқау берілген болатын. Кейіннен бұл заң үкіметтің бірде қоныстануды бірсыпыра кеңейтуге, бірде оған тиым салуға немесе тоқтата тұруға бағытталған әртүрлі жарлықтармен және нұсқау хаттарымен толықтырылды. Жергілікті өкімет орындары өз бетімен қоныстанушыларға қарсы күресуге дербес әрекеттер жасады. Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабаш өзіне бағыныштыларға мынадай пәрмен берді: алдағы уақытта «өз бетімен қоныстануды болғызбау үшін уездік әкімшілікке жергілікті жерлерге тиісті рұқсаты болмайынша қоныстандыруға жол берілмеуін және өз бетімен қоныс аударуға дайындалу анықталған жағдайдың дереу тоқтатылуын, ал оған кінәлі адамдардың заңды жауапқа тартылуын ерекше қадағалап отыру жүктелсін». Бұл жағдайда сол кездің өзінде білгілі бір учаскеге тіркелген, бірақ басқа орындардан неғұрлым қолайлы жер табуға тырысқан шаруаларға қарсы жазалау шаралары жайында айтылып отыр. Уездер және облыстар ішіндегі осы көші қон ағынына мүлде ешқандай үлес алмаған- «тіркелмеген» шаруалар да қосылды. 1896 жылы Торғай облысы Қостанай уезінің үш болысы бойынша ғана жер үлесі берілмеген 4033 ер азаматтар осындайларға жатты. Соның салдарынан XIX ғасырдың аяғында империяның азиялық шет аймақтарының село халқында көшпелілік көрсеткіші жоғары-14,7% болды. Ал тұтас алғанда ел бойынша бұл өлшем 9,8% ғана болатын.

Ресейдегі 1891-92 жылдардағы аштықтан кейінгі жаңа көші қон тасқыны және 1893 жылы Сібір темір жолының батыс учаскелерін салудың аяқталуы үкіметке қазақ халқының және өз бетімен қоныс аударып келген шарулардың жер пайдалануын тәртіпке келтіру қажеттігін алға қойды. Бұған қоныс аударушылардың жергілікті халықпен де бұрыннан тұрып жатқан шаруалрмен де көптеген жанжалдар мәжбүр етті. 1893 жылдан бастап Ақмола облысында бірінші межелеу париясы жұмыс істей бастады, кейініректе басқа да партиялар құрылды. Олардың жұмысы оң нәтиже бере алмады. 1894 жылы II Николай дала генерал губернаторының есебіне ескертуінің Ақмола және Семей облыстарының көшпелі халқының пайдалануындағы бос жерлердің сапасын тез арада зерттеу мен мөлшерін анықтау қажет екенін «атап өтті». Мұндай зерттеуді ұйымдастыруды сібір темір жолы Комитетінің міндетіне жатқызылды. Комитет «еуропалық Ресейден шыққандардың соңғы жылдарда дала өлкесі шегіне қоныстануға ерекше ұмтылысы байқалғанын, сол себепті оны отарлауды берік негізге қоюды ойластыру керек екенін атап өтті».

Шаруаны дала өңіріне қоныстандырудың дұрыстығы ара-тұра күмән, ал кейде қызу қарсылық та туғызғанын атап өткен жөн. Отарлауды жақтаушылар мен оның қарсыластары арасындағы пікірсайыс жергілікті және орталық баспасөз беттерінен көрініс тапты. Мәселен, Г. Уәлихан қыстауларды қоныс аудару қажеттері үшін тартып алуға қарсы шыға келіп, «қазақтардан мұндай жерлерді тартып алу олардың жағдайын өте қиындатады» деп жазған. Екінші жағынан, «дала уәлаятының газеті» үкіметтің қоныстандыру саясатын талай рет қолдады және 1894 жылы жарық көрген мақалалардың бірінде былай жазған: «жалпы әл ауқат мүдделерін көздеп қана емес, сонымен қатар жай әділеттілік үшін де мемлекеттің бір жеоінде село тұрғындарының отбасын мүлде қамтамасыз етпейтін ұлтарақтай болмашы жері болып, ал басқа бір жерде әрбір отбасына жүздеген десятина келуіне жол беруге болмайды ғой». «Көшпелінің экономикалық жағдайына келтірілетін соққы одан әрі күшейе түсуде...далаға қоныс аударушыны орнықтыру факторының қазақ халқының бұқарасы үшін мәдени емес, әзірше, былайша айтқанда, теріс мәні осындай болып отыр...»

Сонымен патша өкіметінің XIX ғасырдың 90- жылдарына дейінгі Қазақстандағы қоныстандыру саясаты стратегиялық тұрғыдан ғана, шет аймақтарға шаруалар ортасынан шыққан «мықты элементті» қоныстандырудың негізгі бағыты түрінде ғана белгіленді. Осымен қатар үкіметтің жергілікті халықтың ата қонысына билік етудің нақты және заңды құқықтарын әзірлеу үрдісі жүріп жатты. Кейіннен 90-жылдардың орта шенінде қазақ даласын жаппай отарлауға бағыта лынды.


жүктеу 334,5 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау