Қарәке (Гур., Маң.) – үлкен әке, әкесінің әкесі. Қарәкем тірі. Бұл қары (кәрі) және әке деген екі түбірден жасалған.
Шеке (Гур., Маң.) – шеше. Қарт адамдарға айтылатын әже, шеше сөздерінің орнына жүреді. Ғ.Мұсабаев мұны шешеке деген сөздің қысқарған түрі болу керек дегенді айтады.
Немелтай (Түрікм.: Красн., Жеб., Небид., Ашх., Таш.; Гур., Маң.) – немеренің баласы (шөбере). Немеремнен туған немелтайларымды да көріп отырмын . Гурьевтің Еспол ауданында мүдежат делінеді.
Қарым (Маң., Маңғ) – ру мағынасында қолданылатын бұл сөзді басқа түркі тілдерінен көрсетілген тұлғаға сәйкес сөзді таппадық. Дегенмен «қарым» сөзінің этимологиясын анықтайтын сөздерді якут тілінен кездестіреміз. С.В.Ястремский кітабында: qaan ruu (qan uruu) кровный родственник [23, 10-б.], дегенді көрсетсе, кейін Л.А.Покровская: «урру» якут тілінде – туыс, туған, ал хаан уруу – кровный родственник [24, 42-б.], деп анықтай түседі. Міне, осы соңғы тіркес біріге келіп қазақ говорындағы «карым» сөзін тудырған демекпіз. Демек, хаан уруу – хаа+руу – ха+ру+м – қарым.Соңғы «м» дыбысы етістіктен зат есім тудыратын (нан+ым – наным, сен+ім – сенім т.б.) жұрнақ ретінде тіл заңдылығына сүйене отырып қосылған.
Тақта (Түрікм., Красн., Ашх., Мары.; Гур., Маңғ.) – ру ішіндегі ата-бөліністері, ру тарамдары. Орта жүздің қай тақтасынансыз?(Гур., Маңғ.). Адайдың тақтасы көп, балам (Түрікм., Таш.). Түрікменше токгет бөлек, түйір, өзбекше тоқа дана, түйір.
Қызалақ 1. (Ақт., Қараб.; Орал.: Чап., Казт.,Жымп.; Қ.орда.: Сыр., Жал.,Қарм., Қарақ.) – 11-12 жасар қыз, қыз бала. Мектеп оқып жүрген жалғыз қызалағым бар. Бір қызалақ бала бұзау бағып жүр (Орал., Чап.). 2. (Рес., Орын.) – қыз, қыз бала. Сегіз баламнан тазарған соң, мына қызалағым туылып еді, атын Ұмтылған қойдым. 3. (Ақт.: Ключ., Ойыл.; Гур., Маңғ.) – 12-13жасар қыз бала. Осы үйдің қызалақ баласы бар ма? (Гур., Маңғ.). Жүгіріп жүрген ұлымнан басқа бір қызалағым бар (Ақт., Ойыл.). 4. (Ақт.,Ойыл., Гур., Шевч., Қарақ., Мой., Түрікм., Таш.) – 13-14жасар қыз бала. Бір-екі қызалақтың бетіне қарап отырған жағдайымыз бар, Қосшым (Қарақ.). Бес-алты қызалақ бір шетке жиналып,өздерінше бірдеме сыбырласып жатыр (Түрікм., Красн.). Өзбекше қизалақ, қарақалпақ тілінде қызалақ, дочурка.
Аданас (Орал., Орда., Жән., Казт.; Рес., Волг.) – туысқан. Қалада менің екі аданасым жұмыс жасайды (Орал., Казт.). Санатай, Сағындық дейтін адамдар аданас екен. Екеуі бір әкеден туыпты.
Тире (Түрікм.: Бекд., Красн., Ашх., Мары., Тедж., Небид., Гур., Маңғ.) – рудың бір тармағы. Қай тирге жатасаңыз? (Түрікм., Красн.). Түрікмен тілінде тире.
Шатақ (Маң., Маңғ.; Түрікм.: Красн., Таш., Мары., Тедж.) – жекжат, жақын. О, не шатақ болғысы келе ме? Үйіме бір шатағым келіп еді (Маңғ., Маң.). Түрікменше чатык жақын дос, өзбек тілінде чатмоқ алыс туыстар деген мағынаны береді.
Достарыңызбен бөлісу: |