Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының қалыптасу тарихы (1924-1930 жж)
ӘОЖ 94(574). 084 Қолжазба құқығында
Байназаров Жарбол Аманжолұлы
Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының қалыптасу тарихы (1924-1930 жж)
07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының кандидаты
Қ.С. Алдажұманов
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ә.М. Ауанасова
тарих ғылымдарының кандидаты
Л.М. Хасанаева
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институты
Диссертация 2008 жылы «___» ____________ сағат___ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазба қорында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылы «___» ____________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс 1924-1930 жылдар аралығында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрамында болған Қарақалпақ Автономиялық облысының мәселелерін кеңінен қарауға негізделген. Орта Азия республикаларын ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының шешіміне сәйкес құрылған Автономиялық облыстың сипаттамасы қазақ-қарақалпақ қатынасының тарихымен сабақтасып, кеңестендіру жылдарындағы Алаш зиялыларының саяси көзқарасына ортақ болған ұстанымдармен байланыстырылды. Сонымен бірге, облыстың кейінгі жағдайының Одақ көлемінде және өзбектердің ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының мүддесінде шешілуіне негіз болған, ұжымдастырудың ақтаңдағына айналған Тақтакөпірдегі бас көтерудің ақиқаты, қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары, екі ұлтқа да ортақ бүгінгі күн әлпетіндегі мәселелер зерттеуде кеңінен қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңестік билікті тұрақтандырудың әр түрлі құрылымдарының жүзеге асқаны белгілі. Соның бірі Орта Азия республикаларын ұлттық-аумақтық межелеу, ұжымдастыру шараларымен байланысты болған халықтар тағдырының тарихи бұрмалануы болатын. Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасына қарасты Автономиялық Республика болып отырған Қарақалпақстанның да осы кездегі тарихи өткелдері кеңестендірудің бұралаң саясатымен сараланды. Межелеу қорытындыларына және қарақалпақтардың өз мүддесіне сай, Қазақ АКСР-і құрамында Автономиялық облыс болып құрылған 1924-1930 жылдар аралығының тым аз ғана болуы, олардың заман өзгерісінен күткен арман-үміттеріне демеу бола алмады.
Тарихтағы белгілі бір мемлекеттік құрылым ішіндегі аумақтық бөліністі құрайтын автономия ұғымы өлкелік, табиғи, экономикалық және әлеуметтік мүддесі ерекшеленетін белгілі бір ұлттың аумақтық ықшамдануын сипаттайды. Автономия үрдісінде дамып келе жатқан қарақалпақ халқы өз дамуында аймақтық интеграция, Орталық Азия елдерінің арасындағы қауымдастық құруды көздейтін тәуелсіз Қазақстанның көшбасшылығына сенім білдіреді. Қазақстанның халықаралық қатынастағы абыройы мен сыртқы саяси ұстанымдарындағы маңызды қадамдары, ішкі даму әл-ауқатының озық үлгілері өркениетті қоғам құрудың барлық талап-тілектерінен шығып отырғанын уақыт көрсетуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың түркі тектес Орталық Азия мемлекеттерінің арасында аумақтық интеграция құрудағы идеялық ұстанымдары да бұл мәселеде негіз бола алады [1].
Кеңестік кезеңге дейінгі тарихы ортақ қазақ-қарақалпақ халықтарының да тегі бір түркілік негізінде жаңа Түркістан мемлекетін құрудың тетікті мақсаты М. Шоқай идеяларында дүниеге келуімен, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлты зиялыларының рухани үнін тудырған болатын.
Орта Азия аймағындағы Патшалы Ресей боданында болған халықтардың соңғы арман-үміті, кеңестік билік заманы туған сәттен-ақ, әлеуметтік теңдікпен астасқан «лениндік ұлт саясатының» жүзеге асуына деген үлкен сенімге ұласқан еді. Кеңестік биліктің аймақ халқына қатысты қайта құру саясаты қарымында жүргізген ұжымдастыру саясатының тарихи бедері, мұнда өмір сүріп жатқан халықтардың дәстүрлі-ғұрыптық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және шаруашылық құрылымдарын астарлы түрде өзгертуге негіз жасады. Орта Азия республикаларын ұлттық-аумақтық межелеу шаралары нәтижесінде Қазақстанның аумақтық бірлігіне кірген ҚАО ұжымдастыру ақпараттары бойынша артқа сүйрер факторға айналған, яғни қарақалпақтардың орталыққа жағрапиялық қашықтығы сылтауға алынып, оның кейінгі тағдыры одақтық ауқымда шешіледі. Тақтакөпірде орын алған Кеңес үкіметіне қарсы бас көтеру салдары оның басты себебіне айналады.
Голощекиндік саясат лаңы тудырған қазақ жеріндегі жасанды жұт салдарынан ауа көшіп, бас сауғалаған қазақтардың қарақалпақ жеріндегі тұрағы, бұл жерде тарихи тағдыры қаланған жергілікті қазақтар санының артуына себеп болады. Қазақстан тәуелсіздігімен қатар келген, нәубет жылдары шетел асқан қазақтардың тарихи Отанға оралуы қарақалпақ жеріндегі қазақтарға оңтайлы күн тудырды.
Қазақ АКСР-і құрамында құрылған Қарақалпақ Автономиялық облысының 1924-1930 жылдар аралығындағы құрылымдық мәселесінің Қазақстан тарихында тұңғыш рет ғылыми тақырыпта сараптан өтуі зерттеудің өзектілігі болып табылады.
Жалпы қазақ-қарақалпақ тарихының сабақтасқан кезеңдерін замана мәселелерінен бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан да, зерттеу жұмысын қарақалпақтардың Автономиялық облыс жағдайындағы Қазақ АКСР-і құрамында болуы мәселесін саралау, кезең мәселесін ашуға негіз болған бірқатар тарихи жағдайларды бағамдау арқылы жүзеге асады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу тақырыбының тарихнамалық сипаттамасы кеңестік кезеңдегі және кеңестік кезеңнен кейінгі уақыттағы қазақ, қарақалпақ және өзге де бұрынғы одақтас республикалардың тарихшы ғалымдарының бұл мәселедегі ғылыми ұстанымдарына қарай жіктелді.
М. Шоқай еңбектері негіз болған қазақ және өзге де түркі халықтарынан шыққан ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы зиялылар шығармалары мен олардың саяси ұстанымдарын жарыққа шығарған еңбектер зерттеудің жеке тарихнамалық топтамасын құрады [2]. Ә. Бөкейханов, С. Асфендияров, А. Байтұрсынов және С. Сәдуақасов сынды ұлт зиялыларының ұлттық негіздегі мемлекет құру, Автономия мәселесіне қалам тартқан еңбектері де басты назарда болды.
Кеңестік кезең тұсындағы Отандық тарих ғылымы тарихында Қарақалпақ Автономиялық облысына қатысты арнайы зерттеу еңбегі жарық көрмеді. Соған қарамастан, Әмудария мен Сырдария өзендерін бойлап мекен ететін қазақ, қарақалпақ халықтары байланысының өткен кезеңдерден тарихи тамырлана сабақтасқаны және екі елдің бірқатар саяси аймақтық мәселелердегі ауызбірлігі, сондай-ақ өзара қарым-қатынас мәселелерінің ғұрыптық, тарихи-этнологиялық аспектілері У.Х. Шалекеновтың зерттеулерінде кездеседі [3].
Қазақ-қарақалпақ қатынасының тарихи негізі, қарақалпақ жеріндегі археологиялық-этнографиялық зерттеу экпедицияларының қорытындысы және Кіші жүз қазақтарымен қатар Ресей империясының отарлау саясатындағы қарақалпақтардың да бодандануы П.П. Иванов, С.П. Толстов және В.Я. Басин сынды орыс зерттеушілерінің еңбектерінен қарастырылды.
Ұлт мүддесінде тарих жазуға мүмкіндігі әлі де болса қалыптаспаған қарақалпақ ғалымдарының кеңестік жүйе тұсында зерттеу мәселесіне арнаған еңбектерінде, Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелену шараларының даярлығы мен жүзеге асу барысы, ұжымдастырудың құрылымы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылу тарихының әлеуметтік-экономикалық сипаттағы очеркі үрдісінде берілген. ҚАО-ның қалыптасуы қарақалпақ ұлтынан шыққан тұлғалардың саяси белсендігімен сипатталады. Осы тұста Автономияның құрылу кезіндегі аумаққа басшылық еткен Қ. Авезов және П. Варламовтардың еңбегіне талдау жасау жұмыстың саяси мәселелерінің негізін ашты [4].
Қазақ және өзге де Орта Азия халықтарымен қарақалпақтардың өзара қарым-қатынас мәселелерін ХVІІ-ХХ ғасырлар ауқымында сабақтастыру С.К. Камалов, Ж.У. Уббиниязов және А. Кощанов авторлығындағы зерттеуде қарастырылған [5]. Қарақалпақ жеріндегі кеңестендіру шараларының жүргізілу амалдары Я.М. Досумовтың [6] және Кеңестік билікті жүзеге асырған жергілікті партия өкілдерінің қызметі арқылы аумақтағы саяси ақуалдарды сипаттау И. Қосымбетов зерттеуінде бірізді баяндалады [7]. Ұстанымдарына кеңестік стереотип үстем болған зерттеушілер Н. Безроднов, А. Гордиенко, С. Татыбаев, Х.Т. Тұрсынов, И.И. Зарубин, Г.Н. Непесов, Л.Ф. Розенштейн және Б. Алланиязов еңбектерінен компартияның Түркістан халықтарына қатысты ұстанған ұлт саясаты, Қарақалпақстандағы социализм құрудың өзінше қалыптасқан үрдісі, Автономиялық облыс құруға қатысты одақтық мәселелер, межелеу талаптарының орындалу критерийлері сараланып алынды.
Зерттеу мәселесін ашуда мүмкіндігінше тиімді болған Н.В. Алексеенко және В.П. Осиповтың еңбектерінде межелеу шаралары қарсаңындағы Автономиялық республика және облыс халықтарының ұлттық құрамын, саны мен аймақтық орналасуын сипаттайтын мәліметтер беріледі.
Тәуелсіздікпен қатар келген Отандық тарихтағы мазмұндық және тақырыптық өзгерістер, олардың тақырыптық ауқымы ғылыми ойдағы ізденістердің бағыт-бағдарын жаңаша байқаудың мүмкіндігін туғызды. Әсіресе, тақырып мәселесін жан-жақты ашуда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ тарихының күрделі тұстарын зерттеудің динамикалық құрылымын жасаған ауқымды еңбектердің жарыққа шығуының маңызы зор. Осы уақыт мәселелерінің тарихи шындығын жаңаша ұстанымдармен зерделеуде М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов және Ж.Б. Әбілғожиннің авторлық серіктестігімен жазылған еңбектің орыны ерекше [8]. Бұл зерттеуде Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру шараларының тарихи сабақтарын жіктей отырып, осы кездегі қарақалпақ жерінде де Кеңес үкіметіне қарсылық сипатында орын алған Тақтакөпір бас көтеруінің қазақ даласының өзге де аумақтарындағы көтерілістермен салыстыра сипатталуы және тоталитарлы социализмнің шындығын көрсету талданған. Сонымен қатар, К. Нұрпейіс зерттеулеріне арқау болған Алашорда тарихына және ХХ ғасыр басындағы ұлттық межелеу науқаны уақытына қатысты қазақ шекараларын түгендеу тұжырымдарының талдануынан да, қарақалпақтарға да ортақ болған уақыт мәселесі назарға алынды. Қазақстан тарихындағы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басындағы «жасанды жұт» салдарынан ауа көшкен қазақтардың ағайындары көптеп мекен еткен қарақалпақ жерін паналауы бір жағынан орайын тапқан шешім болғанына қарамастан, күрделі демографиялық ақуалдың қалыптасуына ықпал жасады. М.Х. Асылбековтің А.Б. Галиев және В.В. Козиналармен бірлескен авторлығында жазылған еңбекте аталмыш мәселелер кеңінен қаралады және қазақ даласындағы әлеуметтік-демографиялық жағдайлардың түзілуінің тарихи сипатты жақтары зерделенеді.
Либералды бағыттың жетегіндегі дүние жүзі тарихының тарихи ойы ұлттық реакцияшыл ұстанымда қалыптасқан кезеңде қазақ зиялылары да ел болашағын өз алдына дара мемлекет құру жолынан көре білді. Осы тұрғыда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш қозғалысы үнінен және Мұстафа Шоқай идеясындағы тұтас Түркістан мемлекетін құру мақсат-мүддесінен қарақалпақтарға да ортақтық іздеуде М.Қ. Қойгелдиев зерттеулерінің маңызы кең болды [9]. Сонымен қатар, М.Қ. Қойгелдиев және Т.О. Омарбековтердің серіктес авторлығымен жазылған зерттеу жұмысында да жергілікті басшылар тарапынан орын алған асыра сілтеу амалдары өзіндік бағасын алады [10]. Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін аумақтық және саяси-әлеуметтік ерекшеліктер, күштеп ұжымдастыру және зобалаңға ұласқан қасіреттер аясында қарастыру, оның ҚАО тағдырына әсерлі тұстарын ажырату, сондай-ақ Тақтакөпірдегі Кеңес билігіне қатысты бас көтеру әрекеттерінің мазмұнын бағамдау Т.О. Омарбеков еңбектерінде жете қаралған.
Түркістанның тұтастығы мен азаттығын қолдап, соның жолында адал еңбек еткен қазақтың ұлт зиялысы Т. Рысқұловтың «Түркістанның Автономиялығы туралы тезистерінде», ондағы халықтардың қатарындағы қарақалпақтардың да тарихи тағдыры талданады. Ірі саяси тұлға Тұрар Рысқұловтың қоғамдық қызметін баяндайтын О. Қоңыратпаев зерттеуінде, Орта Азиядағы ұлттар арасындағы мемлекеттілік туралы мәселенің шиеленіскен жағдайлары Т. Рысқұлов көзқарастарында жіктелуі, қаралып отырған мәселенің мазмұнын ашуға мүмкіндік береді. Зерттеу тақырыбын ашудағы түркі тектес халықтардың ұлт зияларының аумақтық мемлекет құру мәселелеріне қатысты көзқарастарын қадағалауда А.М. Ауанасованың монографиялық еңбегі басшылыққа алынды [11].
Зерттеу ауқымы кезеңіндегі уақыт мәселелерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарауда Ж.Б. Әбілғожиннің және кеңестендіру саясатының саяси салдарынан туындаған шетелдегі қазақ диаспорасы, оның ішіндегі Қарақалпақстандағы қазақтар мәселесі Г.М. Меңдіқұлованың еңбектерінде көрсетіледі.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ұлт зиялыларының мемлекеттілік құру жолындағы саяси көзқарастары, кеңестік ұжымдастыру және оған қарсылық, 1931-1933 жылдардағы аштық, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тарихи тұлғалар туралы зерттеулердің тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде көптеп қорғалуы, осы тарихи кезең мәселелерінің өзектілігін анағұрлым арттырды. Әсіресе, Ж.Т. Таңатарова, Ш.Ә. Айдарова, Ә.Б. Пірманов және С.О. Смағұловалар жүргізген зерттеу тақырыптарының мәселелері өткір. Сонымен қатар, тақырып мәселесін ашуда Орта Азия халықтарына ортақ болған және кеңестік тарихнамада «ұлтшыл» деп айыпталып қаралатын қозғалыстар санатындағы «Шуро-И-Уламоның» саяси ұстанымы мен Түркістан (Қоқан) Автономиясы мәселелерін көтерген Э. Әзірбергенова мен Ж. Ахметовалардың ғылыми мақалалары да қаралды. Қазақ зиялыларының ұлттық мемлекеттілік үшін күресі қарастырылған Л.М. Хасанаеваның ғылыми мақаласындағы мемлекет, Автономия мәселелері зерттеу тақырыбының ауқымын ашуда маңызды қолданысқа енді [12].
Кеңестік биліктің ыдырауымен қатар келген одақтың бұрынғы халықтарының ұлттық тарихын қайта қарауға деген жаңаша ұстаным қарақалпақтық зерттеушілерге де тың әсер әкелді. Ұлттық-аумақтық межелеу шараларынан қарақалпақ ұлты үшін озық бетбұрыс іздеген, сол үшін заман кертартпалығына да ұшыраған Аллаяр Досназаровтың жаңаша саяси тұлғасы К. Байниязовтың зерттеуінде қаралды [13]. Тәжіктердің де кеңестендіру жылдары қысымға ұшырауының тарихи беттерінен қарақалпақтармен ортақ болған одақтың саяси шараларын саралау Р. Масовтың зерттеуінде қаралған. Зерттеу жұмысында ғылыми басылым беттерінде жарық көрген ғылыми мақалалардың да қолданыстық аясы кең болды. Қарақалпақ жеріндегі ұжымдастырудың демографиялық салдары А.А. Жолдасовтың [14], сонымен бірге аумақтағы мемлекеттіліктің қалыптасуы кезеңіне қатысты жаңа құжаттардың талдануы С.У. Нұржановтың [15] ғылыми мақалаларында қаралып, қазіргі кезеңдегі қарақалпақ ұлтының мүддесіндегі озық тарихи көзқарастар қатарын жаңартты.
Бүгінгі қазақ пен қарақалпаққа ортақ болып отырған экологиялық, әлеуметтік мәселелер, Қарақалпақстаннан келіп жатқан оралман қазақтар жағдайы, сондай-ақ бос жұмыс күшін құрап отырған Өзбекстандағы қазақтардың әлеуметтік қал-ақуалын көтерген жарияланым және ақпаратты-аналитикалық басылым беттеріндегі мақалаларда зерттеу барысында айналысқа енді. Бұл еңбектер жұмыстың зерттелу деңгейін қанағаттандыра білді.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың деректік мазмұнын негізгі дені осыған дейін айналысқа енбеген мұрағат қорларындағы құжаттар және Кеңестік үкімет бас қосуларының жинақтары, зерттеу мәселесі арқау болып отырған кезеңде шығып тұрған басылымдар, статистикалық мәліметтер, КСРО заңдар жинағы, Қазақстан Республикасының Заңнамалары, құжаттар мен материалдар жинағы, хрестоматиялар құрады.
Қарақалпақ Автономиялық Республикасының Жоғарғы Кеңес мұрағаты 1-қорының [16], Қарақалпақ Автономиялық Республикасының Мемлекеттік мұрағаты құпия болып келген 13, 30 және 322-қорларындағы құжаттар Автономиялық облыстың құрылу тарихы, кеңестендіру саясаты құралына айналған ұйымдардың құрылымдық мәселесі әрекеттерін сипаттады [17].
Қазақстан Республикасы Президенттік мұрағатының 139 және 141- қорларындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуына қатысты шешімдері, аймақтағы жер-су реформасының жүргізілуі, ұжымдастырылуы, табиғи зерттелуі, әлеуметтік-экономикалық ұйымдастырылу мәселелері, Тақтакөпір оқиғасының шынайы мазмұны сипатталған және облыстың республика қарамағынан шығарылуы мәселесі көрсетілген құжаттардың партиялық қарарлары, стенограммалары және Одақтық ақпараттары зерттеу нысанасына ілікті [18-19].
Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының 350 қорындағы Қарақалпақ Автономиялық облысын Ресей Федерациясына беру кезіндегі Қазақ АКСР-і мен ҚАО арасындағы шекара мәселесінің екі тарапты да қанағаттандырмауына байланысты құрылған комиссияның қорытындылары көтерілді [20].
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Қарақалпақ бөлімшесіне қарасты ғылыми кітапханалардың сирек қолжазбалар қорында жүйелі зерттеу жүргізілді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қоғамда қалыптасқан жаңа рухани сұраныстарға жауап бере отырып, кезінде еркін қалам тарту мүмкін болмаған күрделі тақырып, саяси билік үрке қараған Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы мен оның кейінгі болашағының тарихи таралымын уақыт өлшемдерінен қарау зерттеу тақырыбының мақсаты болып табылады.
Осы мақсаттан келіп туындайтын зерттеудің келесі міндеттері анықталады:
- жұмыс мазмұнына сәйкес деректер кешенін жіктеу;
- көрсетілген құжаттарға сипаттама беру және мәліметтердің әрбір тобына талдау жасау;
- құжаттық мәліметтердің ақпараттық құндылығын анықтау мүмкіндігін, ғылыми талдаулар мен сараптау тәсілінің әрі қарай жүзеге асуына ұсыныс білдіруді және жан-жақты қорытындылар жасауды қалыптастыру;
- құжаттар мазмұнын талдау негізінде ҚАО-ның тарихи даму кезеңіндегі кейбір немесе бірқатар себептермен тарихшылардың назарынан тыс қалған, әсіресе кеңестік партия аппаратының қалыптасу үдерістері, оның әкімшіл-әміршіл түрге ауысуы сәттерін байланыстыруды жария ету;
- Қарақалпақ Автономиялық облысының ҚазАКСР-і аумағында құрылуына негіз болған саяси-әлеуметтік, рухани сұранысының динамикасын сипаттау;
- зерттеу кезеңіндегі Қарақалпақ Автономиялық облысындағы Кеңес үкіметінің бірқатар саяси-экономикалық шараларының, мысалы жер-су реформаларына даярлық және облыстың жеке шаруашылықтарын ұйымдастыру секілді шаралардың барысы мен салдарын бағамдау;
- Қазақстан тарихындағы жалғыз ғана болған Автономиялық бірлестік мәселесінің тарихи спецификасын ажырату;
- сонымен бірге, мұрағаттардағы құпия болып келген қор құжаттары мазмұнының тарихи шындығын жіктеу;
- Автономиялық облысты даулы Шурахан ауданына байланысты тартыстан басталған өзбектердің қарақалпақ жерін мақта шаруашылығына пайдалануды көздейтін түпкі амалдарының, Ресейге берумен сабақтасатын тұстарынан оның Қазақстаннан бөліну себебін анықтау;
- Тақтакөпір бас көтеруінің деректік мазмұнының және қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары тағдырының тарихи ақиқатын жасау;
- қазақ-қарақалпақ байланысының түркілік тектілік бірлігін, бүгінгі аймақтық интеграция саясаты аясында талдау және қазіргі қарақалпақ жерінен тарихи Отандарына оралып жатқан қазақтардың тұрақтану мәселелеріне ден қою.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы Қаракалпақ Автономиялық облысына қатысты қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық үрдістерді, ол жердегі тап күресіне қатысты және өзге де тарихи кезеңнің ортақ заңдылықтарын анықтауға басымдықпен келген өтпелі көзқарастардың басшылыққа алынбай, жаңаша адамзаттық құндылықтар тұрғысындағы сұраныстармен алмастырыла қаралуы болып табылады.
Кеңестендіру жылдарындағы жаңа жүйеге енудің аумақтық ерекшелігін саяси науқаншылық, реформалық ортақ өзгерістерден ғана емес, сол уақыттың әлеуметтік сұранысына сай қарау зерттеу жұмысының біршама ілгерлі құрылымын жабдықтады.
Зерттеу тақырыбының Автономиялық облыс тарихының мәселесінде қойылуының өзі Отандық тарихнамадағы жаңа аспектіні білдіреді.
Сондай-ақ 1924-1930 жылдардағы кезеңдердегі зерттеу мәселесін ашуға негіз болған құжаттарды кешенді зерттеу тарихи-қолданбалылық, сондай-ақ деректанулық тәсілдер тұрғысында қаралуымен де ерекшеленді.
Диссертациялық жұмыстың хронологиялық шеңбері 1924-1930 жылдар. Ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының ресми қорытындысына қарай Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Кіші Төралқалығының 1924 жылғы 17 қазандағы Қазақ АКСР-і құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы туралы қабылдаған негізгі шешімінен басталған және Ресей Федерациясы құрамына қабылданған уақытының аралығы.
Зерттеу нысанасы мен пәні – Қазақ АКСР-і құрамында құрылған Қарақалпақ Автономиялық облысы тарихының толық құрылымдық мәселелері мен оның тарихи негізі, сонымен бірге қазіргі кезеңдегі қазақ-қарақалпақ тарихын түзудегі алғышарттардың айқындалуы болып табылады.
Зерттеу объектісі. Қарақалпақ ұлтының Кеңес үкіметі тұсындағы Автономия құру мәселесін көтеруі және оны түпкілікті шешу жолдары.
Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі шынайы объективтік, қоғамдағы тарихи заңдылықтар мен салыстырмалық, жүйелі тәсілдерге негізделген.
Тәуелсіз ел тарихының бұрынғы кеңестік тарих постулаттарынан дара қарастырудың ғылыми ұстанымдары оны объективті тәсілде бағамдаудың эволюциялық түзілімін қалыптастырды. Ғылыми танымдық тәсілдеріне тән кез-келген ғылыми тақырып саласына қарай қолданыс табуының тарихи шындық құбылысымен анықталатыны бар. Ол алға қойған зерттеу мәселесімен, мақсатының жүзеге асырылуы арқылы нығайып, өзінің жалпы ғылым жүйесіндегі орнымен нақтыланды. Бұл ұстанымдар өзге де ғылыми тақырыптың ортақ қарастырылар мәселесінде қаралған тәсіл ұқсастығына да сүйенеді. Қарақалпақ Автономиялық облысының Қазақ АКСР-іне қарасты болған кезеңіндегі кеңестік жүйе жүргізген саяси шаралардың салдарлы жақтары мен оларға қатысты ұстанымдар, сондай-ақ ондағы қоғамдық белестер өзара тарихи байланыс арқылы сипатталады.
Зерттеу жұмысының барысында қазіргі тарих ғылымындағы жаңаша ойлаудың шынайы стереотиптерін қалыптастыру және тақырып құрылымын бүгінгі тарих бағасында қарау қолға алынды. Сонымен қатар, зерттеудегі кейбір тарихи мәселелерді қарастыруда ұлттық мүдде тұрғысында тәсілдік ұстанымдар мен әлеуметтік-тарихи жағдайларды тарихтың салаларына қарай бағамдау да жұмыстың теориялық құрылымын жасау үшін пайдаланылды.
Жалпы зерттеу жұмысының теориялық-методологиясы қоғам мен дүниеге озық көзқарастың жандануымен, тарих ғылымын жандандырудың өтпелі кезеңімен тікелей байланысты. Сонымен бірге зерттеу жұмысының методологиялық негізінде ғылыми-танымдық және тәжірибелік-қолданбалы маңыздылық бар екендігін айта кеткен дұрыс.
Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Зерттеу жұмысында жасалынған қорытындылар мен тұжырымдар Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаты тарихындағы маңызды қадам Орталық Азия елдерімен интеграция тұрпатында байланыс өрбітуде, мемлекеттілік мәселесіне қатысты тақырыптарда және екі мемлекеттің де Отандық тарихын оқытуға арналған монографиялардың және зерттеу еңбектерінің қатарын толтырады.
Мұндағы берілген фактілік мәліметтер, қорытындылар Қарақалпақстан тарихын жазудағы зерттеулер ауқымын толықтыруға да үлес қосарымен сипатталады. Сонымен қатар, зерттеу мәліметтері қарастырылып отырған кезең бойынша құжаттар жинағын жасауға негіз бола алады және Отандық, Автономиялық Республикаға қарасты жоғары оқу орындарында Отандық тарих бойынша арнаулы курстар оқу барысында, басқару институттарының насихат жұмыстарына септігін тигізе алады. Сондай-ақ диссертацияда жасалынған қорытындылар мен тұжырымдар арнайы зерттеулерде, осы тұрғыда даярланған материалдар мен басқа да ғылыми жұмыстарда кеңінен қолданысқа ену мүмкіндігіне ие.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Қазақстан тарихының автономиялық қоғамдық бірлестігінің болуына қатысты тарихи кезең мәселесін сол уақыт тарихи үдерістерінде қарау, Қарақалпақ Автономиялық облысы тәжірбиесінің қалыптасу барысына кешенді түрде талдау жасау арқылы күрделі зерттеу жұмысын жүргізу нәтижесіне сәйкес мынадай тұжырымдар ұсынылады:
- Патшалы Ресейдің Орта Азиядағы өзіне бодан болған халықтар тағдырын ұлттық саяси идеялардың саясынан алшақтатудағы әрекеттерінің кеңестік билік басқарған тұстағы жалғасын табуы жіктелді;
- ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының және Орта Азияда жұмыс жүргізген өзге де ұлтшыл-саяси партиялық қозғалыстардың мемлекет мәселесіндегі идеялары Кеңес үкіметіне қорқыныш тудырып ұлттық-межелеу науқанын жүргізуге мәжбүр етті. Нәтижесінде қарақалпақтардың тарихта тұңғыш рет өзінің мемлекеттілігін айқындауға қатысты алғашқы шаралары нышан алды;
- Қарақалпақтардың жаңа одақтық жүйе жағдайында ҚазАКСР-і құрамында аумақтық тұтастықта болуға ықылас танытуының тарихи сұраныстары және 1922 жылдың өзінде де Хорезм Кеңестік Халық Республикасы құрамында Қазақ-Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы мәселе көтеріліп, нәтижесінде Хорезм Республикасының Орталық Атқару комитеті өз аумағында Қазақ-қарақалпақ бөлімінің құрылғандығын қалтарыстарда болып келген тарихи ақтандақтары ашылды;
- Автономияның жаңадан құрылуы тұсындағы облыстың аумақтық бөлігін реттеуде өзбектермен арада туындаған шекара мәселесі бар. Қазіргі тәжік тарихнамасында қарастырылып отырғандай, өзбектердің өзімен қоңсылас ұлттарға қатысты саясаты тәжіктермен қатар, түркі тектес ұлттарға да, оның ішінде қарақалпақтарға да экономикалық мүдде тұрғысында қолданылған еді. Оны межелену қорытындыларына сай, Шурахан аумағын қарақалпақтарға бөлумен байланысты туған даудан көруге болатындығы, оның кейінде автономияны саяси жағдайлармен Ресейге қосып жіберу арқылы, одан соң өзбектерге мақта шаруашылығы мүддесінде беру амалдарымен де анықталды;
- Голощекиннің қазақ даласындағы «кіші қазан» саясатын жүргізу тәсілдерінің саяси салдары тудырған аймақтағы социализмнің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дақпырты асыра сілтеу шараларымен жүзеге асқаны белгілі. Автономияға қарасты Тақтакөпір ауданындағы орын алған Кеңес үкіметіне қарсы ұрандары бар оқиға, аталмыш саясаттың тарихи салдарын көрсетіп берді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу жұмысының нәтижелері 5 ғылыми мақалада және 3 халықаралық, 1 республикалық конференциялар барысында баяндалған.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |