Халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына, ойын-сауыққа байланысты жұмсалатын сөздер:
Тәрейлі (Гур., Маңғ.) – салт, әдет-ғұрып, дәстүр деген мағынада. Бұрынғы тәрейлі, кәзіргі тәрейлі.
Тәрі (Түрікм.: Таш., Көнеұр., Тахта., Тедж.; Гур., Маң.) – дәстүр, әдет-ғұрып деген мағынада жұмсалатын сөз. Оның елінің тәрі бұзық.
Міндер (Гур., Маңғ.) – моланың үстіне тастан қойылатын белгі. Кейде бес тас деп атайды. Өйткені міндер бірінің үстіне бірін қойған бес текше тастан құралады. Татар тілінде міндәр жастық деп аталады.
Сайғақ
1. (Орал., Орда., Казт., Жән.; Ақт., Қараб.; Қ.орда., Сыр.Павл.) - қабір басына қойылатын ағаш. Сәкең сайғақтан күнбатысқа қарай үш қадамды көзімен өлшеп ап, барынша ауыр денесімен тізерлей шөкті. Осы жерден адам өлгенде қоятын сайғақ жоқ.
2. (Павл.) - таяқ. Чувашша - сайхах сырғауыл , алтай тілінде - сайраг үй төбесіндегі жіңішке ағаштар.
Дәп (Маңғ., Маң., Қарақ.) - әдет-ғұрып, дәстүр. Біздің елде мұндай дәп жоқ. Сөйлесек тіліміз бір, ұстансақ дәбіміз бір, өзіміз секілді көшпенді ағайындарымызға қосылғанбыз. Түрікменше дәп әдет, дәстүр, ғұрып.
Зәңгі (Ақт., Шалқ.; Түрікм.; Таш., Көнеүр., Тахта.; Қарақ.) – басқыш, саты ағаш. Бұл да балалар ойынының бір түрі (таразы тәрізді қойылған ағаштың екі басына секіріп ойнайды.Биік үйдің үстіне зәңгісіз шыға алмайсың.Қарақалпақша зангии баспалдақ, басқыш дегенді білдіреді.
Деңгене (Маң., Маңғ.) – бәстесіп ет жеу ғұрпы, ет жеуге бәс тігісу. Үш адам бір тоқтыны деңгене ғып тауысқанын өз көзіммен көрдім. Қостанай, Қызылорда облыстарының кейбір аудандарында деңгене деп малдың етін ортақтасып бөліп алуды айтады. Қырғыз тілінде бұл сөз кісіге берілетін қонақасының бір түрін білдіреді.
Байрақ (Маң., Маңғ.) – бәйге, жүлде. Отау тігіп, ат жапқан, Байрақты тігіп, ат шапқан (Қашаған). Шешендіктің белгісі ... Дұрыстап жауап шығармақ, Жүйріктіктің белгісі- байраққа қосқан тұмарлап (Ақпан). Байрақ сөзі тұрғындардың тілінде мұнымен қатар ту, жалау деген мағынаны білдіреді. Байрақ алған колхоз. Азербайжан тілінде байраг, өзбекше байроқ, түрікпендерде байрак, қарақалпақтарда байрақ болып айтылады. Бұл сөз араб тілінде де бар.
Алапа (Гур.: Шевч., Маңғ.; Түрікм.: Таш., Көнеүр.; Қарақ.) – кәде. Ертеде күйеу келгенде жеңгелері алапа аламыз деп баратын (Гур., Маңғ.). Көненің сондай алапасының көбі ұмытылып барады (Түрікм., Көнеүр). Әзірбайжанша алафа жұқа жібек мата дегенді білдіреді. Алапа сөзінің екінші мағынасы пайда, табыс дегенді білдіреді. Әзербайжанша алаф жемшөп, мал азығы деп аударылады.
Достарыңызбен бөлісу: |