Оқушылардың денсаулық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздеріне шолу
Салауатты өмір салтын қалыптастыру қажеттілігі әртүрлі жастағы, әртүрлі әлеуметтік ортадағы және қалалық немесе ауылдық жерлердегі адамдардың да өз денсаулығына деген шынайы көзқарасына байланысты. Бұл мәселелер туралы әтүрлі баспа беттерінде, ғылыми жарияланымдарда, статистикалық мәліметтерде тіркелген көптеген деректер белгілі.
Статистикалық материалдар мен бірқатар зерттеу жұмыстары соңғы жылдардағы Қазақстанда өкпе, ВИЧ - жұқпалы індеттері, жыныс және жүрек-тамыр аурулары, түрлі қан және зат алмасу ауруларының күрт өскенін көрсетті. Мұндай өзгерістерді біразы қазіргі өркениеттің жағымсыз әсері деп түсіндіреді. Экологиялық жағдайдың нашарлауы, стрестік жағдайлар, құнарсыз және жеткіліксіз тамақтану, жасөспірімдердің темекіге, алкоголь мен нашақорлыққа әуестенуі т.б.
Қазіргі кезде қауіп тудырып отырған нәрсе ертеректе тек егде жастағы адамдарда кездесетін аурулардың жастардың, балалардың арасында болуының жасаруы. Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға жүргізілген медициналық зерттеулер түрлі патологияның бар екенін көрсетсе, соның ішінде әр жетінші оқушыда ас қорыту органдары мен жүйке-бұлшық ет жүйесінің аурулары, әр тоғызыншы оқушыда − жүйке жүйесінің аурулары, әр оныншы оқушыда − тыныс алу органдары мен эндокриндік жүйке аурулары байқалды.
Мамандардың пікірі бойынша, «аурудың басты себептері санитарлық-індет жағдайының қанағаттанғысыздығы мен мектептегі оқушылар санының көптігі, оқу еңбегі жүктемелерінің сақталмауы, оқушылар тамақтануының қанағаттанғысыздығы, медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмен екен-дігі».
Сондықтанда қазір еліміздегі әлемдік жаһандану жағдайында, жалпы білім беретін мектептердің алдында оқушыларды салауатты өмір сүру дағдысына бейімдеу шараларын көбейту талабы тұр. Бұл өзекті мәселені жариялылық және әдістемелік тұрғыда шешу үшін ең алдымен тарихи тұрғыдан талдауды қажет етеді.
Ертедегі Гиппократтың трактаттарында «Салауатты өмір салты» бірқатар денсаулық сақтау іс-шаралары ретінде философиялық ой-санасы құрылымның жалғасы түрінде мазмұндалған. Бұл трактат − денсаулық және денсаулықты күту, салауатты өмір салты жайындағы ілімнің дамуына негіз болған.
Грекия философы Сократ табиғи жаратылыстағы ерекшеліктерге аса назар аударып, адамның өзін-өзі тану мүмкіншіліктері арқылы салауатты өмір салтының терең мән берді.
Аристотель «Этика, саясат, поэтика» деп аталатын еңбегінде адамның жекелей көрегендігі мен салауатты өмір салтын қоғамдық мазмұндағы мәселе ретінде ашып көрсеткен. Оның ойынша, тәрбиені «денеге қамқорлықтан» бастап, сонан соң, рухани тәрбиеге ұштастыру қажет, себебі дене тәрбиесі рухани тәрбиемен қатарласып орындалуы тиіс.
Француздық философ, ағартушы М.Монтень денсаулықтың құндылығын нақты анықтап берді: «Денсаулық дегеніміз − бағалы да құнды зат, ол жалғыз ғана болғандықтан, ол үшін уақытты да, күшті де, еңбек пен барлық жақсылық атаулыны аямау қажет, тіпті ол үшін өз өміріңнің бір бөлшегін де құрбан етуге болады, себебі онсыз өмір төзімсіздік пен қорлыққа толы болады».
Ертеден денсаулық пен салауатты өмір салтын сақтау туралы ғылымның пайда болуы тарихы адамзат тарихының тереңіне бойлап келген. Гиппократ өзінің «Ауа, су, жергілікті жерлер туралы» шығармасында көптеген адамның іс-әрекеттеріне, ойларына, оның өмірлік жағдайлары мен факторларына байланысты болатындығы туралы айтты. Қоршаған орта, еңбек, күн көріс тұлғаның жеке жағдайы ауруды анықтай түседі. Денсаулықты сақтау туралы деректер ертедегі Рим философтары мен дәрігерлерінің, Византия империясы мен Шығыс елдерінде өз жалғасын тапты.
Әл-Фараби дене және ой-сананы тәрбиелеу тәсілдерінің ұқсастықтарына аса назар аударған. Өзінің әлеуметтік-экономикалық трактатында «адам өз денесінің жетілуіне қол жеткізуі қажет, − деп атап көрсетіп, − себебі адамның денесі сақтауға қажетті нәрсе, егер ол болмаса, оған қол жеткізу қажет етеді. Мерзімді тамақтану мен денсаулық, тұрақты еңбек пен күш, сенімді іс-әрекет пен ой-сана пайда болады». Сонымен қатар Әл-Фараби «ауруды емдеуді ғана емес, адам денсаулығын алдын-ала сақтау мен нығайтуды ауруды емдеуден де ең бастысы» деп көңіл бөлген болатын.
Орта ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулати, Асан Қайғы, Өтей Бойдақ Тілеуқабылұлының қазақша жазбаларында жас буынды салауатты өмір салтына тәрбиелеудегі терең ойлы мұрағаттары белгілі.
Демек, денсаулықты мұқият зерттеу қажеттілігі, бұл күйдің бұзылмауы туралы үнемі айтылып келеді. Ал, денсаулық күйі бұзылған жағдайда ағзаның өзіндік қорғаныс күштерін іздеп тауып, оның бұзылған күйін қалпына келтіретін жағдайды іздестіруі әрқашан керек болған.
Шығыс, Орта Азия, Қазақстан халықтарының дәстүрлі мұраларында денсаулығы мықты, өмірлік құндылықтар жүйесіне арқа сүйейтін, өзінің ішкі мүмкіндіктерін тани білуге және өзін-өзі жетілдіру біліктілігін пайдалануда жеке тұлғалық қасиетін іске асыра білетін дені сау толыққанды адам қалыптастыру туралы терең де, жаңа ойлар жарқын көрініп тұрған.
Педагогикалық технологиялар қолданылу сипатына қарай дәстүрлі және инновациялық болып екіге бөлінеді. Енді осы екеуінің ара жігін ашып айтсақ. Инновация («новация» − жаңа, жаңашылдық; «ин» − «қайталанатын» процесс, құбылыс, оқиға, т.с.с. білдіретін жұрнақ) бар, әрекет етуші нәрсенің ішінде жаңаның пайда болуын, дамуын білдіріп тұр. Бұл ұғым кейде «жаңалықты енгізу», «жаңашылдық», «жаңаны жасау», «реформалау» ұғымдарымен теңестірілсе, ал кең тұрғыдан алғанда жүйедегі кез-келген өзгерісті білдіреді. Инновация теориясының алғашқы ұғымдарының негізін қалағандар неміс ғалымдары В.Зомбарт, В.Метчерлих және австриялық экономист И.Шумпетер. Олар бұл қағидаларды әлеуметтік-экономикалық және технологиялық процестерге байланысты қолданған екен. Бүгінгі күні ғылыми зерттеулерде әдіснамалық тұрғыдан қатынастың әртүрлілігіне байланысты «инновация» түрліше анықталды.
«Педагогикалық инновация» (жаңаны енгізу) ұғымына педагогикалық сөздікте мынадай анықтама берілген:
1). Тұтас білім беру жүйесінің және оның жекелеген бөліктерінің, компоненттерінің сипатын жақсартатын тұрақты бөліктертерді (жаңашылдықты) білім беру ортасына енгізудегі мақсатқа бағытталған өзгерістер;
2). Жаңашылдықты (жаңа құралдарды, әдістерді, әдістемелерді, технологияларды, бағдарламаларды және т.с.с) меңгеру процесі;
3). Ерекше әдістемелер мен бағдарламаларды іздестіру, оларды білім беру процесіне енгізу және оларды шығармашылықпен ой елегінен өткізу. Сонымен бірге педагогикалық инновация - педагогикалық іс-әрекетке жаңаны енгізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру мақсатында олардың мазмұны мен технологиясын өзгерту.
Инновация тәрбие міндеттерін дәстүрлі формалар (мазмұн) арқылы шешу мүмкін болмаған жағдайда пайда болып, жаңа мақсат пен міндеттерге сәйкес жаңа технологияларды пайдалану қажеттілігі туады.
Сонымен, мектепте салауатты өмір сүру дағдысын тәрбиелеу мәселелері бойынша педагогикалық-психологиялық зерттеулерде, тәжірибелік бағдарламалар мен оқу-әдістемелік оқулықтарда атап көрсетілген эмпирикалық мәліметтерді талдау бізге төмендегідей тұжырым жасауға мүмкіндіктер берген:
- оқушылардың салауатты өмір салтына тәрбиеленуі арқасында олардың бойында салауатты өмір салтының тұрақты сарынына негізделген жеке басының мінез-құлқы қалыптасады;
- оқушылардың салауатты өмір сүру дағдысын тәрбиелеудің негізгі міндеттері − салауатты өмір салтын қалыптастыруға тиімді ықпал ететін қазақ халықтық педагогикасының құралдарын қолдану;
- ауылдық жерлердің ерекшеліктерін ескеру;
- оқушыларды салауатты өмір салтына тәрбиелеуді ұйымдастырудың оптималды педагогикалық – психологиялық жағдайларын жасау;
- оқушыларға салауатты өмір салты туралы түсініктерді дамыту;
- оқушыларды салауатты өмір салтын саналы түрде ұстануға талпындыру;
- оқушылардың салауатты өмір салтына өздерін-өздері тәрбиелеуге көмек көрсету;
- оқушылардың өз денсаулықтарын сақтауға, нығайтуға деген жеке бастың жауапкершілігін және салауаттылыққа қызығушылығын қалыптастыру;
- оқушылардың салауатты өмір салтының тәрбиелілігінің құрылымдық үлгісін құрып, оның негізгі және өзара байланысты элементтеріне салауатты өмір салты туралы сауаттылығы, оны сезінуі және соған сәйкес мінез-құлқы жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |