3 Биология пәнін оқыту барысында оқушылардың денсаулық сақтау дағдысын дамыту
3.1 Экологиялық апат аймағындағы мектеп оқушыларының
денсаулық сауаттылығын арттыруға биология және дене шынықтыру элективті пәндерінің әсері
Қазақстан Республикасы тұрғындарының 99.8% пайыз сауаттылық көрсеткіші – білім беру саласының қол жетімділігін көрсетеді [2]. Заманауи білім беру саласы білім алуға қол жетімділікті арттырумен қатар, жекелеген салалар: азаматтық, ақпараттық, қаржылық, мәдени және денсаулыққа т.б. байланысты сауаттылықты арттыруды басты мақсат тұтады.
ХХ ғасырдың басынан бастап байқалған денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістіктермен тенденцияларды: вакцинация және профилактикалық медицинаның қарқынды дамуын ескеріп, жаңа әдістермен мен технологияларды қолдануға байланысты денсаулық сауаттылығын (ДС) арттыру - күн тәртібіне енді [3].
Американдықтар ғылыми әдебиетте алғашқы болып денсаулыққа байланысты сауаттылық термині туралы келесідей тұжырымдама берген: «Тұлғаның денсаулыққа байланысты шешім қабылдауы үшін қажетті ақпаратты және қызметтерді алу, өңдеу және түсіну мүмкіндігі» [4]. Бұл тұжырымдама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Салауатты мектеп бастамасында кең ауқымды сипатталған: «ДС – тұлғаның денсаулығын нығайту, қалыпты ұстауға керекті ақпаратты түсінуге және оны пайдалануға деген ынтасы мен қабілетін анықтайтын танымдық және әлеуметтік дағдылар» [5, 6]. АҚШ-ғы ересектердің сауаттылығын ұлттық бағалау сауалнамасы тұлғаның денсаулық сауаттылығына жас, нәсіл/этникалық ерекшелік, денсаулық мәселелері туралы ақпарат көздері және медициналық сақтандыру сияқты көрсеткіштер арасындағы байланысты анықтады. ДС прозалық, құжаттық және сандық сауаттылықты қамтитындығы аталып өтіліп, денсаулық сақтау туралы ақпаратты нысаналы аудиторияның ерекшелігіне сәйкес бейімдеу керек деген ұсыныс жасады [7]. ДС жоғары адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты жақсы, экономикалық өркендеуге аралысып, қоғам дамуына жоғары үлес қосады [8]. Сол себептен, ДС тұлғаның жеке басына және қоғамдық деңгейінде де өте маңызды [9].
Қоршаған ортаның ластануына байланысты аурушаңдықтың жоғарылауы, дәрі-дәрмек, тағамдық қоспалар туралы жарнамалардың көбеюі, денсаулық саласындағы жаңа реформалар – тұрғындардың ДС арттыруға мұқтаждығының еселенгенін көрсетеді [10]. АҚШ-ғы Ұлттық академиялар ДС сабақтарын мектептер мен балабақшалардың оқу бағдарламаларына енгізуді талап етеді. Hanson and Gluckman бұқараға негізделген ұзына бойлай зерттеулері барысында балалардағы сауаттылықтың ерте дамуы жұқпалы емес ауруларды азайту үшін маңызды деп тұжырымдайды [11]. Денсаулыққа қатысты сауаттылықтың төмендігі - балалардың артық салмақ қосуына [12] және жасөспірім кездегі қауіп-қатер болып саналатын алкоголь мен темекі қолдануға бейімділіктің артуына тікелей байланысты байланысты [13]. Сонымен қатар, зерттеулер жасөспірім кезінде қалыптасқан денсаулыққа қатысты мінез-құлық ересек жаста да сақталатындығын көрсетті [14].
Қазақстанда ДС туралы мәліметтер өте аз және ғылыми әдебиеттерде сирек зерттелген тақырыптардың бірі. ДС анықтауға жүргізілген зерттеу тек үлкен қалалармен шектеліп отыр [9]. Зерттегелі отырған Арал Теңізі аймағында инсектицидтер, пестицидтер, гербицидтер мен дефолианттардың қарқынды қолдануының салдарынан осы аймақта тұратын шамамен 3,5 миллион адамның денсаулығы үшін қауіпті жағдай туған [15]. Ауруханаға жатқызылған Арал аймағы мектеп оқушыларының қанында Дихлородифенилтрихлороциклоэтананның (DDT) және β-гексахлорциклогексанның (β-HCH) деңгейі швед балаларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Қоршаған ортаның ластануы себебінен, аймақта әртүрлі созылмалы аурулардың таралуы артты. Арал теңізі өңірінде созылмалы аурулардың жоғары деңгейі Арал маңының ауылшаруашылық химиясымен немесе ауыр металдармен ластануы - денсаулық сақтау мамандары мен ғалымдарды алаңдатып отыр [16, 17].
Арал аймағының экологиялық факторлардың денсаулыққа әсерін ескерек отырып, қоршаған ортаға байланысты ДС (ЭДС - Environmental health literacy) жоғарылату бастамасын осы өңірде жүзеге асыру мұқтаждығы бар. ЭДС - қол жетімді қоршаған ортаға байланысты мәліметтерді қолдана отырып, тұлғаның зиянды заттардан қорғануға байланысты шешім қабылдауға қажетті білім мен дағдыларды анықтайтын көрсеткіш. Қоғамдық Денсаулық Сақтау туралы Білім Беру Қоғамының пікірі бойынша, ЭДС - адамдардың денсаулықты қорғау туралы ақпаратты іздестіру, түсіну, бағалау және пайдалану, саналы таңдау жасау, денсаулыққа қатерді азайту және өмір сапасын жақсарту үшін қажет дағдылар мен білімнің кең жинағы. ЭДС туралы алғашқы зерттеулер тұлғалардың қоршаған ортамен денсаулық арасындағы байланысты түсінуіне бағытталып, кейінірек, ДС арттыру – қоршаған орта ластануын азайтатын саясатпен инфраструктураның дамуына септігін тигізетін бастамаларға бағытталған [18].
ДС білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы маңыздылығы себебінен, шалғайда орналасқан, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мамандарының басты назарындағы Арал теңізі аймағындағы оқушыларға биология және дене шынықтыру сабақтарына қосымша элективті сағаттардың жасөспірімдердің ДС деңгейіне әсерін бағалауды осы жұмыстың мақсаты ретінде таңдадық.
Достарыңызбен бөлісу: |