99
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазіргі таңда егеменді еліміздің өркендеп, ғылыммен техниканың дамыған
заманында болашақ қоғам иесі оқушыларға осыған лайықты жан-жақты білім
беру және оларды дамыту мәселесі алға қойылып отыр. Мектеп қабырғасында
орта білім саласының бір түрі химия пәні болса, бұл пәннің оқушыларға
ғылыми ұғым беріп, оны іс-әрекетте қолдана білуге үйрету негізгі мәселелердің
бірі. Себебі, қазіргі таңдағы халық шаруашылығының өркендеуінің негізгі
көздерінің бірі химия өнеркәсібі. Осы салаларда болашақ кәсіптік бағдарға
дайындау мектепте алған білім деңгейімен тікелей байланысты. Оқушылардың
пәнге деген қызығушылығы олардың болашақта қандай бағытты ұстауының
кепілі. Сондықтан да, қазіргі таңда химияны оқытудың ғылыми әдістемелік
тұстары жан-жақты зерттелу көзіне айналуда. Біздің зерттеген тақырыбымыз да
осы бағыттардың біріне бағытталып, бейорганикалық химия оқулығы мен оқу
құралының мазмұндық құрылымдық сабақтастығына арналды. Зерттеу
барысында бұл мәселені тиімді шешу үшін тек оқулық пен оқу құралының
мазмұндық-құрылымдық тұстарын дидактикалық тұрғыдан саралап қана
қоймай, осылардың байланысы арқылы білім берудің әдіс тәсілдеріне
тоқталдық.
Оқулық пен оқу құралының байланысы арқылы олардың мазмұн
сабақтастығын жүзеге асыра отырып білім беруде негізгі мақсаттың бірі-
оқушылардың өзіндік іс-әрекетіне, яғни өзіндік жұмыс түрлерін орындай
отырып, білімді ізденушілікпен өздігінен меңгеру мәселесін саралап көрсету
болды. Сондықтан да, зерттеу нәтижесі мына төмендегідей қорытынды жасауға
негіз болды:
- белгілі ғалымдардың, тәжірибелі педагогтар мен психологтардың ғылыми
еңбектеріне сүйене отырып және олардың қағидаларына негіздеу арқылы
бейорганикалық химия оқулығы мен оқу құралдарын құрудың педагогикалық-
психологиялық негізі сараланды.
- оқулық пен оқу құралының мазмұндық сабақтастығы бойынша білім
берудің оқушылардың теориялық және практикалық дайындығына тигізетін
тиімді жақтары талданды.
- оқулық пен оқу құралының сабақтастығы кезінде оқушылардың
атқаратын өзіндік жұмыстарының түрлері мен оларды сабақ барысында және
сабақтан тыс кездерде қолданудың жүйесі жасалды.
- зерттеу негізінде ұсынылған әдістер мен өзіндік жұмыс түрлері
педагогикалық эксперимент арқылы байқаудан өткізіліп, оның нәтижесі
қортындыланды.
Болашақта бұл мәселені тереңдете қарастыруды жалғастыруға мүмкіндік
бар деген тұжырым айта аламыз. Мәселен, бейорганикалық химия пәні
бойынша оқушылардың зерттеушілік және жоба қорғау мәселелерін жеке алып
қарастыруға болады.