Әдебиеттануға кіріспе



жүктеу 246,3 Kb.
бет4/39
Дата29.10.2022
өлшемі246,3 Kb.
#39900
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
дебиеттану а кіріспе

Историография – әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Жоғарыда аталған үш салаға қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.
Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың (мәтіндер, сын-мақалалар, зерттеу еңбектер) бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.
?! Тапсырмалар

  1. Соңғы уақытта оқып шыққан көркем шығармаға қатысты 5 сұраққа жауап жазып, байыбына жетуге тырысыңыз.

  2. Ұсынылған үлгі бойынша өз мысалдарыңызды келтіріп, қазақ өлеңінің сатылап дамуын топшылаңыз:




Күлтегін ескерткіші

Доспамбет

Махамбет

Мұқағали

... Тәңірі жарылқап, құтым-бағым бар болғандықтан, нәпақам бар болғандықтан өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей
халықты бай қылдым. Аз халықты мол қылдым...

Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса...
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес!

Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
Халық ханым дегенге Көтере берме бұтыңды,
Көпірте берме ұртыңды,
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты табылса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді...

Шеше, бақыттысың! Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның, Сондықтан жыламағын, жыламағын!




  1. Б. Алдамжаровтың «Жампоз жанр көтерер жүк» мақаласымен танысып, көтерілген мәселеге қатысты өз пікіріңізді білдіріңіз.

  2. «Атрибуция» терминіне түсініктеме беріңіз, атрибуциялық әрекеттерге мысал жинаңыз.

2 Әдебиет және эстетика. Сөз өнері жайлы ұғым

«Әдебиет» деген сөздің түп төркіні арапша атаудан шыққан, «сөз, асыл сөз» деген мағынасы бар. Әдебиет – өнер, көп өнердің ішінде сөз өнері. Мүсіншінің құралы – саз-балшық, суретшінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, әдебиетшінің құралы – тіл.


Өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей және бірден түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өз тілі бар және әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл жағдай – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ, есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін - бар өнердің басы, өнер атаулының ең қиыны және күрделісі, ең жоғары түрі деуге болады.
Суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын қажет. Суреткер сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған жөн. Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан-жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді. Дегенмен материалистік эстетика нағыз суреткерге тән бірнеше ерекшеліктерді тізіп, талдап, сол арқылы талант табиғатын сипаттайды.
Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену – бәрінен бұрын ақынға тән қасиет. Ал суреткер, - ең алдымен
- ақын.
Бұл ерекшелікті «Гетенің қазасына» деген өлеңінде Баратынский дәл суреттеген:
Жасыл шөптің тілін ұғып кезінде Жапырақтың сәл дірілін сезінген,
Жұлдыздармен жымындасқан, ымдасқан, Жал толқынмен ақылдасқан, мұңдасқан. Жаратылыс-табиғатпен бір туған
Жан еді ол кеудесіне нұр тұнған, Одан бүгін қалған адам сыры жоқ!
Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады.
Үшіншіден, қиял. Шығармашылық фантазия. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты шығармашылық қиял – таланттың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерде жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес.
Төртіншіден, интуиция. Өлең – ішкі терең, табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі. Өлең жазуда белгілі ереже, амал, тәсіл жоқ.
Бесіншіден, өмірбаян. Тәжірибе молдығы. Тіршілікте көрген-білгені, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты. «Өмірі мазмұнды кісінің творчествосы да мазмұнды» болатынын Ибсен біліп айтқан.
Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.
Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық – еңбек сүйгіштік. Өнердегі шын шеберлікке апарар жол – шыдамды еңбек, дилетанттыққа – шыдамсыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз.
Сегізіншіден, шабыт. Шабытсыздық – қабілетсіздік, қабілетсіздік – дарынсыздық, дарынсыздық – талантсыздық. Суреткердің шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Сонда өнер өзінің биік мағынасын табады.
А.С. Пушкин: «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек».
Станиславский: «Нағыз шалқар шабыт, творчестволық құлшыну мен құштарлық суреткердің өнердегі өзін сүюінен емес, өзіндегі өнерді сүюінен туады».
Суреткер бітімін, талант табиғатын байыптағанда оның жеке басының дара қасиетін, оның рухани жан дүниесін, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескінің, дүниетанымы мен қоғамдық қызметін, білімі мен мәдениетін де ескеру қажет.
В. Белинский: «Ақын бәрінен бұрын адам, содан соң өз жерінің азаматы, өз дәуірінің перзенті».
Суреткердің қоғамдық қызметін пайымдау оған тән дүниетаным, күрделі және әр қилы көзқарас мәселесін қоса қозғау болып табылады. Суреткердің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы – эстетиканың ең негізгі мәселелерінің бірі.
Адам баласы дүниені ғылым арқылы танып-біледі. Табиғат пен қоғам құбылыстарының заңын ашатын, мәнін түсіндіретін – ғылым, теория. Алайда адамға өмір мен күрес үшін ойлы бас қана емес, ерік, құштарлық, сезім де керек. Осы арада шындықты дәлелдейтін ғылыммен қатар оны көзге көрсететін көркем әдебиет те өзінің қоғамдық рөлін ойнай бастайды.
Әдебиеттің қоғамдық мәнін айтқанда, ең алдымен, оның таным тарапындағы маңызын атау шарт. Кез-келген көркем шығарма оқырманға бұрын беймәлім өмірді, шындықты, бейтаныс заманды, адамды танытады.
З. Қабдолов: «Бальзакты оқымай француз тұрмысын, Толстойды оқымай орыс өмірін, Абайды оқымай қазақ тіршілігін білем деу ағат».
Бальзактың атақты «Адам әжуасы» - ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы француз қоғамының көркем тарихы мен сырлы шежіресі. Романдағы мыңдаған адамдар тағдыры, тартысы, арақатынасы арқылы Бальзак капитализмнің адам айтқысыз қорқаулығын, алтынның аздырғыш күшін, ақшаның адамды аңға айналдырар сұмдығын, сайып келгенде, буржуазияның бұзық та бүлдіргіш табиғатын тасқа таңба басқандай танытады. Мұның бәрі көркем әдебиеттің өмір танытудағы маңызын дәлелдейді. Әдебиет адамдарға өмірді танытып қана қоймайды, олардың сол өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, бүкіл тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді.
Әдебиеттің таным тарапындағы мәні де, тәрбие саласындағы мәні де орасан күрделі әрі шешуші сыры – эстетикалық мәніне негізделген. Әдебиеттің күллі қоғамдық-өзгертушілік қасиетін түсіну үшін, оның эстетикалық табиғатын қажет.
Жан тебірентер, адамды баурап алар әсем әсер жоқ жерде шын мағынасындағы өнер туындысы да болмайды. Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді... қысұасы, адамның көңіл-күйінде сан-сапа құбылыстар туғзып, із қалдырады. Бұл – әдеби шығарманың эстетикалық әсері.
Әдебиеттің халықтығы – тарихи категория. Адамзаттың жалпы көркемдік даму тарихының әр кезеңінде бұл ұғым әр сипатта болды. Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өскен ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-
ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұның бәрі әр ұлттың өзіне тән өзгешеліктерін – сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айрықша сипаттарын да белгілейді. Бұл өзгешеліктерді суреткер іздеп тауып, өз шығармасында суреттеп көрсетуге тиіс.
Шын мәніндегі өнерде халық даналығының таңбасы жатады. Өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. Жер бетінде халық бар болса, халық өмірімен біте қайнаған, халық мақсатына қызмет ететін өнер де болады. Әдебиет пен өнердің халықтығын осы тұрғыдан таныған жөн.
Халықтық деген ұғымды тұңғыш рет ХІХ ғасырдың басында Вяземский П.А. ұсынды. Әдебиеттің халықтығы туралы топшылауларды тұрлаулы түсінік етіп қалыптастырған В.Г. Белинский болды. Оның пікірінше, әдебиеттің өзі, бәрінен бұрын, «халық санасы», «халықтың рухы».
Халықтық – әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы алға қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін баратын қаһарманның мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым.
Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің көтерілуінде жатады. Мысалы, Абайдың өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі – бүкіл халықтық күрделі мәселені көтеруі болатын.
Халық үшін маңызды мәселені көтеру бар да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Халықтықтың екінші шарты – көркем шығармада суреттелген шындық алға тартқан мәселені халық мақсаты мен мүддесіне сай шешу.
Нағыз халықтық шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұтымды болатыны мәлім.
Әдебиеттің халықтығы – оның халықтық ірі мәселелерді халыққа жетімді түрде шебер, халық мүддесіне сай көркем жинақтау болып табылады.
?! Тапсырмалар

  1. Фединнің «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы» деген сөздерін тақырып етіп алып, эссе жазыңыздар.

  2. Нағыз суреткерге тән ерекшеліктер қатарын бүгінгі заман тұрғысынан саралап, өз нұсқаңызды ұсыныңыз.

  3. Әдебиеттің таным, тәрбие, эстетика тарапындағы маңыздарына мысал жинаңыздар.

3 Әдебиеттану ғылымының туу, даму және қалыптасу кезеңдері
Әдебиет туралы ғылымның, дәлірек айтқанда, оның ғылыми жұрнақтарының тұңғыш туу тарихы тым әріде жатқаны мәлім.
Сөз өнері жайлы топшылаулардың туу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар біздің эрадан бұрынғы ҮІ ғасырдан, яғни Пифагор тұсынан бері қарай тұтастыра жүйелеп жүр. Алайда адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын, Нил мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд пен Ганг, Тигр мен Евфрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.
Байырғы вавилон жұртының «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастаны көне үнді халқының «Ригведа», «Махабхарата», «Рамаяна» жырлары тәрізді әдеби ескерткіштері адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көркемсіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық, білімдарлық пен надандық туралы талаптары мен талғамдары б.э.б. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанының дәлелі.
«Көрмегені жоқ »кісі туралы» дастан – бірінші вавилон династиясы тұсында, яғни б.э.б. 2 мыңыншы жылдар шамасында туған батырлық поэма. Поэмада Урук қаласының патшасы Гильгамеш , оның досы Энкиду, олардың ерлік істері жырланады. Дастан адам жайлы, адамның сұлулығы мен ұлылығы, асылдығы мен батырлығы хақындағы гимн:
Зұлымдық көзін жоқ қылмай келсем – маған сын, Жауыңмен өзің айқасып өлсең – Адамсың.
Осы екі жолдың өзінен бұдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың абзал һәм асқақ мінезін, адамға тән асыл қасиет, сұлу сипат – ерлік, өрлік, қайсарлық туралы түсінігін, моральдық-этикалық идеясын, эстетикалық идеалын байқау қиын емес.
Инд пен Ганг жағалауындағы көне үнді жұрты б.э.б. ХХ ғасыр шамасында 1028 гимн шығарып, оларды «Ригведа» атанған он кітапқа топтастырды. Гимндердің классикалық қопарылмалы тіліндегі әсем айшық- өрнектерге, лирикалық толғаныстарға, көркем образдарға қарағанда үнді халқында «Ригведаға» дейін де ғасырлар бойы дамып, жетіліп келген сөз өнері болғанға ұқсайды.
«Ригведа» гимндері арқылы қалыптасқанм әдеби дәстүр, эстетикалық талғам тағы бір мың жыл өткен соң үнді халқының әлемге әйгілі ұлы дастандары «Махабхаратаға», одан кейін «Рамаянаға» ұласады.
«Махабхарата» - керемет көркем ескерткіш; дастанның он тоғыз кітабындағы өлең көлемі – 214 000 жол, «Илиада» мен «Одиссеядан» (екекуін қосып есептегенде) сегіз есе артық.
Эллада эстетикасынан жүздеген жылдар бұрын көне үндінің көркемдік көзқарасы туып, қалыптасқан; сол арқылы үнді поэтикасының өзгеше заңы, ережелері белгіленген. Ол заң, ереже бойынша, үнді жазушылары өздерінің көркем шығармаларын әрқашан тек «Ригведа» гимндеріндегі, «Мазабхарата» және «Рамаяна» дастандарындағы сюжеттер мен образдар негізінде ғана жазуы шарт болған. Үнді әдебиетіндегі мұндай көркемдік дәстүр үнді жазушыларына дайын ведикалық және эпикалық тақырыптар, сюжеттер мен образдар ұсынып
қана тынған жоқ, соларды игеру, көркем жинақтау тәсілдерін қоса көрсетті. Бұл
– көне үнді әдебиетінде белгілі дәрежеде логикалық байыптау, творчестволық жинақтау, эстетикалық жүйелеу жасалды деген сөз. Ал байыптау, жинақтау, жүйелеу атаулының бәрі – теория.
Эллада эстетикасы да бірден қалыптаса қалған жоқ. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б.э.б. ҮІ ғ.) дүниедегі зат атаулының түп мәнін санға сайған аңқау аңғарымдарынан басталады. Мысалы, олар музыка сазы үн шығаратын шектің ұзын-қысқалығына байланысты (ұзындық екі есе қысқарса, дыбыс – октаваға, екіден үшке қысқарса – квинтаға, үштен төртке қысқарса – квараға көтеріледі) деп біледі де, музыканың математикалық негізі туралы өзгеше бір ілім туғызады. Бұл – идеалистік түсінік.
Гераклит Эфесскийдің (б.э.б. 530-470 жж.) толғамдарында диалектикалық түсінік жатыр. Гераклиттің ойынша, әдеміліктің негізі – сапа және әдемілік тек нақты, затты нәрсеге тән. Алайда, осының өзі шартты: сүйкімді маймылды адаммен салыстырсақ, - ажарсыз, жексұрын, ал ең әдемі адамды құдаймен салыстырсақ, - маймыл. Осының негізінде ол жақсы-жаманды, ұнамды- ұнамсызды нақты өз орнында түсіну керектігін . Оның ұғымынша, теңіз суы әрі таза, әрі лас: «балық ішеді, адам ішпейді». Әр нәрсенің әдемілігін тануд дәл осындай сапалық өлшем болатынын аңғартады.
Демокрит (б.э.б. 460-370 жж.) әр нәрсенің әсемдігі оның мөлшерінде деп біледі: «мөлшерінен артық кету де, кем түсу де» оған ұнамаған. Демокрит бірінші болып адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастарға айрықша назар аударған. Оның ойынша, адамдар өнер-білімді тірі табиғатқа еліктеумен тапқан.
Сократ (б.э.б. 469-399 жж.) әр нәрсенің ажары оның қажетке жарамдығында, ал ажарсыздығы жарамсыздығында деп түсінген.
Платон (б.э.б. 427-347 жж.) өзінің «Үлкен Иппий» диалогында (әдеміліктің анықтамасы ретінде мынадай уағыз ұсынады: жарамды нәрсе – пайдалы нәрсе; пайдалы нәрсені тәуір көресің; тәуір көрсең – қуанасың; қуаныш дегенің көз бен құлақ арқылы келетін рақатты түйсік... Ал ішу, жеу, тағы сондай түйсіктер адамды қанша рақаттандырғанымен әдемі емес, әдемі емес, әшейін ұнамды ғана нәрсе! Бұдан шығатын қорытынды «сұлу нәрсе – сүйкімді нәрсенің көзге көрінер, құллаққа естілер бөлігі». Платонның сөз өнері жайлы философиясы сын көзбен қарауды қажет етеді.
Аристотель (б.э.б. 384-322 жж.) «Поэтикасы» - өнер туралы тұңғыш философиялық-эстетикалық трактат. Сонымен қатар айтарарлықтай жүйеге түскен бірден-бір әдебиет теориясы екені даусыз. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Аристотель еңбегінің құндылығы – тарихта тұңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық принцип ұсынып, өнердің қоғамдық маңызын анықтап ашуында.
«Поэтика» деген сөз бүгінгі теориялық түсінігімізде көркем творчество немесе сөз өнері туралы ғылым болса, Аристотель поэтиканы сол сөз өнерінің өзі деп түсінген. Аристотельдің эстетикалық принциптерінің ең түйінді тұсы:
өнердің мақсаты – ақиқатты тану, ал ақиқатты тану жолы – адамның мінезі мен ісін суреттеу деген даналық қағидасы.
Рим ақыны Квинт Гораций Флакк (б.э.б. 65-8 жж.) «Поэзия ғылымы» (алғашқы нұсқасында «Пизондарға хат» деп аталған) деген теориялық поэмасында өзінің бүтін бір эстетикалық жүйесін саралап ұсынады. Гораций көркем шығарманың композициясына көп көңіл бөлген. Ол шығарманың шынайы, сұлу болуын талап етеді. Ақындар алдына дұрыс эстетикалық көркемдік сапасы жоғары болуға тиіс. Горацийдің жас қаламгерлерге берер ақылы – асықпау, жазып сақтап қою, біраз уақыт өткен соң оған қайта оралу, жөндеу, қайта жазу, тағы жөндеу, оқырман жұртқа әбден қапым жоқ дегенде ғана ұсыну.
Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) «Поэзия өнерінің канондары туралы трактаты» мен «Поэзия өнері туралы» еңбегі өлең жайлы, ақындық өнер туралы аса бағалы байыптаулар болып табылады. Біріншісінде Аристотельдің
«Поэтикасын» талдап-түсіндіруді мақсат етсе, екіншісі – өлең өлшемдерін талдауға, өлеңдегі ырғақ пен буын мәселелерін тексеруге арналған. Осы трактаттарда ұлы ғалым өнер атаулының ақиқат өмірден ғана туатынын терең білгірлікпен тап басып, дәл түйген.
Батыс Еуропада әдеби-эстетикалық ілім Қайта өрлеу дәуірінде айрықша дамыған. Рене Декарт (1596-1650) өзінің дүниетанымы жағынан философиядағы рационализмнің негізін салушы. Ол әдебиет пен өнер туындыларындағы әсемдікті олардың бүкіл мазмұн-пішініндегі бүтіндік пен бірлікте, симметрия мен гармонияда деп білді.
Француз классицизмінің ірі теоретигі Никола Буало (1636-1711) Декарт рационализмін өзінің эстетикасы мен поэтикасына философиялық негіз етіп алды. Буалоның «Поэтикалық өнер» атты эстетикалық трактатын кезінде мәдени жұртшылық классицизмнің әдеби манифесі ретінде таныды. Буало суреткерлерді алдын ала пішілген үлгіден шықпауға, алдын ала белгіленген тәртіпті бұзбауға шақырды. Сөйтсе де, Буалоның «шындықтан асқан сұлу жоқ» деп, суреткерден тек шындықты ғана суреттеп көрсетуді талап етуі, өлең өнеріне өз тұсының көркемдік талғамын белгілеуі – жалпы эстетиканың даму тарихындағы үлкен жетістік.
Ағарту дәуірінің эстетикасын Дени Дидроның (1713-1784) еңбектерінен көруге болады. Оның теориялық толғамдары демократиялық сипатта болды. Ол шын суреткерге күрес талабын қойды; суреткер еңбегіндегі шыншылдықты уағыздады; эстетикаға реализм ұғымын енгізді.
Классицизм эстетикасын қатал сынға алғандардың бірі – немістің ұлы ағартушысы Готхольд Лессинг (1729-1781) болды. Оның дүниетанымы дін мен теологияға қарсы тартыс үстінде қалыптасты. Ол да Дидро сияқты әдебиет пен өнерді қалын бұқара арасына алып шығуға күш салды («Лаокоон», «Гамбург драматургиясы»).
Иммануил Канттың (1724-1804) эстетикасы – субъективті-идеалистік эстетика. Кант бүкіл дүниені «өзіндік затқа» және «өзіміздік затқа» бөлген. Георг Фридрих Гегель (1770-1831) дүниенің түп діңгегі абсолюттік идея, абсолюттік рух деп біліп, эстетика мәселелерін өзі жүйелеген триада (тезис-
антитезис-синтез) тұрғысынан байыптады. Оның «Эстетика» атты трактаты мазмұн мен пішіннің ара-қатынасына талдау жасаудан туған. Оның эстетикалық жүйесі бойынша бұл арақатынастар диалектикасы өнердің үш сатысына, яғни үш түріне (символикалық, классикалық, романтикалық) сай келеді.
Сыншыл реализмнің эстетикалық принциптерін жарқырата ашқан орыс революционер-демократтары:
Виссарион Григорьевич Белинский (1811-1848) – данышпан сыншы, даңқты философ, езілген шаруалардың мұң-мүддесі мен ой-арманының жалынды жаршысы. Еңбектері: «Әдеби арман», «Александр Пушкин»,
«Гогольге хат».
Александр Иванович Герцен (1812-1870) эстетикасындағы ең өзекті нәрсе
– сурткерлерді өз дәуірінің үні, өз заманындағы озат идеялардың жаршысы болуға шақыруы. Шың мәніндегі көркем шығарма, Герценнің пікірінше, қилы- қилы халық тағдырынан ғана тумақ, ал «ақын мен суреткер өздерінің шын мәніндегі көркем шығармаларында әрқашан халықтық болып қалмақ».
Чернышевский Николай Гаврилович (1828-1889) – жазушы-философ, ғалым-сыншы, орыс революционер-демократтарының көсемі. «Өнердің болмысқа эстетикалық қарым-қатысы» атты диссертациялық еңбегінде көркем әдебиеттің өмірдегі орнын, мақсаты мен міндетін белгілеп берді. Оның пікірінше, өмірдің өзі қандай жан-жақты болса, өнер де сондай жан-жақты болуға тиіс. Өнер «өмірдің оқулығы» болуы шарт. Ол үшін өмірдегі кез келген ұсақ-түйекті жіпке тізе бермей, жинақтау тәсілі қолдануға тиіс. Чернышевскийдің эстетикасы бойынша, жазушының көркемдік әдісі – реализм. Оның әдемілікке берген анықтамасы: «...әдемілік – адам, адамдағы әдемілік – өмір; адамның бақыты, адам өмірінің рақаты не болса, соның бәрі – адам үшін әдемі. Демек, әдемілікті көктен емес, жерден іздеу керек».
Добролюбов Николай Александровичтің (1836-1861) эстетикалық еңбектеріндегі өзекті мәселе – әдебиет пен өнердің халықтығы. Добролюбов әдебиет халықтық болу үшін әдеби туындыларда ақын «халық рухына бөленуге, халықпен бірге өмір сүруге, халықпен бірге адымдап, бірге тыныстауға тиіс» екенін түсіндіреді.
Писарев Дмитрий Иванович (1840-1868) – талантты сыншы. Еңбектері: кертартпаларға қарсы күрескен «ХІХ ғасырдың схоластикасы»; әдебиеттегі шыншылдық туралы пікірлерін жүйелеген «Реалистер»; көркем шығарманы эстетикалық талдаудың үлгісін көрсеткен «Генрих Гейне».
Толстой Лев Николаевич (1828-1910) - данышпан суреткер, кемеңгер философ, ойшыл, қоғам қайраткері. Өнер туындыларының ең негізгі қасиетін оның халықтығында деп білді. Толстой өнерді тілмен салыстырады: «Адам баласы бір-біріне сөз арқылы ойын танытса, өнер арқылы сезімін дарытады». Толстойдың эстетикалық талғам-талаптарын кез келген көркем шығармасынан көріп-білуге болады.

4 Қазақстандағы әдеби-эстетикалық ойдың даму тарихы


Қазақ ағартушы-демократтары, эстетика мәселелеріне арналған арнайы еңбектер қалдырмағаны жұртқа мәлім, бірақ өздерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби еңбектерінде олар қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы мәселелеріне үлкен назар аударған.
Қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары халық бұқарасының өздерін қанаушыларға қарсы азаттық қозғалысының, капитализмнің Қазақстан ішіне кіріп, рулық-феодалдық қарым-қатынастарды бұза бастаған кезеңіндегі демократиялық ойдың нақтылы көрінісі болып табылады.
Сондықтан да қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары олардың дүниетанымымен тығыз байланыста болуы – олар өмір сүрген сол дәуірдегі тарихи жағдайлар тудырған әбден заңды құбылыс.
Әңгіме ағартушылылардың эстетика мәселелерін қаншалықты жүйелі әрі жан-жақты қарастырғанында емес. Маңыздысы – олар эстетика мәселелерін көтерді және оларға өз қатынастарын білдірді. Өнер мен сұлулықты барлық халықтар өз дамуының қандай сатысында болса да жасайды, ал философиялық ой, олар таптық күрестің күрделі түрлерінде шынайы күшке айналған кезден ертерек, бұл құбылыстарды қарастырмайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақ халқының эстетикалық көзқарастары алғашқы рет қазақ ағартушы- демократтары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев шығармаларында теориялық қорытындылауын және одан арғы дамуын алды.

жүктеу 246,3 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау