Әдеби тек тарапынан образ үш түрлі: эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ.
Эпикалық образ – кескін-кейпі, мінез-құлқы, іс-әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип.
Эпикалық образ – бедерлі бейне; әрі нақты, әрі затты тұлға; кәдімгі тірі кісідей өзін көзбен көруге, сөзін құлақпен естуге, мінезін ұғуға, қимылын бақылауға болатын, бүкіл өмір жолын бар бұралаңымен байқауға, өскен ортасын барлық ой-қырымен байыптауға болатын күрделі, кесек қаһарман.
Лирикалық образ – сыршыл, өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен, нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Эпикалық образ нақты болса, лирикалық образ
– шартты.
Драмалық образ – сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Драмалық образды біз тек қана сахнадан, актерлердің ойындары арқылы жүзбе- жүз көріп, танимыз. Әр образ өзін жасаған актермен бірге кетеді, көрген адам санасында тек әсері мен елесі ғана қалады. Драмалық образ шиеленіскен тартыстар мен қым-қиғаш қимыл-әрекеттер арқылы жасалады. Драмалық образ оймен қатар іске, сезіммен бірге қимылға құрылады.
Жасалу тәсіліне қарай образ: юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ, геройлық образ және т.б. бөлінеді.
Әдемілік туралы ілімде бірнеше (комедия және трагедия, героика және фантастика тәрізді) эстетикалық категориялар бар. Комедия ақиқат шындықтағы немесе адам мінезі мен бітіміндегі күлкілі жайлардан, трагедия - қайғылы құбылыстардан, героика – асыл, аяулы қасиеттерден, фантастика – асыңқы, асқақ әрекеттерден туады. Осы тәсілдердең әрқайсысына лайық геройлық, трагедиялық, фантастикалық образдар болатыны сияқты, комедиялық тәсіл арқылы көркем образдың юморлық және сатиралық түрлері жасалады.
Юморлық образ – күлкілі кейіпкер. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады. Юморда күлкілі құбылыстардың ең майда, зиянсыз түрлері алынады. Юмордағы күлкі – әзіл; ал әзіл келемежге айналса – ирония, келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе – сарказм болғаны.
Х. Ерғалиевтің «Үлкен жолдың үстіндегі» бас кейіпкері – юморлық образ:
Жігіттердің алдында Одан асқан қылжаң жоқ. Әйелдердің алдында Одан момын бір жан жоқ.
Шынын айтар алдында Шылым тартып алатын. Өтірік айтар алдында Бір жөтеліп қалатын.
Бұл жолдарда юмор бар да, сын жоқ. Ақын өзі де күліп, өзгені де күлдіріп, сол күлкі арқылы ақ жарқын, көңілді кейіпкердің кейбір қылығын зілсіз ажуалап, мінезін аша түсіп отыр.
Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.
Сатираның юмордан айырмашылығы
|
Сатираның юмормен бірлігі
|
Қаламгер сынап отырған адамына жаны ашымайды, оның мінін түзеу, өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі жоқ. Юморда түзеу
мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ қылу мақсаты жатады.
|
Екеуінде де күлкі бар. Шындыққа негізделген шынайы күлкі, жасанды, қылжақ емес, табиғи күлкі.
|
Сатиралық образ жасаудың тәсілдері әр түрлі; солардың бірі – ирония – кемшілікті, мінді астармен перделеп сынау, сықақтау, мысқылдау, кекету; гротеск (ұлғайту); пародия.
Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне.
Қай халықтың сөз өнері болсын, оның ең байырғы түрлерінің бірі – қиялға негізделетін ертегі. Фантастикалық образ құр қиял ғана емес, көпке ортақ биік мақсаттарға, асқақ армандар мен асыл мұраттарға тамыр тартады.
?! Тапсырмалар
Романтикалық және реалистік образға салыстырмалы талдау жасап, Венн диаграмасын әзірлеңіздер.
Эпикалық, лирикалық, драмалық образдарға 10 мысалдан келтіріп жазыңыздар.
Соңғы оқыған көркем шығармадағы образдарды жасалу тәсіліне қарай топтастырыңыздар
Достарыңызбен бөлісу: |