АБАЙ
Терең сөздің ұстасы, тілдің кені,
Ақылымен кең шолған дүниені.
Ақындардың ақыны - асқақ Абай.
Бұл қазақта болған жоқ оның теңі.
Ақын мініп кең ойдың кемесіне.
Жырды ескек қып толқынның дөңесіне,
Шығарам деп шындыққа сүйреді елін,
Өмірдің бір шұғылалы белесіне.
Оның сөзі жүректің кілтін шешпек,
Алғандай-ақ күміс пен алтынды екшеп.
Абай құлаш сермеді асқар шыңға,
Ұлағатты орыстың салтын көксеп.
Аңсады әділдікті арман етті.
Зар илеп залымдықты қарғап өтті.
Сермеді асыл сөздің ақ семсерін,
Жібермей тайталаста жауға кекті.
Көкседі ердің ғылым меңгергенін,
Біліммен елдің жұртпен тең келгенін.
Зорлық пен зомбылыққа балта шауып,
Түйреді санасыздың сенделгенін.
Ол айтты: шаттық тұрмыс - еңбекте деп,
Жаңбырмен жер, еңбекпен ер көгермек.
Емірене ел үшін еңбек етсең,
Ердің бақыт еншісі ерте келмек.
Күңіренді айтып мұңын армандының,
Тың сөзді тыңдата алмай талғандығын.
Қолында ұрлықшы мен зорлықшының
Қамалып қараңғы елдің қалғандығын.
Рас, ақын Абайдың өзі өлгені.
Өткенмен оның заман кезеңдері,
Ол көксеген арманға елі жетіп,
Жаршылық жан сүйсінер сөзі өлмеді.
ҚЫС ҚЫРАНДАРЫ
Қыс келді қысамын деп ызғарымен,
Халықты састырам деп мұз-қарымен.
Ұлиды ұқыптыға ой түсіре,
Келдім деп шаруаңды бұзғалы мен.
Сау кетпей сұр бұлттың түшкірігі,
Үрледі оттай шарпып үскірігі.
Көз көрген көп жылдардан биыл қыстың
Байқалды райының күштілігі.
Қақырды қар жапалақ баспалатып,
Түсірмей түкірігін аспанға атып.
Арсылдап алақаншық соқты боран,
Бурадай бұр-сарқ етіп шегін тартып.
«Ақ байтал» кесе тұрып жапты күртік,
Асығыс жүре алмайсың атпен жортып.
Ақ шатыр асуларға отау тігіп,
Беткейдің бетегесін кетті желпіп.
Бұталар бурыл сақал шалдай болып,
Шалғыны шәлі ораған салдай болып,
Жүгірген қар бетімен қарсақ, күзен
Көрінді көз ұшында нардай болып.
Сілкінтіп мал сауырын кептірмеске,
Қасарын қара орынға шөктірмеске,
Жел айдап, желкесінен суық өтіп,
Тепсінді жерден шөпті тептірмеске.
Шаңғытып шаң борайды Жайық жақтан,
Қауыста қар тұсамас болды қақпан.
Қаңтарды қайрап салып қатулана,
Алқынып аузын аша жетті ақпан...
Қыс келді аламын деп малдан үлес,
Болсайшы мылқау қыста тіпті бір ес.
Колхоздың қаһарманды батырлары
Қыспенен тапжылмастан ашты күрес.
Фатхолла жылқы салды Майқұмаққа,
Өлкенің күнгей беті шығыс жақта.
Жаз мінген жайлауіштің жалы берік,
Бестаудың айналасы берік тақта.
Кетпендей қарға сілтеп тұяқтарды,
Аударып ақ селеу мен қияқтарды,
Күніне көрінім жерді жайғастырып,
Баспайды соныға өрлеп ескі шарды.
Өзімдей үздік туған ерлерім деп,
Мақтаушы ем Жылкелді мен Жұмаштарды
Олар да баққан малын аман сақтап,
Бәкеңнің өсиеті расталды.
Жексембай, Едірес, Әбжан, Хамза қарттар,
Оларда тәжірибелі талай салт бар.
Орнаған ой түбіне о басынан,
Көсемге шын жүректен жазған хаттар.
Ертемен өргізеді айдап желге,
Қаптатып қарақұрлық қаулы жерге.
Тосынның төрт бұрышын керте түріп,
Жеткен жоқ Ақөзек пен Саркемерге.
Сөткеде сүт пісірім дамылдайды,
Қопсауға қойды бөліп шағындайды.
Лақ ойнап, тоқты қашып, қошқар жанып,
Қойлары семіздіктен мамырлайды.
Жел жусан, жекен, құрақ, шағырлы еркек,
Сар тақта, Шилікемер бөлшек-бөлшек.
Аттанып тал, құрақпен қарды сызып,
Күніне жиған шөптей жегізді өлшеп.
Шұрыққа дүлейленген салады ойнақ,
Ойтанда ығы-жығы құрттай қайнап,
Боранда буы шығып жатыр теуіп,
Былқылдап арқалары бырт-бырт шайнап.
Тер шығар шамырқанса шабандоздан,
Жүйріктей жалғыз қара мыңнан озған.
Қашаннан топтан торай бермей жүрген
Шықты өнер ылғи саңлақ тарлан боздан.
Жүрсе де өз алдына малын бағып,
Жатыр деп жаны төзбей босқа нағып,
Қамқорлық халық ішіне үлгі шашып,
Жарысқа шақырады дабыл қағып.
Дейді олар: жел мықты емес жанған оттан,
Болмайды боран өткір жауған оқтан.
Қан төккіш қара жүрек фашист емес,
Қыс мейман бұрын-соңды келе жатқан.
Бет бермей бес жыл ұдай соққан боран,
Салған жоқ ұлы өмірге ол да тоқтам.
Мұндай қыс көп көргенбіз бала жастан,
Жалғыз-ақ жалқауға жау қара басқан.
Жатқанға жарты тілім нан бұйырмас,
Ауқымға алар үлес араласқан.
Баяғы патша билеп тұрған кезде
Жалпақ жұрт жаппай жұртқа душарласқан.
Ол заман қойды бізден жырақ қалып,
Көрген көз, көп естіген құлаққа анық.
Жерге ие, табиғатқа қожа болып,
Жайлады ел колхоздаса тұрақтанып.
Ізденсең бақыт қолда ырыс пенен,
Жаны қас жармойынның жұмыспенен.
Безіңдер бейқұттардан бетін ашып,
Жұмылып жұртшылыққа кіріспенен.
Жалқаулар жатып жұртқа шалдықтырар,
Қорқақтар қостан шықпай, малды ықтырар.
Арықты алты ай баққан бір күн соғар
Қас-дұшпан қысылшаңда аңдып тұрар.
Отарға қой мен жылқы қосын тартқан,
Қарақұм, Торғай бойын алып жатқан,
Жарысқа ар-намыспен, ал, түсейік,
Кім озып, жетер екен қуып арттан.
Жылқының жонын ашып, жалын құртпа,
Түйенің қоңын ашып, қомын жықпа.
Қой, сиыр жоспарынан он есе ассын,
Озып шық берекелі бес жылдықта.
Ерлерім осылайша берді нұсқа,
Дабылы кетті Батыс, Күншығысқа.
Соңынан ере шапты талай батыр,
Бермеске жетім қозы мылқау қысқа.
Мырзекең Тоқанай мен Қайралапта,
Үштоғай қойын жайып кең алапқа,
Алты қыс асырайтын шөбім дайын,
Бере алмай жалғыз түсік қыс қараққа.
Болжекең аттан түспес ұзақ күнде,
Он бір жыл қойшы болып жайған үлгі.
Қаңтардың қаһарына қарсы тұрды,
Сауыс боп сақалына қатқан сүңгі.
Қалекең жатыр қыста Қарақұмда,
Малы бар екі жүз мың қарауылда.
Жылқысы Жылой менен Көкайдарда,
Қойының бір мұздақ жоқ балағында.
Қалған соң Қарақұмдай қонысында,
Қырық өзек қойын жайды қобысына.
Үдеріп он күн сайын бір көшеді
Шүйгітіп малды жердің сонысына.
Жүсекең баққан малын жұтқа бермес,
Қыстекең қыдыр дерсің құртқа бермес.
Арықты алты ай мінсе, семіртеді,
Бұлардың алдарынан бір мал өлмес.
Мейрамның күркірейді буралары,
Ақ жампоз, қызыл киік бұйралары.
Желіндеп інгендері ыңырсып тұр,
Желкілдеп жер сызады шудалары.
Ерлер көп айта берсем елге тіреу,
Көңіл шат, ойында жоқ кіршік, іреу.
Айтылған аз ғанасы мысал етіп,
Секілді көрсетілген жүзден біреу.
Колхоздың қадірменді өрендері,
Ақынның ермек емес өлеңдері.
Сақтасаң колхоз малын қамқорлықпен,
Боласың елдің досы, ердің ері.
Қайырдан келіп бір ой тәтті балдай,
Шығарған ойдың сырын тіл мен таңдай.
Жиһанды шұғыласымен қарық қылған,
Замана осынау бір туған айдай.
Жаннаттың сарайының бағындағы
Саңқылдап сандуғаштай келдім сайрай.
Төртінші Қазақстан съезіне
Шашуға табысымды тарттым арнай.
«Большевиктік жол». № 47. 6 март. 1949 жыл.
ҚЫЗБЕЛДІҢ ҚЫЗЫЛ ГҮЛДЕРІ
Қызбелге әркім аңсап жетем деген.
Қызбелді кімдер жырлап көтермеген.
Хан мен бек, бай, манаптар баса қонып
Осы ара бізге лайық екен деген.
Жалшы ауыл жатақ елді жарға қамап,
Өріне орда тігіп мекендеген.
Кедей мен қарашының қанын сорып,
Осылай дәурен сүріп өтем деген.
Арқасын Әлімбай мен Қаржас алған,
Ағытай Балақарттан мекен салған.
Бай бақшыл, күшті күншіл заманында
Тарылды талайларға «дүние жалған».
Ақ тақыр ат тұяғы дығыр қылып,
Көз тұнды күн кезіне ұшқан шаңнан.
Қара құс Қантауында жемтік шұқып,
Құладан құлай ұшты биік саңнан.
Бозторғай қонарына бұта таппай
Жапалақ жұмыртқасын күнде жарған.
Шырылдап шалшық таппай қызғыш қашып,
Қарлығаш ұя салды сусыз жардан.
Қызғанып қызғалдағын Қызбел тауы
Күрсініп көз тамбады бұлақтардан.
Аунатып арқасынан тастаймын деп,
Жендеттен жиіркеніп жер шайқалған.
Ойнаған осы жерім баладайдан,
Жыр беріп, ән үйреткен әлә-ләйдан.
Жалшы ауыл жатақ елге қоныс болып.
Мимылжып мөлдір бұлақ аққан сайдан.
Қызбелдің барып қайтсаң шетін көріп,
Жәннәттай жайлауына біткен көрік.
Басында биік заңғар Шарабас тұр.
Күн шалып Ұлы тауға бетін беріп.
Бейне бір алтын айдар, күміс тарақ,
Талдаған маңдайына кекіл өріп.
Төсінде «Қыземшектің» қос шоқысы,
Төңкерген алтын кесе секілденіп.
Сарыбел сағым сүйген сұлу жота,
Арудай аялдайды мың түрленіп.
Маңқиған Мырзабектің қара тауы
Сарылған сақшылықта кепілденіп.
Қызбелді көруге көз ерінбеген.
Колхозшы осы мекен жерім деген.
Тұп-тұнық төскейінен қайнар шапшып
Мамырлап мая нардай желіндеген,
Қаңтардың қызылында айдап салсаң,
Қырында қырық мың жылқы тебіндеген.
Қырдағы қызыл бидай арасынан
Қара үзе қашқан құлан көрінбеген.
Қызбелдің қызыл гүлдей қыр арқасы,
Арқаның ақ төсінде тұмаршасы.
Арал мен Ақсуаттың колхозының
Мекені мынау тұрған Діңнің1 басы.
Дүкеннің төрт бұрышты текшесіндей,:
Ұзыны керуеннің бес көшіндей.
Айырып арқасына салған егін,
Шатыраштың шар тігетін кестесіндей.
Жылқы өсті қара ағаштай жонды қаптап,
Асуға ақтылы қой жайды баптап.
Аққайнар төс бұлаққа ауыл қонды
Шатырдай қатар тіккен үйлер аппақ.
Қызбелдің қызыл гүлі міне осылар.
Жүз емес жылда мыңға мың қосылар.
Мадақтап жер сипатын тауыса алман,
Тағы да талай сұлу жыр қосылар.
Достарыңызбен бөлісу: |