Көлік секторында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды енгізу тәсілдері
Көлік секторының энергия тиімділігін арттыру міндеттерін шешу үшін негізгі бірнеше бағыттар бойынша жұмысты ұйымдастыру қажет.
1. Мониторинг және нарықта пайда болатын жаңа автомобильдерге қатысты отын тиімділігіне байланысты талаптардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы көлік паркінің оңтайлы құрамын қамтамасыз ету.
2. Көліктің баламалы түрлерін және тиісті инфрақұрылымды, атап айтқанда, электромобильдер мен газ отынымен жүретін автомобильдер үшін дамыту.
3. Сапасы жоғары отынды пайдалануды қамтамасыз ету.
4. Көлік паркін неғұрлым қысқа мерзімде жаңартуға жәрдемдесу үшін автомобильдерді кәдеге жарату бойынша ынталандырушы бағдарлама әзірлеу (мысалы, ескілерін кәдеге жаратқаны және неғұрлым экологиялық жаңа автомобильдерді сатып алғаны үшін сыйақы түрінде).
5. Көлік ағынын басқару жүйесін жетілдіру қажет («smart traffic control system»).
6. Тасымалдарды басқару (көліктің барлық түрлерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін көліктік инфрақұрылым, жолаушыларды топпен тасымалдаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру).
Көлік секторында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі техникалық шараларға мыналар жатады:
энергиялық тиімді көліктік инфрақұрылымды дамыту;
теміржол көлігінің тиімділігін арттыру;
жергілікті қоғамдық көлікті таза отынға ауыстыру есебінен оның энергия тиімділігін арттыру (газ және электр).
3.4. Электр энергетикасын дамыту
Саланың қазіргі жай-күйі шоғырландырушы және желілік жабдықтың айтарлықтай тозуымен, көмір генерациясының үстем жағдайымен және шамадан тыс жүктемені жабу үшін қажетті резервтің болмауымен сипатталады.
Экономиканы дамыту және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру 2030 жылға қарай энергия тұтынудың жылына 2,3 %-ға 136 млрд. кВт.с дейін және 2050 жылға қарай жылына 1,2%-ға 172 млрд. кВт.с дейін өсіруге әкеледі. Бұл ретте елдің ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2010 жылдың деңгейімен салыстырғанда 50 %-ға азаяды.
12-сурет. 2050 жылға дейін электр энергиясына сұраныс
Электр энергиясына өсіп отырған сұраныс пен ескі электр станцияларының тозуына байланысты пайдаланудан шығуы Қазақстанда едәуір жаңа қуаттарды салуды талап етеді: тұрақты емес көздер ретінде қаралатын жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуатын қоспағанда, 2030 жылға қарай 11-12 ГВт (бұл 2012 жылға белгіленген қуаттың шамамен 60 пайызына сәйкес келеді) және 2050 жылға қарай 32-36 ГВт.
13-сурет. Жаңа орнатылған қуаттарға сұраныс
Қазақстанның энергетика секторының дамуы едәуір шамада тәуелді бірнеше негізгі факторлар бар:
1. Энергия тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау есебінен электр энергиясын тұтынуды азайту.
2. Қазіргі бар қуаттарды жаңғырту.
3. Қазіргі уақытта өзіндік құн тұрғысынан электр энергиясын өндіретін әртүрлі технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі, сондай-ақ болашақта дәстүрлі және жаңартылатын технологиялардың эволюциясы.
4. Қазақстанның CO2 шығарындыларын қысқарту жөніндегі жобаларды іске асыруға мүдделілік дәрежесі және СО2 шығарындыларына бағаның деңгейі.
5. Электр энергиясын өндіру үшін газдың қолжетімділігі және оның бағасы.
Достарыңызбен бөлісу: |