9-сурет. Мемлекеттер бойынша бидай шығымдылығы
Ауыл шаруашылығы секторы тап болған проблемаларды шешу үшін Қазақстанның Үкіметі ауыл шаруашылығы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Агробизнес - 2020» Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған бағдарламаны әзірлеп шықты. Бұған қоса, орнықты егіншілікке көшу үшін мынадай негізгі бастамаларға көңіл аудару қажет:
1) Қаржыландыру көздеріне қолжетімділікті ұйымдастыру жөніндегі шараларды мемлекеттік қолдау:
басқа елдерде ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімді қаржыландыру жөніндегі халықаралық тәжірибені ескере отырып, фермерлердің капитал салымына деген сұранысын қанағаттандыру үшін қажетті ұзақ мерзімді кредит беру өнімдерін әзірлеу және жасау үшін халықаралық және жергілікті даму институттарын, сондай-ақ екінші деңгейдегі қазақстандық банктерді тарту;
Қазақстанда орнықты ауыл шаруашылығын құру үшін жерді жаңадан өңдеуге арналған техниканы қолдану, тамшылатып суаруға арналған жабдық пен инфрақұрылымды, энергия үнемдеуші көлік құралдары мен жабдықтарды пайдалану, фермерлердің көліктік шығындарын азайту үшін жол инфрақұрылымын жаңарту және т.б. сияқты неғұрлым қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында жергілікті және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ауыл шаруашылығы секторындағы іс жүзінде жұмсалған шығыстар мен капитал салымдарының құрылымын зерделеу;
орнықты ауыл шаруашылығының қағидаттары мен практикасын енгізуді экономикалық ынталандыру үшін кепілдіктер, субсидиялар және өзге де шаралар нысанында ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімді қаржыландырудың ықтимал құралдарын үкіметтік деңгейде қарау;
2) ауыл шаруашылығы секторының орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында фермерлердің бизнес-жоспарлау дағдыларын дамыту, сондай-ақ екінші деңгейдегі коммерциялық банктер мен кредиттік ұйымдар сияқты қаржыландыруға жауапты ұйымдардың дағдылары мен білімдерін дамыту тетіктерін қайта қарау және жақсарту. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті төмендегі шаралар мыналарды қамтиды:
ауыл шаруашылығы секторын дамыту тетіктерін түсінуге қатысты фермерлер арасында бизнес-жоспарлау біліктілігінің тапшылығы мен қаржы ұйымдары арасындағы біліктілік тапшылығын және нарықта қолжетімді қаржы өнімдерін айқындау;
шаруашылықты бизнес-жоспарлаудың табысты дағдылары мен практикасын ілгерілетуге және таратуға арналған құралдар ретінде өнімді сатып алушылармен ұзақ мерзімді келісімдер жасасу (contract farming) қағидаты бойынша шаруашылық жүргізетін жергілікті озық фермаларды қандай дәрежеде пайдалануға болатынын айқындау;
екі жақтан да біліктілік тапшылығын жою үшін фермерлер мен қаржы ұйымдарының дағдыларын дамытудың жетілдірілген бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
3) фермерлік шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алушылар арасында ұзақ мерзімді шарттық қатынастар жасасу (келісімшарттық фермерлік) қағидаты бойынша модельдік шаруашылықтар құру үшін шетелдік инвесторларды тарту көптеген елдерде өзін ынтымақтастықтың табысты тетігі ретінде көрсетті. Қазақстанда өз пайдасына осы модельді тиімді түрде пайдалануға жеткілікті жағдай бар. Мұндай ынтымақтастық нысаны артықшылықтарының қатарында:
а) өз қаржы ресурстары мен қаржылық шешімдері бар ірі инвесторларды тарту мүмкіндігі;
б) ауыл шаруашылығын жүргізудің заманауи технологиялары мен үздік әлемдік практикасын тарту мүмкіндігі;
в) ресурс үнемдеуге негізделген орнықты және «жасыл» ауыл шаруашылығын жүргізетін инвесторлар тарту мүмкіндігі. Осыған байланысты шетелдік инвестицияларды тартудың артықшылықтарын іске асыру үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет, оның ішінде:
бүгінде халықаралық практикада бар келісімшарттық фермерліктің әрқилы балама модельдерін бағалауды жүргізу және Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы моделін таңдау;
Қазақстанға инвестицияларды жүзеге асырудың әкімшілік шығасыларын барынша азайту мақсатында «жалғыз терезе» қағидаты бойынша бірыңғай сараптамалық орталық құру арқылы ынтымақтастықтың осындай нысанын жасасу үшін жергілікті фермерлер мен шетелдік инвесторлардың қызығушылығы мен сұраныс дәрежесін бағалау;
келісімшарттық фермерліктің таңдап алынған моделін енгізу мен жобаға қатысушыларды қолдау шараларын іске асыру үшін экономикалық және құқықтық база құру;
ауыл шаруашылығы нарығына халықаралық ірі қатысушылар үшін Қазақстанда бизнес жүргізудің мүмкіндіктерін таныстыру үшін роуд-шоу деп аталатын инвесторларға арналған көшпелі таныстырылым өткізу;
жер ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ететін шетелдік инвесторларды тартуды ынталандыру бойынша алымдарды немесе баждарды азайту, қолдануға болатын кездерде салықтық перференциялар ұсыну және жердің оңтайлы құнын айқындау сияқты тетіктерін қарау;
4) Суарудың қазіргі заманғы әдістерін пайдалануды және жылыжай шаруашылығының дамыған секторын қалыптастыруды қамтитын су ресурстарын үнемдеу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске қосу, мыналар оның негізгі элементтері болып табылады:
а) суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын алмастыру;
б) суару технологиясын жетілдіру;
в) су тасымалдау кезінде шығасыларды қысқарту;
5) Жылыжай өндірісін дамыту жоспарын әзірлеу, ол мыналарды қамтиды:
қажетті іс-шаралар мен капитал инвестицияларын жақсы жоспарлай бастау үшін қазіргі жылыжай алаңдары жөніндегі деректердің ахуалын жақсарту;
қолжетімді жылыжай технологияларын бағалап, Қазақстан үшін неғұрлым тартымды басым шешімдерді айқындау;
мынадай екі факторға:
а) жылыжай секторы өндірісінің ықтимал көлеміне;
б) суды үнемдеудің ықтимал көлеміне баса мән бере отырып, жылыжай өндірісі нарығының көлемін нақтылау;
жылыжай құрудың жергілікті фермерлер мен шетелдік инвесторларға тартымды болуы үшін ынталандыру тетіктерін әзірлеу.
Сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығында «жасыл» ауыл шаруашылығының алты қағидаты назарға алынатын болады, олар секторды дамытуды қамтамасыз етіп, сонымен бір мезгілде қоршаған ортаны сақтауға және жақсартуға мүмкіндік береді:
1) жердің бүлінуінің алдын алу және бүлінген жерлерді қалпына келтіру: топырақтың өңделуін барынша азайтатын, топырақта органикалық заттар мен ылғалдың сақтап қалынуын қамтамасыз ететін, топырақтың жел мен су әсерінен эрозияға ұшырауын болғызбайтын, мысалы, топырақтың нөлдік өңделуін және дақылдардың алма-кезек егілуін қамтамасыз ететін жабдықты пайдалану есебінен болғызбайтын, ауыл шаруашылығын жүргізудің неғұрлым тиімді әдістерін енгізу;
2) жайылымдардың одан әрі тапталуын болғызбау: шалғайдағы жайылымдардың қолжетімділігін арттыру мен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, бақыланатын жайылым айналымын күшейту және топырақта ылғалдың сақталуын қамтамасыз ету есебінен жайылымдық жерлерді сақтау;
3) суды тиімді пайдалану: ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануды енгізу, мысалы, тамшылап суаруды, шашырата бүркілетін сумен суаруды, дискреттік суаруды енгізу, жылыжайларды пайдалану;
4) ресурстарды ұтымды пайдалану: пайдаланушылардың қорғалуын, қоршаған ортаға келтірілетін зиянды барынша азайтуды қамтамасыз ететін агрохимикаттар мен отынды пайдалануға көшу, топырақтың, ауа мен судың ластануын қысқарту/болғызбау, мысалға, өсімдіктерді зиянкестерден кешенді түрде қорғауды қолдану, тыңайтқыштарды топырақты зерттеу нәтижелері бойынша пайдалану және ауыл шаруашылығы техникасының отындық тиімділігін арттыру есебінен қысқарту/болғызбау;
5) қалдықтарды барынша азайту және қайталап пайдалану: Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ең жоғарғы қосылған құнды және қалдықтардың азайтылуын, оның ішінде өндірісте қалдық қоқыстарды қайталап пайдалану, мысалы, компост, биогаз және т.б. есебінен азайтылуын, қамтамасыз ететін әдістерін енгізу;
6) қөмірқышқыл газды ұстап қалу: ауыстырылмайтын дақылдарды, мысалы, көмірқышқыл газ бен сортаңдануға төзімді топырақты ұстап қалатын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделуге ықпал ететін агломерацияға арналған өсімдіктерді, сүрек дақылдарды, көпжылдық дақылдарды, тұрақты дақылдарды өсіру.
3.3. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының энергия қажетсінуі ЭЫДҰ-ға кіретін елдердің орташа деңгейінен екі есе жоғары және Ресейдің деңгейінен 12%-ға жоғары. ЖІӨ-нің энергия қажетсінуі ЖІӨ мен энергияны тұтыну модельдерінің өзгеру үрдістеріне байланысты. Болжамдар (ХВҚ, DIW) бойынша, Қазақстанның ЖІӨ 2030 жылға қарай үш есеге дерлік және 2050 жылға қарай бес есеге дерлік өседі, бұл ретте ЖІӨ құрылымында қызмет көрсетулер секторы үлесінің ұлғаюына байланысты өзгерістер болады.
Талдау нәтижелеріне сәйкес, базалық сценарийде энергияны тұтыну (яғни ғимараттар қорын, өндірістік қуаттарды, көліктік паркті және т.б. табиғи жаңарту кезінде) 2030 жылға дейін барлығы екі есеге және 2050 жылға дейін 2,5 есеге өседі. Өнеркәсіп, ТКШ, энергиямен жабдықтау және көлік энергия тұтыну көлемдері тұрғысынан жетекші секторлар болып қала береді. Бұл ретте ЖІӨ-нің энергия қажетсінуі ағымдағы деңгейге қарағанда 2030 жылға қарай ~25%-ға және 2050 жылға қарай ~40%-ға азаяды.
Достарыңызбен бөлісу: |