10-сурет. Энергия тиімділігін арттырудың әлеуеті: «жасыл» және базалық сценарийлерді салыстыру
Энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру пайдасына бірқатар себептер бар:
Біріншіден, мұндай іс-шараларды өткізу көптеген жағдайларда рентабельді болып табылады, яғни үнемделген энергияның құны оларды іске асыруға арналған қосымша шығындардан асып түседі. Шын мәнінде, Қазақстан негізгі энергия тұтынушы секторларда энергияға деген сұранысты базалық сценариймен салыстырғанда 2030 жылға қарай қосымша 10%-ға және 2050 жылға қарай 15%-ға азайта алады, бұл ЖІӨ-нің энергия қажетсінуін 2010 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2030 жылға дейін 35%-ға және 2050 жылға қарай 50%-ға азайтуға алып келеді.
Екіншіден, энергия тиімділігін арттыру күрделі шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді: мысалы, электр энергиясын генерациялау секторын дамытуға байланысты энергия тиімділігі жөніндегі шаралар 6-дан 15 млрд. АҚШ долл. дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, қоршаған ортаға әсер етуді шектеу қомақты себеп болып табылады, өйткені энергия тұтынуды азайту CO2 шығарындыларын және басқа да ластаушы заттарды азайтуды білдіреді.
Энергия тиімділігін арттыру жолында бірқатар айтарлықтай кедергілер бар: энергия ресурстарына тариф және баға белгілеудің тиімсіз жүйесі, жергілікті өндірістің дамымай қалуы мен импорттық құрылыс материалдарының жоғары өзіндік құны, нарықтың шашыраңқылығы, қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік, энергиялық менеджмент туралы жеткіліксіз хабардар болу, осы салада ықпал етудің дағдылары мен заңнамалық тетіктердің жоқтығы. Қазақстан энергия тиімділігін арттыру жолында осы кедергілерді жоюы қажет.
Қазақстанда энергияға деген сұраныс 65 млн. тонна н.э құрайды (2010 жылғы жағдай бойынша), оның ішінде түпкі тұтынуға 54 млн. тонна н.э келеді.[2] Негізгі энергия тұтынушы секторлар мыналар (барлық тұтынудың 98%-ынан астам) болып табылады: энергиямен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ғимараттар), өнеркәсіп және көлік.
Басқа елдермен салыстыру Қазақстандағы энергия тиімділігінің негізгі индикаторлардың көпшілігі бойынша едәуір артта қалып отырғанын көрсетеді:
өнеркәсіптік жабдықтардың 45-60%-ын ауыстыру немесе жаңғырту қажет; соңғы энергиялық аудиттер энергия тиімділігінің 15-40%-ға арту әлеуетін анықтады;
ғимараттарды жылытуға климаты салыстырмалы еуропа елдеріне қарағанда бір шаршы метрге 1,5-2 есеге көп жылу талап етіледі, көппәтерлі үйлердің төрттен бір бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді;
қолданыстағы қазандықтардың тиімділігі 65-70%-дан аспайды, ал жаңа қазандықтарды пайдалану тиімділікті 85-90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, әртүрлді бағалаулар бойынша, жылу желілері бойынша жылу энергиясын беру кезіндегі шығындар 25-40%-ға жетеді, ал халықаралық тәжірибе осы көрсеткішті 10%-ға дейін жеткізу мүмкіндігі туралы куәландырады;
автомобиль көлігінің 80%-ы 10 жылдан астам пайдаланылып келеді, ірі қалаларда жеке меншік автомобильдер көлік ағынының 70%-дан астамын құрайды;
отынның қазіргі сапасы еуропалық деңгейден едәуір артта, мұның өзі жергілікті МӨЗ өнімдері сапасының жеткілікті дәрежеде жоғары болмауымен және отынның бөлшек саудасы сегментінде сапа стандарттарының сақталмауымен негізделген;
газ-көлік инфрақұрылымы жеткілікті дамымаған, бұл газ отынын пайдалануды шектейді;
жол инфрақұрылымы қоғамдық көлікті, электромобильдерді пайдалануға, велосипедпен жүруге және жаяу серуендеуге ынталандырмайды әрі жағдайлар жасамайды.
Достарыңызбен бөлісу: |