Озат тәжірибе мектебі. Әдістемелік жұмыстың түрі ретінде ол, мұғалімдер ұжымында – педагогикалық еңбек шеберлері, озат тәжірибе иелері бар болса ғана құрылады және осы тәжірибені беру, басқа мұғалімдерге игерту үшін қызмет етеді. Мектепке келушілер озат тәжірибелі мұғалімдердің сабағымен, сыныптан тыс жұмыстарымен, олардың жұмыс жоспарымен және басқа да әдістемелік құжаттарымен танысады. Оларды өзінің сабағына шақырады, олардың кеңесі бойынша, бірлесе отырып, кезекті сабақты, сынып сағаттарын, т.б. жоспарлайды. Озат тәжірибе мектебі тәжірибелі мұғалімдер жұмысының өте маңызды бағыты ретінде қарастырылуға тиіс және мектеп ұжымы жағынан тиісті рухани ынталандыруды талап етеді.
Озат тәжірибе мектебіне көбіне жаңа педагогикалық технологияны игерген жаңашыл мұғалімдер кіреді. Озат тәжірибе мектебінің негізгі мақсаты – жаңа педагогикалық технологияны игеру, оны өмірде пайдалану, нәтижесін көрсету. Озат тәжірибе мектебінің міндеті – жаңа озық тәжірибені үйрену, зерттеу, тарату, насихаттау. Озат тәжірибе мектебінің мүшелері өздері жаңа педагогикалық технологияны пайдаланып сабақ береді, өз іс-тәжірибесін басқа
жас мамандарға үйретеді, мектептегі озық іс-тәжірибені таратуға, насихаттауға атсалысады.
Озат тәжірибе мектебінің мүшелері мектептің басқа мұғалімдеріне арнап теориялық, практикалық семинарлар, конференциялар, педагогикалық оқулар, дөңгелек үстел, педагогикалық тренингтер ұйымдастырады.
Мұғалімдердің шығармашылық шағын тобы. Бұл жұмыстың түрі мұғалімдердің мектепішілік әдістемелік жұмыстың жаңа тиімді түрлерін шығармашылықпен ізденісінің қорытындысында пайда болды.
Тұрақты белгіленген қатысушылардың құрамымен сипатталатын, бірліктің негізі оқытылатын пән болатын, ал адамның жасы, жұмыс мерзімі, ұнатқаны болды ма немесе болмады ма, шығармашылық дербестігі мен мінезі есептелмейтін әдістемелік бірлестіктен өзгешелігі, 3-6 адамнан құрылған шағын топтың негізі ең алдымен оқу немесе әдістемелік мәселеге өзара мүдделіктен, психологиялық сыйысушылықтан, өзара сүйіспеншілікпен, жеке достықтан тұрады. Мұндай топтар ұжымда қандай да болмасын жаңа озат тәжірибені, жаңа әдіс пен ойды меңгеру қажеттілігі тұрғанда ғана ерікті түрде пайда болады. Топтың әрбір мүшесі ең алдымен өз бетінше тәжірибені, технологияны зерттейді, бұдан кейін өзінің әріптестеріне баяндайды, олар оны толықтырады, түзетеді, пікір алысады, кейін зерттеген ойды өз тәжірибесіне іске асырады, игеруге дайындаған әдіс бойынша бір-бірінің сабағына, сабақтан тыс шараларға қатысады, оларды талдайды, қашан жаңаны игеріп, бірінші іскерлікті меңгергеннен кейін, топ таралады. Әдетте топта бір-екі жетекші пайда болады, олар жаңа ғылыми даярламаны зерттеу бойынша немесе тәжірибеге және ұйымдастыру мәселесіне басшылық жасауды өз міндетіне алады. Шағын топ мүшелеріне ешқандай құпия болмайды, егер түсінуде не істеуде қандай да бір кемшілік білінсе, жолдастары көмектеседі. Бұл түрде жаңаны шығармашылықпен игеру басқа жолдарға қарағанда 3-4 есе тез жүреді. Шағын топ үшін тән қасиет, ол достық қатынас, ең аз мәжілістер отырысы, олар іздеу, зерттеу жұмыстарына басты көңіл бөледі, олардың нәтижелерін жалпы мектептік жиналыста барлық ұжымға таныстырады. Топтың құрамы керек жағдайда кеңейтілуі мүмкін, бірақ, тәжірибе көрсеткендей, топ мөлшерінің көптігі, әдеттегідей, өзін ақтамайды.
Достарыңызбен бөлісу: |