Кондуктивті және конвективті жылутасымалдану. Жылуөткізгіштік коэфициенті. Жер қыртысындағы жылудың таралуы кондуктивтiк және конвективтiк жылутасымалдану арқылы өтедi. Кондуктивтiк жылуөткiзгiштiк үлкен энергиялы бөлшектерден энергиясы аз бөлшектерге энергияның берiлуiне негiзделген. Ол сандық жағынан, уақыт бiрлiгiнде аудан бiрлiгiнен өтетiн, ұзындық бiрлiгiнде температура құламы 10 болғандағы жылу мөлшерiне тең жылуөткiзгiштiк коэффициентiмен сипатталады.Жылуөткiзгiштiк коэффициентiнiң мәнi минералды-петрографиялық ерекшелiктерiне және тау жыныстарының ылғалдылығына байланысты. Тау жыныстарының әртүрлi жылуөткiзгiштiгiнiң нәтижесiнде жер бетiнен тереңге қарай температураның тәуліктік, жылдық, көпжылдық және көпғасырлық ауытқуларын бақылауға болады. Температура ауытқуының амплитудасы тереңдiкпен тез азаяды. Тереңдiгi 1 - 2 м-де бiрқалыпты тәуліктік температура, 10 - 40 м-де бiрқалыпты жылдық температура (бейтарап қабат) болады. Осы қабаттан төмен Жер қойнауының жылу ағыны әсер ете бастайды. Бұл ағын сандық жағынан геотермиялық градиентпен, геотермиялық саты және жылу ағынының тығыздығымен сипатталады.Конвективтiк жылу ағынының жылдамдығы дегенiмiз, уақыт бiрлiгiнде, көлденең қиманың аудан бiрлiгi арқылы өтетiн жылу мөлшерi.
Көпжылдық тоңдық тж жерасты сулары Көп жылдық тоңдық тау жыныстары деп кеуектерінде, қуыстары мен жарықшақтарында мұз кездесетін және көптеген жылдар немесе ғасырлар бойы температурасы нөлден төмен болып келетін тау жыныстарын айтады. Көпжылдық тоңдық тау жыныстары дамыған белдемде жерасты сулары бес түрге бөлінеді: тоң үстіндегі, тоңаралық, тоңішіндегі, тоңастындағы және өткізетін жібіген тоңды белдемнің сулары. Тоң үстіндегі сулар тоңды тау жыныстары белдемінің үстінде жатады. Олар сулардың бұл түрі үшін сутірек болып табылады. Тоң үстіндегі сулар қататын, жартылай қататын және қатпайтын болып бөлінеді. Қататын сулар белсенді қабатқа ұштасады және барлық жерде таралған. Олар белсенді қабаттағы пайда болуы, құрамы мен жасы бойынша әртүрлі су өткізетін, кеуекті және жарықшақты тау жыныстарымен байланысты. Бұл сулардың қоректену мен арылу аудандары өзара сәйкес келеді. Олардың негізгі қоректену көзі атмосфералық жауын-шашындар, жерасты сулары және жербеті сулары болып табылады. Бұл сулардың арылуы өзендік аңғарларда және көптеген бұлақтар түрінде болады. Олардың шығыны айтарлықтай болады. Жауын-шашын кезінде 10 л/с жетеді. Судың температурасы әдетте нольге жақын, бірақ кейде 50С дейін жоғарылайды. Минералдылығы шамалы, ультра тұщы 0.1 г/дм3 дейін. Олар химиялық құрамы бойынша хлорлы-гидрокарбонаттық натрийліктен, гидрокарбонаттық кальцийлікке дейін. Белсенді қабаттың тоң үсті суларының қалыңдығы шамалы, қыста қатып, жазда ериді. Сол себепті бұл суларды елді мекендер мен өндірістік объектілерді тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін пайдалана алмайды. Жартылай қататын сулар суды жақсы өткізетін тау жыныстарынан құралған белсенді қабатта сирек кездеседі. Бұл қабаттың сулары қыста толық қатпайды. Мұндай учаскелер әдетте тауалдының ысырынды конустарына, өзендік аңғарларға және көлдік төмендеулерге ұштасады. Режимі бойынша бұл сулар қататын сулардан тек қыс кезінде арынның сақталуымен ерекшеленеді, ал құрамы бойынша оларға өте жақын. Қатпайтын сулар өткізбейтін жібіген тоңдармен байланысты. Өткізбейтін жібіген тоңдардың қалыңдығы көпжылдық тоңдық тау жыныстарының қалыңдығынан аз, яғни олар тоң аралық және тоң астындағы сулардың горизонттарына жетпейді. Олар тоң үсті суларымен өзара байланысу қабаты болып таьылады. Жібіген тоңдар өзен аңғарларының төменгі террасаларында, көл астында, көлдік террасаларда және жақсы өткізетін гравийлі-малтатасты, құмдақты және сынықты түзілімді тау беткейінің етегіндегі ысырынды конустарда пайда болады. Өткізетін жібіген тоңдар жербеті суларының көпжылдық тоңдық тау жыныстарын ерітуі нәтижесінде пайда болады. Олардың барлық түрлері Якутияда және ТМД-нің солтүстік шығысында кеңінен таралған. Аллювиалды түзілімдерге жанасатын және олардың түбірлі тау жыныстарына жататын арна астындағы жібіген тоңдардың қалыңдығы 20 – 30 м кейде тіпті 60 м-ге дейін жетеді. Олар өзеннің арнасындағы сияқты, жақын жатқан террасаларда да таралған. Өткізетін жібіген тоңдар түзілімдерінің сүзілу қасиеттері өзгермелі (сүзілу еселеуіші 50 м тәулігіне дейін). Арна астындағы өткізетін жібіген тоңдар да тоң үстіндегі сулардың жерасты сулары, жербеті сулары және гидравликалық байланысына тікелей қатысты. Арна астындағы сулардың минералдылығы 0,1–0,5 г/дм3 дейін, ал құрамы гидрокарбонаттық магнийлі-кальцийліктен хлорлы-гидрокарбонаттық кальцийлі – натрийлікке дейін өзгереді. Тоң үстіндегі сулардың қорлары күз-қыс мезгілдерінде күрт азаяды, ал жаздың ортасында максимумға дейін жетеді. Көл астындағы жібіген тоңдар үлкен көлдердің шұңқырында борпылдақ және түбірлі тау жыныстарында қалыптасады. Көлдер әртүрлі жағдайларда қалыптасады. Термокарсты көлдер ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету үшін кеңінен қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |