25. Ұлттық сәйкестік ұғымына анықтама бер.
Ұлттық сәйкестік (национальная идентичность) дегеніміз не? Оған берілген көп анықтамаларды сипаттасақ, ұлттық сәйкестік – нақты бір ұлттың жаһандану жағдайында, оның бәсекелестікке төтеп беру қабілеті және сол бәсекелестікте тірек ететін ұлттың күш-қуаты. Қазіргі таңда осы сәйкестік ұлттың өркендеу мүмкіндігінің көрсеткішіне айнала бастады. Егер сен бүгінгі жаһандық экономикалық, техникалық және әлеуметтік-мәдени оң өзгерістерге дер кезінде бейімделе алсаң, сені ешкім жеңе алмайды. Дербес елдер, әсіресе, тәуелсіздікке қолы зорға жеткен бұрынғы отар елдер, ұлттық қадыр-қасиеті ғасырлар бойы сақтап, алға қарай ұмтылу үстінде. Адамзаттық жалпыға ортақ өркениетті жатсынып, іштей де, сырттай да тұйықталған мемлекеттер де бар, жаһандық жаңғыруға ұлттық беделін сақтай отырып еркін қосылудың орайлы жолын тапқандар да жоқ емес. Кейбір елдер ХІХ-ХХ ғасырлардағы Батыстың сәйкестік тәжірибесін ұстануда. Әлемдік дамудағы АҚШ пен Жапонияның, Қытайдың ұлттық идеяларын ескерген Германия ГФР-дің бұрынғы федералдық канцлері Конрад Аденауэрдің: “Мен неміспін, әрқашан болғанмын және өзімді ылғи осылай сезінемін”, деген сөзін ұлттық саясатта түпқазық етіп отырғанына дерек көп. Көп этносты мемлекеттерде таза ұлттық өктемдікті саясатта алға шығару олардың түптің түбінде ыдырауына алып келуі ғажап емес. Бұған саясаттанушылар кешегі КСРО-ны, Югославия мен Чехословакияны мысалға келтіреді. Аталған федерациялық мемлекеттерде бір ұлттың мәдениеті мен тіліне басымдық беру олардың тарих сахнасынан кетуіне әкеліп соқты. Екінші жағынан қазіргі мемлекеттердің бәрі бірдей ғаламдық бәсекеге және ұлттық сәйкестікке қабілетті емес. Ағылшын саясаткері Р.Купер “Разлом нации. Порядок и хаос в ХХІ веке” еңбегінде бүгінде бар мемлекеттерді үшке бөледі. 1. Псевдомемлекеттер – өзінің ұлттық қуатын елдің ішінде жүзеге асыра алмайды, шекарасын сақтауға мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Либерия, Сомали, Ауғанстан. 2. Модернистикалық мемлекеттер – ұлттық мемлекеттер, ішкі қуатын халықаралық қатынастарда еркін қолдана алады. Олардың қатарында Америка Құрама Штаттары, Жапония мен Қытай бар. 3. Сыртқы дүниемен қарым-қатынасын күш-қуатының ықпалымен емес, өзара келісімдермен реттейді, ішкі және сыртқы байланыстары жариялы, ашық. Бұлар негізінен дамушы мемлекеттер. Осы үш топтағылардың алғашқылары үшін ұлттық сәйкестік мәселелерін басқа қуатты елдер шешеді. Үшінші мемлекетке ТМД шеңберінде Қазақстанды жатқыза алар едік. Империялық ниеттен толық бас тартып үлгермеген, әскери қуаты мен жер байлығы шексіз, белгілі деңгейде индустриялы болып саналатын Ресей де бүгінде осы жолды таңдап отыр. Еуроодақ елдеріндегі экономикалық тоқыраулар, Грекияның, Испания мен Португалияның елеулі қаржы тапшылығына тап болуы олардың тағдырына күмәнмен қарай бастады. Батыстың өзінде. Бүгінде әлемге олжа салып келген Америка Құрама Штаттары да, өзін жаһанның жарылқаушысы ретінде сезінетін Еуропа да, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытай да Еуразияға, оның ішінде осы ұлан-ғайыр аймақтың тәуелсіз шығысына үйіріліп отыр. Қазақстанның бір өзі ғана саяси жағынан да, экономикалық мүдделер жағынан да елдермен татулықта болуымен ерекшеленіп келеді. Осы тұста атап өтейік, ұлттық сәйкестік пен бейімделудің біржақты немесе екіжақты болуы белгілі бір өңірдің экономикалық және транзиттік тартымдылығына ғана емес, сол өңірдегі мемлекеттер басшыларының уақыт тынысы мен талабын сезе білу қабілетіне де тәуелді. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда Еуразия аймағында оқ бойы озық тұр. Сондықтан да біздің көпэтносты еліміздегі ұлттық ынтымақ, ұлттық мәдениеттердің үндесу үлгісі көпұлтты ғаламның ұлттық сәйкестенуінің үлгісі ретінде қабылданды. Бұл тарихи жеңіс болатын. Олай дейтініміз – туған Отанында өзін барлық жағынан еркін сезінген ел ғана адамзаттың толыққанды мүшесі екендігіне көз жеткізе алады. Ал Қазақстан Президенті ел азаматтарының бәріне, шығу тегіне қарамастан, толық рухани бостандық сыйлады. Қазақ мемлекетінде тұратын әр этнос өкілі ұзын саны он ба, жүз бе, миллион ба, тілдік, әлеуметтік, саяси өмірде тең дәрежеде. Дәл осы теңдік еліміздегі жүзден астам этностың үндесуіне алып келді. Ақиқат үшін айтайық, мұндай теңдік пен ұлттық сәйкестікке қол жеткізудің тәжірибесі бұдан бұрын да бар еді. Еуропада ондай саяси қадам алғаш Францияда қолға алынды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында елге ағылған мигранттардың қатары көбеюіне байланысты “ықшам мәдениет” бағыты таңдалды. Түрлі этнос өкілдеріне өздерінің мүдделерін ашық білдіріп, ұлттық мәдениетін қорғап дамыту үшін ассоциациялар құруға рұқсат берілді. Мемлекет олардың діни және рухани талаптарын барынша қанағаттандыруға тырысты.
Достарыңызбен бөлісу: |