23.Қазіргі кезеңдегі жаңа мәдениет философиясының мақсаттарын ашып,көрсетіңіз.
Мәдениет философиясы[1] — мәдениеттің идеясын, мақсаттарын, принциптері мен алғышарттарын зерттейтін философиялық пән. Мәдениет философиясы мәдениетке, оның формалары мен мән-мағынасына филос. талдау жасайды. “Мәдениет философиясы” терминін XIX ғасырдың басында неміс философы А.Мюллер енгізді. XX ғасырдың басында Мәдениет философиясы мәдениет эволюциясының әр түрлі кезеңдерін зерттеуге бағыт алды. Осыған орай мәдениет феномендерін зерттеуде ерекше тәсілдерді қолданып, онымен айналысатын арнайы ғылым саласын қалыптастыру идеясы туды. Мысалы, неокантшылдар В.Виндельбанд пен Г.Риккерт “мәдениет туралы ғылымдар” мен “табиғат туралы ғылымдарды” ажыратуды ұсынды. Осылайша олардың тұжырымдамасы мәдениет пен табиғат арақатынасы мәселесін, сондай-ақ мәдениеттің құндылықтық мәнін айқындады. Мәдениеттің теоретикалық ілімдерінің көптігі оны пайымдаудың барлық баламаларын көрсетеді. Олар әр түрлі ғылыми теориялар негізінде Мәдениет философиясының принциптері мен тәсілдерін айқындайды. Мәдениеттануда “дәуір мәдениеті”, “этнос мәдениеті”, “ұлттық мәдениет”, “христиандық мәдениет”, “мұсылмандық шығыс мәдениеті”, тағыда басқа ұғымдар көп кездеседі. Осы секілді ұғымдар әр түрлі мәдени тұтастықтарды тарихи, әлеум., филос. көзқарастар тұрғысынан жіктеу нәтижесінде тізбектеледі. Білімнің гуманитарлық саласы мәдениеттің алуан түрлілігін белгілі бір жіктелімге енгізіп, мәдениеттің типологиясына немесе философиясына әкеледі; Мәдениет әлемі - құндылықтар әлемі. Кез келген мәдениетті нақты құндылықтардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Философиялық тұрғыдан алғанда құндылық дегеніміз – жалпы қоғам үшін, топ, адам үшін ең қадірлі, ең қасиетті нәрсе туралы түсінік. Әрбір мәдени дәуірдің өзіне тән құндылықтары, яғни белігілі бір аса құрметтелетін қасиеттер, құбылыстар жүйесі болды. Осы рухани абсолюттер ауысқан уақытта басқа дәуір басталады. Құндылық ұғымы мәдениеттің ерекшелігін түсінуге көмектеседі. Адам өзі үшін не нәрсе маңызды екенін өзі анықтайды. Көптеген рухани абсолюттер көп адамдарға ортақ. Мысалы, тіршілік ету, өмірді сүю, ата-ананы қадірлеу, құрметтеу. Бұл барлық адамдарға қымбат, ортақ рухани абсолюттер. Бұлжымайтын, асыл өмірлік бейімделуді философия құндылық деп атады. Құндылық дегеніміз адамның өмірін мәнді, сәнді ететін түсініктер жүйесі. Адам баласының тарихында қандай қиындықтар болса да адамды адам етіп қалдыратын рухани тіректер қалыптасты. Осы рухани тіректер бірте-бірте құндылықтарға айналды. Құндылықтар шындықты реттейді, оған мән, мағына, маңыз береді. Адамның қолынан жасалған нәрсенің бәрі бос әурешілік емес, олар белгілі бір мақсатқа бағытталған. Мақсатсыз қоғам, адам-тұл. Көне өнер бізді қызықтырады, толғандырады, өйткені, олар адамдардың бір кездегі пішінге, порымға, түрге, мәнге, мағынаға деген ұмтылысын білдіреді. Соны білу, игеру бізге де қажет. Бүгінгі адам баласы қол жеткізген биік деңгей, технологияның тың жетістіктері бұрынғы кәсіби шеберлік пен икемділікті жоққа шығармайды. Керісінше, оны білу, пайдалану кез келген жаңа технологияны кеңейтеді, байытады. Адам өмірінің мәні құндылықтар жүйесінің тұлғалық интеграциясы. Құндылық дегеніміз – адам қажеттілігініқ бейнесі. Ол зат немесе идея болуы мүмкін. Сондықтан құндылықтар материалдық немесе идеалдық деп екіге бөлінеді. Материалдық құндылықтар – еңбек құралдары мен тікелей тұтынатын заттар. Рухани құндылықтар – философиялық, діни, эстетикалық, моральдық, құқықтық, саяси, идеялар. Барлық құндылықтар қоғамдық өндірістің нәтижелері. Кез келген құндылықтың екі сипаты – функциональды маңызы және тұлғалық мәні бар. Мысалы, машинаның болуы бір адам үшін мақтану объектісі, екінші адам үшін оның қызметінің бұлжымас бір бөлігі, құралы, үшінші адам үшін табыс көзі. Материалдық және рухани құндылықтардың қоғамдағы, адам өміріндегі маңызы әр түрлі, олардың бірнеше маңызды сипаттары бар: Материалдық құндылықтар : Физикалық статусы; 2.Техникалық құралы; 3.Праксеологиялық - экономикалық формасы. Рухани құндылықтар 1. Ақпараттың мағынасы мен сипаты; 2.Материалдық іске асуы; 3.Аксиологиялық функциясы; 4.Әлеуметтік – экономикалық формасы. Материалдық құндылықтар дегеніміз, ең алдымен, белгілі табиғи сипаттары мен қасиеттері бар әртүрлі табиғи материалдар. Олардан жасалатын заттардың техникалық құрылымына байланысты оның құндылығы анықталады. Белгілі бір техникалық тетікке немесе құралға айнала отырып, табиғи зат өндіріс барысында немесе адамның тікелей тұтынуында өзінің қажеттілігін көрсетіп отырады, сондықтан оның өндірістік – техникалық және тұтынылу функциясы туындайды. Материалдық құндылықтар қоғам дамуының барлық кезеңдерінде әрекет етеді. Рухани құндылықтар белгілі ақпараттық және ақиқаттық мағынамен сипатталады. Саяси, құқықтық, этикалық және басқа да идеялар дұрыс немесе бұрыс болуы да мүмкін, бірақ олар өзінінің құндылық табиғатын жоғалтпайды. Өйткені олар адамдардың әртүрлі уақыттағы және кеңістіктегі ұмтылыстарын білдіреді. Барлық идеялардың материалдық болмысы да бар, өйткені олар кітаптарда, мүсіндерде, архитектуралық құрылымдарда, өлеңдерде, әндерде, әртістердің ойындарында, үнтаспалар мен ноталық жазуларда көрініс береді. Идеялар құндылық аясында белгілі бір нақтылық функцияны орындайды, олар адамдардың арасындағы белгілі бір қатынастарды реттейді. Адам тіршілігінің құндылықтары. Адам өзінің күнделікті күйбең тіршілігінің аясын кеңейтіп, оған мән, мағына беруге тырысады. Біріншіден, ол өзінің өмір сүру фактісін өзі үшін ғана емес басқалар үшін де маңызды еткісі келеді. Сондықтан ол өзіне-өзі үңіліп, өзін танытуға, өзінің тылсым мүмкіндіктерін ашып көрсетуге тырысады: қарапайым сурет салу мен қолөнерінен бастап өнер мен спорттың жоғары жетістіктеріне, қарапайым үй жұмысынан бастап саяси қызметке дейін көтеріледі. Осы процессте әр адамның өзіндік қабілеті мен таланты ашылады. Екіншіден, адам өзін-өзі басқалармен қарым-қатынаста көрсеткісі келеді. Қарым-қатынастың бастапқы түрі “Мен және Сен” қатынасы. Осы қатынаста адам өзін-өзі басқаға жақын етеді, өзінің түпкі мақсаттары мен тілегін білдіреді. Бұл қатынастағы “Сен” міндетті түрде басқа адам емес, кез келген ұнаған зат немесе құбылыс болуы мүмкін. Қарым-қатынаста адамдар өздеріне тән адамгершілігін паш етеді, жан сұлулығы мен жүрек жылуын, мейірімін ұсынады. Үшіншіден, адам өзінен тыс жоғары құндылықтаға қол созады, яғни өзі-арман еткен болашақтың немесе кәсіптің жетілген биіктігін бойына сіңірген саяси лидерді, танымал актерді, рок-жұлдызды, философиялық, көркем, адамгершілік идеясын өзіне идеал етіп алады. Бұл тілек адамның өзін бүкіл әлемнің, дүниенің бір бөлігі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасайды. Бұл бір тамаша сезім, осындай сана сезім, өзін-өзі бір керемет деп сезіну адамды бақытты етеді. Сонымен қатар, адам әр уақытта өзіне-өзі “осы мен кіммін”, “қайдан шықтым?”, “қайда барам?” сияқты сұрақтарды қойып отырады. Бұның өзі оған одан әрі нығая беруіне, тамыр жая беруіне жағдай жасайды. Осы қасиеттердің бәрі адам тіршілігінің жоғары құндылықтары жинақталатын, тоғысатын, рухани өмірді білдіреді. Адамның ең жоғарғы құндылықтары – шығармашылық, махаббат, еркіндік, қайғыру, бақыт, рухани өмір туралы толғаулар адам еркін бе, әлде құл ма? “Еркін болу дегеніміз не” сияқты сұрақтардан басталады. Жоғарғы рухани құндылықтар дүниетаныммен тығыз байланысқан, оларға адам әруақытта сүйеніп отырады. Жоғары рухани құндылықтардың әрқайсысы үлкен мағынаны білдіреді, адам болмысының аса маңызды қырларын бейнелейді. Шығармашылық - адамның табиғи таланты мен интеллектуалдық мүмкіндігінің кеңінен ашылуының жоғарғы көрінісі. Шығармашылық - бұл ұлы қуаныш, сонымен қатар, ұлы қиналу мен күйзеліс. Өйткені, осы процестің барысында өнерде, әлеуметтік өмірде, ғылым мен техникада бұрын соңды болмаған жаңалықтар пайда болады, дүниенің тылсым сыры ашылады, әлем өз болмысының әртүрлі қабатында мүлгіген керемет қасиеттері мен заңдылықтарына жол ашады. Шығармашылық - адам бойындағы энергияның сыртқы атқылануы, яғни бұрқылдап, буырқанып сыртқа шығуы. Соның нәтижесінде табиғат құбылыстарының теңдестік, ырғақтылық, арақатынастық белгілері көркем өнерде бейнеленді. Шығармашылық өмірді қайта құруға, дамытуға, нығайтуға әруақытта жағдай жасап отырады. Оның бір тамаша қасиеті - өзің өмір сүріп, тіршілік етіп отырған ортаға өзіндік баға бере отырып, одан туындаған құндылықтарды көркем образдар арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Шығармашылықтың осы бір мүмкіндігі қазақ кеңес әдебиетінің өкілі О.Бөкеев еңбектерінде өте әсерлі көрініс тапты. Өкінішке орай, оны уақытында көп адамдар түсініп бағалай алмады. Басты себебі социализмнің жұмағында өмір сүріп жатқан қазақ халқының тағдырының кейбір қайшылықтарын жазушының мол дарыны көре де, көрсете де алды, бірақ оны оқушысы қабылдай алмады. Өйткені О.Бөкеевтің кейіпкерлерін қоғамдық сана мен мораль тұрғысынан қабылдау қиын еді, олар көбінесе жалғыз, “қиялиң, “кісікліктеу”, көрер көзге оғаштау, сәл өзгешелеу адамдар болып келді. Сонымен қатар, жазушы оларды көбінесе табиғи стихияға қарама-қарсы қойып, қоғамдық ортадан бөлектеу қарады. Мұның өзі О.Бөкеев тапқан өзіндік шығармашылық жол, рең еді. “Қар қызы”, “Жетім бота”, “Атау-кере” т.с. моральдық - этикалық символдар. Солар арқылы автор нақты цивилизациядан табан бекітер орын таба алмай аулақта, сағым көшінде, әуеде, су арасында, жағалауда ойнақтаған басқа идеалды өмірдің ұшқынын көрсеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |