21.Адамның мәдени дамуының жеке ядролық құндылықтарына сипаттама беріңіз.
Мәдениет ұғымы – адамның іс-әрекеті арқылы жасалатын өзгерістер. Басқаша айтсақ –адам жасаған «екінші табиғат». Қоғамда адам тілегінен тысқары мәдениет қалыптаспайды.
Мәдениет- әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуымен, қоғам алға қарай дамиды. Қоғамның материалдық дәрежесі жоғары болса, рухани өмірі де жоғары болады. Қоғам дамуының барлық кезеңдерінде мәдениет болған. Экономика мен материалдық өндіріс- мәдениеттің даму шарты, ал адам - оны жасаушы. Қоғам мәдениеті әрбір жеке адамның мәдениеті. Қоғамда еш нәрсе ақыл - ойдың, сананың, сезімнің және адам еңбегі мен әрекетінсіз жүзеге асып өмір сүрмейді.
Адам, қоғам және мәдениет - бұл үшеуі бір - бірінен ажырағысыз тығыз ұғымдар .Мәдениет-aдамдық болмыстың өлшемі іспетті, оның өмір сүруінің құндылығы. Қандай адамды мәдениетті адам деп айта аламыз? « Мәдениетті адам» ұғымының шарттары көп.
Біріншіден: қазіргі ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың өрлеп- өсіп өркендеген заманында оқымаған адамды мәдениетті адам деп айтуға болмайды. Бірақ- білімі бар адамды мәдениетті адам деп тану үшін, оның қолында тек дипломы болуы жеткіліксіз. Ол өз мамандығын жетік білетін, өз ісі, білімімен, кәсіптік шеберлігімен даралануы тиіс.
Адам мәдениеттілігінің деңгейі - оның отбасында балаларына берген тәрбиесі , мейір-шапағатымен өлшенуге тиіс. Мәдениеттіліктің шегі не қалыбы болмайды .Ол адамға отбасындағы тәрбие білімі, өскен ортасы арқылы қалыптасып , жетіледі. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде: « Қашан баланың ғылым - білімге махаббаты оянғанда ол адам бола бастайды, оның адам болмағына 3 нәрсе себеп: жақсы ата - ана, екінші: жақсы ұстаз, үшінші: жақсы құрбы – құрдас» - дейді. Бұдан шығар қорытынды алғашқы негіз болмай, мәдениеттің қалыптасып, дамуы мүмкін емес .
Мәдениеттіліктің ең алғашқы негізі - әдептілік. Әдептілік әліппесі-отбасында қалыптасады.
Қазақ халқында әдеп әлемінің теңдесі жоқ үлгілері қалыптасқан. Оның қайсысы болсын ізгі ойдан, адамгершіліктен бастау алады .
Халқымызда үлкенді сыйлаудың жасына, қадір-қасиетіне, үйге жақындығына қарай си - сияпат, құрмет көрсетудің әр түрлі жоралғылары бар.
Әдептілік- барлық жақсы қасиеттердің жиынтығы, ол бойға біртіндеп сіңеді. Сондықтан әр адам әдептілікке өзін-өзі баулуға, үйретуге тиіс. Шынайы мәдениет ең алдымен өз халқыңның қадір- қасиетін жете ұғынудан қалыптасады.
Лұқпан Хакімнен біреу: «Осынша әдептілікті қайдан үйренгенсің?» деп сұрағанда ол: «әдепсіздерден үйрендім. Олар істеген қылықты қайталамауға тырыстым» - деп жауап беріпті. Әдептіліктің басты шарты - іші - сыртың, мінез- құлқың , іс-әрекетің - бәрі бірдей сыпайы, орнықты, ойлы, мазмұнды және барлық жағынан үйлесімді болуы қажет . Әдептілік ішкі тазалық, ішкі жан сұлулығы .
Қай халық болмасын бүкіл адамзаттық өркениеттен тысқары қала алмайды. Екі мәдени кеңістік бар. Біріншісі: дәстүрлі ұлттық мәдениет; екіншісі: дүние жүзі өркениетті елдер қабылдаған озық мәдениет.
Осы екі мәдени кеңістік қатар меңгерілгенде ғана мәдени құндылықтар сақталып қалады. Көнені жаңадан ығыстыру табиғи заңдылық. Уақыт өте келе жаңаның өзі ескіге айналады да , оның орнына жаңа дүние келеді .
Келер ұрпақ осы ескі мен жаңаны байланыстырушы буын ретінде қызмет етеді. Ойымды Бөлтірік шешеннің мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
«Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.»
Достарыңызбен бөлісу: |