Неге теңіздің түсі көк болады?
Су түссіз емес пе? Алайда неге теңіздің түсі көк болады? Шыны ыдысқа теңіздің суын құятын болсақ, түсі мөлдір, түссіз болып шығады. Сонда теңіздің бетіне аспанның түсі шағылысып түседі ме?
Біздің көзімізге көрінетін теңіздің көк түсі – теңіз суының бетіндегі күн сәулесінің ыдырауынан пайда болатын түс.
Су күн жарығын біркелкі түрде өткізбейді. Теңізде қысқа толқынды жарық сәулесі ұзын толқынды жарық сәулесіне қарағанда тез өтеді. Қысқа толқындар спектрдің көк бөлігіне, ал ұзын толқындар қызыл түсіне сәйкес келеді. Шыны ыдыста судың аз қабаты көретіндіктен сәулелерді өту айырмашылығы байқалмайды. Ал теңізге түскенде жүздеген метр терең судағы күн сәулесінің ыдырауы көрінеді. Суда көк түс аз жұтылатындықтан судың түсі де көк болып көрінеді.
Сонымен қатар, су көк түсті емес сия түсті және ультра күлгінсәулені өте жақсы жұтады. Сондықтан басқа жерлерге қарағанда теңіз жағалауында күнге күю ықтималы басым болады.
13
Өткелде
Екі бала өзенді жағалап келе жатты. Арғы бетке өтіп, бүлдірген теріп қайтпақ . Таңқы қара Әбік сабырлы болса, сорайған сары Жеңіс - сөзшең. - Біз Оралда тұрғанда, - деді Жеңіс, - ағынды өзеннің жағасындағы лагерьде болдық. Оқытушымыз бір жарым шақырымдық тауға өрлетті. Сонда мен бар баланың алды болып шықтым тау басына. Пионерлердің таңданғанын айт- сайшы. «Альпинист, барып тұрған ержүрек!» деп шуласты. Содан бастап балалар мені «альпинист Жеңіс» деп атап кетті.
Спортшы екенсің ғой.
Жүгіруден де, секіруден де бірінші орын алдым. Суға жүзу деген менің ең сүйікті ісім. Жап-жалпақ ағынды өзенді токтаусыз жүзіп өте беруші едім. Ал мына Есіл дегенің жылып жатқан жылға сияқты. Шалқалап та, қырындап та жүзе алам. Жеңіс бір түйір малта тасты алды да, зеңгіл жасылданып үнсіз ағып жатқан суға құлаштай лақтырып жіберді. Су беті шеңберленіп барып тынды. Арғы бетте бозғылт жапырақтарын толқытқан сұр талдар көрінеді. Жасыл нумен көмкерілген өзен аңғарынан салқын жел еседі. Құлама жардан малта тастарды жамырата домалатып, екеуі суға тақау келді.
Әттең, сен бөгет болып тұрсың. Әйтпесе, анау көпірге бармай-ақ, осы жерден жүзіп өте беретін едім, - деп, Жеңіс опық жегендей басын шайқайды. Әбік үнсіз. Өзен арнасының құмырсқа белденген қысаң тұсында ағаш көпір бар. Күңгірттеніп жатқан судың үстінен екеуі үңіле қарап тұр. Шабақтардың жүйткіп ойнағанын қызықтады. Бір кезде шабақтар тым-тырақай қаша жөнелді. Бір дәу шортан келе жатты. Шортан қара қошқыл арқасын су бетіне шығарып, біраз жылынды да, құйрығымен ағынды жайқап қалып, караңғы тұңғиыққа сүңгіп кетті.
Ех, шіркін, сүңгіп барып, құйрығынан шап беріп ұстар ма едім! - деді Жеңіс алабұртып. Сөйткенше болған жоқ, көпір ернеуіне атша мініп отырған бір бейтаныс бала суға шолп ете түсті.
Құтқарыңдар! Бала батып-шығып жүр. Жеңіс сасқалақтап: - Ей, бала, қолың мен аяқтарыңды сермей бер, мен келгенше шыда. Мен ауылға хабарлайын, сені шығарып алады! - деп, жүгіре жөнелді.
Жеңіс жұртты ертіп келгенде, Әбік пен әлгі бала жағада отыр еді. Суға кұлаған балада кескін қалмапты. Анасы қуанғаннан дауыстап жылап жіберді:
Сен ғой шығарған, айналайын-ай, ажалдан құтқардың-ау құлынымды! Әбік қызарып төмен қарады.
Жекпе-жек
Қыстың жайлы бір жылы күні еді. Қыр үстіндегі ауылға қарай асықпай келе жаттым. Бір кезде сай ішімен бірін-бірі қуалай зытып бара жатқан екі қараны байқап қалдым. Алдыңғысы тушадай ақ қоян да, кейінгісі қырдың қызыл түсті арлан түлкісі екен. Түлкі өкшелей қуып жүр. Қоян да жеткізер емес, аяқтарын аянбай сілтейді. Кенет ол оқ бойы ойқастай берді де, ойламаған жерден бұғып жата қалды. Мұны күтпеген түлкі екпінін баса алмай төне
бергенде, ақ қоян артқы аяқтарымен бар пәрменімен оның төсінен салып жіберді . Түлкі шалқалақтап барып, қайта ұмтылды. Ашық алаңдағы ақ қар үстінде қызу айқас осылай басталды. Түлкі өткір тісті азуын қоянның әр жеріне аямай-ақ салып жүр. Бірақ оны елер қоян жоқ, ол да өзінше қару жасап, әлді дұшпанының қимылын аңдып жүріп, оны не тістеп, не теуіп қалады. Айқас біраз уақытқа созылды. Бір кезде қызыл түлкі ұзын құй- рығын бір бұлаң етті де, ақ қар үстіне аунап түсті. Сол сәтте орғып түскен қоян да қалың шіліктің ішіне сүңгіп кетті. Мен тақап келгенде, түлкі ша- лажансар халде екен. Бейшараның ішегі шығып, шұбатылып жатыр. Қоянды қан шашыраған ізіне түсіп, әлгі шілік ішінен таптым. Ер қоян ұзынынан түсіп өліпті. Денесінде жарадан сау жер жоқ, қып-қызыл қанға боялған. Дүниедегі ең қорқақтардың бірі - қырдың ор қояны мұндай ерлік көрсеткеніне қайран қалып, мен сол арада біраз тұрып қалдым.
«Астана-Бәйтерек» сәулет кешені
2002 жылы Еуразияның кіндігі – Астананың төрінде «Астана-Бәйтерек» монументі салынды. Бұл монумент қазақ елі тамырын жеті қабат жер астына жіберген мәуелі бәйтеректей тарихы тереңде жатқан ел екендігінің дәлелі іспеттес.
Бәйтерек Астана төрінде көк тіреп тұр. Биіктігі 97 метр, XX ғасырда дәл осы жылы қазақтың елордасы Ақмолада шаңырақ көтерді. Бәйтеректің сәулеткерлік шешімі үш буыннан тұрады:
-Бірінші бөлік – жер асты бөлігі, ол 4-5 метр тереңге кеткен. Осы
бөлікте балықтар жүзіп жүр, 7 метрлік аквариум су патшалығының кіші моделіндей.
-Екінші бөлік – Бәйтеректің діңгегі, металл конструкциялары.Осы жарты шар арқылы жоғарыға, Бәйтеректің ұшар басына көтеріліссіз. Әуелі 93 метр биіктігі қаланы тамашалу алаңына аялдайсыз. Бұл жерден жаңа әкімшілік орталығы алақанға салғандай анық көрінеді.
-Үшінші бөлік – диаметрі 22 метр алып шар – Самұрықтың алтын жұмыртқасы. Бәйтеректің ең биік тұсы – 97 метрдегі «Аялы алақан» композициясына асықпайтын жан кем де кем, осында келгендердің бәрі оны көргенше құмартады. Онда Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің алақаны таңбаланған. Соған саусағың тисе «Менің елім» әуені шалқи жөнеледі, бүкіл Қазақстан ән салып жатқандай.
Шахмат үйірмесі
Ағам жасынан шахмат ойынына құмар болып өсті. Мектебіміздегі шахмат үйірмесіне қатысып, жарыстарда көзге түсе бастады.Ол күн сайын үш – төрт сағат уақытын шахмат ойнауға арнайды. Оның арманы – болашақта шахмат ойынының шебері болу.
Шахмат адамның ой-өрісін дамытады, сондай-ақ, шыдамдылық, ұстамдылық қасиеттерді талап етеді. Ағам өзінің уақытын босқа өткізбей,
өзінің сүйікті ісіне арнады. Ол əрбір жеңісін мақтан тұтады жəне болашақта шахмат шебері болатынына сенімді.
Қазақтың дәстүрлі уақыт өлшемдері
Уақыт өлшемдері. Қас пен көздің арасы-халықтық өлшем. Лезде, тез, жылдам, көзді ашып - жұмғанша деген мағынаны білдіреді. Қас-қағым (көзді ашып-жұмғанша) - жарықтың жылт етуі, көзді ашып-жұмғанша кететін уақыт, шамамен 0,7-1 сек. аралығы.
Сүт пісірім-халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15 минут. Бие сауымдай уақыт-биенің екі сауымының арасы, бір сағат шамасындағы мезгіл.
Таң сәрі-шолпан жұлдызының туған мезгілі. Бозала таң-күн шапағының белгісі, таңның ағара бастауы . Таң ата-күннің ұясынан шығар алдындағы мезгіл. Сәске-күн шығып, арқан бойы көтерілген кез.
Ұлы сәске-тал түске жақындаған мезгіл. Тал түс-күннің тас төбеге келуі, яғни, мысалы, қазақтың көлеңкесі оның дәл түбіне түсуі.
Сәске түс-шаңқай түс мезгілі немесе күннің қиғаш 45 градуспен түсуі, яғни, мысалы, қазақтың өзінің биіктігі мен көлеңкесінің ұзындығы теңескен кез.
Кешқұрым-күн батқан кез.
Түн ортасы- түнгі сағат 12. Түн жарым-түнгі сағат 3. Ат адым-ақпан айындағы күннің ұзаруы, ол 38 минутқа тең.
Елік адым-қаңтардың басынан ақпанның аяғына дейінгі аралықтағы күннің ұзаруы, ол 74 минутқа тең келеді. Қарға адым-қаңтар айындағы күннің ұзаруы, ол 36 минутқа тең.
Қазақтың киелі өнері – күй
Күй өнері – қазақ музыка мәдениетінің ең озық саласы. Күй - халқымыздың сан ғасыр бойыбасынан өткерген тайғақ кешулері мен тарихи тағдырының ең басты куәгері. Күй – жаратушының адамзатқа берген тосын сыйы. Күй – құдірет!.. Күй – ұран!.. Оның түрі өте көп. Күй тілі – тылсым тіл!.. Біз оны ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып келе жатқан домбыра, сыбызғы, қобыз сияқты аспаптарының үнімен ғана сезініп келдік. Осы музыка аспаптарының ішінде халқымыз арасында үнемі қолданыста болып, барынша дамығаны – домбыра. Алдынғы буын ағаларымыздың «Нағыз қазақ –қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы да содан.
Алтын бесік
Менiң туған жерiм – Көкшетау, шыңын мұз басып қатқан биiк таулар емес, төбесiне оп-оңай шыға беруге болатын аласа таулар...
Мiне, сондай таулардың бiрiнiң етегiндегi көл жағасында менiң туып-өскен ауылым қоныстанған. Таудың аты – «Салпық». Ал оның iргесiндегi
айдынның аты – «Шұңқыр көл» деп аталады. Ауылдың аты сол есiмiне қойылған.
Бiз бала кезiмi зде жазда Салпық тауының бауырына шие, бүлдiрген теруге баратын едiк...
Ал көл жағасы қандай тамаша едi. Ыстық күндерi Қасынан шықпайтынбыз. Арқаны күнге қақтап-қақтап алып, жүгiрiп келiп суға қайта-қайта күмп-күмп берiп құлайтынбыз. Бiзден әрiректе тереңдеу жерде мойындары жiп-жiңiшке шүрегей үйректер жүзiп бара жатады. Жақындасаң тереңге қарай ұзай бередi.
Дауылды , желдi күндерi көл бетi бұйраланып, дөңбекшiген толқындары жағаны ұрып, көбiк шашып жатады. Әлденеге ашуланған сияқты мiнез танытады. Туған жер – алтын бесiк. Әлдилейдi, тербетедi. Қиялыңды ұштайды. Мен бесiншi класта оқитын едiм. Туған жерге деген сезiмiмдi дауыстай айтқым келдi. Өзiмiздiң Салпық тауы туралы, оның iргес iндегi кi шкене көл туралы өлең жаздым. Әлемде Салпықтан асқан биiк тау жоқ, әлемде Шұңқыр көлдей үлкен көл жоқ деп ойпаттадым. Олар маған, шынында да, солай көрiнген . Ауылдан алысқа ұзап шықпаған кезiм, басқа тауды да, басқа көлдi де көрмеген едiм.
Қазақстан территориясынан табылған алғашқы үй
Оңтүстік Қазақстан облысынан табылған Қараүңгір тау үңгірі тарих үшін маңызды болады. Үңгірден тастан, сүйектен және қыштан жасалған бұйымдар, ежелгі құлан, аю, бұғы, жайран, қабан, елік және жылқылардың сүйектері табылды.
Бұл – Қазақстанның тас ғасыры дүниежүзілік мәдениеттің бір бөлігі болатындығына дәлел.
Тас ғасыр деп аталу себебі, ежелгі адамның азық табатын еңбек құралы тас болды. Тас бұйымдар пішіні мен түріне қарай кесетін, тескіш, бұрғылағыш құралдарға, пышақтар, шаппа сияқты тағы басқаларға бөлінеді. Ежелгі адамдар геометриялық пішіндегі кішкентай үшкір бұйымдарды кең пайдаланған.
Тарихтың ежелгі кезеңін полеолит, ежелгі тас ғасыр деп атайды. «Полиос» грек тілінде «ежелгі», ал «лотос » тас деген мағынаны білдіреді. Ол біздің жыл санауымызға дейінгі шамамен 2,5 млн. жылдан 15-10 мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Біздің Қазақстан
Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әртүрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер еңбектенуде.
Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әртүрлі халықтар қоныс тепкеніне жиі ойланамын. Біздің еліміз сияқты менің ағайыным да көп ұлтты. Бірлік, ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық – қазақстандықтардың қалауы. Мен оны білемін. Онда татарлар да, орыстар да, қазақтар да бар. Олардың тағдырын, өмір тарихын тыңдағанда менің елім одан сайын маған
жақындай түседі, оны жақсырақ түсіне бастаймын. Біздің отбасы тарихымыз мыңдаған басқа отбасылардың тарихына ұқсас. Өмірдің қиын кездерінде, ауыр жұмыстарда, өтіп жатқан күндер мен мерекелерде әртүрлі ұлт өкілдерінің пікірі қалыптасты.
Адамзат баласының татулығына ұмтылу әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл Қазақ жерінің жомарттығынан , осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын Қазақ халқының мінезінен жаралған.Осында тұрушылардың барлығы Қазақ халқының тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білуі келек.
Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.
Алтын жүзік
(Аңыз)
Бiр кедей күнi бойы жұмыс iстеп, қатты шаршайды. Бiр арша ағашын әрең кесiп жерге құлатқанда, жоғарғы жағынан екi жұмыртқа домалап түседi де, жарылып қалады. Бiрiншiсiнен бүркiттiң балапаны шығады да, лезде өсiп, адам бойымен бiрдей болады. Екiншi жұмыртқа жарылып, одан алтын жүзiк шығады.
Бүркiт қанатын қағып-қағып қалады да, кедейге:
Ей, адам ұлы! Сен менi құтқардың. Мен саған мынау алтын жүзiктi сыйлаймын. Бұл – сиқырлы жүзiк. Бiрақ жүзiктен өмiрiңде бiр-ақ тiлек тiлейсiң. Тiлегiң орындалған соң жүзiгiң сиқырын жоғалтып, жәй жүзiкке айналады. Сондықтан тiлегiңдi айтпастан бұрын жақсылап ойлан. Әйтпесе кейiн өкiнiп жүресiң, -дейдi. Осыны айтып, бүркiт ұшып кетедi. Егiншi қуаныштан жүрегi жарылардай боп үйiне қайтады. Жолда зергердiң дүкенiне соғып, зергерден өз қолындағы жүзiктiң қанша тұратынын сұрайды. Зергер: – Екi алтындай болатын шығар, – дейдi. Кедей қарқылдап күлiп жiберiп, бұл жүзiктiң сиқырлы екенiн, оған ешбiр баға жетпейтiнiн айтады. Зергер қара жүректi, арам адам едi. Ол кедейдi қоярда-қоймай қонаққа шақырады. Үйiнде ұйықтап жатқан жерiнде егiншiнiң жүзiгiн ұрлап алып, соған ұқсас жәй жүзiктi салып қояды. Келесi күнi кедей байғұс жөнiне кетедi, зергер есiк-терезесiн мықтап бекiтiп алып:
Жүз мың алтыным болса, – деуi мұң екен, үстiне алтындар жауа бастайды. Зергер жанталасып, арлы-берлi қаша бастайды, бiрақ есiктi аша алмайды. Дүниеқоңыз зергер алтынға көмiлiп өледi, алтындарын көршiлерi бөлiсiп алады.
Тәртіпсіз лақ
Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын.
Кенет тарс-тұрс дыбыс шығып, басымды көтердiм.
Қарасам, көршiмнiң бiрiншiде оқитын баласы өзiнiң лағын ышқынта
қуалап жүр.
Бiр кезде жеттi-ау лаққа. Мүйi зiнен ұстап алып, бас-көз демей төпеп жатыр. Осы кезде үйден әжесi шығып, оның қылығын көрдi де:
– Әй, Төлтай, ұрма лақты! – деп айқайлады. Күтпеген жерден шыққан дауыстан селк ете түскен Төлтай лақтан айырылып қалды. Төнiп келген әжесiнен қашпай тымырайып тұр. – Неге ұрасың? Өй, тәртiпсiз!
– Лақ тәртiптi ме? Неге еккен ағашымды құлатады?.. – деп ренжiсiн ұқтырды Төлтай.
Қараймын, әлгiнде ғана құнжыңдап терезе түбiнде отырғызып жатқан жас ағашы құлап қалыпты, мұны көрген әжесi:
– Жә, екеуiң де оңып тұрған жоқсыңдар... – дедi, қолын сiлтеп жөнiне
кеттi.
– Маған ұрсады, лақтың қылығын көрмейдi, – бұртыңдаған Төлтай құлап жатқан ағашты қайта тұрғызып жатты.
Мейiрiмдi бала
Қытай жұртында ескi заң бар, бiреудi алдағандығы мойнына түскен кiсiнiң қолын кесе-тұғын. Бiр төре осындай iспен күнәлi болып, әлгi айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлi төренiң жас қыз баласы әкем үшiн жауап беремiн деп, мәлiм болды. Қызды патшаға алып келiстi.
– Тақсыр, патшам, – дедi қыз, – менiң әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшiн қолынан айрылуы керек болды, мiнекей, тақсыр, әкемнiң қолы, – деп өзiнiң қолын көтердi. – Бұл қол да менiң жазықты болған атамның қолы, бiрақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейдi. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесiп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.
Патша баланың мұнша атасына мейiрiмдiлiгiне рақымы келiп, төренiң күнәсi н кештi дейдi.
Жаман жолдас
Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырапты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен, екiншi сi мықты, жас жiгiт, аюды көрген соң бұл жiгiт ауру жолдасын тастап , өзi бiр үлкен ағаштың басына шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты: есi туi бар едi, аю өлген кiсiге тимейдi деп. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:
– Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кеттi? Ауру айтты дейдi:
– Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма дедi, – дейдi.
Отырар кітапханасы
Ежелгі Отырар қаласы Сырдарияның Арыс өзеніне құяр жеріне Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Айналасы - ат шаптырым терең ор, биік қорған . Төбе басында хан сарайы, жан-жағында тасболат тамдар және қару-жарақ, теңге соғатын ұстаханалары, шәкірттер дәріс алатын бірнеше медресе болған.
Тырнаша тізілген, иір мойын түйелер күндіз-түні қалаға еніп жататын. Батыс жағындағы қақпа арқылы орыс көпестері, шығыстан – моңғол,
қытай кезбелері кіретін. Түстіктен – Шаш, Бұқара қалаларынан шыққан араб саудагерін, терістіктен – башқұр, саха ханзадалары жіберген керуен тізбегін көруге болар еді. Сол керуендер арқылы қалаға әртүрлі әшекей бұйымдар, маталар, тең-тең кітаптар келеді екен.
Отырар кітапханасының сөресінде ақ теріге жазылған, алтын жалатылған қаншама кітап көз жауын алатын болған. Мұның үстіне күйген қышқа түсірілген, ыдысқа ойған, тасқа, ағашқа қашап келтірген бабалар қолтаңбасы мол-ақ.
Ұлы жібек жолы
Байырғы заманда жердің түпкір-түпкірінде тұратын адамдар бір -бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында ол зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы асыл тастар, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер мен хош иіс сулары. Мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен ақшаға сауда-саттық басталып, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылды. Жолдар бір-бірімен ұласып, шығыс пен батысқа, оңтүстік пен солтүстікке қарай жалғасып, көптеген жаңа аймақтарды қосты.
Осылай ІІ ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды . Оған «лазурит», «нефит» және «құндыз» жолдары кірді. «Лазурит жолы» - Мысыр, Иран, Вавилон елдеріне лазурит (ляпис-лазурь) тасы тасымалданатын жол. Лазурит бұл елдерде өте кәдімгі саналып, аса жоғары бағаланған.
Ұлы Жібек жолы бүкіл адам ағзасын қоректендіруші қан жүйесіне ұқсас. Себебі ол бүкіл Еуропа мен Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызып, ондағы халықтарды біріктіреді.
Киіз үй
Киіз үй – Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы; Орталық және Орта Азия халықтарының көшпелі тұрғын үйі.
Ол – көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі.
Көшпенділердің киіз үйі — тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік
құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туристер де пайдаланады . Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен елдерге шатырдың орнына киіз үйлер апарып жүр.
Толығырақ... Киіз үй-көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге « желкөз» деп аталады .Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді.Екінші түрі тар көзді кереге – «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен , желге өте төзімді.Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады.Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады.
Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен түннің дым-сызынан , жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы , әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қолайлы, оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, тігіп алуға да болады.
Ғарышкерлерді дайындау
Ғарышкер болу үшін ұзақ уақыт дайындық керек. Оларды мұқият байқау арқылы таңдап алады. Ғарышкерлерге денесін шынықтыру үшін көптеген жаттығулар жасауға тура келеді. Ұшу кезінде ғарышкерлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, Жер серіктерімен жұмыс істеу кезіндегі ақауларды жөндейді, алыс планеталар мен жұлдыздарды суретке түсіреді. Ол үшін ғарышкерге терең білім алу қажет болады. Жаттығу жұмыстары ғарышкерлерге спорттық формасын сақтауға көмектеседі. Су астындағы жаттығулар ғарышкерлерге салмақсыздық жағдайында жұмыс істеуге үйретеді.
Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері. Ол 1991 жылы қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Екінші қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышта 1994, 1998, және 2001 жылдары болып қайтты. Ол алғашқы сапарында «Мир» ғарыш станциясында 126, екінші сапаларында 207 тәулік жұмыс істеді.
Ғарыш кемесі ғарышкерлерді қолайлы жағдаймен қамтамасыз ететіндей құрастырылады. Сондықтан да адамдарға ғарышта бірнеше ай қалуына мүмкіндік бар.
Әнші
Әнші – әнді нақышына келтіріп, шебер орындайтын адам.
Ертеде қазақтар той-томалақтарды әнші-күйшісіз өткізбеген. Сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі неке ғұрпындағы рәсімдерге әншілер арнайы шақырылып, астан кейін әншілерге кезек берілген. Нағыз әншінің әншілік өнерінің танылар
тұсы да осы сәт. Мысалы, бірде Семей мен Жетісу өңірінің қазақтары жиналып, сайысқа түскенде , Семейдің әншілері қарсыластарының басымдығын байқап, дереу бір атақты әншіге жаушы жіберіп, оны бірнеше жүз шақырым жерден алдыртуға дейін барған екен. Мұндай шаралар ру, жердің намысы мен беделі үшін жасалған және руаралық қатынастарды реттеуші элемент қана емес, өнер атаулының бағалануы мен алға қарыштауына серпін беретін іс.
Екінші жағынан сол халықтың өнерін паш ету, дәріптеудің нақты бір үлгісі болып табылады. Әнші өнер атадан балаға мирас болып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Байырғы ортада үйге қонақ келсе, адам күтуге байланысты ғұрыптар атқарылып болған соң, ауылдың алты ауызы көбінесе әнмен немесе басқаша бір өнер түрімен орындалатын болған. Кейін қонақтан қонақ кәде сұралып, дәстүрлі ортаға таптаурын болған, ауыларалық, күнделікті әнмен не жай өнер түрімен емес, тосын, естіле бермеген әнмен немесе басқа да онер түрімен атқарылуын күткен. Бұл арада қонақтың қандай адам екендігі сыналып, асқан әнші, топтан озған дарабоз екендігі осы арада нақты танылып , халық бағасына ие болған. Сол сияқты дәстүрліортада ас-той, түрлі жиындар әншісіз өтпеген. Әнші - халық қалаулысы, онсыз ешбір ортаның сәні келмейді.
Мамандық деген не?
Мамандық – қызметкердің кәсіп шегіндегі қызметінің нақты саласы. Ол лауазымнан өзгеше түрде белгілі бір білімді және арнаулы түрде оқып-үйрену немесе жұмыс тәжірибесін жинақтау барысында алған еңбек машықтарын талап ететін еңбек қызметінің тегін сипаттайды. Лауазымдық міндеттердің шеңберін айқындайды. Мамандық қызметкер еңбегінің бүкіл шеңберін қамтығанда ол кәсіп ұғымына сай келеді.
Мамандық - адамнан арнаулы білім, еңбек дағдылары мен іскерлікті талап ететін еңбек іс-әрекетінің түрі.[
Маман – ұйымның инженерлік-техникалық, экономикалық және басқа да жұмыстарымен айналысатын қызметкері. Маман, әдетте, жоғары немесе арнаулы орта білімді болады.
Атап айтқанда, агроном, бухгалтер, геолог, инженер, математик, механик, техник, физиолог, суретші, экономист, энергетик, мұғалім, дәрігер, т.б. Мамандардың негізгі міндеті – өздеріндегі арнаулы кәсіби даярлық негізінде жекелеген өндірістік, әлеуметтік немесе басқарушылық мәселелер бойынша шешімдердің нұсқаларын, ұсыныстар әзірлеу, қорытынды жасау және орындау. Қайсыбір істі егжей-тегжейлі білетін қызметкерді де, белгілі бір мамандықтың өкілін де маман деп атайды.
Ақын
Ақын – поэзиялық туындыларды ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері.
Ақын ұғымының жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы
кең, ол солардың бәрін қамтиды. Ауыз әдебиетінде ақын өлең, жыр-дастандарды шығарушы да, айтып таратушы да болған. Халықтың сөз өнерінде ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша шынайы ақындар өлеңді табан астында суырып салып айтқан. Ондай жағдайда өлеңді, жырды домбыранемесе қобыз сияқты музыка аспаптарына қосылып орындаған. Оларды халық әдебиетінің дәстүрлерін сақтайды деген мағынада біздің заманымызда “халық ақыны” деп атайтын болды.
Қазақ халқының Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен Әзірбаев т.б . ақындары көптеген мұра қалдырған. Олар жыршылық өнерді де меңгеріп, кейде ұзақ дастан-жырларды жатқа айтқан. Мұндай ақындар тек қазақ халқында ғана емес, туысқан қырғыз, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Ақын деп жазба әдебиетінің өкілін де атайды. Бірақ мұндағы ақынның тұлғасы мүлде басқа. Жазба әдебиет өкілдерін алсақ, бұлардың өмір шындығын бейнелеу әдісі, көркемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешелігі қай жағынан да жаңа, соны қасиет-сипаттар мол.
Қазақ әдебиетінде жазба әдебиетінің дәстүрін жан-жақты қалыптастырып дамытуға Абайдан бастап , С.Торайғыров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сияқты көптеген ақындар өз үлесін қосқан.
Төрт мезгіл
(Ертегі)
Ерте, ерте, ертеде атақты Жыл ақсақалдың екі ұлы, екі қызы болыпты.
Төртеуінің мінезі төрт түрлі екен.
Үлкені Қыс тентек,ашулы, қатал болған екен.
Одан кішісі Көктемгүл көңілді ашық, жарқын мінезімен ,асқан сұлулығымен көрген жанның аузының аузының суын құртыпты. Жүрген жерін майдай ерітіп, гүлжазираға, әсем әнге бөлейді екен.
Одан кішісі Жазгүлдің даңқы жайдары,салмақты мінезімен шығыпты.
Жүрген жері думан екен. Бұл да мәрттіктен алдына жан салмапты.
Кенжесі Күз, ерке болып өскендікі ме , мінезі сылбыр, көңілшек болыпты. Болмашы нәрсеге өкпелеп, аузы бұртиып , қабағы түйіліп, көзінен бырт-бырт жас тамшылап шыға келеді екен. Бірақ бір жақсысы, қолы ашық, жомарт болыпты.
Жыл ақсақал төртеуін де өте жақсы көріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып, еркін өсіріпті.
Перзенттері де оны қатты құрметтеп, сыйлайды екен.
Ұлдары мен қыздары есейгеннен кейін, Жыл ақсақал оларды алдына шақырыпты.
Ұлдарым мен қыздарым! Ақылдарың толысты, буындарың бекіді. Оңды-солды таныдыңдар. Енді мен сендердің келешектеріне үлкен сенім артып, зор міндет жүктегелі отырмын. Қалай көресіңдер? – деп, ол ұлдары мен қыздарына сынай қарапты.
Сонысымен үш ай кезекпен жұмыс істейтін боласыңдар. Ал, жолдарың
болсын! Бірақ та,бір ескертерім сол, әрқашан халық үшін, адамдар үшін қызмет ететіндеріңді ұмытпаңдар, - деді де, Жыл ақсақал орнынан тұруға ыңғайланды.
Содан бері жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз, қыс адамдарға қалтықсыз қызмет етумен келеді.
Жыл мезгілдері
Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде Ақ жайықтың жағасында еліне елеулі, халқына қалаулы, бір домалақ ана өмір сүріпті. Сол анадан тараған төрт қыз бар екен. Олардың ай ауыз десе аузы, күндей жарқыраған көзі бар. Дүниенің сұлулығын өздеріне дарытқан сұлу қыздары болыпты.
Анасы жақсы тәрбие беріпті, Үлкен қызының аты «Көктем». Ол ақ жарқын, мінезі нәзік. Екінші қыз «Жаз» жарқырап, жайдарлы, әр уақытта күлімдеп, нұрын шашып жүреді. Үшінші қызы «Күз» басқа қыздарға қарағанда жылауық, жаңбырлы болады, бірақ қолы ашық мырза екен. Ал кіші қызы «Қыс» басқа қыздарына қарағанда салқын, қаталдау.
Қыздары бой жетіп, саналы да салмақты қыз болып өсіпті. Осы қыздарын домалақ ана өздерінің құтты орындарына қондырыпты.
Үлкен қызы арыстай үш ұл туып, үшеуі де ел қорғаған батыр болыпты. Екінші қызы үш қыз туып үшеуі де адамзатқа жан жылуын сыйлай
білетін мейірімді қыздар атаныпты.
Үшінші қызы жаздай жайдарлы үш қызды дүниеге әкеліпті.
Төртінші қызы берекесі мен ырысы мол, қолдары ашық, келген қонақты қадір тұтатын, қонақжай үш қыз өсіріпті.
Осы төрт қыздан өрбіген ұрпақтары елге, халыққа пайдасын тигізіп, ел аузында аттары аңызға айналыпты. Олар жылдың төрт мезгілі мен он екі айы екен.
Көктем
Көктем –жылдың төрт мезгілінің бірі.
Көктемнаурыз,сәуір,мамыр айларын қамтиды. Қыс мезгілінен кейін келетін жазға дейінгі кезең. Күнтізбелік, яғни астрономиялық көктем күн мен түннің теңесуінен басталады. Күн мен түн уақыттарының теңесуі көбінесе наурыздың 20-сына келеді.
Қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесі бойынша жыл басы Көктемде 22 наурыздан , табиғаттың жандануымен басталады. Астрономиялық тұрғыдан Көктем 93 күнге (22.3 – 22.6) созылады.
Көктемде күн ұзарып , ауа райының жылуынан қар еріп, тоң жібиді, жауын-шашын мол жауады, соның салдарынан көбінесе су тасиды. Көктемде жалпы тіршілік иелерінің жандануы, тірілуі басталады , жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды, мал төлдеп , жыл құстары оралады, жер бетіне көк шығады, жеміс ағаштары бүршік атып гүлдейді. Жер жырту, ағаш отырғызу, егін егу, т.б. ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы аумағында географиялық ерекшеліктеріне байланысты Көктем оңтүстік аймақтарда ерте, солтүстік аймақтарда кеш келеді. Қар жамылғысы оңтүстік аймақта ақпан, Орталық Қазақстанда наурыз, солтүстікте сәуір айында ери бастайды.
Жер сілкінісі
Жер сілкіну, жер сілкінісі— жер асты дүмпуі күштерінің әсерінен Жердің беткі қыртысының тербелуі.
Жер сілкінісін сейсмология ғылымы зерттейді. Оның туындауына және дамуына байланысты құбылыстарды сейсмикалық құбылыстар деп атайды.
Сейсмикалық толқындар қума, көлденең және беттік толқындар болып үшке бөлінеді.
Сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тау жыныстарының құрамына, құрылымына және физикалық жағдайына байланысты болады.
Қума толқындардың таралу жылдамдығы 5 – 6 км/с, көлденең толқындардікі 3 – 4 км/с.
Сейсмикалық толқындар туындатушы жарылымдардың ұзындығы бірнеше км-ден (1966 жылғы Ташкент жерсілкінуінде – 8 км) жүздеген км-ге (1960 жылғы Чилидегі жерсілкіну) дейін жетеді.
Ал 1957 жылғы Гобь Алтайындағы жерсілкінуде жалпы ұзындығы 700 км-дей жарылымдар жүйесі пайда болған.
Жер қыртысында немесе мантияның жоғары бөлігіндегі тау жыныстарының лездік қозғалысқа келуінен жер асты соққысы туындаған орынды жер сілкіну ошағы, ошақтың тереңдіктегі орнын гипоцентр, Жер бетіндегі проекциясында орналасқан ауданды эпицентр деп атайды.
Қазіргі кезде адамның табиғи ортаға ауқымды әсер етуіне (кентас, мұнай, газ бен жер асты суларын көп мөлшерде алуы, ядролық жарылыстар , ірі су қоймаларын жасау, т.б.) байланысты техногендік жерсілкіну мүмкіндігі де арта түсуде.
Қоршаған ортаны қорғау
Қоршаған ортаны қорғау– қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, табиғи байлықтарды сақтау және көркейту негізінде табиғат пен қоғамның өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық ісшаралар жүйесі. Қазақстан Республикасында “Қоршаған ортаны қорғау туралы” Заң1997 жылы 5 тамызда қабылданған. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және басқадай қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсеріне жол бермеуге, биологиялық әр алуандылықты сақтауға және табиғатты оңтайлы пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының экология қауіпсіздігі туралы мемлекеттік тұжырымдамада (1997) қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделерін ескере отырып, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды
экологияландыруға көшу стратегиясы белгіленген. Қазақстан Республикасының осы стратегияны басшылыққа алып Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды Қазақстан Республикасының Конституциясына негіздеді және ол “Қоршаған ортаны қорғау туралы”, “Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы”, басқа да заңдар мен нормативтік құқықтар актілерінен тұрады . Кейде Қоршаған ортаны қорғау табиғатты қорғау ұғымымен баламалы түрде қолданылады. Бірақ Қоршаған ортаны қорғауға қарағанда табиғатты қорғау ұғымының шеңбері кеңірек.
Табиғатты аялайық
Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі . Табиғат пен адам қатар ұғым . Адамсыз табиғат , табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Адам табиғатты қасиет тұтады . Табиғат - тіршіліктің құт-берекесі. Табиғатты қорғау міндетіміз. Қазіргі кезде экология мәселесі нашарлап кетті. Экологияны қорғау,табиғатты сақтау қазіргі жастардың қолында. Табиғаттың сырын қазіргі кезге дейін ғалымдар зерттеуде. Қазақ халқында табиғатты құрмет тұтады. Қазақтар жұлдыздарға қарап бағыт - бағдарды болжаған. Табиғат біздің асыраушымыз,байлығымыз,күнделікті тынығатын сарайымыз. Табиғат – адамның еңбегінсіз,адам игілігі үшін жаралған жаратылыстың сыйы. Адам-табиғаттың патшасы деген ұғым бар. Сондықтан табиғат адам үшін - асыл ана. Өйткені адам баласы табиғатта,тіршілікте өсіп-өніп, жетілген.Қажетін алып, өз пайдасына жаратқан.
Табиғат – ырыздықтың,ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі , адам денсаулығының сенімді сақинасы. Ұрпақтан –ұрпаққа мол мұра ретінде қалушы.Табиғаттағы жануарлардың мүйізінен немесе өсімдіктің тамырынан халық емшілері дәрі – дәрмектер жасаған сонымен қатар, адам ағзасына дәрінің септігін тиерін анықтаған.
Мен табиғатты сүйемін
Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі . Табиғат пен адам қатар ұғым . Адамсыз табиғат , табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Адам табиғатты қасиет тұтады . Табиғат - тіршіліктің құт-берекесі. Табиғатты қорғау міндетіміз. Қазіргі кезде экология мәселесі нашарлап кетті. Экологияны қорғау,табиғатты сақтау қазіргі жастардың қолында. Табиғаттың сырын қазіргі кезге дейін ғалымдар зерттеуде. Қазақ халқында табиғатты құрмет тұтады. Қазақтар жұлдыздарға қарап бағыт бағдарды болжаған. Табиғат біздің сыраушымыз,байлығымыз,күнделікті тынығатын сарайымыз. Табиғат – адамның еңбегінсіз, адам игілігі үшін жаралған жаратылыстың сыйы. Адам табиғаттың патшасы деген ұғым бар. Сондықтан табиғат адам үшін - асыл ана. Өйткені адам баласы табиғатта,тіршілікте өсіп-өніп, жетілген.Қажетін алып, өз пайдасына жаратқан.
Табиғат – ырыздықтың,ырыс пен мол қазынаның кайнар көзі , адам денсаулығының сенімді сақинасы. Ұрпақтан –ұрпаққа мол мұра ретінде
калушы.Табиғаттағы жануарлардың мүйізінен немесе өсімдіктің тамырынан халық емшілері дәрі – дәрмектер жасаган сонымен қатар адам ағзасына дәрінің септігін тиерін анықтаған.
Әлемдік тарту күші
Енді мынадай бір көріністі көз алдыңа елестетіп көр. Диаметрі бес километрлік титтей планетаның – астероидтің үстінде космонавт жүр екен делік. Әне, ол бірдеңенің үстіне шықты. Ол өзінің мұнда жүргенін ұмытып, қуанғаннан секіріп қалып еді, жүздеген метр жоғары көтеріліп кетті. Бұған ыза болған космонавт:
Бұл неткен планета еді! қимылдауға мұрсат бермейді... Біздің Жерді айтсаңшы, шіркін! Онда қауіптенбей-ақ емін-еркін жүре бересің! – деп күңк ете түсті. Әлем кеңістігіндегі дененің бәрі бірін-бірі өзіне тартып тұрады. Бұл тарту күші денелердің қашықтығына және салмағына байланысты болады. Адам жеңіл, ал Жер өте ауыр. Жердің адамды өзіне қатты тартып тұратыны да содан. Мықты болсаң Жер бетінен ұшып көрші!
Әлемдік тарту күші дегеніміз – әлем кеңістігінде тұрақты тәртіпті сақтап тұрған күш. Бұл күш көзге көрінбейтін шынжыр сияқты, планеталарды өз орбитасында, Күн төңірегінде байлап-матап ұстайды. Егер бұл күш ғайып болса, планеталар орындарынан ұшып түсіп, беталды лағып кетер еді. Жер беті де қатты бүліншілікке ұшырап, оған мықтап бекімеген дүние-мүліктің бәрі әлем кеңістігін кезіп кетер еді.
Аспани ат
Қазақ ұғымында ғарыш қиял-ғажайып дүниесіне толы болған. Сондағы тіршілік иелерінің бірі – Тұлпар . Аспани аттың көрнекі бейнесі. Құс тәрізді қанаты бар сәйгүлік – көзді ашып жұмғанша қалаған жағына жете алатын ертегі ат. Аспани әлемнің адал да күшті тұлпары адамша сөйлей алады. Олар өз қожайындарына ақыл беріп , көмектескен, қауіп-қатерден сақтандырған, тіпті болашақта болатын жайтты да болжап отырған. Қазақ даласындағы есімдері аңызға айналған батырларға ертегі -аттар сенімді серік болған. Қобыланды батыр – Тайбурыл, Алпамыс батыр – Байшұбар деген тұлпрарды мінген. Ал ағаларын іздеп шығып, кездескен көпқиыншылықты жеңуіне Кендебайдағы Керқұла деген ғажайып аты көмектескен . Сондықтан да Алтын адамның тамаша ертегі «Керқұла атты Кендебай» деп аталады.
Қанатты аттардың бейнелері ежелгі дүние көпенділерінің өнерін көрсететін ескерткіштерде де кездеседі. Олар Алтай өлкесінен табылған сақтардың әсемдік бұйымдарында, Алматы маңынан шыққан атақты Қарғалы тәжінде, Есік қорғанынан алынған Алтын адамның бас киімнде, сақтардың ыдыс-аяқтарында бар.
Құс жолы
Құс жолы (немесе бас әріппен Галактика) — құрамына Күн жүйесі және көптеген жұлдыздар енетін алып аумақты спиральді галактика. Ол шамамен екі жүз миллиард жұлдыздан, сондай-ақ жұлдыз шоғыры мен тобынан, газ бен тозаң тұмандықтарынан және жұлдызаралық кеңістікке таралған жеке атомдар мен түйіршіктерден құралған . Бұлардың үлкен бөлігінің пішіні линза тәріздес, оның көлденеңі шамамен 30 кпк, ал қалыңдығы 4 кпк . Кіші бөлігінің пішіні сфера тәріздес, оның радиусы шамамен 15000 пк. Құс жолы галактикасының барлық құраушылары кіші симметрия осінен айналатын, бірыңғай динамикалық жүйе болып байланысқан.
Жердегі бақылаушыға аспандағы мыңдаған жеке жұлдыздар Құс жолы тәрізді көрінеді. Осыған байланысты біздің галактика Құс жолы жүйесі деп те аталады. Құрамына Күн енетін галактиканы басқа галактикалардан ажырату үшін, оны кейде «біздің галактика» деп те атайды. Кейде Галактика (бас әріппен) деп те жазылады.
Құс жолы — кең, ақшыл жолақ болып тұтасқан орасан көп жұлдыз шоғыры. Алайда аспан сферасына қатарласа проекцияланатын жұлдыздар кеңістікте бір-бірінен алшақ орналасқан. Сондықтан әртүрлі бағытта секундына ондаған, жүздеген километр жылдамдықпен қозғалатындығына қарамастан, олар бір-бірімен ешқашан соқтығыспайды. Жұлдыздардың кеңістікте таралу тығыздығы Галактика полюстерінің бағытында тым аз болады.
Жұлдызаралық зат та кеңістікке бір қалыпты таралмаған, олардың басым көпшілігі жеке бұлттар мен тұмандықтар түрінде галактикалық жазықтықтың маңына шоғырланған.
Тыңдалым
Айтып несіне әуре боласын
Сократқа біреу келіп: – Досың жайлы не естідім айтайын ба? – дейді.
Ол үшін тесттен өту керектігін айтты Сократ.
–Бірінші фильтр – “Шындық филтрі”. Досым туралы айтатының 100 пайыз шындық екеніне сенімдісің бе?
– Жоқ. Негізі біреудің айтқанын естідім де, содан…
–Сен ол әңгіменің өтірік-рас екенін білмейсің. Екінші фильтр - “Жақсылық филтрі”. Досым туралы айтатының жақсы ма әлде..?
– Жоқ, жақсы емес, керісінше…
– Сен рас болып болмағанын білмей тұрып, досым туралы жаман нәрсе айтқың келді ме сонда? Соңғы фильтр – “Керектілік филтрі”. Досым туралы айтатының керегіме жарай ма?
– Білмеймін ғой енді, бәлкім..
– Маған айтатының шындық емес, жақсылық емес және қажеттілігім болмаса, оны айтып несіне әуре боласың?
Келетініңді біліп едім!
Әскер қатты оқтың астымен жүгіріп барып, досын арқалап торуыл жаққа әрең дегенде жетеді. Капитан жаралы Әскердің жүрек соғысын тыңдайды да: – Саған “өміріңді қауіпке қойып баруға тұрмайды” демедім бе? Досың бәрі–бір өліп қалды, – дейді. – Жоқ, жолдас капитан, баруға тұрарлық болды, – дейді демін алаған әскер. – Қалайша тұрарлық дейсің? Бұл Әскер өлді, көріп тұрсың ба?! – Бәрі–бір тұрарлық. Өйткені, досымның қасына барғанымда ол әлі тірі еді. Оның соңғы сөздерін есту мен үшін өте маңызды болды, – деді де жылап жіберіп, досыңның соңғы сөздерін қайталады: – “Келетініңді біліп едім! Келетініңді білдім! Рақмет.”
Білместік
Досына қонаққа бара жатқан Тазша бала автобус тоқтар-тоқтамастан, түсіп жатқан жолаушыларды қағып-соғып ішке ұмтылды. Ойы-тезірек бос орынға жайғасу. Отырғаны сол еді, кондуктор бұны жұлқылап тұрғызып жіберді:
-Тұр, үлкендер отырсын. Ақшаңды төле! (Бұл түрін өзгертіп алған Мыстан еді.)
Менде ақысы алдын ала төленген көлікте жүру билеті бар.
Оны сен қазір пайдалана алмайсың. - Неге?
-Қазір демалыс кезі, ал ол билет мектепке қатынау үшін ғана берілген. Сондықтан билет ал, - деп кондуктор қасарысып тұрып алды. Сенер – сенбесін білмеген Тазша ақшасын төледі
Түбір мен қосымша
Түбір: - Сенің атың кім? - деп сұрайды.
Менің атым Қосымша, - дейді. Ол атына таң қалады. Қосымша:
Ал сенің атың кім? - дейді.
Менің атым Түбір, - деп айтады. Бір-бірінің атын біліп алғаннан кейін, түбір одан:
Қосымша екеуміз дос болып, бір үйде тұрайық, - дейді.
Қуана-қуана келіседі. Барлығы бір үйде тұрады. Екеуі айырылмас дос болады.
Олар Қазақ тіліне жұмысқа тұрады. Көптеген қызмет атқарып, баянды өмір кешеді.
Ауыл
Ауыл — дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық. Қазақ халқындағы “Ауыл түбі — бірлік, қауым түбі — тірлік” деген мақал ауылдың этникалық, экономикалық және рухани маңыздылығын білдіреді. Мен даланы қоныс еткен көшпелілер үшін табиғатпен үйлесімді тіршілік ету
жеткіліксіз еді . Олардың әлеуметтік ортасы да адамға қолайлы болуы қажет. Бұл қажеттілік жеті аталық үрдіс деп аталатын қоғамдық құрылымды тудырды. Дәстүрлі қазақ ауылы бір атадан тараған (аздаған кірме, қоңсыларды қоспағанда) ру мүшелерінен тұрды. Ауыл ішінде негізінен некелік қатынастарға тыйым салынған. Жеті аталық үрдіс дегеніміз экзогамиялық некенің ең қатты сақталатын түріне жатады.
Ас үйдегі аласапыран
Қарны ашқан Тазша бала тоңазытқыштағы тамақты ысытып ішпек болды. Газды бұрын жағып көрмеген ол пештің құлағын бұрап еді, от жанбады. Не істерін білмеген Тазша бала тоңазытқыштан алма алды да, теледидар көре тұрмақ болып бөлмесіне кіріп кетті. Осы сәтте даладан кірген анасы дереу ас үйге ұмтылды:
Ойбай-ау, балам-ау, тірісің бе?Анасы газдың шүмегін жауып, терезені шалқасынан ашып тастады. Ашық қалған мұздатқыштың есігін жапты. Жүгіріп келген Тазша бала не бүлдіргенін түсінбей жыпылық-жыпылық етті.
-Ойбай-ау, газдың құлағын ашып қойғаның не?
Ашса не болады?
Жанбай ашық қалған көзінен газ шыға береді. Үйдің іші газға толғанда...
Анасының ары қарай түсіндіруге аузы бармай, құр басын шайқай берді.
Ал сиқырлы айнасынан бәрін көріп отырған Мыстан ішін басып, жерге домалап ішек-сілесі қата күлді.
Жол қырсығы
Ойындағылары жүзеге аспай жатқанына ызаланған Мыстан долданып, жер тепкілеп жылады. Оның көз жасынан дауыл тұрып, жаңбыр жауды. Жаңбырдың аяғы қарға айналды. Төпелеп жауған қарлы жаңбырдан көзін аша алмай келе жатқан жүргізуші Тазша баланы анадайдан көзі шалып қалды. Дереу тежегішті басқанымен машина біраз жерге тайып келіп, баланы жанай тоқтады. Тазша бала қорыққанынан шалқасынан құлап түсті. Жүргізуші көлігінен атып шығып, баланы көтеріп алды. Бақытына орай, еш жеріне зақым келмепті.
Қауіпті ойын
Бұл жолы Мыстан кемпір немересі Сумұрынды Самат деген баланың бейнесіне енгізіп Тазшаға жіберді.
О, Самат, халің қалай?
Жүр, ойнайық. Мен бір қызық ойын ойлап таптым.
Қандай ойын?
Машиналардың артына жабысып ұстап аламыз да, сырғанаймыз. Кеттік.
Тілашар
«Тілашар тойына арнап шашу шашады». Әр отбасы баласы 7 жасқа толған соң мектепке оқуға беріледі. Бұл да бала өміріндегі елеулі оқиға, есте қаларлық елеулі кезең болып табылады. Осы күні балаға жаңа киім кигізіп, оқу-жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны дәстүрлі «тілашар» тойы деп атайды . Үлкен кішілер балаға «өстің», «азамат болдың», «алып бол», «ақын бол» деген сияқты тілек білдіріп бата береді. Жаңа киіміне байғазы, тағымдар ұсынады. Бұл тәрбиеден бала өскендігінің белгісі сезінеді, оқуға құмарлығы артады. Жақын-жуық адамдар бала ата-анасына «құтты болсын» айтып, балаға сәт-сапар тілейді.
Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті
Өткен заманда біреудің Айсұлу және Күнсұлу деген екі қызы болыпты. Екеуі де теңдесі жоқ сұлу екен. Бірінен-бірі асқан сұлумын деп бірімен-бірі үнемі ұрысысып, жиі-жиі жанжалдасып қалады екен. Бір күні Күнсұлу іс тігіп отырған Айсұлуға тиісіп:
– Сенен мен сұлумын! - дейді. Ал Айсұлу болса:
– Жоқ, сен сұлу емессің, мен сұлумын! - деп таласады. Ақыр аяғында бұл талас үлкен шатаққа айналады. Ыза қысып, әбден ашуланған Күнсұлу өзіне қарсы келіп отырған Айсұлудың бетін тырнап алады. Күнсұлу тырнағының ізі Айсұлудың бетінде өшпестей болып қалады. Міне, содан бері Айсұлу жұрттан ұялып, тек түнде ғана тысқа шығады екен. Ал бейбастақтығынан қатты ұятқа батқан Күнсұлу түн қараңғылығында бұғып жатады екен. Содан бері Айсұлу мен Күнсұлу біріне-бірі көрінбейді.
Асыл шөп
Зылиха мен Бәтима деген біреудің қызметінде тұрған екі қыз бала төбесіне бір-бір жәшік жеміс көтеріп қалаға келе жатыпты-мыс. Зылиха ахлап-ухлеп шаршадым деп, Бәтима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Зылиха айтты:
Сен неге мәз болып қуанып келесің, төбеңдегі жәшіктің ауырлығы да менің басымдағыдан кем емес, өзіңде менен күшті емессің?
Мен жәшігім ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым деді Бәтима.
Ай, ондай болса шөбіңнің атын айтшы, менде ауырымды жеңілдетейін деди Зылиха
Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын аты: сабыр деген деді.
Жолға шығарда
«Жақын жолға шығарда, алыс сапарға аттанарда таба нанның шетінен бір тістеуді ешқашан ұмытпағайсың». Мен алыс па, жақын ба әйтеуір сапарға беттегенімде, әжем осылай деп ескертетін еді.
Немерем, сен де осы салтты ұмытпа, сонда сапарлардан аулыңа, Отаныңа
31
аман-сау ораласың...
Қосмосқа шағын саяхат
Ерте заманнан-ақ адам баласы аспанға назар аударып келеді. Күндіз олар көз шағылысқан күнді, түнде жымыңдаған жүлдыздар мен формасы өзгеріп тұратын айды көрді. Келе-келе жұрт аспан туралы тиянақты білім алып, ғылымдардың ішіндегі ең көнесі саналатын – астрономия ғылымы туды.
Қос қарлығаш
(Әңгіме)
– Ата, ата, анаң қара! Қарлығааш!
Атасының жанында саяжайда жүрген Алдан жерден жеті қоян тапқандай мәз. Дауысының қатты шығып кеткенін де байқамай қалған. Расында, бұл биыл жазғытұрымғы көрген алғашқы қарлығаштары еді.
– Тыныш, балам, қатты дауыстама. Шошытып, үркітіп аласың. Кел одан да қозғалмай отырып, олардың әрекетін бақылайық,– деп Орман қарт немересін қасына шақырып, өздері суғарып жүрген тақтаның жиегіндегі көкмайсаға жайғасты.
Алғашында Алданның қаттырақ шыққан үнінен жасқаншақтап, кері серпілген қос қарлығаш сәлден соң қалықтай келіп, бұлардың алдындағы суғарылып жатқан тақтаға қайта оралды.
– Су іздеп жүрген болар? – Сыбырлай сөйлеген немересі атасына сұраулы кейіппен қараған.
– Тс-сс, асықпа, балам. Қазір көреміз.
Қалықтай келіп текшеленген тақта үстіне қонған олар алдымен тіп-титтей сүйір тұмсықтарына іліп жерден бір-бір тал шөп қиындысын алды. Екі-үш күн бұрын шабылған шөптің қурай бастаған қалдығы. Тістеген әлгі шөптерін енді беті дымқылданған топыраққа ары-бері үйкеп алған қос қарлығаш жерден лып көтеріліп әлдеқайда асыға ұшып кетті.
– Су іздесе, батпақта нелері бар, ата? Қарлығаш та шөп жей ме?– деген Алдан аң-таң.
– Үндеме,– деді атасы әлі де болса, сыбырлай сөйлеп. – Олар жақын маңға ұя салғалы жүр. Қазір тағы оралады.
Атасы айтып болғанша зуылдай келіп, тақта үстіне қонған қос қарлығаш тура жаңағы әрекеттерін қайталай, тұмсықтарына бір-бір тал шөпті ілген бойда тағы да ұша жөнелді. Өздері тым асығыс, жұмыстары қауырт секілді.
– Шөпті қайтеді? Оны неге батпаққа батырып, былғап жатыр? Немересінің сауалына еріксіз мырс еткен атасы:
– Құлыным-ау, былтыр ауылға, Сәлім ағайыңның үйіне барғанда қора жақтауына салынған қарлығаштың ұясын көріп едің ғой, есіңде ме?– деді.
– Әрине, есімде. Тұмсықтарын соза, ауыздарын ашып, тамақ сұрап шиқылдап жатқан балапандарын да, енелерінің оларға қалай тамақ әкеліп беретіндерін де көрдік қой.
– Ендеше, міне, мына қос қарлығаш та өздеріне дәп сондай ұя салуға кірісіп жүр. Жаңағы балшыққа шыланған ши шөпке аттың қылын немесе жүн-жұрқа араластырып, ұя қабырғасын қиюластыра қалап шығады. Тұп-тура кірпіш қалаушы құрылысшылардай.
– Бұлардың бұрынғы үйлері қайда мықты, берік болса?..– деді Алдан тынымсыз қарбаласқан қос қарлығашқа көмекке асыққан сыңаймен.
– Байқаймысың, бұлар биыл ғана табысқан жұп секілді. Сенің Арман ағайың мен Гүлім жеңешең сияқты. Олар да жаңа отау құрып, жаңа үй салып жатқан жоқ па?– деп, Орман қарт немересіне түсінікті болу үшін нақты мысалмен сөйлеуге тырысып бағуда.
– Қарлығаш та адам секілді болғаны ғой сонда?..
– Әрине, барлық тіршілік иесі адамға ұқсас тірлік кешеді. Және олар адамдардан демеу күтеді. Оның ішінде, әсіресе, қарлығаш адамға өте жақын. Өздері мен балапандарын жауларынан қорғау үшін ұяларын адамдарға жақын жерге, үйлердің маңдайшалары мен бұрыштарына салады. Ең жанашыр қамқоршыларының адам екенін жақсы түйсінеді,– деп тоқтаған атасы күрегін алып, немересін жетектеп, үйге қарай бет алған.– Жүр, құлыным, қарлығаштардың жұмыстарына кедергі болмайық. Керектерін жасқанбай, емін-еркін тасып алсын.
Осылай істесе, қарлығаштарға көмегі көбірек тиерін түсінген Алдан да орнынан тұрып, тынымсыз қайшыласқан қос қарлығашқа қызықтай қараған күйі атасына ерді.
Әке мен бала
Бір адам он жасар баласын ертіп , егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:
Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп. Бала әкесіне:
Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді. Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.
Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі
қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен , шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірден алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым - ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:
Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың,
Достарыңызбен бөлісу: |