Бауыржан
Тоған басында ойнап жүр едiк, бiр бала:
– Қараңдаршы, Қарақұл атаның үйiнде той болып жатыр, – дедi.
Жалт қарадық. Қарақұл ата үйiнiң жаны ығы-жығы. Ат айқаса байланып, машиналар тiзiлiп тұр.
– Кеттiк! – деп, киiмiмiздi жүгiре жолай киiп келемiз. Жол бойында үлкен кiсiлерден:
– Бауыржан келiптi! Бауыржанды көрейiк, – дегендi естiп қалдық. Аты аңызға айналған, кiтаптан оқыған батырды көргенше асықтық. Асығып келсек те үйге кiре алмадық. Үлкендер жол бермейдi, Қарақұл ата сыртқа шықты. Жүзi жайдары.
– Қарақтарым-ау, бiздiң Бауыржанды көрдiңдер ме? Тез ертiп келе қойыңдаршы.
Қарақұл атаның Бауыржаны төменгi ескi сарайда шымшық ұяларынан балапан алып жүр екен. Ойынды қимай, әзер келдi. Оған iлесiп iшке зып бердiм. Төрде қырандай қомданып, бурка жамылған бiр кiсi отыр. Айбатты, түсi суық.
– Батыр ағаңа сәлем бер, – дедi Қарақұл ата баласына. Өзi батырдың оң жағында отыр. Ол кiсi Бауыржанның батырлығын жыр қып айтатын. Батырдың қарамағында әскерi болдым дегенде, аузымызды ашып қалатынбыз. Батырды жақсы көретiнi сонша, кенже ұлының атын Бауыржан деп қойған. Ендi, мiне, ол батырдың қасында тұр.
Тұсау кесу
(Әңгіме)
Нартай Ерлан ағаларының үйіне ерте келіп алды. Өйткені кішкентай Ержанның тұсауын кескелі жатқанын әжесінен кеше естіп алған болатын. Сол есінде, ертеңгілік шайын ішті де, тартып отырды.
Келсе кішкентай Ержан да оянып алыпты. Үйде сәкі жағалап жүр екен. Нартайды көріп , қолын созды . Нартай оны бірден көтеріп алған жоқ. Жақындап барып, үш-төрт қадам аралық тастап тұрып:
– Келе ғой, Ержан. Маған өзің жүріп кел,– деді екі қолын жайып, өзіне шақырып. Бұлай етуді кеше ғана үлкендерден көрген болатын. Соны енді өзі істеді.
Ержан құлап қалудан қорқа жүріп алдымен Нартайға қарай бұрылды. Әбден орнығып тұрып алған соң аяғын апыл-тапыл басып келіп Нартайдың құшағына құлады. Өзі әлденеге мәз. Неге екенін, бұл қылығына Нартай да қатты қуанды. Үлкендер де мәре-сәре күліп жатыр.
– Бүгін тұсауыңды кесеміз, сосын Нартай ағаңа еріп шауып кетесің,– деді қасынан өтіп бара жатқан Ерлан ағасы.
Сәлден соң маңайдағы көршілер де келе бастады. Ұзамай Нартайдың атасы мен әжесі келді аяңдап. «Әй, сен бізді тастап, өзің кетіп қалыпсың ғой»,–
34
деді бұны көргенде. Кешікпей дастарқан жайылып, шай құйыла бастады.
Соңын ала «Тұсау кесу» рәсімі де басталып жүре берді.
Адамдар екі жаққа бөлініп тұрып, ортадан орын қалдырылды . Іле екі әже Ержанды екі қолтығынан демеп, төр жаққа апарды. Сол сәт көрші үйдегі тағы бір әже дайын тұрған майлы ішекпен Ержанның аяғын тұсады.
– Тұсауды кім кеседі?– деді артынан үй иелеріне қарап.
– Үлкендермен ақылдаса келе, тұсауды демалысқа келіп жатқан Омар атаның баласы, ауылымыздың мақтанышы Берік кессе деп шешкеміз,– деді есік жақта тұрған Ерлан бір-екі қадам алға жылжып.
– Әп, бәрекелді! Жөн!
– Табылған ақыл!
– Дұрыс. Берік секілді оқымысты жігіт болсын деген ғой!– десті төрде отырған үлкендер.
Нартайдың жүрегін мақтаныш кернеді. Өйткені Берік оның қалада тұратын көкесі болатын. Жақында демалысқа келіп, шөп шауып жүрген-ді. Іздеп еді, босаға жақта тұр екен. Іле сәл ыңғайсызданған бейнеде жүзі қызарып, төрге қарай жүрді. Ержанның алдына келген соң, жақын тұрған әйелдің қолынан бәкі алып, жүрелей отырды. Еңкейіп барып «Биссімилла! Жүйрік бол!» деп тұсауды кесті.
Осы сәтті күтіп тұрған үлкендер:
– Әй, бәрекелді! Берік ағаң секілді елгезек азамат бол!
– Шауып кет енді сүрінбей!– деп тілек білдіріп жатты дуылдасып.
Уақыт емші
Баяғы заманда Ғашық, Қызғаныш, Байлық және Бақыт төртеуі бір аралда өмір сүріпті. Қызғаныш байлықтың тұрмысына іштарлықпен қараса, ал Байлық Бақыттың өміріне қызығып та, қызғана қарайды екен.
Осы төртеуінің ішінде ең арманшыл, да келешекке үмітпен қарайтын, тек жақсы жақты ғана көретін, кешірімді де кішіпейіл және ең аңқауы — Ғашық еді. Күн артынан күн, ай артынан ай, тіпті жылдар өтіп жатыпты-мыс. Бір күні жел келіп:
— Аз күнде дауыл тұрады, — деген суыт хабар жеткізеді. Оны естігендер бірден қашудың амалын ойлап, өздеріне қайық жасауға кіріседі. Бірақ, бір қызығы Ғашық:
— Әй, сол дауыл не істейді дейсің? Ештеңе де етпейді, мен қорықпаймын! — деп отыра береді. Айтып ауыз жиғанша, дауыл да жетіп келеді. Ғашықтан басқа арал тұрғындары қайықтарын жасап үлгерген еді. Тек қана, «дауыл не істейді?» деген Ғашық бейшара жүрегі аузына тығыла, не істерін, кімнен көмек сұрарын білмей сасады. Сонда долдана жылаған Ғашық, қасынан Байлықты көріп:
— Байлық, Байлық, өтінемін, маған көмегіңді бере көрші, — деген еді, оған Байлық:
— Менің көп ақша табуым керек, саған жәрдем етер уақытым жоқ, — деп теріс айналады. Дәл сол мезетте Ғашық жанынан Қызғаныштың өтіп бара
жатқанын байқап қалып:
— Қызғаныш, маған көмек ете көр! — деп жалбарынады. Сонда өзімшіл, өркөкірек Қызғаныш:
— Жоқ! — деп кесіп айтып, бұрылып кетеді. Көзінен мөлт-мөлт аққан жасын сүрткен Ғашық, жүрегі қан жылап, қараңғы түнде қиналып отырып қалады. Кенет әлде бір жарықты көреді. Сөйтсе ол қуанышында шегі жоқ, екі езуі құлағына жеткен Бақыт екен. Ғашық оған да жалбарынып, жылап тұрып:
— Бақыт, Ба-қыт, өті-не-мін… — дейді. Жауап жоқ, Бақыт бұрылды да
кетті.
Үмітін үзген Ғашық: «Болды өлген жерім осы екен ғой» дейді…
Ақыры барлығы өз жөндерімен кетеді де, қатты шаршап, қалжыраған Ғашық есінен танып құлайды.
Бірақ, ол айы оңынан туып, ұйқылы-ояу қайықта келе жатқанын сезеді де, «Осы маған көмек бергенге, егер аман болсам, қарымтасын қайтарамын ғой…» деп ойлайды. Сөйтіп, Ғашық, жағалауға шығады, яғни аман қалады. Сонда өзіне кімнің көмек бергенін білмек болып, Білімнен сұрайды. Білім болса:
— Саған тек қана Уақыт көмек берді, — дейді. Сөйтіп, қиындық көрген Ғашықты ақыры Уақыт құтқарған екен. Иә, «уақыт — емші» — деген осыдан қалса керек….
Ұйықтар алдында
Аякөз! Ұйықтайтын уақыт болды , қызым! - деп, әжесі айқайлап еді: - Әлі ойнай тұрайыншы, - деді кішкене қыз еркелеп. Дала қараңғы. Аспанда күміс жұлдыздар жылтырайды. Ауыл үстіне тыныштық орнапты. Әжесі жетектеп алды. - Қарашы, сиыр да, қой да, ешкі де тынығып жатыр. Секіріп, дамыл көрмейтін ақ лағыңды көрдің бе, енесінің жылы бауырына кіріп алыпты. Тауықтар да көздерін тас жұмып, ұйқыға кеткен. Атақаз мойнын созып, қатты қаңқылдап жіберді. - Әже, қаз неге ашуланды - деді, Аякөз қорқып кетіп. - Тыныштығымды бұздыңдар, ұйықтайтын уақыт болды, - деп ұрысып жатыр. Аякөздің ұйқысы келмеді. Көргендерінің бәрі көз алдынан өтті. Оймақтай аузын тез-тез қозғап, ақ лақ күйіс қайырады. Сағаттың тықылы тынбайды. Ақ лақ қалай ұзақ күйсейді деп, таңданған Аякөздің көздері жұмыла берді. Ертемен оянғанда, мал өріске кетіпті. Тауықтар да, қаздар да жайылып жүр. Атақаз қоқилана қарайды . Аякөз тамақтанған соң, бақшаға қарай жүгіріп бара жатты . - Уақыттан кешіге көрме! - деп айқайлайды әжесі.
Наурыз мейрамы
Ежелгі заманнан бері Шығыс халықтары Наурыз мерекесін тойлап келеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні, яғни бір тəуліктегі күн мен түннің ұзақтығы бірдей болған күні тойланады. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болады. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады. Наурыз
– жыл басы. Парсы тілінде «ноу» – «жаңа», «руз» – «күн» деген ұғымдарды
білдіреді.
Халық наурыз мерекесіне алдын ала дайындалады. Үйдің іші ескі, қажетсіз заттардан тазартылып, үйге қос шырақ жағылады. Ыдыстардың барлығы ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл – тоқшылықтың белгісі.
Мереке сəлемдесуден басталады. Ер адамдар қос қолдасып, ал əйелдер құшақтасып амандасады. Сəлемдескен кезде «Жасың құтты болсын!», «Ұлыс береке берсін!» деген сияқты тілектер мен құттықтаулар айтылады.
Ақсақалдар да, жастар да көкжиекті көру үшін жазық далаға шығады. Адамдардың барлығы: «Армысың, қайырымды Күн – Ана!» – деп күнге бас иеді. Күнге тағзым еткеннен кейін ер адамдар қолдарына күрек алып, бұлақтарды тазартады. Бұлақтардың қасына ағаштар отырғызады. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген сөздер осыдан шыққан болу керек.
Наурыз күні əр үйде мерекелік дастарқан дайындалады. Дастарқанға дəстүрлі ет тағамдары, ұлттық тамақтар қойылады. Бұл мейрамның негізгі асы
– наурызкөже. Оны жеті түрлі тағамнан пісіреді. Сөйтіп, бүкіл халық ауыл-ауылды, үй-үйді аралап, амандасып, наурызкөже ішеді.
Халықта «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар.
Дастарқан басында жастар үлкендерден бата алады. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі.
Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!»
– деп бата жасайды.
Кешке жақын жұрт үлкен айтысқа жиналады. Айтыс – домбырамен сүйемелденетін ақындардың өлең жарысы. Оған үлкендер де, жастар да қатысады. Наурыз айтыс – Жақсылық пен Жамандықтың, Суық пен Жылының, Жаз бен Қыстың айтысы. Сөз жарысын Жақсылықты дəріптеген ақын жеңеді.
Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Əн айтып, би билейді. Той тойға ұласады.
Міне, Наурыз мерекесі осылай тойланады.
Сыйлық сыйлау
Бүгінгі таңда кітап сыйлау кең тараған. Кітапты өте мұқият таңдау керек. Ол сыйлық алушы адамның талғамына сай болуы керек. Алтын ереже – ешқашан жазу жазуға болмайды, оған тек автор ғана құқылы. Кез-келген басқа жазу жазу кітапты бұзады. Егерде жылы лебіздеріңізді қалдырғыңыз келсе, құттықтау қағазын қыстыруға болады.
Əрбір сыйлық – сыйлық сыйлаушының жан-дүниесінің айнасы. Сыйлық сыйлау ол міндет емес, көңілдің, жылы қатынастың белгісі. Сыйлықты алдын-ала ойластырып алғаны жөн болар. Сыйлық сыйлау - ол өнер, оны кез-келген өнер сияқты үйренуге болады.
Қымызмұрындық
Қымызмұрындық – ұлт мерекесі . Атадан-балаға мирас болып келе жатқан игі дəстүр. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындар, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын -туған қауқылдасып, бірін-бірі қымызмұрындыққа шақырысып, мəре-сəре болысқан. Мереке мамыр айынан бастап шілде айына дейін созылады. Осы кезде биелер желіге байланады. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін əр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дəмін татады. Төрге ақсақалдар отырады. Қарттар жұртқа бата береді . Саулық тілейді.
Алғашқы қымызбен емдейтін емхана 1910 жылы Бурабайда ашылған.
Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақ
Қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы , күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны.
Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты – Нұрмағанбет.
жасынан бастап күреске түсіп, ат құғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды.
Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады.
Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады.
Ақорда
Резиденция өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр.
Негізі кескін ретінде классикалық кубиктік форма таңдалып алынған. Ғимарат қабырғаларға сіңірілген колонналар арқылы салтанатты реңде, сырт қарағанда әрі жеңіл.
Ақорданың аумақты да еңселі күмбезі көксеңгірленіп Арқа аспанымен астасып жатыр. Күмбездің ұшар биігінде жер шары мүсінделген, одан жоғарыда қанатын жайып жіберген қыран – тәуелсіз елдің , еңсесін тіктеген қазақ ұлысының кең әлемге еркін құлаш ұрған шағы. Жер шарын сұр жебе көтеріп тұр. Жебе тарихын талай тар жол, тайғақ кешуін бастан кешірген халықтың қаһармандығын, айбаты мен сұңқар сестілігін, мұқалмас жігерін білдірсе, жұмыр жер адамзаттың алтын ұясы ұғымын ұқтырады. Жер-ана ардағың да, қасиетің де, қастерлің де, ол сондықтан да бәрінен биік қойылған.
38
Қазақстан Республикасының ұлттық музейі
Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 м2 жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 м2 асатын экспозициялық алаң 14 залды алып жатыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде бірнеше зал бар Олар: Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Қазіргі заманғы өнер залы. Ұлттық қазынаны зерделеу жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Сондай-ақ, балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған үй-жайлар көзделген.
Асан қайғы
Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді . «Елді сол жерге қоныстандырсам!» - деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола алмас», - деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып , үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» - дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - депті . Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», - депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», - деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» - депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
Қазақстан туралы
Қазақстан — Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Бaтысында Еділдің төмeнгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3000 километрге, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1 600 километрге созылып жатыр. Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады . Мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің ішінде Қазақстан - ең үлкені.
Қазақстан бес мемлекетпен шекаралас, соның ішінде әлемдегі құрлықтағы ең ұзақ шекара солтүстігінде Ресеймен — 6 467 километр құрайды.
Оңтүстігінде — Түрікменстан — 380 километр, Өзбекстан — 2 300 километр және Қырғызстан — 980 километр, ал шығысында — Қытаймен — 1 460 километр шектеседі. Жалпы құрлық шекарасының ұзындығы — 13392,6 километр. Батыста Каспий теңізімен, оңтүстік батыста Арал теңізімен шайылады.
2016 жылдың 1 қаңтарға елдегі тұрғындар саны - 17 670 957 адам бұл әлем бойынша 64-орын. Жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9-орын алады (2 724 900 км²).
Туған жер
Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе мен үшін туған кент. Менің Отаным кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат жер Бестөбе кентінен басталады . Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және бала-бақшаға барған көше әлі есімде. Сол кезде ол маған өте ұзын болып көрінетін. Мұнда көлік сирек жүретін, бірақ серуендеп жүретін адамдар көп болатын.
Иә... Туған жер ұзаққа қиып жібермейтін. Сен әрқашан өзің бармасаң да, оймен қиялдап туған көшені, есіктің алдын, «Қызым, үйге кір...»деген ананың сөздерін еске түсіресің. Жүректің әлсіздүрсілі естіледі.
Қазір бойжеттім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше – менің кішкентай Отаным. Сонымен бірге мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын.
Абайдың жұмбағы
Абай үйінде отырып, өзінің досы Бегештен:
Дауасыз не? арзан не, қымбат не? - деп сұрапты. Бегеш оған:
Дауасыз - кәрілік; арзан - өтірік; қымбат - шындық,- деп жауап береді. Абай риза болады.Тағы бірде үйіне Төлтай, Ошыбай деген кісілер келгенде Абай:
Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? - деп сұрайды.Ошыбай:
Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе? - дей бастағанда, Төлтай құрдасы Ошы байға кейіп:
Әй, сен оттама! Қатты деген жоқшылық, тәтті деген жан емес пе? - депті. Абай мырс етіп күліп:
Жарайсың, Төлтай! - депті.
Қамқорлық
Назымбек екiншi кезекте оқиды. Жер тайғақ. Асыға басып, мектебiне
келе жатыр. Бiрер рет аяғы тайып кетiп құлап тұрды.
Өзiмен бiрге оқитын Нақысбектi жолда кездестiрдi. Ол бiр кiшкентай баланы қолтықтап алған. Бала еңiреп жылап келедi.
– Мына бала сенiң iнiң бе? – деп сұрады Назымбек.
– Жоқ. Құлап, аяғын ауыртып алған екен.
– Оны қайда апарасың?
– Дәрiгерге көрсетiп, жарасын таңғызып берейiн. Екеулеп апарып салсақ қайтедi? – деп өтiнгендей болды Нақысбек.
– Сабақтан кешiгемiз ғой...
– Мен кешiксем, Күлпәш Құлекеноваға айтарсың, мертiккен баланы дәрiгерге әкеттi деп.
– Айтайын, көп жүрiп қалма! – деп, жүгiре жөнелдi Назымбек. Нақысбек арқалап алған бала зар қағады. Ауырсынып, шырылдауына қарағанда аяғы сынған болу керек.
– Жылама, қазiр дәрiгерге жетемiз, таяу қалды. Сенiң атың кiм?
– Төлеген...
– Ал, Төлеген батыр, мойнымнан мықтап ұста, тез жеткiзе қояйын, – Нақысбек Төлегендi хирургке алып келдi. Олар айнаға түсiрiп, сынық бар дептi. Емханаға салатын болды. Хирург Нақысбекке:
– Кiшiге көрсеткен қамқорлығың үшiн саған рақмет! – деп, басынан сипап, арқасынан қақты. Ендi Нақысбек мектепте қарай жүгiрдi.
Әдеп
Бiр жұрттың бас әкiмi екiншi бiр байға жолығысып сөйлесiп тұрғанда, қасынан бiр жарлы мұжық өтiп бара жатып иiлiп, бас ұрып сәлем бердi дейдi. Оған қарсы әлгi үлкен әкiм төре онан да төменiрек бас ұрып сәлем алды.
Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жүрттың үстiнен қараған әкiмсiз, осы бiр мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейдi.
Сонда әкiм:
– Ешбiр iлiм-бiлiм үйренбеген мұжық сонша иiлiп, әдептiлiгiн көрсеткенде, мен онан әдепсiз болып қала-йын ба? – дедi дейдi.
Кино
Бала кезінен Бикен Римова театрды өте ұнатқан. Ол драмалық үйірмелерге қатысып, олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының болашақ әртісіне Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты қазақ драмалық өнерінің шеберлері көп әсерін тигізді. Жас актрисаның сахнаға тұңғыш шығуы – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еңлік рөлі. Онда ол кейіпкердің бүкіл драмалық өмірін көрсете білді. Жиырма жыл бойы Еңлік бейнесі Бикен Римваның орындауымен сахна төрінде жұлдыздай жарқырап жүрді.
Актриса әрбір кейіпкерге тән өз бейнесін дәл сомдай білді. Оның сахна төрінде ойнаған рөлдері – қайталанбас бейнелер. Көпшілігімізге Бикен Римова «Өжет қыздарға» - Баршагүл, «Тақиялы періштедегі» - Жамал, «Менің атым Қожадағы» - ана бейнесі және «Тоғысқан тағдырлар» теленовеелласындағы Гүлбибі апа кейіпкелері арқылы белгілі.
Домбыра
Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы . Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.
XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған Музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын . Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.
Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды.
Қобыз
Қобыз — таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды, бай тембрлі аспап.
Қобыз ең көне аспаптардын бірі.
Қобыз екі шекті 40 -қа тарта аттың ұзын қылы керілген ысқышы бар аспап. Қылқобыз аталуы да осыдан болар. Қобыз үнінің төмендеп қайта жоғарылап дыбыс шығаруы — шектеріне саусақтың ұшын ғана тигізіп , сәл ғана басып шертіп, керілген қылды ысқышпен үйкеп ысқылап тарту арқылы ысқышты аспапқа «іліп қойғандай» етіп көлденең ұстап ысқылап сүйкеп-сүйкеп көсеп -көсеп жібергенде флажолетті обертонды қою-қошқыл сазды мұңлы болып шығады.
Біреулер оны құс даусына ұқсатады: « — Оның даусы аспаптың шегін аттың жалынан керілген қылдан тартылған еспе ысқышпен үйкелегенде аққудың үніне ұқсас дауыс шығады» — дейді (П. Паллас). Енді біреулер қобыз үнін адам даусына ұқсатады (Б. Сарыбаев) ащы, зарлы, өксікті үн шығарады деген де пікір айтады. Кобыздын 4000 жылдык тарихы бар.
Қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы тар, қиын-қыстау
болды. Бұл аспап қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық музыкалық өнерін күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші ұлттық мұра бола тұра, ол өзіне деген кертартпа ескілікті көзқарастан арылмай ақталмай-ақ қойды. Әу бастан-ақ қобыз бақсының, бақсылық жасаудың құралы деген пікір қалыптасқан болатын.
Сыншы бала
Баяғыда бір баланы жат жұрттықтар тұтқындап, еліне алып кетіпті. Еліне әкелген соң, қой бақтырып қойыпты.
Бала қой бағып жүріп, далада қалған қу бастың қасына келіп: «Сенің арғымақтың басы екенінді кім білсін, менің Тортай сыншының баласы екенімді кім білсін?» деп зарлайды екен.
Күндердің күнінде баланың қожасы үш арғымақ әкеліп балаға сынатыпты.
– Бала, мына арғымақтардың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты. Бала:
– Мен білмеймін, әкем білетін еді, - депті.
Мұнан соң бай сәйгүліктерді балаға бақтырып қойыпты. Бала ең тұлпарын танып , жарата беріпті. Бір күні бала тұлпарға мініп, еліне тайып отырыпты. Жат жұрттықтар жабыла қуыпты. Бірақ бала оларға жеткізбей кетіпті. Сөйтіп аман – есен еліне жетіпті.
Еріншек
Ешбір жұмыс тындырмас , шөптің басын сындырмас, еріншек бір етікші болыпты. Еріншек етікшінің үш ешкісі бар екен. Күн суытып, қыс түсіпкележатқанын көре тұра еріншек ешқандай қам жасамапты. Ешкілеріне азықтық жем-шөп жинамапты. Бір түнде боран қар жауады да, жердің бетін ақ көрпе бүркеп қалыпты. Ешкілері енді бұрынғыдай өрістеп жайыла алмай, суық қорада бүрісіп, дірдектеп тұрады.
Етікші, керек десең, сыртқа шығуға да ерініп, әйеліне:
— Барып көріп келші, ешкілерге не болып жатыр екен,— деп жұмсайды. Әйелі барып көріп келеді де:
— Бір ешкі өліп қалыпты,— дейді. Сонда еріншек:
— Е, мал іші болған соң, өлім-жітімі де болады ғой,— деп жата беріпті. Ертеңіне еріншек ешкілерді көріп келуге әйелін тағы жұмсайды.
— Тағы бір ешкі өліп жатыр,— деп келеді әйелі. Еріншек келесі жамбасына аунап түсіп:
— Мал іші болған сон, өледі де,— дейді де қояды.
Үшінші күні етікші әйелін малды көріп кел деп тағы да жұмсайды. Әйелі жалғыз ешкінің де қатып қалғанын айтып келеді. Сонда етікші жаны жай тапқандай, бір аунап түсіп:
— Бәйбіше, біздің малдың өлімі осымен тыйылған да шығар,— депті.
Жер мен күн
Бірде Күн мен Солтүстіктің үскірік Желі бірінен – бірі күштімін деп, айтысып қалды олар ұзақ айтысты , ақырында, сол мезетте үлкен жолмен келе жатқан жолаушыны көріп қалды да, өз күштерін соған жұмсап, сынаспақ болды.
Бері қара, - дейді Жел, - менің күшімді көр, қазір мен анау жолаушының үстіндегі шекпенін кірпік қаққанша ұшырып түсіремін!
Сөйтті де, екілене ышқынды ай келіп. Жел екпіні неғұрлым күшейген сайын, жолаушы да қасарыса ерегіскендей, шекпенін мықтап қымтай түсті де, әрі қарай кете барды. Жел құтырына ызаланып, байғұс жолаушыны жаңбыр мен қарға көмді. Желге зығыры қайнаған жолаушы белін мықтап буынып, шекпенінің етек-жеңін қаусырынып алды. Енді Жел жолаушының шекпенін ұшырып түсіре алмағанына өзі таңданып қалды.
Қарсыласының айласы құрығанына Күн күлді де, бұлт арасынан сығалап, жер бетін қыздыра жалын атты, қатты жаураған байғұс жолаушыға да жылу төкті. Күн сәулесінің ыстығы пысынатқан жолаушы жадырап сала берді де, Күнге алғысын жаудырды. Сонан соң шекпенін шешіп, ерінің артына бөктеріп алды.
Көрдің бе, - деді сол кезде жайдары Күн ызаға булығып тұрған Желге. – Қаһар төгіп, босқа ашу шақырғаннан гөрі мейірімділік пен қайырымдылық жүз есе артық!
Ағаштар неге ашуланды?
Жадырап көктем туды. Қар тез еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.
Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.
Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады.
Бірақ жұрт бір кісідей кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады.
Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.
Алмабек осымен істі тыңдыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсынып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.
Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң, тамырланып кете алмай, шөгіп, шала-жансар жұтып тұрды.
Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. Бір күні Алмабек орманға барып еді, оны ағаштар қоршап алып, үйіне қайтармады.
-Сендерге мен не жаздым?.. – деп, Алмабек жылап жіберді. Сол кезде төбесі көк тіреген, көпті көрген, көп жасаған орман атасы – кәрі еменнің гүжілдеген жуан даусы естілді.
-Сенің жазығың сол: біздің бірнеше жас шыбықтарымызды үйіңнің қасына отырғызбақ болып , қазып әкетіп едің, нағыз азап халне салып қойыпсың. Жайқалып өстіп тұрсақ, қыстықтың көркі емеспіз бе? Сен осыны неге түсінбейсің, неге бағаламайсың? – деді қарт емен.
-Кешіріңдер. Мен отырғызған ағаштарымды бүгіннен бастап мәпелеп,
44
күтуге уәде беремін, - деді Алмабек.
-Жарайды, -деді қарт емен, олай болса, бар үйіңе ...
Табиғат тәрбиесі
Біз тау болып үйіліп жатқан құмырсқаның илеуіне келдік. Құмырсқаның бірі кіріп, бірі шығып, сапырылысып, құжынап жүр. Бәрі қимыл әрекет, қауырт іс үстінде.
Әке, мынау не төбешік?- дедім.
Бұл – құмырсқаның илеуі.-Илеу деген не?
Илеу – құмырсқаның үйі, мекені деген сөз.
Бүкіл құмырсқа бір – ақ үйде тұра ма?- Иә, бір үйде тұрады.
Олар тату тұра ма?
Тату болмаса, бір үйде тұра алмаған болар еді ғой ...
Баласы қалың қарағай өскен орманды көріп:
Әке, мына қарағайлар да бір үйде тұра ма? – деп сұрады. Иә, бұл қарағайлар да қауым болып, бір-біріне жақын өседі.
Сөйтіп, баласы табиғаттың елеусіз тамашаларын біліп, көзімен көріп,
қызықтап қайтты.
Астрономия
Ерте заманнан-ақ адам баласы аспанға назар аударып келеді. Күндіз олар көз шағылысқан күнді, түнде жымыңдаған жұлдыздар мен формасы өзгеріп тұратын айды көрді. Келе-келе жұрт аспан туралы тиянақты білім алып, ғылымдардың ішіндегі ең көнесі саналатын – астрономия ғылымы туды.
«Астрономия» гректің екі сөзінен құралады: «астрон» - жұлдыз, «номос»
Аспан әлеміндегі күнді, айды, жұлдыздарды зерттейтін ғылым – астрономия адамдарға өте қажет. Ол уақытты дәлме-дәл білуге жәрдемдеседі, ол географқа, саяхатшыға, теңізшіге, ұшқышқа да керек-ақ. Техника саласындағы тамаша табыстардың нәтижесінде адам Жердің тарту күшінен сытылып шығуға мүмкіндік алды. Бірақ астрономиялық білімі болмаса, адам аспан әлеміне космос корабльдерін ұшыра алмаған болар еді.
Әлем кеңістігі
Әлем кеңістігін орысша «вселенная», грек тілінде «космос» деген сөз көбірек қолданылып жүр.
Ал енді әлем кеңістігі дегеніміз не?
Біздің жеріміз – Күн жүйесінің кішкене бір бөлігі. Күн жүйесінің өзі – Галактикадағы құртымдай арал, ал осы алып Галактика аспан әлеміндегі бір бозғылт дақ сияқты ғана. Мұндай жүздеген миллион галактикалар бар деп есептейді астрономдар.
Әлем кеңістігі шетсіз-шексіз.
Өте зор шапшаңдықпен самғап бара жатқан зымырандағы ер жүрек зерттеушілерді көз алдыңнан өткізші. Тіпті олардың мың, миллион жыл ұшқан екен делік. Сонда олар әлем кеңістігінің шегіне жата алар ма еді? Айта көрмеңіз! ... Зерттеушілер қанша ұшса да, әлем кеңістігінің шегіне жете алмайды. әлем кеңістігі шексіз. Адамның әлем кеңістігі жөніндегі білімі қанша артқанмен, оның сырын түгелдей білу мүмкін емес.
Галактика
Ашық түнде далаға шығып, жоғары қараңдаршы . Аспанды белдеулей созылған жарық жолақ бірден көзге түседі. Құс жолы төгілген сүт сияқты. Сондықтан да оны гректер Галактика деп атаған. «Галактикос» грекше сүт деген сөз. Бізде оны Құс жолы дейді.
Жер – біздің үйіміз, Күн жүйесі – туған қаламыз, ал Галактика – көптеген ғажайып күн қалалары бар самсаған жұлдызға толы мемлекетіміз секілді.
Жұлдыз да – Күн. Жұлдыздар бізден тым алыста жатыр. Олардың титтей боп көрінетіні де содан. Ал өте алыстағы жұлдыздарды жай көзбен көру мүмкін емес, олар ұласып, ақ жолақ боп көрінеді. Құс жолы дейтініміз де сондай жұлдыздар.
Галактика үлкен. Бірақ ол да шетсіз-шексіз әлем кеңістігінің болымсыз бір бөлігі ғана.
Болашаққа кім барады?
Мен әрқашан өзiм түсiнбейтiн сөздi көкемнен сұрап алам. Мұндай сұрақтарыма көкем қуанады да, ерiнбей жауап бередi.
Бiр күнi:
– Көке, Болашақ деген кiм? – деп сұрадым. Көкем менiң сөзiмдi естiмеген адамша, газетiн оқып отыра бердi. Тiптi мазасын алып, қыңқылдай берген соң, ол «кiм десем екен?» дегендей, бетiме бiр қарап алды да:
– Болашақ – бiздiң туысқанымыз, – дедi.
– Туысқан болса, үйiне неге қонақка бармаймыз? – Көкем күлдi.
– Барамыз. Ертең түстен кейiн жолдастарынды ертiп кел, мен сендердi Болашақтың ауылына алып барайын, дедi арқамнан қағып.
– Жаяу барамыз ба?
– Жоқ. Болашаққа еш уақытта жаяу баруға болмайды, тек машинамен барамыз.
– О кiсi алыста тұра ма, көке?
– Онша алыс емес, мына таудың iшiнде.
– Ой, ол алыс қой, көке.
– «Көрiнген таудың алыстығы жоқ» деген сөз бар.
– Ол машинаға алыс па?
– Болашақ – әжең сияқты жақсы кiсi. Не сұрасаң да аямайды.
46
Негізгі мектепке арналған қазақ тіліндегі мәтіндер
Оқылым
Отбасындағы дәстүр мен мерекелер
Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөзін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайтын. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын. Жас адамның үлкен кісінің, әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне, үлкен кісінің сөзін бөлуіне, барып тұрған әдепсіздік ретінде, үзілді-кесілді тыйым салынатын.
Мектеп өмірі
Назым мен Бейсенгүл – түйдей құрдас, тату дос. Қашан көрсең де, жұбын жазбайды. Ойынды да бірге ойнайды, сыныпта да бір партада отырады. Екеуі қабақ шытысып көрген емес. Сабақты да жақсы оқиды. Оларды мұғалімдер де, балалар да сыйлайды , қадірлейді. Әрі кішіпейіл, әрі достықты қадір тұтатын екеуінің мінезі мен ісі басқаларға ұнайды. Тентек Мәліктің өзі де:
Назым мен Бейсенгүл жақсы жолдасымыз,- деп мойындайды. Оқушылар жиынында бұл екеуін оқушылар кеңесінің мүшелігіне
басқалардан бұрын ұсынған да осы Мәлік.
Қазақстандағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі
Қазақстанда өсiмдiктердiң 15 мыңдай түрi бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңдайы — саңырауқұлақтар, 600 -ге жуығы — қыналар , 500-ге жуығы мүк тәрiздiлер және 6 мыңнан астамы — жоғары сатыдағы түтiктi өсiмдiктер.
Ал жануарлар әлемі тіптен ерекше. Қазақстан жерiнде сүтқоректiлердiң 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекендiлердiң 12, балықтың 104-ке жуық түр i бар. Омыртқасыз жәндiктер шаян тәрi здiлер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндiктер түрлерiнiң өзi-ақ 30 мыңнан асады. Қазақстанның солтүстігіндегi орманды дала белдемiнде бұлан, елiк, ақ қоян, сұр тышқан , су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекiлiк, көл айдындарын су құстары — аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Кең байтақ Қазақстан жерiн мекендеген жан-жануарлар мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған.
Ежелгі көшпенділер мәдениеті
«Мәдениет» деген ұғымның аясы өте кең. Адам ой-санасы мен өрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Ол көшпелілердің тіршілік қарекетінің, тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Көшпелілер өз тұрмыс-әрекетіне лайықты мәдениет қалыптастырған. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.
Көшпелілердің рухани мәдениеті тіптен бай. Мал шаруашылығы — егіншілікке карағанда бұқара халықтың барлығы қамтылмайтын, қамтығанның өзінде көшпелі кауымның бос уақыты көбірек болатын шаруашылық түрі.
Су – өмірдің нәрі
Сусыз тіршілік жоқ , ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Мұхиттар мен теңіздерді, өзен-көлдерді былай қойғанда, жер астында да, топырақта да су бар. Мұздықтар мен айсбергтер де қатып қалған су болып табылады. Су атмосферада да аз емес, онда ол бұлт, тұман, бу және жаңбыр мен қар түрінде болады. Бұл — судың негізгі қасиеті. Ол сұйық, қатты және газ тәрізді үш түрлі күйде кезігеді.Судың көптеген заттарды оңай ерітетін және бір маңызды қасиеті бар. Табиғатта қоспасы жоқ, тап-таза су дегенді таппаймыз. Таза суды тек лабораториялардан ғана алуға болады. Ондай судың ешбір дәмі жоқ, онда тірі организмге қажетті тұздар да болмайды.
Әлемдегі ірі кітапханалар
Мұрағатында 5 000 000 кітабы бар кітапхана бар екенін білесіз бе? Әуесқойлықпен кітап сөресіне бір-бірлеп кітап жинаудан бастаған Джей Уокердің үйі бүгінде әлемдік деңгейдегі ең таңғажайып кітапханалардың бірі. Мұндай кітапханалар әлемде сирек кездеседі деуге болмайды. Солардың қатарында Джей Уокердің Риджфилдегі үйіде орналасқан, адамзат тарихындағы ең үлкен көп деңгейлі лабиринт тәрізді құрылған кітапхана. Онда 50000 кітап және музейлік деңгейдегі артефакттар бар.
Ал Швейцариядағы Сен -Галль аббаттығының кітапханасы — ортағасырлық кітаптарға ең бай кітапхана. 2005 жылы жүргізілген санақ бойынша мұнда 160000 кітап бар.
Сонымен қатар, Дублиннің Тринити-колледжінің кітапханасы — Ирландиядағы ең үлкен ғылыми кітапхана. Мұнда 5000000 кітап бар, соның ішінде манускрипт, карта және ноталар да қамтылған.
Денсаулық – байлықтан қымбат
Денсаулық — табиғаттың ең қымбат сыйы. Денсаулықты сақтау үшін дұрыс тамақтануға, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарға майлы тамақтарды көп жеуге болмайды. Оның орнына сүт, көкөніс тамақтарын пайдаланған дүрыс. Денсаулық сақтауда дұрыс тамақтаудың маңызы зор. Ал спортпен айналысу — денсаулықты жақсартады. Спорттың ең қарапайым түрі — жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта жарты сағатгай жүгіруе болады. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеуге болады. Әртүрлі жаттығулар жасауға болады.
Менің Тәуелсіз Қазақстаным
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Қазақстанның ең үлкен жетістігі – ұлтаралық келісім мен бейбіт өмір. Оны біздің елге келген Рим Папасы да атап айтқан болатын.
Қазақстан мемлекеті – Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі. Қазақстанның өз армиясы бар. Біздің елімізде Жер шарында кездесетін кен байлықтарының бәрі бар. Қазақстан дамыған елдердің қатарына жатады.
Біздің республикамызды дүние жүзіні көптеген мемлекеттері біледі.
Аспан әлемінің құпиялары
Галактика - бәріне ортақ бір центрден айналатын сансыз мол жұлдыздардың алапат үлкен жүйесі. Аспандағы жай көзбен көрінетін самсаған 6000 жұлдыз Біздің Галактика деп аталатын бір ғана галактикаға жатады. Кейде «Сүт Жолы» деп те атайтын Біздің галактикада жай көзге көрінбейтін 200 миллиардтай жұлдыз бар. Оған аспан күмбезін белдеулеп жатқан, шашырап төгілген сүтке ұқсас, ақшыл жолақ та кіреді. Бұл жолақты Сүт жолы, ал қазақтар Құс жолы деп атайды.
Күн – Жерден орташа алғанда 150 млн. км қашықтықта орналасқан. Ол осы Галактиканың кішігірім жұлдызы. Жарық Жер бетіне секундна 300000 км жылдамдықпен 8 минутта жетеді. Жарық бір жылда 9 460 528 405 000км жол жүреді – осы қашықтық астрономияда бір жарық жылы деп аталады.
Компьютердің тілін табу өнер
Қазіргі кезде мемлекетіміз бәсекеге сай 50 елдің қатарына кіруді көздеп отыр. Ол үшін жастар және әрбір қазақ азаматы жаңа ақпараттық-комуникациялық технологияны жетік меңгеруіміз қажет. Қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастырады. Қазіргі
күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс бейне монитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады. Бірақ та, компьютермен жұмыс істеу барысында оқушылар техника қауіпсіздік ережелерін сақтаса,ол біздің ақылды, сүйкімді, қайырымды досымыз бола алады.
Қазақстандағы ұлттар достастығы
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қиындық атаулыны жеңетін бір – ақ күш бар, ол – бірлік, ендеше жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет. Қазақстанның болашағы тек қана халықтардың ынтымағында» — деген бағдар сілтеді.
Елдегі ұлтаралық келісім мен жарастық мәселелеріне үлкен ықпалын тигізіп келе жатқан ұйымдарының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. Көп жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан осы қоғамдық институт халықтар мен ұлттардың біртұтастығын сақтауды қамтамасыз етудегі басты міндеттерді тиімді түрде шешіп келеді. Бұл ұйымның алдына қойған мақсат-міндеттерінің бірі – нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатысына, қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту мен сақтау болса, бұл міндеттер табысты түрде іске асып келеді.
Ұлы Дала табиғаты
Табиғи-рекреациялық нысандарға Солтүстік Қазақстан аймағындағы - Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы - Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы – Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау және басқа да табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы , Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.
Ер есімі - ел есінде
Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов қасиетті, киелі Атбасар өңіріндегі Қосбармақ ауылында 1918 жылдың 15-ші шілдесінде дүниеге келген. Ақан Құрманов 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Днепр өзенінен өту
кезіндегі қиян-кескі шайқаста ерлікпен көз жұмды.
Ақан Құрмановқа 1944 жылдың 15 қаңтарында КСРО жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» деген ең жоғарғы атақ тапсырылды.
«Ер елдің атын шығарар, ел ердің атын шығарар» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Сондықтан да, елдің атын шығарған кешегі Ұлы Отан соғысының батырларын бүгінгі ұрпақтары ұмытуға тиіс емес.
Атбасар шаһарындағы орталық көшелердің бірі Ақан Құрманов есімімен аталады. Туған ауылы Қосбармақта ескерткіш бюсті орнатылды. Артында қалың елі отырғанда, кешегі өткен аруақты батыр бабаларымыздың есімі мәңгі ұмытылмайды.
Отан отбасынан басталады
Көшпелі және рулық-тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды.
Отбасында негізгі туыстық қатынас ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп , балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталады. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін түсірмеуге тырысқан.
Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы отбасы саналады.
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол: ата, әке, бала. Аталар мен әжелер – ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау – көрегенділік. Дәстүрлі қоғамда ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған . Ата-әжелер жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.
Қазақтаң ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан , балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-әжесін өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жайт кездеседі.
Қазіргі қазақ ауылы мен қаланың тыныс-тіршілігі
Кез-келген мемлекеттің даму барысында шешуші рөлді қалалар атқарады. Әсіресе ірі қалалар. Қалаларда адамдар көп шоғырланып, өте мықты экономикалық және интеллектуалды әлуетті қалыптастырады. Бұл процесс қалалардың өсуіне және ауыл шаруашылығының дамуына себебін тигізеді. Өнеркөсіп, ғылым, білімнің өркендеуі ірі қалалардың экономикалық есуінің діңгегіне айналды. Қалалар және оларды қосатын жолдар аумақтың сүйенетін қаңқасы тәрізді. Жалпы қалалар мен ауылдардың дамуы бір-бірімен тығыз
байланысты.
Ірі қалалар - адамның шығармашылық әлуетін дамытуға мүмкіншілік береді. Қалалықтар қызмет түрінің көптеген түрлерін пайдаланып, жайлы қоныстанған және мәдениеттілігі жоғары болып келеді.
Таулар сыры
Әлем құпия мен тылсым сырға толы. Өз басым осындай кұпиялы мекендерге қатты қызғамын. Мен үшін қызықты тылсымға толы елдің бірі Тибет елі. Әлқисса әңгіме осы өңірдегі адамзат баласын өзіне аударған Кайлас тауы жәйында.
Кайлас — әлемдегі ең көп әрі ең ірі пирамидалар орналасқан өлке. Бұған Мысыр не болмаса Оңтүстік Америкадағы атақты пирамидалардың өзі тең келе қоймайды. Мәселен, бүгінге дейін жалпақ жаһандағы ең биік, алып пирамида Мысырдағы Хеопс деп саналып келді. Оның биіктігі — 146 метр. Ал Кайлас тауындағы пирамидалардың кейбірінің биіктігі — 100 метрден 1800 метрге дейін жетеді. Мәселен, бүгінгі ғылымның есептеуінше, Мысырдағы Ұлы пирамида Хеопстың салмағы 6,5 миллион тонна көрінеді (әрине, барлық құрылыс заттарын қосқанда). Ықылым заман тұрмақ, мұндай алып құрылысты жүргізуге, жүздеген тонналық тас қабырғаларды шырқау биікке көтеруге қазіргі жетік техниканың мүмкіндігі келмейді екен.
Қуат көзін үнемдей білеміз бе?
Электр қуатын үнемдеу мәселесі жаһандық деңгейде ерекше маңызға ие. Оның балама көзін қарастыру үшін сарапшылар талай мәрте бас қосты. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатымен Қазақстанға БҰҰ өкілі Гордон Джонсон арнайы ат басын бұрды. Ол еліміздің бірқатар өңірін аралап, желдің соғу бағытына зерттеу жұмысын жүргізген.
Бізде жел қуатын пайдалануға арналған арнайы бағдарлама бар. Алғашқы жоспар негізінде сағатына 1,82 трлн. киловат қуат өндіру көзделген. Ал бағдарламаның екінші бөліміндегі бес мегаваттық жел қуаты бекеті Қытай шекарасына таяу Жоңғар қақпасы маңайынан орын алады.
Астана – мәдениет пен өнер ордасы
Астана қаласы – 1998 жылдан бастап мемлекетіміздің әкімшілік-саяси орталығы. Сонымен қатар мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, озық технологиясы уақыт талабына сай дамыған қала.
Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры , Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Президенттік мәдени орталық, Конгресс-холл, «Жастар» сарайы, «Қазақстан» концерт залы, қалалық филармония және баса да бірсыпыра мәдениет ошақтары бар. Елордамызда көптеген жоғары оқу орындары мен колледждер, мектептер мен балабақшалар, балалар
қалашықтары бар. Еліміздің бас қаласында спорттың дамуына да үлкен мән берілуде. «Қазақстан», «Алатау», «Астана» сияқты спорт кешендері, велотрек, мұз айдыны мен «Астана-Арена», Қ.Мұңайтпасов атындағы стадиондар соның куәсі.
Қазақстан қорықтары
Қазақстан аумағы қорықтар мен ерекше аймақты табиғатқа бай өлке. Қорық– аумағындағы барлық табиғи кешен толығымен шаруашылыққа пайдаланылудан алынған және үкіметтің қорғауында болатын жер не су кеңістігі, типтік, сирек кездесетін және бірегей табиғи кешендерді бүкіл компоненттерінің жиынтығымен қоса, сол қалпында сақтауға арналған, арнайы қорғау режимі бекітілген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қорық - қорғалатын аумақ қана емес, сонымен қатар табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік ғылыми мекеме болып табылады. Мұнда жабайы хайуанаттарға санақ жүргізу әдістері, оларға әсер ететін факторлар анықталып, саны сиреп бара жатқан жануарлар мен қоры азайып кеткен өсімдік түрлерін қалпына келтіру мәселесі терең зерттеледі. Қорықтағы табиғи ресурстарды сақтаудың жолдары белгіленеді.
Қазақстанда Ақсу-Жабағылы қорығы, Алматы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Марқакөл қорығы, Наурызым қорығы, Үстірт қорығы, Алакөл, Батыс Алтай қорықтары бар.
Болашақ мамандықтары
Мамандық таңдау – маңызды іс. Уақыт өте дәстүрлі мамандықтар сұраныстан айырылып, жаңа маман иелері пайда болады. Fast Future британдық агенттіктің футурологтары 2030 жылы сұранысқа ие болып, кең жайылатын мамандықтардың тізімін болжады.
Сонымен, айналдырған 17 жылдан кейін заманауи инженерлер мен сату бойынша менеджерлердің орнына мынандай маман иелері қажет болады: Наномедицина қызметкері, ғылым жетістіктері этикасының маманы, ғарыш туризм мамандарымен қатар климат өзгерісі бойынша маман болашақта ең жиі кездесетін мамандықтардың қатарында болады. Әрине, бұл мамандықтардың қатарын заманауи дамуға байланысты тағы да көптеген мамандықтар толықтырары анық.
Қазақстан және Ұлы Жібек жол
Ұлы Жібек Жолы – Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы. Бұл жолдың басым бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтті.
Ұлы Жібек Жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдениет және дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік
Қазақстан даласын кесіп өтетін. Отырар, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Түркістан (Яссы), Суяб, Баласағұн сынды көне қалалар тек сауда ғана емес, мәдениет және ғылым орталықтары болды.
Ал бүгінгі таңда Жібек жолының тарихы жаңғыртылып, саяси маңызы зор жаңа дәуірі ашылғалы тұр. Қазақстан үшін Ұлы Жібек жолы мақтанышпен айтарлық ерекше жоба.
Жер байлығына аяулы көзқарас
Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі . Маңыздылығы жағынан олар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін және экономикалық -саяси мәні бар стратегиялық кен байлықтары жатады: мұнай, газ, көмір, уран, хромит кен орындары. Екінші топты қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесінің негізі болып табылатын маңызды кен байлықтары құрайды: темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары. Үшінші топқа ішкі және сыртқы рыноктарда жоғары сұранымға ие қалайы, күміс, фосфор, барит кен орындары кіреді. Кен байлықтардың барланған қоры негізінде ондаған мұнай-газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, олар 70-тен аса әртүрлі минералдық шикізат түрлерін өндіреді және өңдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |