129
ӘОЖ 811.512.122’37
КЕСИКБАЕВА А.Б., ҚАЙЫРБАЕВА Ж.Қ.
С.
Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен қ.
ХАЛЫҚ ӨЛШЕМДЕРІН БІЛДІРЕТІН ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ
ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері – тіл ішіндегі өз заңдылықтарына сәйкес өмір
сүретін айрықша категория. Олардың әр алуан ірілі – ұсақты ерекшеліктері мен айырым
белгілерін саралай зерттейтін дербес пән – фразеология. Фразеология термині (грек. phrasis –
сөйлемше және logos – сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада
қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір
тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді [1].
Тұрақты сөз тіркестері – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі, құрамындағы сыңары тұрақты
болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын сөз тіркестері болып табылады.
Фразеология тіл білімінің жеке бір саласы ретінде ХХ ғасырдың 40 – жылдары Кеңес
тіл білімінде қалыптаса бастаған. Оның теориялық негіздері ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың
басында орыс ғалымдары А.А.Потебня, И.И.Срезневский, А.А.Шахматов, Ф.Ф.Фортунатов
т.б. еңбектерінде салынған. Жалпы тіл білімінде фразеологизмді зерттеудің ең алғашқы
теориясын құраған француз ғалымы Ш.Балли (1905) болып табылады. Фразеологизмдерді
жеке пән ретінде қарастыруды ұсынған орыс лингвисті Е.Д.Поливанов (1931) болса, ХХ
ғасырдың 40-50 жылдарында В.В.Виноградов еңбектерінде орыс тілі фразеологизмдерін
топтастырудың қағидасын ұсынған. Оның идеясын Н.М.Шанский ары қарай дамытты[1].
Ендігі кезекте тұрақты тіркестердің танымдық сипатын анықтау үшін, алдымен «халық
өлшемдері» ұғымына түсінік берейік.
Халық өлшемі – бір нәрсенің көлемін, салмағын анықтайтын өлшеу бірлігі. «Халық
айтса қалып айтпайды» дегендей халық өлшемі анық өлшем десек қателеспейміз. Өйткені
оны ата – бабаларымыз сан ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы өлшем негіздерін
жасаған. Енді халық өлшемдерінің негізгі түрлеріне жеке – жеке тоқталайық. Мұны
халықтың өзі белгіленгеніндей, «салмақ өлшемдері, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық
өлшемі,
қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері» деп бөлуге болады [2].
Халықтық өлшемдер тым ерте кездерден қолданыла бастаса да, күні бүгінге дейін тіл
қолданысынан шықпай өлшем мағынасындағы ұғымды бейнелеп, баяндаудың бір тәсілі
болып саналады. Халық өлшемдеріне байланысты Ә.Қайдар, Е. Жанпейісов, Ә.Болғанбаев,
Ғ.Қалиев, Б.Қиянатұлы, Е.Аққошқаров және басқа көптеген ғалымдардың танымдық
мақсаттағы зерттеулері мен ғылыми мақалалары жарық көрді.
Қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларын төмендегіше топтастыратын болсақ:
1. Салмақ өлшемі
Салмақ өлшемдерін халық былайша жіктеген: мысқал (1 гр); қадақ (750 гр); келі (1 к);
пұт (16 кг); батпан (100 кг).
Мысқал – Шығыс елдерінде көп тараған салмақ белгісі. Бүкіл араб елдерінде, Индияда
және Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде
пайдаланылған.
Қадақ – кей әдебиеттерде 200 грамға тең салмақ өлшемі. Мысалы: Әйелдердің жол –
жорасын Ұлпан оң қолынан үлестірді: кілем, текемет, киіз, бір-бір қадақ қашаннан жатқан
қағаз шай … - бәрібір таусылар емес.
Батпан - әр елдің өлшемі әртүрлі. Бір батпанда 100 кг ауырлық болады. Мысалы: Бұт
болдым деп мақтанба, онан да ауыр батпан бар. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан болып
ауырлай түседі [3].
2. Көлем өлшемдері. Қазақ тіліндегі көлемдік өлшемдерді білдіретін тұрақты сөз
тіркестері негізінен бір деген сан есімнің көмегі арқылы жасалатындығын аңғарамыз.
Мұндағы бір сөзі әрі сандық, әрі мөлшерлік ұғымды екі жақтап бейнелейді. Мысалы, бір