КІРІСПЕ
Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі – сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған небір оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз.
“Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз…” [1, 147-148 бб.] – деп жазыпты Ахмет Байтұрсынов.
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. “Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар” [2, 250 б.], – деп Әлихан Бөкейханов сияқты ардақтыларымыз армандаған заман келді. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес. Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемлекеттік тіл туралы бір толғанысында: “…Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!?” [3, 38 б.] – деп тебіреніпті. Сол туған тіліміздің барлық қадір-қасиетін бойына сіңірген қазақ публицистикасы еліміз жүріп өткен ұзақ жолдың шежіресі бола білді. Жұрт қиналса, демеу болып, жігер отын жаныды, намыс рухын оятты, ұлт қуанса, медеу болып жарқын жолға бастады, биік белестерді бағындыруға шақырды. Сөйтіп, қазақ публи-цистикасы ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігіне айналды. Оның ғажаптығының өзі сонда – публи-цистика белгілі бір кезеңде болған белгілі бір нақтылы оқиғаны айна-қатесіз бүгін көз алдымызға әкеледі. Сол кезде не болды, қалай болды, кімдер өмір сүрді, олар қандай әрекет, мінез көрсетті? Міне осы сауалдардың бәріне публицис-тикалық шығармалардан жауап таба аламыз. Өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғап тұрған ақиқат көпірін көргіңіз келсе – ол публицистика өнері.
Публицистика туралы іргелі зерттеулердің басым бөлігі кеңестік кезеңде туды. Сондықтан публицистикаға кеңестік жүйе қалыптастырған таным тұрғысынан баға берілді. Қазақ публицистикасы да тамыры жоқ бұтағы бар күйінде, тар шеңбер ауқымында қарастырылуы заңды мәжбүрлік еді. Зерттеудің зәрулігі де тәуелсіздік талаптарынан туындайды. Біріншіден, қазақ публицистикасын тұтас алып қарастырудың, ұлттық таным тұрғысынан баға берудің мүмкіндігі туды. Екіншіден, бұрын зерттеуге болмайтын қазақ публицистика-сының көне түркілік тамырын, фольклорлық дәстүрін, шешен-дік негізін ашудың сәті түсті. Үшіншіден, Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ публицистикасының қалыптасуындағы қайшы-лықты кезеңнің әділ бағасын берудің қажеттілігі туды. Төртіншіден, кеңестік кезеңнің өзіндегі қазақ публицисти-касына бүгінгі тәуелсіздік ұстанымдары тұрғысынан қараудың да кезі келді. Оның үстіне қазақ публицистикасының ұлттық қоғамдық-саяси ойымызды қалыптастырудағы маңызын ашу арқылы қазақ халқының әлемдік рухани ортадағы орнын айқындаудан да тақырыптың өзектілігі көрініс табады. Сондай-ақ бүгінгі дүниедегі қат-қабат өзгерістер заманында публицис-тиканың орасан зор мәнге ие болып отырғандығы да көпші-лікке белгілі. Ал оның өз алдына дербес шығармашылық саласы екендігі де дау тудырмайды. Мұның өзі – тақырыптың зәрулігінің басты себебінің бірі.
Қазіргі уақытқа дейінгі қазақ публицистикасының зерт-телуі негізгі екі бағытта жүргізіліп келді. Оның бірі – жалпы журналистиканың құрамдас бөлігі ретінде публицистика тарихы, теориясы, тәжірибесіне арналған еңбектер. Бұл ретте алғаш аталатыны – М.И.Фетисовтың 1961 жылы жарық көрген “Зарождение казахской публицистики” атты еңбегі. Мұндағы қарастырылған мәселелер – орыс демократиялық публицисти-касы, оның қазақ демократиялық публицистикасының пайда болуына әсер-ықпалы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құ-нанбаев публицистикасының ерекшеліктері, орыс журналис-тикасы мен публицистикасындағы қазақ тақырыбы. Осы кітаптың алғысөзінде М.Қаратаев пен А.Брагин былай деп жазыпты:
“М.И.Фетисов сосредоточил свое внимание на самых дорогих для казахского народа деятелей прошлого – Чокане Валиханове, Ибрае Алтынсарине, Абая Кунанбаеве. В их многогранном творчестве он исследует преимущественно публицистическую сторону, не отрывая ее от науки – у Чокана, от педагогики – у Ибрая, от поэзии – у Абая.
Это, бесспорно, очень сильная сторона работы. Но в этой стороне в некоторой мере заключена и ее слабость. Фетисов правильно обратился к истокам казахской публицистики. Однако он не довел исследования до конца и оставил за гранью книги возникновение публицистики на страницах первых печатных казахских изданий – “Дала уалаяты” и, прежде всего, журнала “Айкап”. “Дала уалаяты” – первая казахская газета, и естественно, что именно она призвала к деятельности и первых профессиональных публицистов. В еще большей мере интере-сен журнал “Айкап”. Главы об этих изданиях могли придать книге окончательную завершенность и еще большую убеди-тельность” [4, с.10], – деп жазған екен. Қазақ публицистика-сының пайда болуына қатысты зерттеуші ойлары кеңестік кезең талаптары тұрғысынан өріледі. Бұл еңбекте Шоқан, Ыбырай, Абай шығармалары талданады, ал жалпы публицис-тика теориясына қатысты айқындама жоқ.
“Газет жанрлары” деген атпен шыққан ұжымдық зерттеу жинағында публицистика жанрлары ғылыми тұрғыдан жүйеле-неді. Онда баспасөз жанрлары орыс ғалымдары еңбектерімен тығыз байланыста қарастырылып, олардың публицистикалық сипатына мән берілді [5].
Қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесіне қатысты мәселелерді алғаш рет бір арнаға түсіріп, публицис-тиканы дербес пән ретінде қарастырып, оның мазмұны, формасы, әдісі, функциялары туралы ғылыми тұжырымдар жасаған профессор Т.Амандосов болды [6]. Оның “Современ-ная казахская публицистика” атты докторлық диссертация-сында публицистиканың кейбір ерекшеліктері көрсетілді; Ә.Әлімжанов, Ұ.Бағаев, Б.Бұлқышев, Ә.Нұршайықов, К.Қазыбаев сияқты қаламгерлер шығармашылығы негізінде публицистік шеберлік мәселелері зерттелді; қазақ публицистикасының жанрлары айқындалды [7].
Профессор М.Барманқұловтың “Жанры печати, радио-вещания и телевидения” атты оқу құралында баспасөз, радио және теледидар жанрларының салыстырмалы түрдегі талдау-лары жасалды [8].
Р.Ыдырысовтың “Казахская военная публицистика” атты кандидаттық диссертациясында Ұлы Отан соғысы жылдарын-дағы әскери публицистика мазмұндық жағынан зерттелді [9]. Журналистика мәселелерін әр жылдары зерттеген Қ.Бекхожин-нің, Б.Кенжебаевтың, Т.Қожакеевтің, Ш.Елеукеновтің, Ү.Сұб-ханбердинаның, З.Тұрарбековтің, С.Имашевтің, Ә.Ыдырысов-тың, С.Матвиенконың, Т.Ыдырысовтың, Қ.Әбілдаевтың, М.Ар-ғынбаевтың, С.Масғұтовтың, Р.Сағымбековтың, Н.Омашев-тың, С.Қозыбаевтың еңбектерінде де [10] публицистика туралы жекелеген пікір-тұжырымдар кездеседі.
Қазақ публицистикасын зерттеудің екінші бағыты еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге аса бастады. Бұл – көрнекті қазақ публицистерінің шығармашылығын монографиялық тұрғыдан қарастыру негізінде публицистиканы зерттеу. Осы ретте А.Байтұрсыновтың, М.Әуезовтің, С.Қожановтың, Б.Май-линнің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә.Бөкейхановтың, Н.Төреқұловтың, С.Ерубаевтың, Х.Досмұхамедұлының, Ә.Әлімжановтың, К.Смайыловтың, С.Мәуленовтың, Ш.Мұртазаның, Е.Букетов-тің публицистік шығармашылығына қатысты еңбектер шоғырын айтуымыз керек [11].
Десек те, қазақ публицистикасының гносеологиялық табиғаты, оның қалыптасу, даму арналары кең ауқымда алынып, тұтас зерттелмеді. Оған бірнеше себептер де болды. Кеңестік қоғам кезінде ғылымның басқа салаларындағы сияқты маркстік-лениндік методология публицистиканы тар шеңберде қарастыруға ғана мүмкіндік берді. Қазақ публи-цистикасының өзіндік тамырын ашудың ұлттық сананы ояту қаупі болды. Ал алғашқы газет-журналдардағы публицис-тикаға бір жақты баға берілді, ондағы көрнекті публицистер шығармашылығы зерттелмеді. Алаш қайраткер-қаламгер-лерінің аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Публицисти-кадағы ұлттық мәселелер көрінісі туралы сөз қозғау тіптен мүмкін емес еді.
Қазақ публицистикасының генезис, эволюция және поэти-касын қарастырғанда, әдебиеттанудағы кейбір еңбектерді не-гізге алдық. Бұл ретте А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Қабдолов, З.Ахме-тов, С.Қирабаев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, С.Садырбаев, Ж.Ыс-мағұлов, Ә.Нарымбетов, Р.Нұрғали, М.Жолдасбеков, Қ.Өмір-әлиев, Н.Келімбетов, С.Ордалиев, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев, Қ.Әбдезұлы, Б.Майтанов, З-Ғ.Бисенғали, С.Негимов, т.б. ең-бектері теориялық, методологиялық бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды. Сондай-ақ тілші ғалымдарымыз Ғ.Айдаров, Р.Сыздықова, Б. Әбілқасымов, С. Исаев, Е.Жұбанов еңбектері де тақырыпты ашуға жәрдемін тигізді.
Публицистика мәселелерін зерттеген орыс ғалымдары Я.Засурский, В.Пельт, Е. Прохоров, В. Ученова, М. Черепахов, В.Горохов, М.Стюфляева, Э.Багиров, В.Здоровега, Е.Журбина, В.Богданов, т.б. еңбектерін де қарастырдық. Көне жазба ескерткіштерді зерттеген В.Радлов, С.Малов, В.Бартольд, С.Кляшторный, А.Кононов, Л.Гумилев, Ә.Қайдаров, М.Оразов, Х.Оркун еңбектеріне де сүйендік.
Оқулықта бұрын зерттелмеген қазақ публицистикасының гносеологиялық негіздерін айқындауға талпыныс жасалды. Сонымен қатар қазақ публицистикасының қалыптасу, даму арналары кең ауқымда, тұтас жүйеленді. Кітапта қазақ публицистикасының жанрлық эволюциясын, публицистиканың газет публицистикасы, радиопублицистика, телепублицистика, фотопублицистика, кинопублицистика, интернеттегі публицис-тика сияқты түрлерін, жекелеген басылымдардағы публицисти-каны, көрнекті публицистер шығармашылығын, публицистика теориясының алуан қырын, бейнелеу құралдарын тексеру-талдау бағытындағы жаңа ізденістерге, нақты ғылыми нәтижелерге жол салуға бағыт ұстадық.
ПУБЛИЦИСТИКА ТАБИҒАТЫ
Публицистиканың пайда болуы
Бүгінгі таңдағы дамыған публицистика бірден пайда бола қойған жоқ. Публицистиканың тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Сонау ерте замандарда адамдар арасында ақпараттық қажет-тілік пайда болды. Бір адам екінші адамға, бір адамдардың тобы екінші адамдар тобына өз ойларын жеткізгісі келді. Бұл алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тілдің пайда болуымен тікелей байланысты еді. Сөйтіп адамдар санасындағы идеялар, көзқарастар мен ойлар тіл арқылы басқаларға таралып, іс жүзіне аса бастады. Адамзат қоғамында қарым-қатынас құралы тілдің пайда болуы – публицистикаға дейінгі алғашқы құбылыстардың бірі еді. Көрудің, естудің және сөйлеудің қосылуы негізінде адамдардың қоршаған орта туралы қоғамдық пікір, көзқарастары қалыптаса бастады. Адамзат тарихының алғашқы кезеңдеріндегі тіл арқылы жүзеге асқан ақпарат тасқынының қуатымен қарабайыр түрдегі қоғамдық пікір қалыптасқандығын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Мемлекеттің пайда болуымен бірге қоғамдық өмір де күрделене түсті де, түрлі саяси құрылымдар мен кәсіби саясаткерлер тарих сахнасынан орын алды. Дәл осы кезде қоғамдық ақпаратты таратуда қалың бұқараның ішінен өзінің көсемдігімен, ақыл-ой, парасаттылығымен оқшауланып, суы-рылып шыққан шешендер белсенді рөл атқарды. Еуропадағы шешендік өнердің негізін салған Грециядағы Демосфен, Римдегі Цицерон сияқты даңқты шешендердің саяси қызмет-тері – жоғарыдағы пікіріміздің жарқын дәлелі. Аталмыш шешендер қалың көпшілікке тиісті дерек, мағлұматтарды жеткізе отырып, оларға идеялық-психологиялық тұрғыдан әсер етті, олардың көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етті, сөйтіп белгілі бір іс-әрекетке жұмылдырды. Сөз қуаты, сөз күші, сөз сиқыры – дәл осы шешендік өнердің қалыптасуымен бірге бұрынғыдан да айқындала түсті. Шешендік сөз арнаудың тамаша дәстүрлерін шіркеулер мен діни ағымдар қайраткерлері де кең ауқымды қозғалыстарға қолдана бастады. Мәселен, Реформация дәуірінің ұлы публицисі атанған Т.Мюнцердің уағыздары – сол заманның қуатты қоғамдық-саяси күшіне айналды [12, 61 б.]. Еуропада шешендік өнер бірте-бірте саяси пікір таластарға ұласты да, ол сөз сайыстары кейінірек парламенттік мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналды. Асылы қазіргі “парламент” сөзінің түп-төркіні, француз тілінен аударғанда “parler” – “сөйлеу” деген мағынаны білдіреді. Сонымен, шешендік өнердің пайда болуы – публицистикаға негіз болған екінші бір құбылыс болып саналады.
Қазақ халқының тарихында да шешендік өнердің алатын орны орасан зор. Халқымыздың қилы замандардағы даму кезеңдерінде ел арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың тапқыр да ұшқыр, нандырып, сендіріп айтқан өміршең сөздері бүгінгі күнге дейін ұрпақ жадында сақталып келеді. Қазақ шешендік өнері туралы ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының мына тұжырымдары қазір де өз мәнін жойған жоқ:
“Шешен сөздер бес түрлі болады: а) шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде – саясат шешен сөзі деп аталады; б) Шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, я қара-лау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері – билік шешен сөзі деп аталады; в) Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі – қошемет шешен сөзі деп аталады;
г) Білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені – білімір шешен сөзі деп аталады; ж) Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі – уағыз деп аталады” [1, 223 б.].
Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың айтуынша: Шешендік дегеніміз белгілі бір уақиғаға байланысты тапқыр-лықпен, көркем тілмен айтылған және жұртшылық қабылдап, елге тараған белгілі, үлгілі ойлар, тұжырымдар.
Әдетте, шешендік өнер айтыс-тартыста дамиды. Сондық-тан, ердің құны, елдің тағдыры талқыланатын парламент сарайлары мен сот залдары шешендік өнердің ежелгі мектебі болған. Дүние жүзіне әйгілі шешендердің көбінесе, парламент-тік қайраткерлер мен заң қызметкерлерінен шығатындығы кез-дейсоқ емес. Мәселен, атамзаманғы Афина шешені Демосфен мен Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент мүшелері, басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс шешендері А.И. Урусов пен Ф.Н.Плевако заң қызметкер-лерінен шыққан. Сол сияқты қазақ шешендері Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Датұлы Сырым, Қорлыбайұлы Досбол, тағы басқалар қауым ішіндегі дау-жан-жалдарды реттеуден бастап, елшілік-мәмігерлік қызметтерімен белгілі болған адамдар [13, 3 б.]. Бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Олар: Жиренше шешен, Асанқайғы, Қараменде, Абылай хан, Жалаңбас батыр, Ақтайлақ шешен, Қанай шешен, Айтқожа шешен, Шашанбай шешен, Ізбасты шешен, Әйтеке би, Бөлтірік шешен, Бекжан шешен, Ескелді, Балпық әулие, Балаби, Байдалы би, Шоқай би, Қозыбай шешен, Торайғыр шешен, Асаубай шешен, т.б. болып кете береді. Халқымыздың ақын-дары, батырлары, хандары мен билері, ақсақалдары мен әулие-лері тауып айтқан асыл сөздің маржандары ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыратын баға жетпес зор байлық. Бүгінгі қазақ публи-цистикасының бір бастау бұлағы – сол халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек.
Ертедегі бір аңыз бойынша, көне грек жауынгері, жаңалықты хабарлау үшін, 42 шақырымды жаяу жүгіріп, ақырында өмірмен қоштасуға мәжбүр болған. Хабарды ауызша жеткізудің нәтижесінде, жаушылар мәлімет, ақпарды шатас-тырған, тіпті ұмытып та қалған. Көптеген елбасылары көрші мемлекеттерге, жұртшылыққа ақпар тарату үшін хабар таратушылар (информаторлар) ұстаған. Олар хабаршы, жаушы, жаршы болып әр түрлі аталған. Жаршы – басшы жарлығын елге жеткізуші болған. Әр қоғамда, әр ұлттың өз салтына сәйкес өз хабаршылары болған.
Біздің қазақ халқының тарихына үңілсек, әр кезеңде елге хабар жеткізетін жаушылар болғандығына көз жеткізуге болады. Кең-байтақ қазақ сахарасын жаугершілік заманда дұшпаннан сақтап қалу үшін маңызды саяси ақпар-мәлімет жеткізуші жаушылардың қызметі орасан зор болған.
Бірте-бірте жаңалықтарды ауызша жеткізудің орнына ақпаратты жазбаша таратудың түрлері де пайда бола бастады.
Қазіргі қазақ даласының көне тарихы көп сырларды алға тартады. Біздің жыл санауымызға дейінгі алтай дәуірі туралы тарихи мәлімет, жазба деректер жоқтың қасы.
Алтай дәуірімен ұштасып жатқан Хун дәуірі шамамен біздің эрамызға дейінгі ІІІ ғасыр мен біздің дәуіріміздің V ғасыры аралығын қамтиды. Тарихи дерек, зерттеулерге жүгінсек, біздің жыл санауымызға дейінгі дәуір мен біздің дәуіріміздің бас кезінде Орталық Азия мен Оңтүстік Сібір өлкелерінде өмір сүрген түркі, монғол және тұңғыс-маньчжур тайпаларының басын Хунну империясы біріктіріп тұрды [14].
Хунну империясы туралы аз да болса мәліметтер қытай жазба деректерінде сақталған. Мәселен, Қытай Халық Республикасындағы қазақ ғалымдары жазып, 1987 жылы Шынжаң халық баспасынан шығарған “Қазақтың көне тарихы” атты кітапта былай делінеді: “Қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы ұзақ тарихи даму дәуірлерін басынан кешірді. Ежелгі жұңгоның, парсының және гректің жазба деректеріне қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 7-4 ғасырларда Орта Азия өңірін сақ тайпалары мекен еткен. Бұл сақтардың “Шошақ төбелі тымақ киетін сақтар” (тигра хауда сақтары) деп аталатын тайпаларының орналасқан жерінің орталығы Іле алқабы мен Жетісу өңірі болған. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 4-3 ғасырдың шегінде бұрынғы сақ тайпаларының одағы ыдырап, оның орнына үш ірі тайпалық одақ – үйсіндердің, қаңлылардың, аландардың тайпалық одақтары құрылған” [15, 10 б.].
Дәл сол еңбектің “Һұндар” деген тарауында мынадай анықтамалық дерек келтіріледі: “Һұндар (ғұндар) – ежелгі замандағы Қытайдың батыс өңіріндегі көшпенді ұлыстың бірі. 24 тайпадан біріккен көшпенді һұндердің одағы б.ж.с. дейінгі 2-ғасырда дәуірлеп заманымыздың І-ғасырында ыдырады. Һұндар өзінің басшысы Моте тәңірқұт тұсында төңірегіндегі толып жатқан ұлыстарды өзіне бағындырып, шығыста Памир тауларына дейінгі, солтүстігінде Байкал көлінен оңтүстікте ұлы қорғанға дейінгі ұлан–байтақ өңірге үстемдік еткен” [15,103].
Хун империясының өсіп-өркендеп Қытай империясымен бой таластырған дәуірі – Модэ Шаньюй дәуірі. Б.э.д. 205-204 жылдары Қытайға бірінші рет шабуыл жасады. Тарихи ескерткіштердің көрсетуінше император Модэ хундардың 24 тайпасын біріктіріп, бір империя құрған. Ол бұлардан басқа хундармен туыс Алтайды қоныстанған қыпшақтарды (қытай тілінде-кюеше), Саян мен Ангара арасын қоныс еткен дилин-дерді, батыс Монғолия территориясында жасаған қырғыздарды (қытай ескерткіштерінде гэгунь) өзінің империясына қосады.
Көне хун тайпасының қай тілде сөйлегендігі туралы даулы пікірлер болды. Монғолия тарихын жазған авторлар Н.Я.Бичу-риннің пікіріне сүйеніп, Хундар монғолдармен тектес десе, К.Сиротория, П.Пелльо, Л.Лигети, В.В.Бартольдтар хундар – түркі тайпаларының ата тегі, олар түркі тілдерінде сөйлеген деген пікір айтады [16, 85 б.].
Ежелгі заманғы парсының сына жазуы ойылған таста сакалар (сақтар) жөнінде көп айтылған. Оларды тиграхауда, хаумаварга, парадарая сақалары деп үшке бөлген, олар әр түрлі өңірлерде тұрады. Тиграхауда – Сакалар дегені шошақ төбелі бөрік киген сақтар. Олар Қара теңіздің шығысы, Сырдарияның шығыс-оңтүстігі бағытындағы Қырғызстан мен Қазақстанның оңтүстік бөлігін, Памир, Алтай тауларының солтүстігін, Тәңір тауын және Балқаш көлінің оңтүстігін, Шу мен Талас өзендері алқабын мекендеген. Хаумаварга-сакалар дегені өздерінің табынған өсімдік жапырағын ала жүретін сақтар, олардың мекені Ферғана ойпаты, Памир және Алай таулары. Парадария-сакалар дегені теңіздің (үлкен өзеннің) арғы жағындағы сақтар, олардың мекені Әмударияның батыс жағы, Қара теңіз бен Арал теңізінің маңайы [17].
Ежелгі грек ойшылы Гередот өзінің “Тарих” атты кітабында: “Скифтердің айтуы бойынша, олардың халқы – ең жас халық, оның шығу тегін былай таратады: әлі жан аяғы баспаған осынау елсіз мекеннің алғашқы иесі Тарғытай деген адам екен. Скифтердің айтуы бойынша, оның әкесі Зевс, ше-шесі Борисфен өзенінен жаралған қыз… Тарғытайдың таралу тамыры осылай, ал оның өзінің үш ұлы болыпты: Липоксайс, Арпоксайс және ең кенжесі Колаксайс… Бұлардың барлығы бірігіп өздерін сколаттар, яғни, патша тұқымынан тарағандар деп атайды. Элладалықтар бұларды скифтер дейді [18].
Сонымен скифтер, сақтар, ғұндар туралы көптеген жазба деректер бар. Олар туралы аңыздар да, ауыздан ауызға таралған деректер де бар. Бір нәрсе шындық – ол түріктердің ата-бабалары – сол ғұндар, сақтар, массагеттер, сарматтар бол-ғандығы. Ал қазақ халқының қалыптасуы да сол алыс дәуір-лерден тамыр тартатындығы да жыл санап айқындала түсуде.
Қазақ даласының ежелгі тарихын зерттеушілердің бірі, геология-минерология ғылымының докторы, профессор Ә.Байбатша өз еңбегінде мынадай құнды деректер келтіреді: “Б.д.д. 4-мыңжылдықта тарихта шумерлер аталған кеңгір тайпасының адамдары сыналап жазуды ойлап тауып, өркениетті заманның алғашқы беттерін тасқа шекіп жазып, мәңгілік ескерткіштер қалдырды. Олар үлкен қалалар салып, ғимараттар тұрғызды…” [19, 111 б.].
Археологиялық, этнографиялық және жазбаша тарихи деректердің көрсетіп отырғанындай, Еуропа мен Азия құрлықтарының Ұлы даласын мекендеген біздің бабаларымыз сол кездегі рулар мен тайпалар тек аңшылықпен, мал өсірумен ғана емес егіншілікпен де шұғылданған. Сол бабалардың үлкен мәдениеті де болған. Олар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, оқиға-құбылыстарды тасқа таңбалап, ескерткіш белгі етіп қалдырған. Ғылым тілінде оны петроглифтер (грекшеден аударғандағы мағынасы – “тас қашау”) деп атайды. Қазақ даласының протосақ тайпалары үңгір қабырғаларына, жартас беттеріне аңдарды, аңшылық кәсіпті асқан шеберлікпен бейнелейтін суреттер қашап қалдырған. Сол суреттерден бір күндері қазақ даласын мекендеген, қазір жойылып кеткен тур, бизон сияқты аңдардың бейнесін көруге болады.
Тасқа бейнелеу әдісі Қазақстанда – Жетісу, Солтүстік Балқаш өңірі, Ертіс – Алтай аймағында, Сарыарқада, Маңғыс-тауда жиі ұшырайды. Бұл өңірлерде VІ-VІІІ ғасырлардағы түркі қағанаты дәуірінен қалған тас дуалдар, еркек пен әйелдің тас мүсіндері, балбалдар көптеп кездеседі.
Жазу-сызу дамуының келесі кезеңі – буын, сына жазуы. Мұнда әрбір белгі белгілі бір мән-мағынаны білдіреді. Ерте заманда Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы Месопатамияны мекендеген вавилон, ассирия, сондай-ақ шумерлер осылай жазған.
Мәдениеттің ежелгі ошақтары – Мысырдың иероглиф жазбасы, Қытай иероглифтері, Месопатамия мен біздің бабаларымыздың тасқа қашап жазуы – адамзатқа белгілі жазу-сызу жүйесінің тамаша ескерткіштері.
Еуропада жазу-сызудың ең көне ескерткіштері Крит аралында (VІІ ғ.) табылған. ІХ ғасырда славян халқының алфавиті жасалды. Бұлардың бірі кириллицаны Ресей қабыл-даған. Кітапты қарапайым тәсілмен көбейтудің ең ертеректегі әдістерінің бірі – ксилография үлгілеріне бүгінгі таңда қызы-ғушылық мол. “Ксилография” – грек сөзі – “ағаш кесіндісіне жазамын” деген ұғымды білдіреді.
Ксилографияның алғашқы үлгілері VІІІ ғасырда будда монастрлерінде пайда болған екен. Ксилографиялық баспаның ең көне ескерткіші Жапониядан табылады. Бұл 764-770 жж. аралағында басылған будда бойтұмары болып шықты.
Ежелгі түркі жазу-сызуына жататын – Орхон, Енисей ескерткіштері де әлемдік жазу тарихында ерекше орын алады. Бұл жазулар жартастарға, тас қабырғаларға, плиталарға, сынтастарға ойылып жазылған қалпы Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзені бойында, Енисей аңғарында, Талас өзенінің бойында (Жамбыл облысы) және VІ-VІІІ ғасырлардағы ірі мемлекет Түркі қағанатының құрамына кірген басқа да көп жерлерден табылады. Бұл-біздің бабаларымыздан қалған, баға жетпес байлық деп тануымыз қажет. Ол жазуларды жан-жақты зерттеу ісі қазір де жүргізіліп жатыр. Көне түркі ескерткіш-терін – қазақ публицистикасының түп-тамыр, бастау бұлақтарының бірі ретінде қарастырамыз.
Танымал кітаптанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шериаздан Елеукенов жазу тарихы тура-лы былай дейді: “Дүние жүзіндегі барша халық дерлік жазу-сызудың негізгі үш сатысынан өткені байқалады. Бұларды бас-басына атайтын болсақ, біріншісі – пиктографиялық яки бейнелеп жазу, екіншісі – идеографиялық (логографиялық) немесе рәміздік (символдық) жазу, үшіншісі – алфавиттік, әріп немесе дыбыс жазуы делінеді” [20, 18 б.]. Мұның өзі адамзат дамуында жазудың пайда болуы мен дамуы – қазіргі публицистиканың пайда болуына ықпал еткен үшінші құбылыс екендігін айғақтай түседі.
Неолит заманының соңына қарай, энеолит (мыс) заманы-ның басында сақ тайпалары дала сахнасына шықты. Атышулы сақ тайпаларының сол кездегі адамзат мәдениетінің ең биік шыңы саналатын жазу өнері болған. “Сақ жазуының бізге жеткен нұсқасы Есік қорғанынан табылған “Алтын адамның” бейітінен шыққан күміс тостағанда жазылған екен.
Есік қорғанынан “Алтын адам” табылғанға дейін Қазақ Даласын мекендеген адамдарда айтарлықтай мәдениет болмаған, ұрпақтар арасындағы ақпарат өте қарапайым жолмен, тек ауызша беріліп келген деген ұғым қалыптасқаны белгілі. “Алтын адамның” қасынан табылған күміс тостаған-дағы жазу бұл ұғымның теріс екенін, халқымыздың ежелден төл жазуы болғанын дәлелдеді” [19, 113 б.].
Тарихшылар Алтын адам – шамамен б.з.д. 158-136 жыл-дарда өмір сүрген Нулы би бабамыз деген тоқтамға келді. Сол Нулы бидің қабірінен жалпы саны 4 мыңнан асатын алтын, асыл заттар, зергерлік бұйымдар, қару-жарақтар табылған. Археолог-ғалым К.Ақышевтің 1969-1970 жылдары ұйымдас-тырған экспедициясы осындай мол тарихи деректерге қол жеткізді. Соның ішіндегі ең маңызды асыл заттың бірі – сыртқы жағында екі жол жазу жазылған “Алтын адамның” күміс тостағаны. Көне түрік тілінде жазылған қысқа жазуды түріктанушы профессор Алтай Аманжолов былай аударыпты: “Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықтың қарны тоқ (болғай)!” [19,148]. Сол күміс тостаған-дағы жазу – қазақ халқының көне замандардан бері төл жазуы болғандығын дәлелдейтін бұлтартпас дерек.
Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі – шаруашылық, дипломатиялық және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи ескерт-кіштердің бір тобы – ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне дәл осындай жолдаулардан келіп публицистикалық эпистолографияның алғашқы көріністері туды.
Публицистикалық үнге суарылған көне эпистолярлық текстер ретінде Аристотелдің өз шәкірті Александр Македон-скийға, Платонның Дионды жақтаушыларға, Исократтың Спартак патшасы Архидамға, Македон патшасы Филиппке жазған хаттарын атауға болады. Әйгілі философ Эпикур (б.э.д. 341-270 ж.ж.) өз шәкірттерімен хаттар арқылы тіл қатысты. Мұның өзі ғылыми-публицистикалық эпистолографияның сол кездегі үлкен ғалымдар, әйгілі философтардың әлемдік мекте-бінің қалыптасуына ықпал еткенін айғақтайды. Біздің эрамызға дейінгі дәуірлерден басталған хат жазысу мектебі XVІІІ ғасыр-дағы ғылыми ойдың қалыптасуына дейінгі аралықты қамтиды.
Көне грек елінде, Афина қаласында б.д.д. ІV ғасырда негізін қалаған Эпикурдің “Бақ” атты ғылыми мектебі кең танылған жылдары солармен қосақабаттаса киник – философ-тар белсенді қызмет жүргізеді. Олар әйгілі жеті ойшылдың бірі, сақ ойшылының атынан баяндалатын “Анақарыстың хаттарын” таратты. Онда киникалық кредо көрініс табады, яғни байлықты жек көру, әлімжеттікке, аяусыз қанауға қарсылық, ұлтына немесе байлық барлығына қарамастан теңдікке қол жеткізуді аңсау туралы жазылады.
Шамамен б.д.д. 620-555 жж. өмір сүрген Анарыс (Анахар-сис) кемеңгер сақтардың белгілі Арыс тайпасынан шыққан. Өзі өмір сүрген тұста ол назарға ілігіп, ғұлама ойшылдығымен таң қалдырған. Элладаның әйгілі кемеңгері, ел басқарудың заңдық негізін жасаған Солон ғұламадан дәріс алған қандасымыз Анарыстың даналығына жат елдіктер бас иіп, “әлемдегі жеті кемеңгердің бірі” деген ат берген. Анарыс хаттарының бірінде Эллада патшасының ұлына: “Менде жебе мен садақ қана болса да, мен еркін, еріктімін, ал сен бай болсаң да, құлсың. Байлықпен барлықтың бәрін таста, саққа ұқсап өмір сүр, сонда ғана бақытты боласың”, – деп жазыпты [21, 133 б.].
Көне Рим мемлекетіндегі публицистикалық эпистоло-графия Цицеронның хаттарының бай жинағымен тығыз байла-нысты. Бұл текстерді 1345 жылы ұлы гуманист Франческо Петрарка тауыпты. Жауап хаттарды қосқанда Цицерон хаттары 900 данадан асып жығылады. Осы мол мұраның ішінде хаттардың ұсыныс, көңіл байырқатарлық сұраныс, ұстамды іскерлік, шын достық және нағыз алыпұшпа публицистикалық түрлерінің бәрі қамтылған.
Іргелі көне мемлекеттерде мағлұматтарды ауызша тарату формасы жеткіліксіз болды да, журналистикаға дейінгі “жазба” мәліметтер жиынтығы пайда бола бастады. Газет тектес “жазба” маңызды мәліметтер жиынтығының түрлі формалары көрініс тапты.
Мәселен, Ежелгі Мысырда фараондар сарайында “папирус газеттер” шығарылды да, ал олармен теңдес оппозициялық “басылымдар” да бой көрсете бастады. Ал ең бір тұрақты журналистикаға дейін жазба мәліметтер жиынтығының басын құраған кәсіпорын көне Рим мемлекетінде пайда болды. Әйгілі Юлий Цезарьдің нұсқауымен “шығарыла” бастаған мемлекет-тік дәрежедегі түрлі мәлімет, хабарлардың жиынтық тігіндісі бірнеше ғасырлар бойы таралды. Олар “Acta Sentus” және “Acta dіurna populі Romanі” деген аттармен б.д.д. І ғ. – б.д. ІV ғ. аралығында шығып тұрды. Бұл басылымдарға арналған жаңалықтар көрнекті жерлерге қойылған гипс тақталарға жазылды. Ал “Актілердің” (Acta) хат түріндегі көшірмелері орталық өкіметтің шешімдерін жергілікті басқарушыларға, әскербасыларға, шенеуніктерге жеткізіп отыру үшін дер кезінде Римнің провинциялары мен қалаларына таратылды.
Басқа елдерде де, мысалы Жапонияда басып шығару техникасын ойлап табудан бұрын күйдірілген қыш тақталардан түсірілген көшірме “газет тектес басылымдар” болды. Олардың ішіндегі ең көнесі – “Иомиури Каварабан” (“Көшірмені оқу және жеткізу”) 1615 жылы шығарылыпты. Англияда “News Letters” деген атпен қолжазба парақтар алғаш таратылды. Ал солтүстік-батыстағы көршіміз Ресей мемлекетінде XVІІ ға-сырда патша сарайында “Куранты”, “Вести”, “Столбцы” деген аттармен қолжазба газеттер шығарылды” [22, 26-28 бб.].
Ерте замандарда жазу тексін көшіру үшін түрлі мате-риалдар қолданылды. Мәселен қыштан құйылған немесе ағаш-тан кесілген тақталар, папирус бумалары пайдаланылды. Бірте-бірте оларды қағаз (“bambagіa” – итальян тілінен аударғанда “мақта” деген мағынаны білдіреді) алмастырды. Қағаз алғаш рет б.д. І ғасырында Қытайда пайда болып, ІV ғасырда Жапо-нияға жеткізілген, арабтар арқылы Х-ғасырда Еуропаға таралды.
Ал жазу құралы ретінде тростниковой палочкой-пером (қалам), жүнді кист, ағаш таяқшалар (Римде-стило, Ресейде – писало), қаздың және басқа да құстардың қауырсындары пайдаланылды.
Журналистік қызметтің дамуымен бірге ақпарат тарататын мамандарға қажеттілік пайда бола бастады. Ортағасырлық Еуропада жазба ақпаратты жинақтау мен тарату жөніндегі өзгеше бюролар құрыла бастады. Олардың алғашқылары Римдегі Novellantі, Венециядағы Scrіttorі d`avvіso атты жаңалықтар жазушылардың цехтары еді.
Бірақ мұның барлығы толыққанды журналистиканың пай-да болуына жасалған алғашқы қадамдар болатын. Өйткені жа-ңалықтар жиынтығы шектеулі және тұрақсыз таратылатын, әрі аз ғана аудиторияны қамтитын. Бұл қиыншылықтардың бәрі газеттер мен журналдарды тез әрі көп данамен басып, таратуға мүмкіндік беретін баспа техникасының жоқтығынан еді.
Нағыз журналистика – баспалық мерзімді басылымдар – тек кітап басу ісі ойлап табылғаннан кейін ғана пайда болды. Ал публицистика да жеке шығармашылық түрі ретінде баспасөз пайда болғаннан кейін қалыптасты. Алғаш кітап басу ісі Қытайда дүниеге келген. Қытай империясында ХІІ ғасырда ксиолография, ХІ ғасырда терімдік баспа жүзеге аса бастады. Ал Еуропада кітап шығарудың техникалық алғышарттары ХV-ғасырдың 30-40 жылдарында пайда болды. Неміс баспагері И.Гутенберг жекелеген қорғасын құймалардан терімнің көме-гімен кітап басуды ойлап тапты. Осыдан кейін Еуропа елдерінде кітап шығару ісі күрт қолға алынды. 1510 жылы бір ғана Париж қаласында оннан астам типографиялар ашылды. Еуропада түрлі күнтізбелер, ақпараттар жинақтары, парақ-шалар басылып шығарыла бастады. Дәл осы аталған баспа өнімдері газет, журнал, альманахтардың бастапқы формалары болатын. Еуропадағы алғашқы кітап “Інжіл” болса, Ресейдегі алғашқы кітап “Апостол” деген атпен 1564 жылы шығарылды. Қазақстандағы тұңғыш кітап туралы профессор Ш.Р.Елеукенов тұжырымына жүгінуге тура келеді: “Ана тіліміздегі тұңғыш кітап мынау еді деп дөп басып айту үшін әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қазір бізге мәлім алғашқы қазақ баспа кітаптары “Сейфіл-мүлік” қиссасы (1807), тағы да басқа фольклорлық шығармалар. Революцияға дейінгі кезеңде “Ер Тарғын”, “Алпамыс”, “Хикаят Көрұғлы Сұлтан”, “Қисса и Құламерген” секілді төрт жүз аталым қарасында тасқа басылған кітап шыққан” [20, 33 б.].
Кітап басып шығаратын типографиялық техниканың көме-гімен журналистік басылымдарды көбейту мүмкіндігі туды. Соның нәтижесінде бір шыққанда бірнеше данамен тарайтын, көп оқырманды қамтитын, күнделікті негізгі жаңалықтарды тез арада хабарлайтын алғашқы газеттер шығарыла бастады.
XVІІ ғасырдың бас кезінде пайда болған алғашқы баспа газеттері қатарында Германиядағы “Avvіzo Relаtіon, oder Zeіtung” (1609), Англиядағы “Weekly News” (1622), Франция-дағы “Casette” (1631) сияқты басылымдарды атауға болады. Ресейдегі тасқа басылған алғашқы газет “Ведомости” деген атпен 1702 жылдан бастап шықты. Қазақ тіліндегі алғашқы газет “Түркістан уалаятының газеті” деген атпен 1870 жылғы 10 мамырдан бастап жарық көрді. Бұл Ресей империясындағы түркі тілдес халықтар арасындағы алғаш шыққан газет еді. 1875 жылы әзірбайжан тілінде, 1885 жылы Қырым татарлары-ның тілінде, ал 1905 жылы татар тілінде газеттер шығарылды.
XVІІІ-XІX ғғ. тағы бір ақпарат құралының түрі – журнал-дар көптеп шығарыла бастады. Журналистиканың мән-маңы-зының қоғам өмірінде арта түсуімен бірге ақпаратты шығару мен жеткізудің, таратудың жаңа техникалық құралдары ойлап табылып, қолданысқа енді. Иллюстрациялау үшін гравирлау техникасының, хабар беру үшін телеграфтың, газет-журнал, кітап сияқты баспа өнімдерін алыс аймақтарға таратуға темір жолдың қолданылуы – соның дәлелі.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында клишеден көшіріп басу арқылы фотографиялық суреттерді шығарудың түрлі тәсілде-рінің, ротациялық машинаның, линотиптің қолданысқа енуі бүгінгі журналистиканың пайда болуының техникалық алғы шарттары еді. Газет-журналдар қалың оқырманын тапты, редакциялық үйірмелер, тұтас кәсіби журналистер ұйымдары құрыла бастады.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде журналистиканың екі түрі бол-ды: 1) бұқаралық журналистика (қоғамның төменгі сатысын-дағы қалың оқырманға арналған); 2) сапалық журналистика (басқарушы топтағы, зиялы қауым мен ауқатты адамдар үшін).
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоғысқан тұстарында радио мен теледидар ойлап табылды. ХХ ғасырдың 20-шы жылда-рында радио, ал 40-шы жылдарында теледидар маңызды бұқа-ралық ақпарат құралдарына айналды.
Бұдан кейін ХХ ғасырдың аяқ тұсында цифрлық жазбалар мен кабелдік және космостық байланыс арқылы хабар тарата-тын электронды-компьютерлік құралдардың түрлі формалары жаппай қолданысқа енді.
Сонымен қазіргі заманғы журналистика, қоғамдық маңыз-ды мәселелерді қозғайтын публицистика, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі-бірнеше ғасырлардағы адамзат ақыл-ойының жемісі. Шартты түрде жалпы журналистиканың пайда болуы мен дамуын төрт кезеңге бөлуге болады:
Журналистиканың ауызша сөйлеу түрлері кезеңі.
Журналистиканың алғашқы жазба түрлері кезеңі.
Тексті көшірудің техникалық құралдары және суреттік, дыбыс, бейнематериалдар кезеңі.
Электронды-компьютерлік құралдар кезеңі.
Достарыңызбен бөлісу: |