Публицистикалық шығармашылық негіздері


«Түркістан уалаятының газетінде



жүктеу 2,01 Mb.
бет7/25
Дата09.01.2020
өлшемі2,01 Mb.
#26118
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   25

«Түркістан уалаятының газетінде»

публицистиканың қалыптасуы
“Көсем сөз күндегі мәселе жайын сөйлейтін сөз болған соң, кезіндегі шығып тұрған газет-журнал жүзінде шығады” [1, 224 б.], – деген А.Байтұрсынов тұжырымына байыппен қарайтын болсақ, біздің әңгімемізге өзек болып отырған публицистика мерзімді баспасөз бетінде жарық көргеннен кейін ғана өз күшіне енеді. Ежелгі көне жазба ескерткіштерде, фольклорда, батырлар жырында, шешендік сөздерде, ақын-жыраулар поэзиясында публицистикалық белгілер ғана бар және көпшілікке публицистикалық ықпал етудің көріністері бар. Ал публицистикада ой оқырманға ашық түрде ұсынылады. Публицистика газет-журнал бетінде жарияланғанда ғана, өзінің әсер ету функциясын толық атқара алады. Біз сөз етіп отырған публицистиканың өзіндік шығу тарихы, өсу, даму жолдары бар. Мәселен, Ресейде публицистика баспасөз бетінде көрініс тапқан кезінен бастап пайда болды деген ғылыми тұжырымдар орныққан. Орыс зерттеушісі В.Ученова 1702 жылы алғашқы орыс газеті “Ведомости” шыққан кезден бастап баспасөз бен публицистиканың қосылу процесі жүзеге асқандығына назар аударады [90, 145 б.]. Публицистика жанрларының даму эволюциясы да осы алғашқы газеттерден көрініс тапқандығы дәлелденген.

Ал ХVІІІ ғасырда сатиралық журналдардың шығуына байланысты Ресейде публицистика жаңа творчество түрі ретін-де қарқынды қалыпта дами бастаған. Кантемирдің, Новиков-тың, Радищевтің нағыз публицистикалық туындылары алғаш сол журналдар бетінде көрініс тапқан.

Қазақ публицистикасы жаңа түр, жаңа сипат, жаңа саяси маңыз алып тарих аренасына шыққан кез – ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысы болып саналады. Мұны қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Х.Н.Бекхожин да құптаған [40, 240 б.]. Ал профессор Т.С.Амандосов болса: “Түркістан уалаяты” (1870-1882), “Дала уалаяты” (1888-1902), “Торғай газеті” (1895-1910) газеттері және “Айқап” журналы (1911-1915) қазақтың демократиялық бағыттағы публицистикасының дамуына және қалыптасуына едәуір әсер етті. Бұл газеттер мен журналдарда істеген прогрессивті бағыттағы қазақ оқығандары ана тіліміздегі публицистика жанрларының пайда болуы, оның дамуы жолында жемісті еңбек етті” [66, 138 б.], – деп атап көрсетті. “ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ әдеби тілі” деген мақаласында Р.Сыздықова “…бұл газет (“Дала уалаяты-ның газеті” – Б.Ж.) қазақ тілі дамуын зерттеуде екі жақтан қызғылықты болып шығады: 1) публицистика – баспасөз стилінің алғашқы үлгілерін байқауда; 2) осы стиль және көркем проза стилі бойынша тұңғыш аударма тәжірибелерін бақылауда” [118, 20 б.], – деген тұжырым айтты. Профессор Б.Кенжебаев та қазақ баспасөзінің тарихына байланысты көптеген ойлар білдіріп, алғашқы қазақ басылымдарында прогрессивті – демократиялық ой бой көрсеткеніне баса назар аударды [119]. Алғашқы қазақ басылымдарының бірі – “Айқап” журналындағы қоғамдық-саяси көзқарастардың жалпы қазақ ойының өрістеуіне тигізген әсерін академик С.З.Зиманов өз еңбегінде жан-жақты дәлелдеп берді [120]. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы идеялық-саяси ағымдарды көрсету барысында ғалым Қ.Бей-сембиев те баспасөз айнасына жүгінді [121]. Ал экономист ғалым Д.Қабдиев “Қазақстандағы экономикалық ойдың шаруа-демократиялық бағытының өкілдері 1911-1915 жылдары шық-қан “Айқап” журналының төңірегіне топтасқандығын” [122], – ашып, ажырата зерттеу объектісіне айналдырды. Қазақстанның революцияға дейінгі историографиясын (тарихтың жазылуын) зерттеген профессор Д.И.Дулатова да екі ғасыр тоғысындағы газет-журналдардың тарихи ойды қалыптастырудағы орны мен рөліне ерекше тоқталады [123].

Сонымен Қазақстанда публицистиканың қалыптасу кезеңі 1870 жылы “Түркістан уалаятының газеті” шығуымен тұспа-тұс келеді. Өйткені, “Түркістан уалаятының газеті” – қазақ топырағында туып, қазақ сахарасына алғаш тараған тұңғыш газет [124] еді. Патша өкіметі өз бұйрық-жарлықтарын қазақ тілінде жергілікті халық өкілдеріне жеткізу үшін қазақша газет шығаруды қажет етті. Сондай-ақ сол кездегі қазақ оқырмандарының ұлттық талаптарының бірі – ана тілінде газет шығару мәселесі болатын. 1968-1869 жылдардағы патша үкіметінің Уақытша ережелеріне сәйкес Қазақстан территория-сы үш генерал-губернаторға бағындырылды. Ақмола және Семей облыстары Батыс Сибирь генерал-губернаторына, Орал және Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторына, Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан генерал-губернато-рына қарайтын болды. Түркістан генерал-губернаторы болып, генерал Константин Кауфман тағайындалды. Ол 1968 жылы Петерборға барған сапарында газет шығарудың қамына кірісті. Сөйтіп 1870 жылы 28-ші сәуірде (10-мамыр) Орта Азиядағы тұңғыш отаршыл орыс газеті “Туркестанские ведомости” жарық көрді. Сол газеттің қосымшасы қазақ және өзбек тілдерінде шығарыла бастады. “Түркістан уалаятының газетін” қазақ тілінде шығару – отаршылдық саясатты күшейту, патша жарлықтарын қазақтарға өз ана тілінде жеткізе отырып бағындыру мақсатынан туған еді. “Аталған “қосымша” Түркістан ведомостыларының редакциясына қаражат жағынан болмаса, басқа ешқандай қатысы болған жоқ. Осы жағдайда ол 13 жыл бойы, 1883 жылға дейін шығып тұрды. Газетті шыға-рушы басында генерал-губернатордың тілмашы Ибрагимов, ал кейін генерал-губернатор канцеляриясының тілмашы Чанышев болды…” [125, 127 б.].

Газеттің редакторы – Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов, ұлты – башқұрт, білімді, орыс тілін жетік меңгерген адам болған. Ол Шоқан Уалихановпен таныс, тіпті жақын дос бол-ған деген деректер де бар. Омбыда кадет корпусында оқыған. Шаһмардан Ибрагимов газет ісіне басшылық жасаумен бірге, қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинақтап, басылымның биресми бөлімінде ондаған ғылыми мақалаларын жариялады.

Газеттің мақсат-міндеті, бағыт-бағдары орыс тілінде шыққан “Түркестанские ведомости” басылымының алғашқы нөмірінде айқын көрініс тапты. Онда былай деп жазылған: “Біздің пайымдауымызша, Түркістан өлкесінің қазіргі әкімшілігінің міндеті мынандай: орыс өкіметіне бағынған халықтарды екінші мәрте жеңу. Бірақ оларды қара күшпен емес, ақыл-оймен және рухани басымдылықпен жеңіп шығу. Орыстардың Орта Азияға әкелген қоғамдық және әкімшілік құрылымы жергілікті жұрт бұған дейін бірнеше ғасырлар бойы тікелей мойынсұнып келген құрылымнан әлдеқайда жоғары және жемісті екендігін сезінуге мәжбүр ету. Бұл басымдылық бұратаналардың көз алдына жылдам және өздігінен айқындала салады деп күтіп отырмау керек. Ескі әдет-ғұрыптар өміршең, оларды түбегейлі жою үшін бірте-бірте әрекет жасау қажет. Бұратаналарды жаңаша ұғымдарға, жаңа өмірдің жағдайларына тәрбиелеу керек…” [126]. Сонымен патша өкіметінің отаршылдық саясатының түпкі мақсаты – жергілікті халықтың санасында өзгеріс жасауға бағытталды. Сол үшін де қазақ халқына түсінікті тілде газет шығару қолға алынған болатын.

Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші Х.Бекхожин “Түркі-стан уалаятының газетінің” нендей мақсатпен шыққандығын дәл айқындап берді: “Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлық-тарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.

Алайда патша үкіметінің екі жүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда мәдениеттің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті…” [40, 26 б.].

Бұл газет Ресейдегі түркі тілдес халықтардың да алғашқы басылымы еді. Татар оқығандары 1809 жылдан бастап 6-7 мәрте газет шығару мәселесін қойды. Бірақ империя әкімшілігі тарапынан рұқсат болмады. Татар тіліндегі мерзімді баспасөз тек 1905 жылы ғана жарыққа шықты. Әзірбайжан тілінде 1875 жылы, қырым татарлары тілінде 1883 жылы ғана газет шығарылды [127, 188-205 бб.].

“Түркістан уалаятының газеті” Түркістан генерал-губер-наторлығына қарайтын Жетісу, Сырдария қазақ облыстарына ғана емес, Ташкенттен шалғай жатқан Ақмола, Омбы, Семей, Көкшетау, Қызылжар, Қарқаралы уездеріне де тараған. Бұл газеттің таралымы туралы нақты деректер жоқ. Мұның өзі әр жылғы шығу реттілігінің өзгеріп отыруына байланысты. Өзі айына 4 рет шығарылатын газеттің 2-уі өзбек, 2-уі қазақ тілінде басылған. 1870 жылы барлығы 8 нөмір шығарылса, соның 5-еуі өзбек, 3-еуі қазақ тілінде басылған. 1875-1877 жылдары шығу тәртібі қалыпқа келіп, тіпті жоспарланған қазақша 24 нөмірдің орнына 33 нөмір жарық көрген. Сондықтан газеттің әр уақытта таралым саны әр түрлі болған. Мәселен 1877 жылғы бір нөмі-рінде газеттің өзбекшесін 440, ал қазақшасын 240 адам жаз-дырып алатындығы туралы ақпар берілген [ТУГ. 1877, №6]. Газеттің таралымы туралы табылған тағы бір мәліметте “міндетті жазылушылардың саны – 1332 адам” [128], – деп көрсетілген.

Газетте көбіне орысша нұсқадан аудармалар басылған, ал қазақ тілінде мақалаларды, көбіне редактор Шаһмардан Ибрагимов, сондай-ақ әдеби қызметкерлер Заманбек Шайхәлібеков, Жүсіп Қазыбеков, Хасан Жанышевтар жазған. Бір көңіл аударарлық нәрсе – материалдар авторлары көбіне көрсетілмейді. Ал сол қазақша нұсқалықты даярлау көбіне осы төрттіктің мойнына жүктелсе керек.

Газеттегі саясат тақырыбы – негізінен Ресей патшалығындағы мәселелерді қамтып отырды. Патша өкіметінің жарлық, бұйрықтары жергілікті тілге аударылып басылып отырды. Сондай-ақ шет ел туралы мақала, хабарлар да Ресей өкіметінің сыртқы саясаты тұрғысынан жазылып отырды. Әсіресе Орта Азияға шет елдіктердің қызығушылығы туып, орыс әскерлері түбегейлі бағындырғаннан кейін де Ресей өзінің геосаяси ықпалдылығын арттыру ниетінде болды. Сол үшін де көршілес Қытай, Ауғанстан мемлекеттерімен қарым-қатынас, орыс-түрік соғысындағы жағдай туралы хабарлар жарияланып тұрды. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтары қазақ жеріне үстемдік орнатып, кейіннен Ресей 1867-1868, 1873 жылдары ол хандықтарда дипломатиялық әдіспен, әскери күшпен жаңа әкімшілік-саяси басқару құрылымын түзді. Газеттің 1871 жылғы бір нөмірінде: “Қазалы мен Ақмешіттен Сырдарияның арғы жағына көшіп жүретін қазақтарға биыл тағы да шабуыл жасамас па екен… Хиуадан қазақ ішіне үлкен қол шығайын деп жатыр деседі. Хиуаның ханы қазақтардың ұн, астық алып кетуін тоқтатып, қазақ өзінің малынан өнген сілемін мұнда беретін болса ғана астық беремін – депті. Хиуаның осындай озбырлық әрекеттеріне қазақ елін қорғауға, орыстан екі топ әскер шығарылды” [ТУГ. 1871, №3],– деген шағын хабар жариялады.

Газетте жарық көрген материалдарда ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі саяси ахуал, сол кезде өмір сүрген нақты шенді адамдар есімдері көрсетіліп тұрған. Мұның өзі ертеде жария-ланған хабар-ошардың жылдар өте келе публицистикалық деректілігінің құнды бола түсетіндігінің айғағы. Мысалы: “Түркістан жұртының генерал-губернаторы генерал-адъютант Қоқан жұртының ханы Құдияр хан Қожент қаласынан шығып, сегізінші ауғүсте Ташкент қаласына келіп, генерал-губернаторға көрісіп, бір қатынын және екі қызметші қатынды, және өзіне қараған атақты адамдарынан Атабек датқаны, молда Мағрифты және біраз өзге адамдарын өзімен бірге алып, Петербургке бармақ үшін 12-інші ауғұсте Ташкенттен Қоқан арбасымен шығып, Орынбор қаласына қарап жөнеліп кетті. Түркістан генерал-губернаторының бұйрығыменен Владислав төре және тілмаш Сейфуллин бұл ханменен бірге кетті” [ТУГ. 1872, 28 август, №21], – деген хабарда бірнеше адамның аты аталады. Әрі мұнда сол кездегі Ресей мен Қоқан хандығы арасындағы қарым-қатынас көрініс тапқан. Қысқа есеп жанрына келетін бұл материал бар болғаны екі-ақ сөйлемнен құрылған. Бірінші сөйлем соншалықты шұбалаңқы, ауыз екі әңгіме түріндегі ұзақ баяндау болып кеткен. Бұл алғашқы басылымның тілі мен стилінің бір өзгешелігін аңғартса керек. Ол кезде бүгінгідей қалыптасқан баспасөз стилі жоқ. Бірақ бәрі де содан басталған.

Ақпаратқа түсініктеме берудің алғашқы нұсқалары да тұңғыш газет бетінен көрініс тапқан. Қоқан тақырыбына жазылған тағы бір ақпаратқа былайша түсініктеме беріледі: “Осы күні Қоқан жұртының бұзықшылық қылып жүрген адамдардың біразы орыс жұртының қоластына қараған жерге залал қылмақшы болып құрама оязына қараған Абылық деген қышлақты. Келген мезгілде бұл Абылықтың болысына бесінші ауғұсте (Сүмбіледе) өзінің әкімі хабар беріпті. Сол себепті Түркістан жұртының генерал-губернаторының бұйрығы бойынша Сырдария облысының уайенной губернаторы генерал-лейтенант Головощов бір бөлік әскерменен әлгі Абылық деген қышлаққа қарап жөнеліп кетті. Уайннай губернатор генерал-лейтенант Головощовтен он бірінші ауғұсте келген хабар” [ТУГ. 1875, 28 август, №21] – деп, әрі қарай сол ақпардың негізгі мазмұны басылады. Онда: “Қоқан жақтан дуан асып орұс жұртына қараған жерді талан-тараж қылмақ үшін келген шамалы адамдар Асанкерен деген жерге келіп жатқан кезде, генерал-лейтенант Головощовтың әскері оларменен ұрысып, жеңіп, олардың көп адамдарын қуып, жойып, өлтіріпті. Бұл бұзықшылық салып жүрген адамдардың қалғаны Қоқан жаққа қашып кетіпті. Бұлардың артынан біраз атты әскер бірталай жерге шейін қуып барып қайтыпты. Сүйтіп, біздің әскерге ешбір залал болған жоқ” [ТУГ. 1875, 28 август, №21], – деп басылған.

Біздің әскер деген – орыс әскері екендігі түсінікті жайт.

1871 жылғы Париж Коммунасы туралы хабар орыс басы-лымдарынан көшіріліп басылды. Бұл хабарда: “Версальдағы француз үкіметінің әскері мен Париждің разы болмаған жұрты (революцияшылдар) соғыс қылыпты” [ТУГ. 1871, №6], – деп жазылды.

Бұл туралы профессор Х.Бекхожин: “Дүние жүзілік маңыз-ды оқиға Париж Коммунасының құрылуы туралы хабарды “Түркістан уалаяты” орталық газеттен көшіріп басты… Бірақ олардың буржуазияға қарсы ерлік күресі, пролетариат диктатурасын орнатқаны бұрмаланып көрсетілген. Соның салдарынан “бұзық, тонағыш етіп көрсетуге тырысқан”, – деген қорытынды жасайды [40, 30 б.].

1877-1878 жылғы орыс-түрік соғысы туралы “Россияның түрікпен соғысы”, “Россия әскерлерінің түрік қолдарын жеңуі” деген сияқты халықаралық тақырыпқа мақалалар жарияланды.

Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірбаяндық деректері, қызмет жолы, ағартушылық қызметі, оның зираты хақында мағлұмат беретін тұңғыш тарихи портреттік очерктің алғашқы нұсқалары да осы газет бетінде басылды [ТУГ. 1872, 21 январь, №2].

Онда былай делінген: “Шоқан Шыңғысұлы сұлтан баласы Уәлихановтың моласына барды… Моласы күйдірілген кірпіш-тен салыныпты. Сөйтсе де жаман екен, бес-алты жылда бұзы-лып қалатұғын. Дүниеден көшкен Уәлихановтың сүйегін қа-дірлеп, сыйламақ үшін және орыс-қазақтың есінен шықпасты-ғы үшін генерал-губернатор генерал-адъютант фон Кауфман құлпытас даярламаққа бұйрық қылды. Ол таста молаға кім қойылғаны, неге мұнша қадірлі, сыйлы болғандығы жазылады. Ол тасты Алматыдағы асқан ұстаға тез уақытта даяр қылып жеткізіп бермекке бұйрық қылды” [ТУГ. 1870, №3].

Шоқанның есімін мәңгі есте қалдыруға орыс губернаторы-ның өзі белсене ат салысқаны көп жайтты аңғартса керек. Ал газетте екі мәрте Шоқан жайлы жазылуын көзі тірісінде дос болған редактор Ш.Ибрагимовтің өнегелі ісі ретінде бағалауы-мыз қажет.

Әйгілі хан тұқымы, полковник Тезек төренің дүниеден қайтқаны туралы да хабар жарияланды [ТУГ. 1878, 1 сентябрь, №23].

“Түркістан уалаятының газетіндегі” жарияланымдар бір-неше тұрақты айдарлармен беріліп отырды. Соның ішінде бірсыпыра хабарлар орыс газеттерінен аударылып басылды. Мәселен “Мәлім-нама”, “Әр түрлі хабар”, “Тіліграф”, “Ығлам-нама”, “Орыс газетінде жазыпты”, “Газеттерде жазыпты” деген айдарлармен орыс баспасөзінің кейбір жаңалықтары жүйелі түрде аударма түрінде көшіріліп, беріліп тұрған. “Ыстанбол хабары”, “Газеттен алған сөз”, “Ығлам” айдарлары да сондай сипатта болды.

Түркістан өлкесіндегі ішкі жаңалықтарға да баса назар аударылып отырды. Оларда қазақ елді мекендеріндегі түтін саны, әлеуметтік ахуал туралы нақты деректер де кездеседі. Бір хабарда: “Қазалы оязы 1828-інші жылда Жанкісі штат құрылғанда он екі мыңнан артығырақ үй деп есеп болып еді. Енді бұл күнде Үргеніштен, Қоңыраттан, Бохардан, біраз оязынан халқы келіп, ту мал көбейіп, осы жыл тоғыз мың үш жүз алпыс сегіз үйден толып отыр” [ТУГ. 1876, 28 сентябрь, №25] – деп жазылыпты.

Заметкалар негізінен Ташкент, Ферғана өлкесінен, Қоқан қаласынан да жазылып тұрған.

1876 жылғы тігінділерді ақтарғанда, байқағанымыз – газетке Ісмақ, Жүсіпбашы Қаралұғлы деген авторлар жиі жазған. Мәселен заметканың соңына “Иазушы Ісмақ” немесе “Иазғушы Йусуфбашы Қаралоғлы” деп қол қойып отырған.

“Түркістан уалаятының газетінің” басты өзгешелігі – негізінен ақпараттардан тұратын газет. Сондықтан алғашқы қазақ газетінде ақпараттық публицистиканың түрлі пішіндері қалыптасты. Очерк, сұхбат, шағын мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Негізінен Түркістан губерниясының жаңалықтары, губернаторлар, генерал-лейтенант Колпаковскийдің, генерал-адьютант фон Кауфманның іссапармен қайда барғаны жөнінде әр түрлі айдарлармен қысқа есептер, тақырыпсыз, авторсыз, редакциялық заметкалар жиі беріліп тұрған. Орыс газеттерінен шолу ретінде қысқаша жаңалықтар топтастырылып беріліп, жүйелі түрде аударылып отырған. Сондай мысалдардың бірі генерал Черняевтің іссапары туралы берілген. Мәселен, “Сербский жұртына барып, ондағы әскерге бас болып, халқыменен соғыс қылып жүрген генерал Черняев 27-інші октябрьде Белград қаласына келіп, ондан Расие жұртына қайтады деп хабарлайды орыс газеттері” [ТУГ. 1876, 25 октябрь, №28], – деген ақпарат бар.

Отаршылдық саясаты жергілікті халық өкілдерін марапаттау арқылы да елдің бетін өзіне бұрып отырды. Соған дәлел ретінде мына бір хабарды мысалға келтіруге болады: “Жетісу облысының оянный (военный-әскери – Б.Ж.) губернаторының көрсетуі бойынша Сергиополь оязының қазағы, Ақшәулі елінің Томарбай Бейбіт баласына генерал-губернатор кішкене күміс медаль берді тілмаш боп қызмет қылғаны үшін” [ТУГ. 1876, 25 октябрь, №28].

Орыс газеттерінен кейбір ақпаратты аударған адамдардың аты-жөні, өте сирек болса да беріліп тұрған. Мысалы “Ығламнама” айдарымен берген хабардың соңына “Тәржіман Батыршин” деп қол қойылыпты [ТУГ. 1875, 21 май, №12].

Қазақ тілінде шыққан алғашқы газетте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы, олардың шығармалары туралы да мағлұматтар жолығады. Мәселен, газеттің 1875 жылғы бір нөмірінде Мәделіқожа ақынның өлеңі басылыпты. Өлең тексінің басында: “Шымкент оязына қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария облысының уайыннай (әскери – Б.Ж.) губернаторы У.Калауашевтің Хиуаға барғаны тақырыпты шығарған өлеңі” [ТУГ. 1875, 25 июль, №18]. – деп жазылыпты.

“Түркістан уалаяты газетінің” 1875 жылғы нөмірлерінде “Газет шығарғышы Шаммұрад Ибраһимов” деп жазылған [ТУГ. 1876, 4 август, №6]. Бұған дейінгі деректердің бәрінде де Ибрагимов есімі “Шагимардан”, “Шахмардан” болып жазылып келді. Орыс миссионері А.Е.Алекторов Ибрагимовтың қайтыс болуына арнап жазған мақаласында былай депті: “действи-тельный статский советник Ш.М.Ибрагимов был консулом в Джедде, где и умер в 1891 г. Назначение его консулом состоялось в 1890 году. Кончина этого сравнительно еще молодого, энергичного человека, на которого возлагалось много надежд и русскими и мусульманами, произвела удручающее впечатление на всех, кто знал и уважал Шагимардана Мирясовича Ибрагимова” [129, с. 358] деп жазыпты. Зерттеуші Б.Әбілқасымов та газетті шығарушы есімін Шагимардан деп келтіреді. Ол: “Шагимардан Мирясович Ибрагимов (1841-1891) Ш.Уәлихановтың жақын достарының бірі болған, ұлты – башқұр, көп жылдар бойы Петербургта, Ташкентте тұрып, тілмаштық қызмет атқарған. Әуелі коллежский советник, кейін статский советник чинін алған адам. 1881 жылы Қашқарға, кейін араб елдеріне консул болып кеткен” [130, 8-9 бб.] – деп жазады. Қ.Н.Бекхожин, Ү.Сұхбанбердина т.б. еңбектерінде де газет редакторы есімі “Ш.М.Ибрагимов” деп қана көрсетіледі. Газеттің әр жылғы нөмірлеріне қойған қолын айқындай отырып, Ибрагимов есімі “Шахмардан” емес, “Шаммұрат” па екен деп қалдық. Ол өзі жазған мақалаларының соңына да “жазушы Шаммурат” деп қол қойып отырған.

Ал газеттің 1875, 1876 жылғы нөмірлерінде “Шәһрат Ибрагимов” деп те қол қойылған. Кейбір мақалаларда “Шаһмардан төре” деген де автор кездеседі. Ибрагимов есімін айқындау үшін әлі де қосымша архивтік құжаттар керектігі ойландырды.

Басылымның 1875 жылғы нөмірлерінде ұзақ бір жарияла-нымды кездестірдік. Көлемі жағынан, мазмұндық тұрғыдан жолсапар очеркіне ұқсас. Айта кетерлік бір жайт – мұнда үтір, нүкте, жалпы тыныс белгісі атаулы мүлдем жоқ. Сондықтан сөйлемдер арасын ажырату өте қиын.

Шығарманың жолжазба екендігін – “Біздің газетті алып тұрған бір адам өзінің жолаушы жүргенде басынан өткенін газетке жазып шығармақ болып біздерге жазып жіберіпті” [ТУГ. 1875, №20], – деген бастауынан-ақ аңғаруға болады. “Жазып жіберген кісі – Ташкентлік Мірмұхамет деген” [ТУГ. 1875, №20] – деп авторы да айқын көрсетіледі. Одан әрі оқиға сол Мірмұхамет атынан баян етіледі. “Мұнан бұрын бірталай жыл тұсында Мірмұхамет деген бір адам Ташкент қаласынан әртүрлі қазақ қолы мал алып, керуеншіден Түркістан қаласына барып, онан және қазақ қолы мал алып, он жігіті түйеге мал артып, үш ат, үш қосшысына жалғыз бас болып Қызылжар қаласына қарап жөнепті. Керуеннің әдеті – бір қаладан жолға шығарында қос адамдары мұнан ілгері жөнелтіп жіберіп, саудагерлерінің өздері екі-үш күн тұрып, қосының артынан кейін барады. Бұл Мірмұхамет те әлгідей қос ілгері жөнелтіп жіберіп, өзі бір әншіменен қосының артынан барамын деп Түркістан қаласында қалыпты” [ТУГ. 1875, №20]. Мұнан әрі сол Мірмұхамет атты кейіпкердің жол бойы көрген істері баяндалады. Әсіресе оның Сайдалы елінің Қожамжар атты байының ауылына барғандағы көрген-білгендері, Зәңгі ауы-лына келіп түскендегі қазақ қонақжайлығы, малға қараған қазақ ауылының кейпі шынайы көрсетіледі.

Кешке таман малының алдынан шыққан Қожамжар бай келген кездегі тұтас эпизод – жолжазбаның көне қазақ тұрмысын айна-қатесіз көз алдыңызға әкелетінінің дәлелі. Бұл газетте былайша суреттеледі:

“Есік алдында отырған ауылдың бозбалалары “ал, Қожамжар бай келді, есік ашшы, есік аш”, – деп отырған орнынан тұра келісті. Қожамжар бай есіктен кірген соң біздер де орнымыздан тұрып “бай, жоғары шығыңыз” деп қарсылап, көрпенің үстіне отырғызып, Қожамжар амандасып “әмсе жолың болсын” – деді. “Айтқаныңыз келсін” деген соң Қожамжар бай біздіңменен біраз шай ішіп отырып “биыл қыс қалай болады екен, есепшілер не айтады” деп бізден хабар сұрады. Біз “білмейміз, естісе, мұнадар естіген шығар” деп қазақ қосшыдарымызды көрсеттік. Қожамжар бай олардан “естіген, білгеніңіз бар ма, қар жақында жауар ма екен” деп сұрады. Олардың әрқайсысы естіген, білгенін айтып, “бәлен күні қар жауады, бәлен күні боран болады” деп жауап берісіп, және қойдың күйегін он күн кеш алады екен, және жылқыдарын Нұра бойында сақтамайынша шөпке айдайды екен десті. Сонан соң Қожамжар бай шай ішіп болып, дастарқанды менім қосшыдарым жинап алған кезде екі кесек қант және біраз мейізді дастарқаннан алып “бір кішкене балам бар, ол алдымнан жүгіріп шығар, мұны соған беремін” деп қойнына салып, біздерменен амандасып, өз үйіне қайтып кетті…” [ТУГ. 1875, №20]. Жалпы жолжазбаны очерктің бір түрі ретінде қарастырсақ, очерктің өзі публицистиканың көркем жанрына жататындығы теориядан белгілі. Очерк жанры туралы әр кезде әр түрлі байламдар айтылып келді. Ал сол әр тұжырым очерктің әр қырын ашып көрсететін сияқты. Мысалдар келтірейік: “Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтылығымен ерекшеленеді, яғни очеркте белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болған адамдар” [131, 102 б.]. Біз мысалға алып отырған жоғарыдағы шығармада да публицистиканың бір жанры очеркке тән дәл сондай белгілер көптеп кездеседі. Мәселен, баяндаушы ташкенттік Мірмұхамед, Сайдалы еліндегі Қожамжар бай, Алтай ішіндегі Аралбай атанатын, Өтебай – Құсбай ауылының адамы Наурызбай, Қаратау қазағы – бес тамғалы Сапақ, қосшы Қабылбек, т.б. кейіпкерлер – өмірде болған адамдар екендігіне шүбә келтірмейміз.

“Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен әртүрлі суреттер арқылы шебер тартымды бейнеленуі тиіс” [132, 322 б.] немесе “Көркем-публицистикалық жанрлардың бір түрі – көркем очерк. Бұл жанр өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын “сурет” салып береді” [31, 241 б.], – деген теориялық ұстанымдарда көрсетілген белгілерді “Түркістан уалаятының газетіндегі” әлгі жолжазбадан кезіктіруге болады. Жалпы очерк туралы ойлар көп. Сол жанрдың тамыры тереңде жатқан бір түрі – жолсапар очеркі. Ол туралы: “Саяхат – бұл өзі ішінара роман, ішінара анекдоттар жинағы, ішінара тарих, ішінара саясат, ішінара жаратылыстану” [133, 322 б.], – деп тұжырымдады Н.Г.Чернышевский. Жолсапар очеркінің алғашқы жолдарында саяхаттың басталуы туралы сөз болады. Бұдан әрі дәстүрлі түрде сапарнамадағы баяндау бір жүйелілікпен жалғасады. Мұнда екі әлемнің қатыстырылуы да қалыптасқан шарт. Оның біріншісі – “мен” (саяхатшы) және екіншісі – мен арқылы танылатын “сыртқы әлем”. Дәл осы белгілердің бәрін де біз талдап отырған газеттегі жолжазбадан кезіктіруге әбден болады.

Жолжазбадағы:

“…Қызметшідерім қазан асып, ет менен сорпа жылытып, әуре болып жатқанда, мен Наурызбайға қарап: “Нәу-әка, сіздерді Сапақ қалайша талап алды?” деп сұрадым. Сонда тұрып Наурызбай айтты: “Шуға шек аман-есен келіп еді, Шу бойына жетіп, Бекер көлінің жағасына барып түсіп, алдыңғы келген түйедеріміздің жүгін түсіріп жатқан кезде керуеніміздің ішінде кейбір адамдарымыз “Бекер көлінің жоғарғы жағында көп кісінің қарасы көрінеді” десті. Сонан соң біздер бәріміз де тұрып қарадық. Біреудеріміз “бұл аң аулап жүрген мерген-шідер шығар”, кейбіреуіміз “осы қарасы көрінген адамдар барымташы шығар” десті. Сонда тұрып қайсыбіреудеріміз “бұл заманда тыныштық қой, жалғыз-жарым жолаушыдар жүріп, жаны көп оқтыдан бірі керуен талады деген қабар естігеніміз жоқ” деді. Және біреудеріміз тұрып “бұл Арқадан Қаратауға азық алмақ үшін келе жатқан керуенші шығар” десті. Сол арада кейін қалған түйедеріміздің алдына кісі жіберген едік, ол түйедеріміз де келіп жеткен мезгілде манағы аттыдан қарасы көрінген адамдар бізге таман жақындап-ақ қонды. Біздің керуеніміздің бастық адамдары әр қосқа қабар беріп, “бол, келе жатқан адамдардың ел, жау екенін абдан анықтап білгенше малдарыңызды отқа жібермей, байлап-матап қойыңыз” деді. Әлгі келе жатқан адамдар бізге жақын келген соң байқап қарасақ, бұл кісілердің әрқайсысының қолында найза және бөлек қару-жарақтары бар екен. Бұлар біздерге қарап жақын келген соң дауыстап “Сіз, кім боласыз” деп біздерден сұрады. Сонда біз тұрып “Арқадағы елдің базаршы және кірешідеріміз” дедік…” /ТУГ. 1875, №20/. Міне осы жоғарыда келтірілген үзінділерден ертедегі қазақ халқының мал баққан, мал өсірген қалпы, көшпелі тұрмысы, оңтүстіктен солтүстікке, Арқадан Қаратауға жол салып мал саудалаған-дығы, ауа райына көп мән бергендігі, барымташылық пен мал үшін жанжалдасу, әңгімеге зор мән беретін қазақ табиғаты мен ел тұрмысы, қоңырқай тіршілігі түп-түгел көрініс береді. Әлде бір уақытта баяндаушының әңгіме желісінің ішіне еніп кетіп, сол көне заманда жүргендей сезінетін кезің де болады. Мұнан шығатын қорытынды жалғыз-ақ – ол “Түркістан уалаятының газеті” бетіндегі әлгі жолжазбаны – публицистиканың жолсапар очеркі жанрының алғашқы көріністерінің бірі ретінде атауға болады.

“Түркістан уалаяты газетінің” 1875, 1876 жылғы нөмір-лерінде Шамдолла Бекметов деген автор араласып тұрған. Сондай-ақ Шаһмардан төре, Сұлтан атты авторлар есімі де жиі кездеседі. Ал кейбір хабар, заметкалар авторы көрсетілмей беріле салады. Соның бірінде: “Семей облысына қараған Қарқаралы оязының қазағы Телжігіт Мырзабай баласы өз әкімдерінен лұқсат алмай Түркістан жұртына келіпті. Сол сыпатты Семей облос мекемесінің сұрауыменен Жетісу облысының убийыннай губернаторының істерін басқарып тұрғушы өзіне қараған ояз бастықтарына бұйрық қылады. Егерім Мырзабай баласы қолға түсе қалса, кідірмей Қарқаралы оязына ұстап жіберіңіз деп” /ТУГ. 1875, 8 декабрь, №30/,– осылайша жазылыпты. Бұл хабардан сол кездегі қазақ даласындағы әскери тәртіптің қаталдығын, жергілікті жұрттың патша өкіметінің уысында болғандығын көре аламыз. Газет бетінде жарық көрген шағын заметканың өзі – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласында орнаған саяси-әлеуметтік құрылымды, отаршылдық саясаттың қазақ халқын қыспаққа алғандығынан хабардар етеді.

Қазақ тіліндегі алғашқы газеттегі басты ерекшелік – сол кезде болған оқиғалар, өмірде орын алған фактілер қысқа түрде хабарланып отырды. Ағымдағы оқиғалардың жедел жеткізілетін хроникалық сипаты басым болды. Мұның өзі хроникалық түрдегі ақпараттық заметканың – публицисти-каның ең көне жанры ретінде қалыптасқандығын айғақтайды. Газеттегі “Мәлімнама” айдарымен 1-бетте көбінесе Түркістан генерал-губернаторының қызметі, істеген ісі, шығарған бұйрығы, жүрген сапары, тағы басқа барлық жұмысы жүйелі түрде хабарланып тұрған. Газеттің 1-беті тұтасымен ресми бет болғандығын да айта кеткен жөн. Әсіресе, “Түркістан генерал-губернаторының бұйрықтары” деген айдардың тұрақты берілуінің өзі – газеттің басты мақсат-мүддесін көрсетіп тұр. Сол айдармен берілген алғашқы хабарлардың бірінің ұзын-ырғасы мынандай: “Түркістан генерал-губернаторының бұйрығы бойынша Ташкент шаһарында қазақша, сартша тілде Түркістан газеті баспа болып шығады. Бір жылдың шінде жиырма төрт (қағаз) нөмірден кем шықпайды. Көп шыққанда отыз алты нөмір шықса керек. Бағасы бір жылға екі сом отыз тиын. Қоқан тәнкесіне он бір жарым тәнке болады. Газет алмақты қалаған адам ақшасын Ташкенттегі редақсие деген мекемеге тапсырсын. Өзге шаһардың адамы ақшасын поштаменен жіберіп, қай қалада, қай болыста, қай ауылда тұрғанын анықтап хатқа жазып жіберсін” /ТУГ. 1872, 29 январь, №2/. Газеттегі хабарлар негізінен сол кездегі нақты деректерге құрылады. Жоғарыдағы шағын ақпарда газеттің қай тілдерде шығатындығы, оның мерзімділігі, жазылу бағасы айқын көрсетілген. Осы жылғы 13-февральдағы санында Жетісу военный губернаторының бұйрығымен Суан елінің билеушісі орнынан алынғаны айтылады /ТУГ. 1872, №3/

“Түркістан уалаяты газетінің” 1872 жылғы 30 марттағы нөмірінде патша императордың 1866 жылғы ескі қағаз ақшаның орнына жаңа ақша шығарғаны туралы, енді жаңадан 1 және 3 сомдық (купюра) қағаз ақша шыққаны, оның ескіге ұқсамайтыны, ал ескісі енді қолданысқа жарамайтыны баяндалады /ТУГ. 1872, 30 март, №5/.

Газет бетінде генерал-губернатордың бұйрықтары, сапары туралы тәптіштеп жазылады. “Жетісу облысының уаянный губернаторының шығарған бұйрығы” деген жарияланымда: “Қожа қаласында сауда қылатұғын дау-жанжалдарын бітіріп тұруға Ташкент қаласының Әзизбай Мейрам баласы және молда Майзай дегенді би қылып қойды. Екінші, дүңгендер үшін Масан Мәдежан баласын би қылып қойды” /ТУГ. 1872, 28 июнь, №13/,– деп жазылған.

Тағы бірде 1-бетте: “Түркістан жұртының бас әкімі генерал-адъютант фон Кауфман өзіне тапсырған жұртының істері бойынша осы күнде Петерборг қаласында тұр” /ТУГ. 1872, 28 декабрь, №23/, – деп хабарланады.

Ал газеттің апрель, май, июнь айындағы сандарында Түркістан генерал-губернаторының Қашқар билеушісі Жақып-бекпен арақатынасы, губернатордың Жақыпбекке елші жібер-гені, оның адамдарының елшіні қарсылағаны, Түркістан мен Қашқар арасындағы қарым-қатынас 1-2-беттерде тәптіштеп жазылып отырған /ТУГ. 1872, №7, №14/.

Ал біраз уақыт өткеннен кейін Түркістан генерал-губернаторының Қашқардан Жақыпбектен келгені туралы хабарланады. Бұл хабарлар мен қысқа есептерден – Ресей патшалығының Түркістан мен Қашқар арасында байланысты күшейту арқылы жүзеге асырғысы келген геосаяси қызығушылығынан сыр аңғарамыз.

“Түркістан уалаяты газетінің” 1872 жылғы №17, 18, 22, 23, 24; 1873 жылғы №2, 7, 8, 9, 11, 17 нөмірлерінде Ермактың қазақты Сібірден қалай қуғаны, Сібірде соғысқаны, ақыр аяғында суға батып өлгені туралы ел ішінде тараған сөздер баян етілген. Бұл бір жағы тарихи-танымдық очерк іспеттес болғанымен, нақтылы ресми дерек-дәйектерге сүйеніп жазылмағандығы көрініп тұр. Бұл алғашқы газеттердің бәріне де тән кемшіліктердің бірі. Мәселен алғашқы орыс газеті “Ведомости” бетіндегі материалдарды талдап, таразылаған ғалым В.В.Ученованың: “Однако параллельно в содержании ранних газетных иданий значительное место принадлежало и малодостоверным или совсем не достоверным известиям. Как правило, подобные публикации оговаривались ссылкой на свидетельства отдельных лиц или сопроваждались ремаркой “по слухам” [134, 91 б.],– деген ойы біздің пікірімізді де бекіте түседі.

Бір айта кетерлік жайт – газетте өзге шет жұрттар өмір тарихынан сыр шертетін жарияланымдар да басылып тұрған. “Бұрынғы өткен Қызылбас патшаларының ішінен бір сөз айталық” деген тақырыппен Иран патшаларының тарихы жазылуы [ТУГ. 1872, 5 июль, №12]. Иван Грозныйдың, Строгановтың жаулаушылық тарихы кеңінен баяндалуы [ТУГ. 1872, 15 июль, №16], Сібір тарихы, Строганов, Ермак жаулаушылығы туралы көлемді тарихи очерктің басылуы [ТУГ. 1872, 30 июнь, №14] – соның дәлелі.

Газет бетінде биресми материалдар да басылады. Олардың кейбіреулеріндегі оқиға тым қарабайыр көрінеді. “Түркістан жұртына қараған жерде болған уақиға” деген шағын хабарда былай жазылған: “Осы жыл екінші ғинуарда Ташкент қаласының қазағы Өткелбай деген Рахым деген сартымен төбелесіп, Рахымды пышағымен салып қалыпты. Рахым жаралы болып өліпті” [ТУГ. 1872, 6 апрель, №7]. Бар болғаны осы – екі-ақ сөйлем ақпарат – қазіргі газеттерде жарияланып жүрген қылмыстық хрониканың бастауы деуге негіз бар. Газетте алыс, шалғай аймақтарда болған таңғажайып оқиғалар туралы да басылып тұрған. Биресми бөлімде жарық көрген мына бір шағын баян назар аудартады: “Март айының басында Перовскі оязында Шаған елінің қазағы Өсербай Қыстау дегеннің ауылға таң атқан кезде ертеменен бір жолбарыс келеді. Қыстау қатынының даусын етіп, қолына бір ағаш алып, жолбарысқа қарай жүгіреді. Барып жолбарыстың басына ағашпенен бір салып қалғанда, жолбарыс Қыстауды көтеріп алып астына салады. Сонда Қыстаудың айғайлаған даусын естіп, қоныстастары келіп, жолбарысты соғып алып, Қыстауды құтқарыпты. Жара болған жері қалған жоқ… Қыстау аз-ақ өлмей қалды” [ТУГ. 1872, 27 май, №11]. Міне осы оқиғаның болған жері, қалай болғаны, немен аяқталғаны аз сөзбен жұртқа жария етіледі. Газетті шығарушылар оқырманды қызықтыру мақсатында тосын жайттар, қылмысты оиғаларды да үзбей басып отырған.

“Түркістан уалаяты газетінің” 1872 жылғы 16-декабрьдегі санында 4-беттің соңында “Газет шығарушы Шаһмардан Ибрагимов” деген жазу бар [ТУГ. 1872, 16 декабрь, №22]. Жалпы Ибрагимовтың аты-жөні ноябрь айындағы нөмірден бастап көрсетіледі.

Газеттің 1872 жылғы нөмірлерінде “Мың бір түннің” үзінділері беріле бастайды. Мәселен, жаз айындағы санда-рында “Бір мың түндегі” ертегінің сөзі” деген қысқаша әңгімелер берілсе, қысқа қарай “Арап жұртының “Бір мың, бір түн” деп аталған ертегісі”, – деп 4-бетке тұтас ертегі басылған [ТУГ. 1872, 28 декабрь, №23].

Бұл туралы зерттеуші З.Тұрарбеков: “1870-1880 жылдарда қазақтың ұлттық жазба әдебиеті, публицистикасы жаңадан ғана бас көрсетіп, туып келе жатқан дәуір еді. Ол кезде халықтық фольклордың, этнографиялық туындылардың басым болғаны заңды құбылыс болатын-ды. Міне, осындай қазақтың қолтума шығармаларынан ақындар айтысын, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты фольклорлық нұсқаларды ел аузынан, жеке адамдардан жазып алып жариялау, “Мың бір түн” ертегілері, Т.Ермактың Сібірді бағындыруы жайындағы аңызды, араб жұртының ертегісін (1871, №24, 1872 ж. № 3,4), Кашмаровтың ертегісін (1873 ж. №14,15, 16, 25), патшаны сөзбен жеңген әйел туралы аңыз әңгімені (1875 ж. №4) және сондай ертегілер мен аңыздарды қазақ тіліне аударып басып шығару – “Түркістан уалаятының газеті” істеген игілікті істің бірі”, – деп атап көрсеткен [135, 79 б.].

Кейде газет бетінде алғыс пішініндегі шағын заметкалар да жарияланады. 1872 жылғы 13-мартта жарық көрген мына жарияланым қазақ даласына алғаш телеграф келе бастаған уақыттан хабар береді: “Алматыдағы оязный начальнигінің үлкен найыбы Жетісу облосының уайннай губернаторына хат жазып, мағлұм қылыпты. Телеграфқа керекті бөренелерден төрт жүз алпыс бөрене жетпеп еді. Сол себепті Алматыдағы көп адамдарға өздерінің жанынан беріңдер деп айтып едім, бұл сөзге саудагерлер өздерінің ризашылығыменен бөрене бергелі көнбепті олар. Бұл саудагерлердің ішінен жалғыз-ақ Семен Колькин деген көпес өзім жанымнан ризалығымменен отыз бөрене ғинуар айының жиырманшы күнінен қалдырмай жеткізіп беремін деп айтты. Бұл Колькин деген көпестің мұнша мақтауды қаласыменен Түркістан жұртында телеграф үшін берген бөренелері тақырыпты Семен Колькинге Жетісу облосының уайыннай губернаторы Алла разы болсын деп айтты” [ТУГ. 1872, 13 март, №4].

Мұнда телеграфқа керекті бөренелерді жеткізіп беруді қош көрген Колькин атты көпестің жақсы ісі өзгелерге өнеге түрінде көрініс табады. Заметка арқауындағы жалғыз дәйек осы. “Заметканың негізінде бір факті болады, я бір құбылыс пен жақсы бастама, не бір аяқталған жақсы іс туралы үн жатады. Соны газет өз оқушыларына асыға хабарлайды” [31, 161 б.], – деген теориялық тұжырым да бұл материалды жанрлық тұрғыдан айқындап бере алады.

Газет бетінде танымдық шағын мақалалар да басылып тұрған. Мәселен, “Неліктен дүниеде жыл болады?” [ТУГ. 1872, 15 ноябрь, №20] атты мақала газеттің орысша нұсқасынан аударылып басылғаны байқалады. Тағы бір сондай танымдық мақала да адам баласының жаратылысы, адамзаттың материалдық жағынан дамуына өркениеттің тигізген пайдасы хақында сөз болады [ТУГ. 1872, 12 апрель, №8]. Сол нөмірдің 3-бетінде “Дүние жүзінде орыс патшасына қараған жерінің үлкені” деген тақырыпта мақала басылған [ТУГ. 1872, 12 апрель, №8]. Бұл жарияланымдардың басым көпшілігінде автор көрсетілмейді. Соған қарағанда газетті шығарушы Ш. Ибрагимов өзі аудармашы, өзі редактор қызметін қоса атқарған. Ибрагимов шығарушы болған жылдары “Әр түрлі хабар” деген жаңа айдар пайда болады. Ол ара-тұра әр газеттің 3,4-беттерінде беріліп тұрған.

Басылымда діни тақырыпқа да назар аударылып тұрған. Мысалы: “Мұсылманның оразасы біздің есеп бойынша өткен октябрьдің жиырманшы, жұма күні басталған болса керек. Мейрам он тоғызыншы ноябрьде жексембі күні болады” [ТУГ. 1872, 4 декабрь, №21], – деген шағын хабарда көпшілікті имандылыққа шақырумен қоса, бұлдырлық та бар. Ал 1874 жылғы бір нөмірде Рамазан айына Ташкенттегі мұсылман жұртының әзірлігі айтылған [ТУГ. 1874, 12 ноябрь, №20].

“Түркістан уалаятының газетінде” Мырзашөлді игеруге байланысты көптеген мақала, хабарлар жарық көрді. Түркістан өлкесін отарлаған патша өкіметі Мырзашөл аймағына ерекше назар аударды. 1867-1872 жылдар аралығында Мырзашөл даласын зерттеуге арнайы ғылыми экспедициялар шығарылды. Ал 1871 жылы генерал-губернатор К.П. Кауфман Мырзашөлді аралап қайтқан соң, осы аймақты суландыратын арық салуға пәрмен берді [136, 18-19 бб.]. Бұл мәселеге патша өкіметінің ерекше назар аударғаны соншалық, Ташкентте шығатын “Туркестанские ведомости” газетінде осы тақырыпқа тұрақты түрде мақалалар жарияланып тұрды. Қазақ тілінде шыққан “Түркістан уалаятының газетінде” де Мырзашөлді игеру тақырыбына бірнеше хабарлар мен мақалалар арналды. Олардың көпшілігі орысша газеттен көшіріліп те басылды. Мәселен, “Шыназ бен Жызақтың арасындағы шөл” [ТУГ. 1872, 16 декабрь, №27], “Жызақ шөлін Сырдариядан арық қазып, суландыру” [ТУГ. 1876, 8 октябрь, №26], “Түркістан генерал-губернаторының бұйрығы бойынша үш жылдан бері Сырдың дариясынан су шығарып Жызақтың шөліне” [ТУГ. 1876, 30 ноябрь, №31], “Сырдария облысында Шыназ қаласы менен Жызақ қаласы” [ТУГ. 1877, 28 декабрь, №33], т.б. осындай тақырыбының өзі бір хабарға жүк боларлық көптеген мате-риалдар жарияланды. Негізгі мақсат – Мырзашөлді игерудің орыс империясына тигізетін пайдасын айқындау болатын.

Газеттің 1874 жылғы бір нөмірінде Мырзашөл тақыры-бына жазылған ақпарат “Әр түрлі хабар”айдарымен баслыпты. Онда; “Мырзашөлде Шыназ менен Жызақтың арасына арық шығармақ болған себепті арықтың шығара тұрған жолындағы жерде бұрма қылмақ үшін кәмесие болды” [ТУГ. 1874, 12 ноябрь, №20], – деп басталып, іскерлік ақпарат берілген. Жалпы Мырзашөлді игеру тақырыбы – “Түркістан уалаятының газетінде” жиі көрініс тапқан мәселенің бірі.

Газет қазақ әдебиетін насихаттауға да назар аударды. Бұл туралы профессор Х.Бекхожин: “Біз сөз етіп отырған газетте қазақтың сол кездегі, яғни жетпісінші жылдардағы Орынбай, Ораз, Досанбай, Майлықожа, Мәделіқожа сияқты көрнекті ақындарының шығармалары мен айтыстарының, қазақ ауыз әдебиеті мұраларының аз да болса басылып шығуы Алтынсарин Ыбырай мен Құнанбаев Абай негізін сала бастаған жаңа жазба әдебиетіміздің қалыптасуына себебін тигізді дей аламыз” [40, 33 б.], – деп жазды. Шын мәнінде Мәделіқожа жырларының /ТУГ. 1875, №17-19/, Досанбай ақын өлеңінің /ТУГ. 1878, 9 октябрь, №26/, Салық Бабажановтың қазақ мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын жинап бастыруы /ТУГ. 1875, №19/, Қарақалпақтың әйгілі ақыны Әжінияз бен қазақ қызы Кәмештің айтысы /ТУГ. 1875, №19/, т.б. әдеби нұсқалардың жариялануы алғашқы қазақ газетінің әдебиет насихатшысы болғандығына айқын дәлел бола алады.

Тағы бір аңғарғанымыз – жарияланымдардың көбі көшіріліп басылғанымен қатар, жанрлық тұрғыдан заметканың үлесі басым. Сондай-ақ “Орыс газеттері жазыпты” деген айдармен 1872 жылғы газет нөмірлерінде Ресейде шығатын басылымдарға шолу жасалып тұрған. Бұл алғашқы қазақ газе-тіндегі – публицистиканың шолу жанрының туып, қалыптас-қандығына айғақ бола алады. Осы тұста ғалым Т.Амандосов-тың: “Газет пен журналдардың жеке нөмірлері немесе оларда жарияланған кейбір материалдар талданады, оған баға беріледі. Бұл талдамалы жанрдың бір түрі – шолу болады… Баспасөзге шолу – газеттеріміз бен журналдарымыздағы бастаманы, онда-ғы материалдардың жаңа бір сипатын іліп алып, жұртшылық қауымына тарату ісінде публицистиканың ебдейлі жанры болып табылады”, – деген тұжырымы еске түседі [31, 236 б.].

1874 жылғы газет нөмірлерінде “Амудария бойындағы орыс жұртының хабары” немесе “Самарқан қаласына қараған жерде болған уақиғалар” /ТУГ. 1874, 16 декабрь, №23/ деген тақырыптармен топтастырылып бір тектес заметкалар беріліп тұрған. “Қызылбас жұртының патшасы өзінің уәзірін мылтыққа атқызып өлтіргені тақырыпты” /ТУГ. 1877, 28 ноябрь, №22/ деген хабар шет жұрттар өміріндегі қылмыстық жайттан ақпар береді. “Әртүрлі хабар” айдарымен ұсақ ақпараттар жиі басылады. Осы нөмірдің 3-бетінде “Құрама оязының Оралский болысының болыс басқарғушысы” деп басталып, болыстың өз бастығына берген есебін жаңалық ретінде жариялаған. Онда болыс Қоқанға бара жатқан саудагерінің керуенін ұрылар талап кеткенін баяндайды.

1874 жылы нөмірлерде “Ығламнамалар” атты жаңа айдар пайда болады. Осы мерзімде “Ташкент қаласындағы сауданың хабары” деп әредік сауда туралы ақпараттар да беріліп тұрған /ТУГ. 1874, 28 март, №6/.

Жалпы газеттің 1874 жылғы нөмірлерінде көбінесе орыс газеттерінен еркін аудармалар жасалып, шетел жаңалықтары жинақталып хабарланып тұрған.

Газетте би және билік тақырыбы кең орын алып отырады. Мәселен, Қапал оязына жаңа судья тағайындалғаны жазылған /ТУГ. 1872, 28 июнь, №12/. Сондай-ақ судьялардың мәлімдемелері газет бетінде қысқаша жарияланып отырған. 1874 жылғы бір нөмірде “Мәлімнама” деген айдармен мынадай текст басылған: “Ақмешіт қаласының оязнай судьесі мәлім қылады: Жолың деген қалада Ошан ноғай Ғабдоллатов Ысмағұл баласының малдары қалған себепті оның бала-шағасы жақын ағайыны бола қалса, өзін мәлім қылып, қалған қашарды алсын деп” /ТУГ. 1874, 31 июль, №14/. Бұл – бір жағы жай құлақтандыру сияқты болғанмен, сот шешімімен таныстырған сот есебі жанрының алғашқы көріністері деуге толық негіз бар.

Газет өнеркәсіп, транспорт тақырыбына да бірнеше материалдар жариялайды. Елді мекендер мен қалалар арасында тас жол, темір жол салу, почта-телеграф қатынасын орнату мәселелеріне арналған “Ташкент шаһарынан Ақмола, Қызылжар қалаларына шейін жаңа жол”/ТУГ. 1870, 31 декабрь/, “Сібірге темір жолды тартқанда” /ТУГ. 1876, 28 январь/, “Алматы қаласынан Құлжаға баратын жол” /ТУГ. 1876, 6 февраль/, “Ишим қаласы мен Қызылжар арасындағы…” /ТУГ. 1876, 8 апрель/, “Ақмоладан Ташкентке келген…” /ТУГ. 1878, 9 декабрь/, тағы басқа осы тақылеттес хабарлар мен шағын корреспонденциялар жарық көрді.

Басылым бетінде “Ғылым хабары” айдары бойынша ғаламда болып жатқан ғылым мен техника жетістіктері қызғылықты хабарланып, жазылып тұрды. “Дүние жүзі теңіздерін кемемен жағалай жүзіп шыққан, сөйтіп жердің шар тәрізді домалақ екенін дәлелдеген Магеллан туралы үлкен очеркті газет қазақшаға аударып басты”. Авторы көрсетілмеген. /ТУГ. 1875, 28 август/. “Біздің орыс жұртының өнерменді адамдары” деген мақалада 1870-1874 жылдары орыстың су кемесінің жер шарын айналып шыққаны айтылған. Газет отарба мен су кемесінің суретін басып шығарып, оларды ешбір сиқырсыз от және будың күшімен жүргізетін машина-лардың тетіктермен таныстырған.

Сол сияқты шармен аспанға ұшу жөнінде, Ай мен Күннің тұтылуы, қар мен жаңбырдың қалай пайда болатыны және аспан әлеміндегі планеталар туралы ғылыми түсініктер газетте жиі беріліп тұрған” [40, 35-36 бб.].

Осындай ғылыми-танымдық тақырыпқа жазылған мақала 1874 жылы газеттің бірнеше нөміріне берілді. Газеттің 31-октябрьдегі санының 3-бетінде: “Шарменен аспанға ұшып шықмақ тақырыпты” деген тақырыппен “француз жұртының Шарль деген белгілі адамының жасаған шары ұшып келіп Кониссе деген ауылдың жиылып тұрған кісідерінің ортасына түскен кезде, бұлар қорқып, айыр-тырнауыш, балта-шотпенен шардың тас-талқанын шығарып, далба-далба қылып жыртып тастапты деп мұнан бұрын шыққан газетте жазып едік. Енді мұның қалған сөзі осы” /ТУГ. 1874, 31 октябрь, №13/ – деп түсініктеме бере отырып, аэробус туралы егжей-тегжейлі жазады. Осы нөмірде 4-бетте “Газет шығарушы Шаһмұрат (Шаһмардан емес) Ибрахимов” деп көрсетілген. Дәл осы жылғы 16-декабрьдегі нөмірдің 2-бетінде “Шарменен аспанға ұшып жүрсің тақырыпта” /ТУГ. 1874 16 декабрь, №23/ деген атпен аэробус туралы тағы да көлемді мақала басылған.

Жалпы қарағанда “Түркістан уалаятының газеті” генерал-губернатордың орысша “Туркестанские ведомости” газетінің көшірмесі секілді әсер қалыптасады.

Газетте басылған шығармалардың тілі туралы қалыптасқан ғылыми дәйектемелер бар. Мәселен ғалым Б.Әбілқасымов “…газет тіліне лингвистикалық талдау жасағанда, газет редакциясының, шама келгенше, газетті таза қазақ тілінде шығаруға тырысқанын көреміз. Газеттің соңғы жылдардағы нөмірлерінде, әсіресе 1882 жылдан бастап, оның тіліне бірен-саран татар элементі кіре бастағаны байқалады. Негізінен алғанда, “Түркістан уәләяті газетінің” тілінің сол кездегі қазақтың ауызекі сөйлеу тіліне жақын екенін көреміз” [130, 11 б.] – десе, профессор С. Исаев: “Ташкенте 1870-1882 жылдар арасында “Түркістан уалаятының газеті”, Омбыда 1888-1902 жылдар арасында “Дала уалаятының газеті”, 1895 жылдан бастап Троицкіде “Торғай газеті” шығып тұрды. Бұл газеттер ресми орган болуына қарамастан қазақ әдеби тілін дамытуда, әсіресе оның жазба нормаларын қалыптастыруда өз кезі үшін үлкен роль атқарды” [85, 191 б.], – деген қорытындыға келді.

Дегенмен, қазақ тіліндегі алғашқы газет тілінде орыс, татар, башқұрт тілінен енген сөздер кездеседі. Ал қазақ тіліндегі баяндаулар ауыз екі әңгімеге көп ұқсайды. Бірақ бұл басылым қазақ тіліндегі алғашқы газет болғандықтан – оның ілгерілеушілік рөл атқарғандығы дәлел тілемейді. Әрине газет-тің ресми бөлімінде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланды, генерал-губернатордың іс-қағаздары жергілікті халықтың өз тілінде жеткізілді. Осы ресми бөлімдегі, негізінен 1-беттегі материалдар қазақтарды отарлау үшін олардың санасына әсер-ықпал етуді мақсат тұтты. Ал биресми бөлімде Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Франция, Англия мемлекет-терінің өмірін көрс тетін шет ел тақырыбына жазылған хабар, мақалалардың маңызы зор болды. Сондай-ақ әдебиет, өнер, ғылым, техника, баспасөз, әйел теңдігі, транспорт, почта-телеграф, өнеркәсіп, сауда, медицина, егін салу, мал шаруашы-лығы, жер суландыру, ветеринария, оқу-ағарту, дін тақырып-тарын кең қамтыған көп материалдар басылды.

Дәл осы тақырыптардағы жазылған шығармалар алғашқы газет публицистикасының қалыптасуына жол ашты. Түрлі жанрлар пайда бола бастады. Бұл ойымызды профессор Х.Бекхожиннің мына тұжырымы бекіте түседі: “Тұңғыш рет қазақ тілінде шыққан газеттің бетінде орыс баспасөзінің әсерімен түрлі әдеби жанрлар пайда бола бастады…

“…Бір қудың екі байды алдап кеткендігі туралы” деген әңгімеде байлардың қомағайлығы әшкереленеді. Бір қу, базарға кісілерім көп қой айдап келеді, маған қарызға пәлен сом ақша бере тұрыңдар, ертең есептесерміз дейді. Сөйтіп оның қойларын арзан бағамен ала қоярмыз деп сенген екі алыпсатарды алдап кетеді. Әңгіме “көзі тоймаған бір айлакерге жолығар” деген қанатты сөзбен аяқталады. Бұл фельетон жанрына ұқсас әңгіме” [40, 34 б.], – деп жазыпты.

“Түркістан уалаятының газетінің” бетінде публицисти-каның жанрлары тұңғыш рет қалыптаса бастады. Басылымның микрофильмдегі көшірмелерін қарағанда – заметка, есеп, фель-етон, мақала, корреспонденция, хат, шолу, жолсапар очеркі, портреттік очерк, ғылыми-танымдық очерк сияқты жанрлар алғаш осы газет бетінде көрініс тапқандығына көз жеткіздік.

Қазақ баспасөзіндегі жарнаманың алғашқы нұсқалары да осы газетте жарық көрді. Оған дәлел:

“Ташкент қаласындағы инженерной прауление деген мекемеде 2-інші декабрьде осы 1875 жылда шам, отын, сода болады екен. Егерім біреу бұл соданы алмақ болса, манағы айтылған мекемеден қағаздарын кіріп көрсе болады” /ТУГ. 1875, 8 декабрь, №30/,– деген сияқты қысқа хабарландыру түріндегі жарнамалар басылып тұрған.

Зерттеуші З.Тұрарбековтің: “Түркістан уалаятының газеті” Ы.Алтынсариннің “Хрестоматиясы” шығуынан он жыл бұрын, А.Құнанбаевтың алғашқы өлеңдері “Дала уалаятының газеті-нің” бетінде жариялануынан 20 жыл бұрын, ал “Абайдың көп аудармалары алғаш кітап болып жарыққа шығуынан (1909 жыл) 40 жыл бұрын шыққан екен” [135, 80 б.], – деген түйіні қазақ тіліндегі алғашқы газеттің қоғамдық дамуымыздағы зор маңызын айғақтап тұрғандай. Шын мәніндегі қазақтың жазба публицистикасы “Түркістан уалаятының газетінде” алғаш қалыптаса бастады.


жүктеу 2,01 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   25




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау