Оқу процесінің қызметтері Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.
Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.
Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды, т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.
Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.
Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.
Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.
Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.
Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.
Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.
Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.
Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.
Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну қабілеттері қалыптасады. Тұлғаның қажетсіну сезімі, іс-əрекеттік, əлеуметтік мінез-құлық, құндылық жəне құндылықты бағыт-бағдарлар да осы оқу процесінде пайда болып, жетіліп отырады.
Тəрбие мүмкіндіктері тікелей білім мазмұнынан келіп шығады. Əр оқу пəнінің өзіндік тəрбие мүмкіндігі бар. Оқушылардың тұлғалық сапа-қасиеттерін қалыптастыруда гуманитар жəне əлеуметтік-экономикалық пəндердің тəрбиелік маңызы басқа кəсіби пəндермен салыстырғанда өте жоғары.
Оқу барысындағы тəрбиелік ықпал мұғалім мен оқушы, оқушылардың өзара қатынасына жəне ұжымдағы психологиялық жағдайға байланысты. Бұл орайда қазіргі заман педагогикасының ұстанымы-мұғалімнің оқушыға деген ізгілікті (гуманистік), сыйластық қатынас жасауы, шəкірттерге белгілі шамада дербес, өз бетінше жұмыс алып бару мүмкіндігін беру жəне оларды оқу процесін ұйымдастыруға тартып, сенім білдіруі. Осылардың бəрі біріге оқушыға білім беру процесінің тең құқықты субъекті болатынын танытып, оның белсенділігін көтеруге жəрдемін тигізеді. Оқу адамды барлық уақытта тəрбиелейтіні белгілі, алайда ол тəрбие кейде қисынсыз бағытқа да бұрылып кетуі ықтимал, сондықтан оқудың тəрбиелік қызметін іске асыруда оқу процесін ұйымдастыруға, оның мазмұнын іріктеу мен əдіс, формаларын таңдауға байланысты тəрбие міндеттерін дұрыс түсініп алған жөн.
Білім беру жəне тəрбиелеу қызметтерімен бір қатар оқу процесі балаға дамыту ықпалын да жасайды. Оқып, білім игере отырып, оқушы жан-жақты дамуы тиіс, яғни тұлғаның сөйлеу тілі, ой толғауы, сезімдік жəне қозғалыс ептіліктері көңіл-күй-еріктік, қажетсіну қабілет-қасиеттері ілгерілі даму өзгерістеріне келеді. Дұрыс ұйымдастырылған оқу əрқашан дамыту қызметін атқаратыны сөзсіз, дегенмен оның нəтижелі іске асуы арнайы бағыт-бағдардың болуына тəуелді.
Білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту қызметтерімен қатар педагогика ғылымында оқудың ынталандыру жəне ұйымдасу қызметтері де өз алдына қарастырылуда. Оқу процесін шəкірттерді алдағы оқу-танымдық жұмыстарға еріксіз тартатындай, келер сабаққа ынтық болып күтетіндей дəрежеде құрастыру, оқушыны жаңаны білуге ынталандыратындай етіп ұйымдастыру қажет.
Оқу процесінің жоғары да аталған барша қызметтері бір-бірінен оқшауланған құбылыстар емес, олардың бəрі өзара шартты байланыста əрі сабақ бөліктері мен кезеңдерінің бəрінде бірдей орындалып барады.
Оқудың əдіснама-дидактикалық жүйелері Оқу мəнін түсіндірудің бірнеше əдіснама-дидактикалық жолдары бар. Олардың ішінде аса кең танымал болғандары: 1) Гербарттық тəрбиелік оқу бағыты; 2) Дж.Дьюидің оқушы белсенділігіне негізделген оқу бағыты; 3) қазіргі заман демократияшыл дидактика бағыты.
Тəрбиелік оқу бағыты. Негізін салған неміс философы жəне педагогы И.Гербарт. Ол Я.А.Коменскийдің дəстүрлі сынып-сабақтық жүйесін сындарлы түсінім тезіне сала отырып, оның кемшіліктерін көрсетті, онымен бірге этика мен психологияның соңғы жетістіктерін арқау еткен жаңа дидактикалық жүйе түзіп, ұсынды. Гербарттың пікірінше, оқу-тəрбиенің ең жоғары мақсаты – адамгершілікті, моральды, күшті мінезге ие болған тұлға қалыптастыру. Оның ойынша, тəрбиелік оқу келесі этикалық идеяларға сүйенуі тиіс:
тұлға ұмтылыстарының бағытын, аймағын жəне күшін анықтаушы кемел жетістігі;
өз еркін басқалардың еркіне икемдесуі мен бағынуын қамтамасыз ететін тілектестік;
адамдар арасындағы дау-дамайдың өрістеуіне шек қоятын құқықтар;
басқалар тарапынан болған көңіл қабарту жəне өкпені қайтаруды міндетіне алатын əділдік;
адамның ерік сезімін оның ниеттері мен наным-сенімдеріне икемдестіруге мүмкіндік беретін ішкі рухани еркіндігі.
Бұл жүйенің негізгі ерекшеліктері келесідей: мектептің басты міндеті – оқушылардың ақыл-ес дамуын қамқорлыққа алу. Моральдық тұрғыдан күшті мінез иелерін қалыптастыруға дұрыс педагогикалық жетекшілік, тəрбие жəне онымен байланысты оқу себепші болады. Жетекшілік жасаған адамның міндеті балалардың тұрақты іспен шұғылдануын қамтамасыз ету, дене жəне интеллектуалды дамуына бақылау қою, тəртіпке үйрету. Оқудың тəртіппен тығыз байланысқа келуінен, білімнің оқушы сезімі жəне ерігімен бірігуінен – тəрбиелік оқудың мəні құралады. Бұл түсінікті ендіре отырып, Гербарт тəрбиені оқудан бөлектеуге болмайтынына, ерік жəне мінездің ақыл-санамен бірге дамитынына баса назар аударды.
Мұғалім оқушылардың қызығу қабілеттерінің дамуына мұқият ден қоя отырып, олардың алдына түсінімі жəне шешілуі жағынан қиналтпайтын проблемалар қойып баруы қажет. Оқушылар, өз кезегінде, осы проблемаларды шешуден өздеріне жаңалық əрі пайдалы болған білімдерді игеретініне сенімді болуы тиіс. Сабақтар «толық ойлау актілері» негізінде құрылып, одан оқушылардың келесі ептіліктерді игеруі күтіледі:
нақты қиыншылықты сезу;
оны (проблеманы) анықтау;
кезіккен қиыншылықты жеңудің болжамын (гипотезасын) түзу;
толық проблеманы немесе оның бір бөлігін шешудің жолын табу;
болжамды бақылау немесе эксперименттер жəрдемімен тексеру»;
Қазіргі заман демократияшыл дидактика өзінің келесідей ерекшеліктерімен сипатталады:
1. Бұл жүйе негізін объектив заңдылықтар құрайды. Осының арқасында қазіргі заман дидактикасы оқу процесін түсіну мен талдауда бір тараптылық көзқарастан құтылды. Дидактиканың қазіргі күндегі тұжырымдамасы оқу процесіне жүйелі бағытта қатынас жасауға негізделген, яғни осы жүйеліліктен сезімдік қабылдау, білімдерді түсіну жəне игеру, игерілген білімдер мен ептіліктерді тексеру танымдық процесте, оқу іс-əрекеттерінде табиғи біртұтастыққа келтіріледі. Танымда да осы сезім, ойлау жəне практикалық іс-əрекеттердің өзара бірдей уақыттағы ықпалдастығына байланысты талаптар да іске асып барады. Қазіргі дидактикалық бағыт өткендегі дидактикалық жүйелерге тəн теория мен практика, білімдер мен ептіліктер, баяндау қабілеттері мен болмысты өзгерту, сондай-ақ тікелей мұғалімнен алынатын білімдер көлемі мен оқушылардың өз бетінше жинақтайтын білімдердің арасындағы қарама-қарсылықтарды жойды. Дидактикалық жүйе түзуде комплекстік бағыт-бағдар қажеттігі жөніндегі түсінім бекіді. Мұғалімдер де, ғалымдар да балалар жөніндегі білімдер, оларды оқыту механизмдері, танымдық іс-əрекеттері, мақсаттары мен мотивтері бірлігіне сүйенген дидактика ғана тұлғаның жан-жақты жəне үйлесімді дамуына пайдалы болатынын түсінді.
2. Бүгінгі дидактика жүйесіндегі оқудың мəні оқушыларға дайын білімдерді ұсыну, қиыншылықтарды өз бетінше жеңу жəне оқушылардың өзіндік жаңалықтар ашуымен шектелмейді. Оны түбегейлі ажырататын сипат: педагогикалық басқарудың оқушылардың ынтасы, дербестігі жəне белсенділігі мен саналы байланыс, қатынастарына негізделуі. Бүгінгі дидактиканың мақсаты – көзделген оқу деңгейіне оқушы уақытын, күшін, оқу құрал-жабдықтарын өз орнымен пайдаланып, балалардың оқу жүктемесін жас сатылары мен мүмкіндіктеріне қарай белгілеп, денсаулығына зиян келтірмейтіндей етіп жеткізу.
3. Оқу мазмұнын анықтау бағыты да өзгерді, оқу жоспарларын, бағдарламаларын жəне оқу пəндерін құрау принциптері де басқаша. Гербарт заманында мектептік оқу үшін қолданылған бағдарламалар оқушылардың талаптарын, қажеттерін жəне қызығуларын тіпті де ескермейтін еді, интеллектуалдық дамуда «кітаби білімдердің» маңызын асыра дəріптеді. Оқудың американдық моделінде көбінесе оқушылардың жағдайға байланысты өз бетінше туындайтын қызығулары мен мезеттік белсенділігіне аса көп мəн берілді. Нəтижеде, бағдарламалар білімнің жалпы суреттемесін беріп, ал жеке оқу пəндері жоғары сыныптарда ғана енгізілетін. Мұндай дидактикалық бағыттың ұнамды да, сондай-ақ ұнамсыз да тараптары болды. Жақсы болған тарапы – оқушы өз бетінше асықпай еңбектенумен қалаған саласында тиянақты дайындық көрді. Бірақ оның қорытынды білімі тар шеңбердегі проблемалармен ұсақталып, қажетті жүйе мен деңгейге жеткізілмеді.
Бұрынғы дидактикалық жүйелердің ұнамды сапалары жаңа дидактикаға өтіп, толыға түсті. Бүгінде жіктемелі (дифференцированные) оқу жоспарлары, бағдарламалары, курстері бүкіл əлемге тараған. Сонымен бірге, оқу пəндерінің бірігу (интеграция) процестері де өріс алып, олар оқушылардың əрқилы қажеттері мен қызығуларына икемдестірілуде. Сонымен, ежелгі заманнан бері балаларды оқыту мен білімдендірудің жетілген жолдары іздестірілуде. Мұғалімдер көптеген бағыттарды өз тəжірибесінде тексеріп, сынап көруде. Ғылым топтаған білімдердің аса құндылары, озық тəжірибе, дидактикалық жүйелерге енуде. Мектептің қазіргі заман білімдену жүйесіне И.Гербарт жəне Д.Дьюи жүйелері көп ықпал жасады. Бірақ қазіргі заман дидактикасы оқудағы бір тараптылық принциптен бас тартып, бала жөніндегі ғылыми білімдердің бар комплексін пайдалану теориясына ден қойды.
Таным теориясы жəне оқу Оқудың теориялық - əдіснамалық негізі - материалистік таным теориясы (гносеология). Бұл теорияға орай əлем шынайы, адам санасынан тыс жасайды, бірақ оны танып білуге болады. Таным - бұл қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой жəне көңіл-күй іс-əрекеттері мен олардың нəтижесі, яғни білім; жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұғымдардың санада бейнеленуі.
Шындық пен нақты болмысты танудың диалектикалық жолы – тікелей байқап, сезуден бейнақты ойлауға, одан практикаға өту.
Тікелей байқау процесінде, яғни түйсік, қабылдау, шынайы болмысты белсенді зерттеу арқасында қандай да құбылыс не заттар жөнінде түсініктер пайда болады. Осы түсініктер негізінде қорытындылар жасалады. Бейнақты (абстракт) ойлау əрекеті танымға түскен құбылыстардың жалпы белгілерін анықтауға, түсінік, пікір, ұғымдарды игеруге, зат не құбылыстар арасындағы мəнді, қажетті де тұрақты байланыстарды ашып, заңдар мен заңдылықтарды өрнектеуге мүмкіндік береді.
Таным теориясы оқу танымына тікелей қатысты. Білім игеру əрқашан таныммен байланысты келеді. Оқудың міндеті – табиғат, қоғам жəне адамның психикалық процестерінің даму заңдылықтарын оқушы санасына өткізу.
Таным мен оқу арасында жалпы ортақтастық көп. Оқушы қоршаған дүниені тану арқылы дамиды, кемелденеді. Оқу жұмысын таным істерінің өзінше бір формасы ретінде қарастыруға болады.
Алайда таным мен оқу ортасында болатын маңызды ерекшеліктерді ескермеу мүмкін емес:
- таным –бұл қоғамдық-тарихи категория. Көптеген ғасырлар бойы ғалымдар табиғат, қоғам жəне адам ақыл-ойының біршама заңдылықтарын ашты. Яғни ғалымдар жаңалықты тұңғыш күйінде таниды, сондықтан да ондай таным толық болмайды. Ал оқу процесінде оқушылар бұрыннан белгіліні жаңалық деп қабылдайды, ғылым жинақтаған түсінік, ұғым, деректерді игереді. Олар өздері үшін бұрыннан белгілі шындықты қайтадан ашқан сияқты болып, шəкірттердің жас мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне орайластырылған, дидактикалық бейімге келтірілген əрі қарапайымдастырылған материалдарды меңгерумен айналысады. Сонымен бірге, оқу барысындағы таным міндетті түрде, мейлі тікелей не жанама, мұғалім болуын керек қылады, ал ғалым тұлғааралық қатынастарды көбіне қажет етпейді.
- жаңалықтар ашуға арналған таным процесі ұзақты кезеңдік ғылыми ізденістерді қажет етеді. Ал оқу процесінде белгіліні қайтадан ашып, игеру жолы қысқа əрі мұғалім шеберлігімен жеңілдетіледі;
- таным процесі материалдық не рухани нысандарды қабылдауды талап етеді де, ал олардың шынайылығын практика дəлелдеуі тиіс. Оқу барысында мұғалім білім игеру процесі бөліктерін ауыстыруы жəне оны практикалық ептілік, дағдылармен кезектестіріп немесе біріктіріп жүргізуі мүмкін.
Сонымен, таным мен оқу процесі арасында қаншалықты ортақтастық болса, соншалықты айырмашылық та бар. Оқу процесі оқушының психикалық іс-əрекеттерінде жүріп жататын заңдылықтар негізінде өзіне ғана тəн ішкі қисындылық (логика) бойынша орындалады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Оқудың əдістемелік-дидактикалық жүйелері
Дидактикалық процестің мәнін түсіну
Дәріс №12 Математикалық әдісті зерттеулерде қолдану
Жалпы сұрақтар
Аналитикалық тәсіл. Ықтималдық–статистикалық әдіс.
Статистикалық – математикалық әдістер – көптеген мәліметтерді қорытындылауға және зерттелетін құбылыстардың даму тенденцияларын анықтауға, оның құрамы мен қатынасын анықтауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық құбылыстардың ғылыми танымдық процесті келесі үлгіде көрсетуге болады: фактілер – көрсеткіштер – заңнамалар. Демек, фактілерді алғаннан кейін, зерттеуші оларды қорытынды көрсеткіштерге өзгертіп алуы мүмкін. Талдау арқылы өзара қатынасты ашып түсіндіруге болады, ол зерттелетін құбылыстардың заңнамалық мәні болады.
Статистикалық – математикалық талдау –объективті заңдар әрекетін танудың және талдаудың ең жоғарғы формасы болып табылады. Негізгі қорытынды көрсеткіштер орташа көлемді болып табылады. Статистикада орташа көлем бұл – сапалы мазмұнға толы нақтылы көлем. Барлық кездейсоқтықтар мен жеке көлем мағынасы орташа көлемнің деңгейін қалыптастырады. Орташа көлем – күш қарқындылығының әр түрлі бағыттағы теңдестірілуі сияқты болып қарастырылуы керек. Сонда белгіленген құбылыс пен процесте орын алған негізгі ерекшеліктері мен тенденциялары кешенді көрсетілген.
Аналитикалық топтастырылған әдіс – корреляция әдісімен тығыз байланысты. Бұл әдістің негізгі міндеиті – аналитикалық тәуелділік формаларын анықтау және көрсету. Сондықтан корреляция әдісін талданатын өзара қатынастарды сипаттау үшін топтастыру әдісінің жалғасы ретінде қарастыру керек.
Жоғарыда сипатталған ғылыми зерттеулердің құрылымы, кең мағынада ғылыми танымның тәсілі немесе ғылыми әдістің өзі болып табылады. Әдіс – бұл белгілі бір қорытындыға жетуге көмектесетін әрекеттердің жиынтығы. Эмпирикалық ғылымның негізін салушылардың бірі - Ф.Бэкон танымның әдісін циркульмен салыстырған. Әрбір адамның ойлау қабілетінің деңгейі әртүрлі, сол себепті барлық адамдардың жетістікке жетуге деген мүмкіндіктерін теңестіру үшін белгілі бір құрал керек. Ғылыми әдіс осындай құрал болып табылады. Сондай – ақ, әдіс адамдардың мүмкіндіктерін теңестіріп қана қоймай, олардың іс - әрекетін біркелкі жасап, ғылыми зерттеулердің ұқсас нәтижесін алуға ықпал етеді.
Қазіргі заманғы ғылым белгілі методологияға, яғни қолданылатын әдістердің жиынтығына негізделген. Осыған қоса әрбір ғылым саласы тек қана арнаулы объектіге ғана емес, сол объектіге сәйкес арнаулы әдіске де ие болады.
Зерттелетін заттардың әртүрлілігінен пайда болатын, жаратылыстану ғылымы мен гуманитарлық танымның методологиялары арасында бірқатар айырмашылықтар бар. Жаратылыстану ғылымы методологиясында заттың жеке ерекшіліктері ескерілмейді, себебі ол баяғыда қалыптасып зерттеушінің назарынан тыс қалған. Мысалы, тарих ғылымында заттың пайда болуын, оның жеке ерекшіліктерінің толығымен қарастырады. Әлеуметтік танымның методологиясы жаратылыстану методологиясынан пәннің өзіндегі айырмашылықтары бойынша ажыратылады: 1) әлеуметтік таным өзін - өзі жоюшы нәтижеге алып келеді (“биржаның заңдарын білу осы заңдардың өзін жоюға әкеліп соғады”-деп жазды кибернетиканың негізін салушы Н.Винер); 2) егер жаратылыстану ғылымдары танымында жекелеген фактілер бірдей болса, әлеуметтік танымда ондай емес. Сондықтан, әлеуметтік таным методологиясы фактілерді жалпылап қана қоймай, сонымен бірге ол аса үлкен маңызға ие индивидуалды фактілермен жұмыс істейді. Осы фактілерден объективті үрдіс пайда болып, солармен де түсіндіріледі. Гуманитарлық таным методологиясының өзіне тән ерекшелігі осында.
Қазіргі заманғы ғылымда жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың методологияларының бір-біріне жақындасу тенденциясы байқалуда, бірақ олардың негізгі және қағидалық айырмашылықтары әлі де сақталуда.
Ғылыми әдістер эмпирикалық және теориялық әдістер болып бөлінеді.
Эмпирикалық әдістерге төмендегілер жатқызылған:
бақылау – объективті шынайылықты арнайы түрде қабылдау;
суреттеу – объектілер туралы мәліметті табиғи және жасанды тілдің көмегімен бекіту;
өлшеу- объектілерді ұқсас қасиеттері немесе белгілері бойынша салыстыру;
тәжірибе жасау – құбылысқайталанған кезде қажетті жағдайлар қайталакғанына байланыстыөзгерістерді арнаулы дайындалған орындар арқылы бақылау.
Зерттеулердің теориялық деңгейіндегі ғылыми әдістерге төмендегілер жатқызылады:
формаландыру - зерттеліп отырған шынайы процестердің мағынасын ашатын абстрактылы-математикалық модельдер құру;
аксиомаландыру – дәлелдеуді керек етпейтін аксиомалар, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырымдардың негізінде теория құру;
гипотетикалық - дедуктивтік әдіс – нәтижесінде эмпирикалық фактілер тұжырымдалатын бір-бірімен, дедуктивті байланыста болатын гипотезалардың жүйесін жасау.
Зерттеу әдістерінің классификациясы аса күрделі мәселе болғанның өзінде де, дәстүрлі түрде оларды үш топқа: жалпы ғылыми, интерғылыми және жеке ғылыми әдістерге бөлу қабылданған. Жалпы ғылыми әдістер барлық ғылым салаларына тән және оларды біріктіретін зерттеу объектісінде пайдаланылатын логикалық әдістерді, яғни: бақылау мен тәжірибе, анализ бен синтез, жорамал мен гипотеза, индукция мен дедукция, аналогия, классификация мен систематизация, генетикалық әдіс, т.б. біріктіреді. Интерғылыми әдістерге – экстрополяция, интерполяция, модельдеу, ретроспекция, эксперттік бағалау, т.б. жатады. Жеке ғылыми әдістердің көптеген ғылыми топтары бар.
Жалпы ғылыми әдістер ішінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады:
анализ – жан-жақты зерттеу мақсатында бүтін бір затты құрамдас бөліктерге (жақтарына, белгілеріне, қасиеттеріне және т.б) бөлу;
синтез – заттың құрамдас бөліктерін біртұтас затқа біріктіру;
абстракциялау - зерттеліп отырған құбылыстың қажетті емес қасиеттері мен қарым-қатынастарынан зерттеуге керек қасиеттері мен қарым-қатынастарын бөліп алу;
жалпылау – объектілердің жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін ойлау әдісі;
индукция – жеке қорытулар негізінде жалпы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін зертеу мен талқылау әдісі;
дедукция – жалпы тұжырымнан жеке тұжырым жасауға мүмкіндік беретін талқылау әдісі;
аналогия – объектілердің бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға үмкіндік беретін таным әдісі, басқаша айтқанда, аналогия ғылымның бір саласындағы қатынастардың, оның екінші саласына транспозициялануы, мысалға: тарихи аналогия, кеңістіктік аналогия және т.б
классификация- зерттелетін пәннің зерттеушіге қажетті маңызды белгілері бойынша түрлі топтарға бөлу (әсіресе, биология, геология, география, кристаллогрфия, т.б. ғылымдардың түрлі бөлімдері).
Зерттеу процесі барысында төмендегідей интерғылыми әдістер қолданылады:
экстрополяция – ойдың дамуы немесе белгілі бір тарихи кезеңдегі тенденциялардың ашылуы, яғни жасалған заңдар мен тұжырымдардың бақылау аймағынан басқа аймаққа ауысуы;
интерполяция - құбылыстардың динамикалық қатарында көрінбейтін, бірақ осы қатар мүшелерінің арақатынасын ашу негізінде параметрлерді, функцияларды, көрсеткіштерді табу;
модельдеу – шынайы түрде бар процестер мен құбылыстардың логикалық, информациялық және графикалық құрылымын жасау, яғни объектілерді жеңілдетілген түрінде бейнелеу; модельдеу – түпнұсқаның зерттеушіні қызықтыратын қажетті жақтарының дәлме – дәл көшірмесін түсіру арқылы зерттеу;
ретроспекция- объектінің жүйелі түрдегі сипаттамасын алу үшін зерттеу объектісінің тарихи дамуын зерттеу, яғни оның әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі дамуының динамикалық қатарын зерттеу;
эксперттік бағалау - эксперттің немесе эксперттердің тұжырымдары мен ойлары;
Күрделі құрылымды объектілерге анализ жасау үшін төмендегі әдістерді қолданады:
декомпозиция – үлкен жалпы бір мақсатты бірнеше топтарға бөлу;
селекция – зерттелуге келетін варианттарды іріктеп алып, маңызы жоқ фактілерді алып тастау;
агрегирование – жекелеген сипаттамаларды жалпы сипаттамаға біріктіру.
Егер объектінің құрылымы жүйесіз болса, оны талдау үшін дезагрегациялау, яғни жалпылаушы сипаттамаларды жеке сипаттамаларға жекелендіреді. Жоғарыда айтылып өткен әдістердің немесе тәсілдің ешқайсысы да, дара түрде зерттеудің негізіділігін, дәлділігі мен дәйектілігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті зерттеуде жоғары нәтижеге жету үшін олардың бірнеше түрінің жиынтығын пайдалану ғана тиімді бола алады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Статистикалық – математикалық талдау
Зерттеу процесі барысындағы интерғылыми әдістер.
Дәріс №13. Тіршілік қауіпсіздігіндеі тәжірибелік тапсырма, оның түрлері және жіктелуі. Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстары
Жалпы сұрақтар
Тіршілік қауіпсіздігі пәні бойынша газет, журналдармен жұмыс істеу.
Студенттердің өз бетінше жұмыстары және студенттердің оқытушылармен бірлескен жұмыстары бойынша
Тіршілік қауіпсіздігі пәні бойынша газет, журналдармен жұмыс істеу. Зерттеу құралдарына түрлі процедуралар, әдістер, тәсілдер, методикалар, жүйелер мен методологиялар кіреді. Бұл түсініктер төмендегі логикалық қатарды құрайды. Әдіс - зерттеу барысында белгілі бір қорытынды алуға бағытталған, бір немесе бірнеше метематикалық, немесе логикалық операциялардың теорияға немесе практикаға негізделген түрі. Процедура – белгілі бір операциялар жиынтығының орындалуын қамтамасыз ететін іс-әрекеттердің жиынтығы. Тәсіл – күрделі әдіс болып табылады, ол зерттеу барысындағы бірнеше нысаналы әдістердің жиынтығы. Методика – бір немесе бірнеше әдістер жиынтығына негізделген зерттеу жолдары, немесе олардың жиынтығына негізделген әдістер. Методология - зерттеу әдістері, жүйелері мен методтары жөніндегі білімнің жиынтығы. Жүйе – күрделі құбылыстар мен процестерді зерттеу үшін қажетті техникалық құралдар мен методикалардың жиынтығы.
Ғылыми танымның нәтижелері түсініктерді қалыптастырумен аяқталады. Ғылымның түсініктілігі бір-бірімен тығыз байланысты аксиомалар, теоремалар мен тұжырымдардың қатаң логикалық құрылысымен түсіндіріледі. Түсініктер көп жақты құрылымға біріктірілген. Теория – бұл түсініктің кеңейтілген түрі. Кез келген ғылыми теория – Евклидтің не Н.И.Лобачевскийдің геометриясы, кванттық механика, не қазіргі заманғы космогония - түсініктердің қалыптасуының мысалы бола алады. Түсініктердің қалыптасуы - үздіксіз жүретін күрделі үрдіс. Әрбір ғылым белгілі бір заңдылықтарға бағынатын түсініктер жүйесі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |