б
дыбысынан бұрын
тұрған
н
дыбысының
м
болып айтылатындығына (өсөді, өмбөйді, сөмбөйді) көңіл
бөлінеді.
Әдебиет
1. Сыздықова Р.Ғ. Сөз сазы. – Алматы: Санат, 1995. - 117 б.
2. Мырзабеков.С. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы: Дәуір-Кітап, 2013.
219 б.
3. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгілері. – Алматы: Рауан, 1996. - 284 б.
4. Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. – Алматы: Қазақстан, 1965. -185
б.
№12 дәріс
Тақырыбы: : Сөз сазы, яғни сөзді дұрыс айту (дыбыстау) заңдылықтары
Мақсаты: Сөз сазын, дұрыс айтуды түсіндіру.
Жоспар:
.1.Үндестік заңы.
2.Ауызша сөйлеу мәдниеті
3.Орфоэпиялық нормалар
.
С ө з сазыдегеніміз – сөйлеу үстінде (актісінде) сөздердің дұрыс айтылып, құлаққа
жағымды естілуі. Ал сөздерді дұрыс айту дегеніміз – тілдің табиғи дыбыс заңдылықтарын
сақтау болып табылады.
Қазақ тілінің, өзге де ұлттық әдеби тілдер сияқты, екшеліп, қырланған,
тұрақталған, жалпыға ортақ заңдылықтары, яғни нормалары бар. Ол заңдылықтардың бір
бөлігі сөздерді дұрыс таңдап, орнымен жұмсауға қатысты болып келеді, оны лексикалық
нормалар деп. атаймыз, енді бір саласы сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып,
сөйлемдерді құрастыра білуге қатысты болып келеді, оны грамматикалық нормалар
дейміз. Дұрыс жазу заңдылықтарын орфографиялық нормалар, ал дұрыс айту (дыбыстау)
заңдылықтарын о р ф о э п и ялық нормалар деп атаймыз. Бұлар – ғылымдағы атаулар.
Соңғы орфоэпиялық нормалар деп отырғанымыз – жоғарыда айтылған «сөз сазы»
деген ұғымға қатысты. Бұл нормалардың барлығының да тіл үшін бір-бірінен артық-кемі
жоқ, маңызы бірдей. Сауатты, мәдениетті адам үшін дұрыс сөйлеп, қатесіз жазу – қандай
міндет болса, сөздерді дұрыс айтуы (дыбыстауы) – сондай шарт. Бұл нормаларды берік
сақтап, іс жүзінде ұстана білу «тіл мәдениеті» деген үлкен бір әлеуметтік мәні бар
құбылысқа, талапқа барып тіреледі. Осыдан барып «тіл мәдениеті» дегеннің ішінен
«ауызша сөйлеу мәдениеті» деген саланы бөліп әңгіме етуге болады.
Алдымен, ауызша сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасы дегендер – бір нәрсе
емес екенін ескеру қажет. Сөйлеу техникасы сөйлеушінің, яғни актердің, диктордың,
мінбеден сөйлейтін шешеннің, кафедрадан сөйлейтін мұғалімнің өз даусын меңгеруіне
байланысты сөз болады. Адамның өз даусын меңгеруі оның тынысына, сөйлеу
мүшелерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу шапшаңдығына (темпоритмге), паузаға,
дикцияға байланысты болады. Біздің әңгімеміздің өзегі – сөйлеу техникасы емес, сөз сазы,
яғни сөйлеу мәдениеті.
Сөйлеу мәдениеті дегеніміз – ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне
қойылатын талаптармен қатар, өзіне тән нормаларды сақтауы болып табылады. Бұл
нормаларға сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібі
жатады.
Сөздің сазын келтіріп айту әсіресе шаршы топ алдына шыққандарға қойылады.
Шаршы топ алдында сөйлеушілердің өзі біркелкі болмайды. Жиналыстарда ойын ауызша
білдіретіндер мен жазып алып оқып беретіндер, спектакльдерде ойнайтын актерлар мен
табан аузында репортаж жүргізетін журналистер, комментаторлар, дикторлар мен
интервью берушілер – әрине, бірдей емес. Бірқатары – жазылғанды оқитындар болса, енді
бірқатары – табан аузында ауызша сөйлейтіндер. Бірақ барлығы да – топ алдында
шығатындар болғандықтан, олардың ауызша сөйлеу нормаларын, оның ішінде
орфоэпиялық заңдылықтарды сақтаулары қатаң талап етіледі.
Әдетте актер жазылған пьесаның сөздерін айтады, диктор жазылған материалды
оқиды, лекторлар көбінесе жазылған текске қарап сөйлейді. Демек, олар – әдеби тілде
дайындалған сөзді ауызша айтып жеткізушілер ғана сияқты. Сырт қарағанда, бұларға тіл
мәдениеті жөнінен көп салмақ түспейтін тәрізді болып көрінеді. Ал, шындығында, тілге
қатысты ең үлкен талаптың бірі осыларға қойылады. Өйткені сөйлеу мәдениетінің бір
шарты – жазылған материалды немесе айтылмақ ойды дауыс ырғағын дұрыс келтіріп,
табиғи түрде оқып немесе айтып беру, яғни сөз сазын келтіріп дыбыстау болса, бұлардан
сол талап етіледі.
Сөздің жеке тұрғандағы дыбысталуы мен сөйлеу үстіндегі айтылуы әрдайым
бірдей болып келмейді. Сол сияқты сөздердің жазылған түрі мен оның оқылуы да үнемі
бірдей түсе бермейді. Сөйлеу үстінде немесе жазылғанды оқып беру процесінде сөздер
бір-бірімен «тіл табысып», үндесіп, үйлесіп жатады. Сол үйлесімдік үшін сөздердің
кейбіреулері бір-екі дыбысын «сындыруға», өзгертуге, кейде тіпті жоғалтуға дейін
барады. Мұндай үйлесімдік – қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи
заңдылықтары.
Әрбір тілдің өзіне ғана тән дыбысталу ерекшеліктері – сол тілді өзге туыс
тілдерден бөлек дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі. Ол ерекшеліктер сақталмаса, сол
тілдің табиғатына нұқсан келді деген сөз. Мысалы, алдыңғы сөз а, е, ы, і сияқты дауысты
дыбыстарға аяқталып тұрса немесе р, л, з, й, үнді у (тау, бау деген сөздердегі)
дыбыстарына аяқталған болса, дауыс ырғағы жағынан сол сөзбен тұтасып айтылатын
келесі сөздің басқы қ, к дыбыстары ұяңдап, ғ, г дыбыстарына алмасады. Мысалы, бала
кезде, келе қалды, күні кеше, кез келген, бұл күндері, қол қойды, қаз-қатар, ай қабақ деп
жазылған сөздер балагезде, келеғалды, күнүгеше, кезгелген, бұлгүндөрі, қолғойдұ,
қазғатар, айғабақ болып айтылуға тиіс.
Біріккен сөздердің ішінде де аралық дыбыстары жоғарыдағы көрсетілген түрде
келгендері осылайша «сындырылып», яғни қ, к дыбыстары ұяңдап айтылады. Сондықтан
Меңдіқыз, Талдықорған, Жезқазған, Жаңақорған, өнеркәсіп, бірқатар, қылқалам түрінде
жазылатын біріккен сөздер Меңдіғыз, Талдығорған, Жезғазған, Жаңағорған, өнөркәсіп,
бірғатар,қылғалам болып айтылуы керек.
Сөздер аралығындағы бұл дыбыстар керісінше орналасқан жағдайда да, яғни
алғашқы сөз қ, к, п дыбыстарына аяқталып, бір ырғақпен айтылатын келесі сөз дауысты
дыбыстардан басталса, бұл дауыстылар алдыңғы қатаң дыбыстарды «сындырып»,
жұмсартады, яғни ұяндатып жібереді. Мысалы, шекара, көк ала, көкөніс, қарап отыр,
сатып алдым сияқты сөздер шегара, көгала, көгөнүс, қаработұр, сатыбалдым болып
айтылуы – заңдылық.
Мектепте қазақ тілі бағдарламасының фонетика, грамматика салаларынан «Қазақ
тілінің үндестік заңдары» деген тақырып өтіледі. Тіл білімінде «үндестік заңы» дегеннің
баламасы ретінде «сингармонизм» деген термин қолданылады. Әдетте дауысты дыбыстың
жуан-жіңішкелігі жағынан қосымшаларды өзіне үйлестіруін «сингармонизм» деп атап
келдік. Ал, шындығында, сингармонизм – тек дауыстылардың үндесуі емес, сөзді құрап
тұрған барлық дыбыстардың біркелкі не жуан, не жіңішке болып үндесуі екенін соңғы
кездердегі зерттеулер баса айтады. Оның үстіне бұл үндестік қазақтың төл сөздеріне және
ертеректе енген кірме сөздерге, олардың бір буынды түрлеріне де, көп буындыларына да
тән екендігі көрсетіледі, яғни сөздің қалай таңбаланғанына қарамастан, ішінде жуан-
жіңішке дауысты дыбыс әріптері жазылғанмен, тұтасымен не жуан, не жіңішке
дыбысталуы тиіс деп танылуы қажет. Мысалы, кітап, күмән, кінә деп жазылған сөздердегі
дыбыстар кітәп, күмән, кінә түрінде үндессе, біраз, бірақ, қауіп, қазір сияқты сөздер
тұтасымен жуан айтылып, олардағы дыбыстар быраз, бырақ, қауып, қазыр (немесе кәзір)
болып үндеседі.
Міне, осы сияқты сингармонизм заңы жазудың ыңғайымен, яғни бір сөз ішінде жуан да,
жіңішке де дауыстылардың жазылғанына қарай, өзінің табиғи түрде айтылуын бұзып
жіберетін фактісі байқалады. Мұндайда дыбыстау автоматизмінен гөрі, сөзді «ойланып»
айту жүзеге асады: қа+зір, бір+аз, бі+рақ.
Қазақ тіліндегі сөздер сингармониялық тембріне қарай жалпы төрт түрде
үндеседі: олар жуан, жіңішке, еріндік, езулік. Жоғарыда көрсеткеніміз – жуан-
жіңішкелікке қарай үндесу, ал еріндік-езулік дыбыстардың бір-біріне ықпалына қарай
болатын гармония «ерін үндестігі» деп аталады. Сөз басында немесе сөздің бірінші
буынында келген о, о, ұ, ү еріндік дауыстылары сол сөздің ішіндегі өзінен кейінгі
буындарда жазылған ы, і, е дауыстыларын өздеріне үндес етіп айтқызады. Мысалы: күмүс
(жазылуы: күміс), кұлұн (жазылуы: құлын), үйрөнүу (жазылуы: үйрену).Үндесудің бұл
түрі де жазудың әсерімен бұзылып, еріндік, езулік дауысты дыбыстар аралас айтылатын
фактілері бар. Айталық, құрұқ, күлүмгөз, өлөң, өнөр, өсүм деп дыбысталуға тиісті
сөздерді құрық, күлімкөз, өлэң немесе өлең, өнэр, өнер, өсім деп айту жиі кездеседі.
Тек үндестік заңдары бойынша емес, қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтары
өзге сәттерде де орын алады. Мысалы, бір әуенмен (ырғақпен) айтылатын екі сөздің
арасындағы (алдыңғы сөздің соңғы дыбысы мен келесі сөздің басқа дыбысы)
дауыстылардың бірі «жұтылып» кетеді, дәлірек айтсақ, соңғысы алдыңғысын «жұтып»
қояды. Мысалы, Сары арқа деген екі сөз бір әуенмен, яғни қосылып айтылуға тиіс,
сондықтан оның дұрыс дыбысталуы – Сарарқа. Сол сияқты келе алмады деген күрделі
етістік те бір әуенмен айтылатын сөздерден тұрады, оның да орфоэпиялық суреті –
келалмады болу керек. Бұлардың екеуінде де алдыңғы сөздің соңғы дауыстысы «түсіп
қалып», аралық тұста соңғы сөздің алғашқы дауыстысымен екі сөз қосылып айтылады.
Сөздердің жазылған түрі мен (графемамен) дыбысталу (айтылу) сазы бірдей бола
бермейтіндігі и әрпімен келген сөздерде де көзге түседі. Анығында, бұл бір таңбамен ый,
ій деген дыбыстар қосындысы (тіркесі) таңбаланады: сипат – айтылуда: сыйпат, сиыр –
айтылуда: сыйыр, шикі – айтылуда: шіикі, ақ тиін – айтылуда: ақ тійін. Жеке айтқанда и
таңбасын жіңішке дыбыстаймыз. Екі-үш (көп) буынды сөздерде келген (жазылған) и әрпін
жуан не жіңішке дыбыстау оңай, ол сол сөздегі өзге дауыстылардың ыңғайымен
айтылады. Мысалы, бір тиын (ақша) дегенде, и-ді сөз ішіндегі ы-ға қарай жуан айтамыз:
тыйын, ақ тиін дегенде келесі буындағы і жіңішке дауыстыға қарай ій етіп айтамыз: тійін.
Ал бір буынды сөздерде жазылған и әрпін айтуда қиындық тууы мүмкін. Мысалы, ми деп
жазылған сөз мый ма әлде мій ме? Мұндайда осы сөзге іштей қосымша жалғап көріп, егер
ол жуан жалғанса («мыйы+ма қонбайды», «мый+ы жоқ» дегендер сияқты) мый деп айту
керек болады. Сондықтан жазылуына қарап, и дыбысының жіңішкелігін еске алып, мій
деп айтуға болмайды. Сол сияқты бидай деп жазылған сөздің алғашқы буынын жіңішке
(бій), соңғысын жуан (дай) дыбыстау қазақ тілінің дыбыс әуеніне қайшы келеді, бұл
сөздегі би буыны – таза бый да емес, сондықтан болар, айтылуда бұл сөз көбінесе бұйдай
түрінде келеді. Әрине, қазіргі жазуымызда бір әріппен әрі жуан, әрі жіңішке дыбыстар
қосындысын таңбалау ұтымды болмай шықты. Әсіресе сөзді буындауда, соған қарай
дұрыс тасымалдауда қиындық пайда болып отыр. Қазақ тілінің буындау тәртібі (заңы)
бойынша екінші, үшінші буындар еш уақыт дауысты дыбыстан басталмауы керек, тек
дауыссыздан немесе үнді (сонор) у, й дыбыстарынан басталуы тиіс: қа-ла-лық (қал-ал-ық
емес), та-уық (тау-ық емес), қа-йық (қай-ық емес). Мұны бұдан 80-90 жыл бұрын Ахмет
Байтұрсынов жақсы көрсетіп, айтып берген-ді. Ал қазіргі емлеміз бойынша, сиыр, қиыр,
тиын, тиін, тиіс деген сөздерді қалай буындаймыз? Дұрыс буындалуы: сы-йыр, қы-йыр,
ты-йын, ті-йін болуы керек. Ол үшін сыйыр, қыйыр, тыйын, тійін деп жазылуы керек еді.
и дыбысының бір буынды сөздерде жуан не жіңішке айтылуының (яғни бұл әріптің ый
немесе ій деген дыбыстар қосындысын таңбалауының) сөз мағынасын айыруда үлкен мәні
бар. Сол себептен қазіргі емле ережелерімізде ескерту (ауытқу) ретінде тый/ти, сый/си
деген сөздерді осы көрсетілген түрінде жазылады деп көрсетіп келеміз. Қалған
тұлғалардың бәрінде и әрпі жуан дыбыстың да, жіңішке дыбыстың да таңбасы болып
жазылатындықтан, бұл әріппен келген сөздерді дұрыс айтуда ұқыптылық қажет.
Сөз сазына келгенде, мәселе тек үндестік заңдарымен немесе дыбыстар кірігуі (жұтылуы)
сияқты құбылыстармен шектелмейді. Ғылыми тұрғыдан келгенде, шешіліп (зерттеліп)
жатқан, әлі де қарастырыла түсуге тиісті мәселелер аз емес. Әсіресе тіл-тілдің дыбыстар
жүйесін мәшинеге салып, бақылау барысында оны құлақпен есітіп қана талдау әдісі
толымсыз екендігі айқындалып отыр. Мамандардың айтуына қарағанда, эксперименттік-
фонетикалық әдіс дыбыстаудың құлаққа естілмейтін нәзік сәттерін тануға мүмкіндік
береді, осының нәтижесінде құлақпен тыңдағанда тұтас дүние болып естілетін кейбір
дыбыстар артикуляция (айтылуы) жағынан бірнеше элементтен тұратындығы байқалады
екен. Сөздің жеке тұрғандағы дыбыстық құрылымы мен фразадағы құрылымында
айтарлықтай өзгешелік бар екендігі тек қазақ тілі бойынша емес, өзге тілдердің
материалдары бойынша да дәлелденуде. Зерттеуші Мұхаметжан Исаев қазақ тілінде
сөздердің сөйлем ішінде орналасуы (айналасы) олардағы дауыстылардың айтылуына әсер
етеді дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |