132
11) Нормативтік-жарлықшы құжаттардағы ақпарат мазмұнын
толық жеткізуде, мәтінде кездесетін жаңа ұғым-түсініктердің
атауын қазақ тіліне аударуда қолданылатын терминжасам
тәсілдері заңнамалық-құқықтық (басқарушылық-қадағалаушылық
терминология жүйесіндегі семантикалық категориялар мазмұнына
сәйкес, қазақ тілінің сөзжасам амалдары негізінде жүзеге асады.
12) Терминжасамның морфологиялық тәсілін қолдану
барысында байқалған жайттар:
- бір сөзге жұрнақ варианттарының жалғануы арқылы
әртүрлі ұғым атауларының қолданысқа енуі:
сауалдама (анкета) –
сауалнама (опрос) – сұраунама (вопросник);
- синонимдес жұрнақтардың (-шы/-ші, -кер/-гер) қатар
игерілуі:
әкімші (администратор) –
зияткер (интеллектуал);
- омоним жұрнақтардың (-лық/-лік (сын есім), -лық/-лік (зат
есім)); активтенуі:
ақпараттық (информационный) –
өкілдік
(представительство);
- нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде қимыл есім
тұлғасының термин жасаушы формант ретінде активтенуі:
қаржыландыру (финансирование);
жекешелендіру (приватизация);
сақтандыру (страхование).
13) Нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде сөз тіркестерінің
жиі пайдаланылу себебі тектік қатынастағы ұғымдардың түрлік
сипаттаушы элемент ретінде қолданылуымен сипатталады.
Мысалы:
құқық (право) –
азаматтық құқық, қылмыстық құқық,
отбасы құқығы, еңбек құқығы, экологиялық құқық, мүліктік
құқық, халықаралық құқық.
14) Нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде кездесетін
(жинақталған тілдік материалдар негізінде) сөз тіркестерінің
мағыналық құрылымына талдау жасау барысында төмендегідей 3
негізгі модельді бөліп көрсетуге болады:
- сын есім + зат есім – С + З;
- зат есім + зат есім – З + З;
- зат есім + етістік – З + Е.
15) Нормативтік-жарлықшы құжаттар – төл тілдік
әлеуеттің қозғалысқа түсуі арқылы қоғамдық-саяси қарым-
қатынастарға, ғылыми-техникалық процестерге қатысты тың
лексикалық бірліктердің жасалуында, қолданысқа түсуінде және
нормалануында басты тармақтардың бірі ретінде саналады.
133
2.2 Ресми-іскери стиль үлгілерінің міндетті нысандары
және олардың рәсімделуі
Ресми-іскери стиль үлгілерінің қай-қайсысы да – құқықтық
нормаларға байланысты, құжаттың әрбір түріндегі берілген
ақпарат мәлімет ретінде алынады, яки болмаса тиісінше шешім
міндетті түрде орындалуы тиіс. Бұл жайт ресми-іскери тілде
міндетті нысандардың болуын және олардың дұрыс ресімделуін
талап етеді. Бір қарағанда, соншалықты назар аударарлықтай
болмағанымен, міндетті нысандардың сауатты, дұрыс ресімделуі
маңызды, өйткені міндетті нысандардың сақталуы және дұрыс
ресімделуі коммуниканттардың арасындағы байланысты шапшаң
әрі жағымды орнатуға, мәліметтердің тез қабылдануына тиімді
ықпал етеді. Бұл нысандарды сақтау, нысандарды бірегейлендіру
деген сөз. Дамыған елдің мемлекеттік тілінде құжаттарды
ресімдеу үшін барлық үлгілердің қалай жазылуын көрсететін,
басқаруды құжаттармен қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін
нақтылайтын анықтамалық-мемлекеттік стандарт қажет және онда
берілген міндетті нысандар басшылыққа алынуы тиіс.
Міндетті нысандар әрқилы дәрежеде құжаттардың барлығында
да болады. Міндетті нысандар дегеніміз – қажетті нысандар,
құжаттардың белгілі бір тәртіппен орналасқан құрамдас бөліктері.
Айталық, іскери хаттардағы міндетті нысандар – айы, күні,
жылының, адресат пен адресанттың, мекенжайдың және т.б.
көрсетілуі.
Келісімшарт, жарғы, ереже сияқты ұйымдастырушылық
құжаттарда ұйымның, мекеменің, кәсіпорынның, ведомствоның,
фирманың қызметінің реттелуін көрсететін жалпы ережелер, қызмет
аясындағы құқықтары мен міндеттері, қызметінің мақсат, құзыреті,
басқа заңды және жеке тұлғалармен өзара қарым-қатынасын
реттейтін тармақтар, тармақшалар мен баптар болуы міндетті.
Үлгі ретінде толтырылатын бланкілерде мекеменің (ұйымның,
ведомствоның және т.б.) толық және қысқартылған атауы,
мекеменің коды және ұйым туралы анықтамалық мәліметтер,
құжаттық тіркеу нөмірі, адресаты, адресаттың қолы мен мөрі,
қажетті тұстарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
елтаңбасы болуы тиіс.