223
құр (құр атқа мінгендей), торғауыт т.б. сөздерге семантикалық,
этимологиялық ізденістер жүргізгенде, олардың морфологиялық
бітімдері (сұрқылтай, ереуіл, торғауыт сияқты жұрнақты сөздер
монғол тіліне тән екендігі көрінеді. Бұл – бір тілден (айталық,
монғол тілдерінен) екінші тілдің (түркі, оның ішінде қазақ тілінің)
сөз қабылдауы ма әлде «алтай теориясына», яғни түркі-монғол
тілдерінің ортақ генезисіне апаратын құбылыс па – бұл топшылаудың
екеуінің де қисыны бар. Ал, біздіңше, екіншісі дұрысырақ сияқты.
Монголизмдердің тек қазақ тілінде ғана емес, өзге түркі тілдерінде
де ізі бар, ал қазақ тілінде және мүмкін, сібірлік өзге түркілер
тілінде көбірек кездесуі – қазақ қоғамының экономикалық жүйесі
бір болғандығынан және монғол тайпаларымен территориялық
жақындықтан, іргелестіктен болар деп ойлаймыз. Сондай-ақ орта
ғасырларда, әсіресе Шыңғыс хан және оның балалары мен немерелері
кезінде түркі-монғол тайпаларына бірде бір-біріне қарсы, бірде
бірлесіп ұрыс, соғыс, шабуыл жорықтарында араласқан кездерінде
қолданылған әскери, әлеуметтік және шаруашылыққа қатысты лекси-
ка тобы да осы ортақтыққа меңзейді. Мысалы, хан, ұлыс, орда (орду),
оғлан (ұл), хатун (қатын), қарауыл, йасақ (жасақ), ат-ұлақ, боқауыл,
ертауыл, домбауыл, сечен (
дана, ақылды адам) сияқты сөздер түркі-
монғол тайпалары тілдерінде бірдей қолданылғаны Шыңғыс хан
империясына қатысты тарихи шығармалардан көрініс тапқан. Біздің
топшылауымызша, құрамында -уыл, -тай, -ты жұрнақтары бар
бірқатар тілдердің түпкі төркіні монғол тілі болуы мүмкін немесе
олар өз қызметінде тұрып түркі сөздеріне жалғанған болуы мүмкін.
Бүгінгі қазақ тіліндегі ескіліктердің келесі бір тобын, сөз жоқ, көне
түркі тілдерінен іздеуге тура келеді. Әрине, бүгінгі түркі сөздерінің
басымы – көнеден, есте жоқ замандағы ата-баларымыздың тілдерінен
келе жатқан бірліктер, бірақ оларды бүгінгі тілдегі ескіліктер
(көнелер) деп емес, бүгінгі тілдің арқауы, тұтас өзі деп танимыз. Ал
көне сөздердің «ескілік» деген танымға ие болатындары – бұл күнде
мағынасы не тұлғасы күңгірт тартқан, дәлірек айтсақ, ұмытылған,
бірақ ертеректегі өлең-жырларда, ауыз әдебиеті үлгілерінде, мақал-
мәтелдерде, фразеологизмдер құрамында сақталып, тілде бар деп са-
налатындар.
Лексикалық ескіліктердің семантикалық, кейде фонетика-мор-
фологиялық түптөркінін көне түркі тілдерінен іздеу – заңды әрекет.
Тіл де – тарихи құбылыс: барлық параметрі жағынан өзгеріп, жаң-
ғырып, ескіріп отырады да қазіргі қолданыстан не мүлде ығысып
кетеді, ұмыт болады, не ілуде бір кездесетін ескілікке айналады.
Біздің іздестіретіндеріміз – соңғылар.
224
Тілдік ескіліктердің келесі бір тобын парсы тілінен іздеуі керек
болады. ХІ-ХІІ ғасырларда Орта Азияның солтүстік батыс аймағын,
Сырдарияның орта, төменгі ағысын мекендеген түркі тайпаларының
мәдени-рухани дүниесінде парсы тілі араб тілін ығыстырып, үстемдік
еткені, оның түркі поэзиясының тіліне үлкен әсер етіп, із қалдырғаны
мәлім. Сол кездерде түркі поэзиясында, оқу-ағарту саласында ак-
тив қолданылған кейбір парсы сөздерінің белгілі бір мағыналары
сақталған варианттары қазақтың ескі өлең- жырларында кездесіп
қалады. Мысалы, жырларда айтылатын астана жұрт деген тіркестегі
астана сөзі осы қолданыста ескілік болып саналады:
астан, аста-
на – «табалдырық, есік» дегеннен метафораланып, «билеушінің
(ханның) қоластындағы («табалдырығындағы») ел-жұрт» дегенді
білдірген. Ал бұл сөздің «белгілі бір мемлекеттің, хандықтың, елдің
орталық қаласы» деген осы күнгі мағынасы да парсы тіліндегі «са-
рай» деген тағы бір семантикалық вариантынан өрбіген. Алдыңғыда
(астана жұрт дегенде) астана – ескі сөз (семантикалық архаизм),
соңғы қолданыста («Англияның астанасы – Лондон» дегенде) аста-
на – біршама жаңалау, яғни қазіргі қазақтарға оның «орталық қала,
үкімет орналасқан жер» деген ұғымы түсінікті.
Мағынасы баршаға түсініксіз, бейтаныс сөздердің барлығы –
көне, жаңа не ескірген сөздер емес. Олардың басым көпшілігі –
жергілікті (аймақтық) сөздер, енді бірқатары әдеби қолданысқа жиі
түсіп қалыптаспаған бірліктер, яғни әдеби нормадағы сөздердің
синонимдік қатарлары болуы ықтимал. Ондай сөздердің мағынасын
мәнмәтінге қарап аңғаруға болады. Олар тұрпаты жағынан тілдік
жүйеге жат емес болып келеді. Мысалы, Мұхтар Әуезов шығармалары
тілінде кездесетін жошын («Осы, ана Ысқақ бір жошын! Пысық та,
сергек неме! – деді» (М.Әуезов, IVтом, 1968 ж., 19-бет), құж («...құж
десеңщі. Мынадан ба, мынадан шығады!» – Сонда, 21-бет), қозғақ
(«...кейде жер шұқып қап, қымыңдап қозғақ қағады» – Сонда, 110-
бет), нор («...ауылдарының үсті қалың нөмір, қара нор еді» – Сон-
да, 183-бет) деген сөздер, Әбіш Кекілбаев қолданған жылмаңтөс
(«Қашан көрсең де, асығыңды алдап ұтып алғысы келіп жүретін
жылмаңтөс балалардай» Ә.Кекілбаев Елең-алаң. - Алматы, 1984.
- 11-бет), әрқайын дүние, кемталай халық, шажырқай боп туған
Шыңғыс әулеті, мәмілехана, сүмірейме (самала сөзінің антонимі),
бесік (батыл сөзінің антонимі) сияқты сөздердің жеке тұрғандағы
мағыналары бейтаныс, сирек кездесетін тұлғалар, бірақ оларды жа-
зушы стильдік мақсатпен әдейі қолданған. Бұлардың ішінде бірен-
сараны ғана жазушы өзі жасаған авторлық жаңалықтар да (жолығыс –
хан, патшалардың ресми қабылдауы – аудиенция, мәмілехана (әмірші