70
белағаш деп аталатынын диалектологтер көрсетеді. Біздіңше, білік
ағаш, белағаш дегендер – түбірлес сөздер.
Сөйтіп, білік/білек, бел тұлғалары – «бір нәрсенің ортан белі,
арқауы» деген ұғымға ие сөздер. Оқтың ұзын арқауы (ала білек
оқ), арба доңғалақтарын байланыстырып тұратын арқау ағаш (білік
ағаш>6елағаш), үй төбесінің арқауы – бәрі де бел (біл, білік), білек
сөздерінің қатысуымен аталады.
Білік сөзін және бір жерде кездестіретін тәріздіміз. Өткен ғасырда
В.В.Радлов жинап бастырған қазақ текстерінің ішінде «аяғына бұғау,
қолына білекшін қойып, зынданға бырақты» деген сөйлемді оқимыз.
Мұндағы білекшін сөзі де, біздіңше, тұтқынның қолын артына
қайырып байлау үшін көлденең қойылатын ағашты білдіретін тәрізді.
Өйткені егер бұл сөз білек (қолдың білегі) дегеннен жасалған болса,
оның тіркесіндегі етістік қойып делінбес еді, салып, кигізіп болар еді.
Бұл жорамалымызға және бір дәлел XIII ғасырдың түркі-араб сөздігін
зерттеген голланд ғалымы Т.Хоутсма мұндағы білік сөзін «тек қана
беліне қыстырып жүретін құрал» деп табады (Құрышжанов, 97).
Сірә, ғалым білік сөзінің түптөркінінде «бел» (пояс) мағынасы барын
сезіп, сол мағынадан шығарып топшыласа керек. Мүмкін, жоғарғы
білекшін (білікшін) «кішкене білік» (Хоутсма айтқан белге қыстырып
жүретін сойыл тәрізді қару) дегенді білдіретін болар. Бірақ бұл
айтқандарымыздың бәрі жорамалымыз ғана, әрі қарай іздестіре түсу
қажет.
ДАҢҒА ШЫҒУ.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында:
Қарабай, Сарыбаймен аңға шыққан,
Екеуінің дәуірі даңға шыққан, –
деген жолдар бар. «Ер Сайын» жырында:
Байлығының белгісі
Малы алашқа даң болған, –
деп келеді. Даңға шығу тіркесі «Ер Тарғын» жырында да кездеседі.
Бұл тіркес Қазақстанның батыс өлкесінде жергілікті сөз (диалектизм)
ретінде кейде ауызекі сөйлеу тілінде де ұшырайды. Мағынасы –
«белгілі болу, атағы шығу, даңқы шығу». Даңға шығу дегеннің бірінші
сөзінің түбірі – даң. Бұл – жеке тұрып қазірде көп қолданылмайтын
сөз. Ал түркі тілдерінің кейбіреулерінде, мысалы, қырғыз тілінің
оңтүстік диалектісінде даң «атақ, белгілілік, даңқ» мағынасында
ұшырасады. Осы түбірден өрбіген даңдуу «белгілі, атақты», даңдау
«біреуді мақтап атағын жаю», даңдану «өзін жақсы жағынан көрсету»
71
деген сөздер қырғыз әдеби тілінде жұмсалады. Қазақ тілінде де «өз
атағын өзі көтермелеу» деген мағынада даңдайсу (даң + дай + сы +
у) деген етістік кездеседі. Демек, даң сөзі бір кездерде жеке тұрып,
«атақ, даңқ» дегенді білдіргені хақ.
Бұл жерде ерекше болып көрінетін құбылыс – шығу етістігінің ба-
рыс септіктегі сөзді қажет етуі (әдетте, дұрысы даңы шыққан болу
керек қой). Сірә, биікке шықты, тауға шықты дегендей, «белгілі
атаққа шықты (ілікті)» деген үлгіге (модельге) сай даңға шықты бо-
лып қалыптасқанға ұқсайды. Қазірде бой жетті түрінде айтылатын
тіркес ілгеріректе қазақ тілінде бойға жетті тұлғасында айтылған.
Мысалы, Асанқайғы толғауында:
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Даң сөзі осы күнгі әдеби нормадағы даңқ сөзімен түбірлес деген
пікір бар (Досқараев, II, 43).
ДАТ(ДӘТ). Ауыз әдебиеті үлгілерінде: Дат, тақсыр!, Тоқта, ба-
тыр, дәт тыңда! деген жолдар кездеседі. Бұлардағы дат/дәт сөзінің
негізі – дад. Ол парсы тілінде «әділ заң, әділдік» және «(әділдік іздеп)
арыз айту, өтіну» мағыналарын береді. Сонда «дат, тақсыр!» деген
сөздер «өтінішім бар, соны тыңда» немесе «әділдік іздеймін!» деген
мәнде айтылатын қалыпты сөздер болып шығады.
ДЕМ ТАРТУ. XV-XVII ғасырлардағы өлең-жырлар мен эпостар-
да:
Балдағы алтын құрыш болат
Ашылып шапсам дем тартар.
Сусыным қанға қанар деп, –
деп келсе, дәл осы жолдарды Махамбет те қайталайды:
Қарқыны күшті көк семсер
Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Дем тарту тіркесінің мағынасы бұл күнде күңгірт. Сондықтан
да кейбір жерлерде ол дом тартар деп жазылған. Бұл тіркес, сірә,
парсының дем сөзінің қатысуымен жасалған болу керек. Дем сөзінің
парсы тілінде бірнеше мағынасы бар: қазақ тіліне енген дем («ауа
жұту») дегеннен басқа және бір мағынасы «қылыш, оқ, қайшы, сем-
сер сияқты құралдардың өткір жүзі, ұшы» дегенге саяды. Осыдан
барып дем тарту тіркесі «өткірлене түсу» деген ауыспалы мәнге ие
болуы мүмкін. Немесе қазақ, қырғыз тілдерінде осы сөздің «күш,
72
қуат» деген ауыспалы мағынасы және бар екені мәлім. Мысалы, дем
берді, демеді («қуат берді, жігерлендірді» деген мағынада), қырғыз
тіліндегі дем байлады («үміт артты»), дем кесті, дем суытты, дем
басты («күш-қуатынан айырды, аптығын басты, үркітті» деген
мағынада) сияқты тұрақты тіркестердегі дем сөзі «күш, қуат» деген
мәнде. Сондықтан дем тарту деген тіркес «күші артты» деген ауы-
спалы мағынада қолданылған сөздер болуы да мүмкін.
ДЕС БЕРУ, ДЕС БЕРМЕУ. Дес сөзі қазақ жырларында жеке
тұрып, сирек қолданылады, бірақ кездеседі. Мысалы, «Қамбар ба-
тыр» жырында:
Табасың қайдан десіңді?–
деген өлең тармағын оқимыз. Бұл сөз қазақ тілінде көбінесе дес
бермеу, дес беру, дес тию, дес көру, десі қайтпау (қайту) сияқты
күрделі етістік құрамында қолданылады. Бұлардың барлығында
да дес сөзі «күш, қайрат, өктемдік, артықшылық» мағыналарында
қолданылған: дес бермеу (беру) «бой бермеу, билік бермеу, күшін
көрсету, артықшылығын таныту», дес тию «билік тию, ерік тию»,
дес көру «тірек көру, таяныш ету», десі қайтпау «беті қайтпау, тай-
салмау» деген мағыналарда жұмсалады. Бұлардағы дес – парсының
даст «қол» деген сөзі, оның парсы тілінде «1) күш, күштілік, билік,
2) білім, хабардарлық, тәжірибе, 3) артықшылық, жеңіс» деген ау-
ыспалы мағыналары да бар. Қазақ, қырғыз тілдерінде бұл сөздің
тура мағынасы да емес, ауыспалы мағыналарының 1, 3-түрлері
қабылданған және сөз тұлғасы өзгерген (даст>дес). Қырғыз тілінде
бұл тұлғамен келетін күрделі сөздер едәуір. Мұнда дес қайтару
«қорқыту, сес көрсету», десі қайту «қаймығып қалу», дес сындыру,
дес жандыру «қорқыту» деген тіркестер қолданылады.
ДУЛЫҒА/ТУЛЫҒА. Бұл сөз қазақ тілінде көбінесе дулыға
тұлғасында кездеседі және тарихи сөз (көнерген сөз – историзм) болып
танылады, яғни бір кездерде баскиімнің атауы болып жұмсалғанымен,
заттың өзі жоқ болып кеткендіктен, атауы да қолданыстан шыққан, тек
ертеректегі өлең-жырлар мен мақал-мәтелдерде сақталған, қазірде
образ үшін пайдаланылатын немесе бұрынғы дәуірлерді суреттеген
тарихи шығармаларда кездесетін көнерген сөз болып қалған. Бұл,
сірә, түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз болар, өйткені «оқ өтпейтін
металдан жасалған баскиім (каска, шлем)» мағынасындағы дуулга
сөзі монғол тілінде де бар. Мұнда тіпті «дулыға кию» мағынасында
дуулгала(х) етістігі бар (Монг.-русск. сл., 161).
Достарыңызбен бөлісу: |