Сiбiрдiң темiр ғасыры Тағар мәдениетiнен басталады. Ол өз атауын Енесайдағы осы аттас аралдан алған. Осы мәдениетке жататын сақ қорғандардың бiрiн алғаш 1722 ж. I – Сiбiр экспедициясының мүшелерi қазған. ХIХ ғ. соңынан Тағар мәдениетiнiң көптеген ескерткiштерiн А.В.Адрианов зерттеді. Қазан төңкерiсiне дейiн 100-ден астам қорғандар қазылған. Тағарлықтардың жерлеу ескерткiштерiмен қатар кен алған орындары, суғару жүйелерiнiң қалдықтары да жақсы зерттелген. Ғылымға тағарлықтардың екi туысқан мәдениетi белгiлi. 1. Далалы аймақтардағы Тағар мәдениетi: Байнов (б.з.д.ҮП - ҮI ғғ.), Подгорнов (б.з.д. ҮI –Ү ғғ.), Сарағаш (б.з.д. IҮ - Ш ғғ.) кезеңдерiнен тұрады. 2. Орманды аймақтардағы Тағар мәдениетi: Большепичугин (б.э.д. ҮI – Ү ғғ.), Тисуль (б.з.д.Ү – IҮ ғғ.), Назаров (б.з.д. Ш ғ.) кезеңдерiнен тұрады.
Тағарлықтардың жерлеу орындары үйiндiнiң астында орналасқан жалпақ тастардан немесе қима бөренелерден жасалған қабiрлер түрiнде. Бiр обаның астында бiрнеше ондықтардан тұратын қабiрлерде кездеседi. Оларды рулық жерлеу камералары деп атайды. Жерленген кiсiлердiң қасынан сабының басында дөңгелек тесiгi бар пышақтар, Сақтардыкiне ұқсас қанжарлар, күмiс тескiштер, ұшып бара жатқан бұғылар бейнеленген қола айналар т.б. әшекей бұйымдары табылады. Жеке тұрған үлкен обалар мәдениеттiң соңғы кезеңiнде пайда болады. Олардың астында болатын жалғыз қабiрлерге өлген кiсi өртелiп күлi қойылатын.
Негiзгi шаруашылығы егiншiлiк пен мал өсiру. Оны растайтын қабiрлерден жиi кздесетiн қола орақ, кельт – кетпен секiлдi еңбек құралдары мен тары, арпа секiлдi дақылдардың дәндерi. Егіншіліктің болғаны жайлы су шығарған арықтардың іздері де айтады. Тагарлықтардың жыртпалы егіншілікті игергендігі туралы да айтылады. Шаруашылықта мал өсіру де өзіндік маңызға ие болған. Қабiрлердiң барлығынан кездесетiн қой, сиыр, жылқылардың сүйектерi, қоладан жасалған iлмешектермен безендiрiлген ат әбзелдерi мал шаруашылығы жайынан хабар бередi. Шестаковск қалашығының маңындағы жартасқа салынған сызбалардың сипаты тағарлықтардың отырықшы тiршiлiк кешкендiгiн сездiредi. Онда шатыры төрт қырлы етiп жабылған, iшiнде дөңгелек ошағы бар ағаштан салынған үйлер бейнеленген. Тагарлықтардың жүзге жуық мекенжайлары белгілі. Бірақ олар қажетті деңгейде зерттелмеген. Дегенмен, уақытша және тұрақты мекендердің болғаны анықталған. Қоныстардағы үй жайлары жартылай жертөле және жердің бетіне салынған үйлер түрінде кездеседі.
Тагарлықтарда ыдыс жасау кәсібі жеткілікті дамығанымен қолөнері денгейіне жетпеген. Құмыра жасау кәсібінің жоғары деңгейін білдіретін құмыра жасайтын шарық қондырғысы өте сирек кездеседі. Ыдыстың жаңа түрі күпшіндер пайда болған. Тері илеу, былғары өңдеу, сүйекті кесу жақсы дамыды, жіп иірудің көрсеткіші саналатын мал жүнінен жасалған маталар жиі табылады. Қаруды еркектер мен қатар әйелдердің де жерлеулеріне қойған. Мәдениеттің соңғы кезеңінде қарулар мен құралдардың орнына қоладан, темірден арнайы жерлеу үшін жасалған олардың көшірмелері қойылатын болған. Жерленген марқұмның түр-түін айнытпай қайталайтын балшық маскалар осы кезеңде пайда болады. Гипс тәріздес теракота маскалар кейінгі тагар мәдениетінде кең таралды. Мәдениеттің соңғы кезеңінде таптардың қалыптасу процесі байқалады. Дегенмен, жерлеу ғұрпында мүлік теңсіздігін білдіретін белгілері көп байқалмайды.
Өздерінің физикалық түрі жағынан тагарлықтар еуропоидтық нәсіл өкілдері афанасевтіктердің жақын ұрпағы саналады. Б.з.д. ІҮ-ІІІ ғғ. жататын тағарлық обалардың астында жүздеген қарулы еркектер бірге жерленген үлкен қабірлерді көреміз. Бұл көрініс тайпалардың арасындағы жер үшін болған қарулы қақтығыстардың жиілегенін білдіреді. Сонымен қатар, патшалардың алып обалары да жиі кездеседі. Солардың бірі-б.з.д. ІҮ-ІІІ ғғ. Салбық обасы. Оның биіктігі-11 м, көлденең ені-500 м, онда қарт-көсем (патша) алдын ала өлтірілген құлдарымен бірге жерленген. Сол заманның өзінде тонауға ұшыраған обаның астынан үлкен жұмыр тастардан жасалған алып құрылыс шықты. Оба астындағы тас қоршаудың өлшемі 70х70 м, биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Қоршауға қойылған кейбір жалпақ тастар 75 шақырым жердегі Енесайдың жағасынан әкелінген. Тас дірменнен басқа жерлеу заттары жоғалған. Дегенмен, обаның алып өлшемі мен жерлеу ғұрпының салтанаттығы Салбық обасын патшаныкі деуге негіз болған.
Аржан және Пазырық обалары
Ерте темiр ғасырының жерлеу ескерткiштерi Таулы Алтай мен Сiбiр жерiнде өте көп орналасқан. Олар Пазырық шаткалы, Башадар және Туэкты өлкелерi, Укок пен Қосағаш тау жотасында, Қаракөл және Урсул өзендерiнiң алқабында т.б. жерлерде шоғырланған. Осындай обалар Қазақстан жерінде, Монғолдық Алтайда, Қытайдың Синьцзян Ұйғыр автономиясында бар.
Оңтүстік Сібірге қарайтын Тува жерiндегi қорғандар мен жер қабiрлер, бұғы тас деп аталатын ғұрыптық және салттық құрылыстар, тасқа салынған суреттер сақ дәуiрiне жатады. Ескерткіштер алуан түрлі. Тек обалы құрылыстардың өзінің: үстіне жай топырақ және тас үйіліп, сыртынан шеңбер қоршаған, тікбұрышты қоршаулары бар, дүниенің торт тарапына қарай кететін сүрлеуі мен тас бағандары бар обалар болып бірнеше түрге бөлінеді.
Б.з.д. ҮII – III ғғ. тұрғызылған бұғы тастарда марал, қабан, жылқы секiлдi жануарлар мен қатар қанжар, семсер, жебелер, дөңгелек және төрт бұрыш келген таңбалар ойылып салынған. Зерттеушiлердiң көпшiлiгiнiң пiкiрi бойынша, бұғы тастар өлген кiсiнiң басына қойылатын ескерткiш.
Туваның негiзгi археологиялық ескерткiштерi Саглы – Бажы, Қызылған, Усть – Хемчик, Ұйық секiлдi обалы жерлеу кешендерi. Туваның скиф заманына жататын мәдениетерін әр ғалым әртүрлі: қызылғандық, ұйықтық, сағылық деп атап жүрді. Қазіргі кезде Аржан обасымен замандас алдыбел кезеңі жеке қарастырылып жүр. Алдыбелдік жерлеулер үстіне тас үйіліп шет жағынан үлкен тастармен қосымша нығайтылған жұп обалардан тұрады. Онда жерді қазып, тігінен қойылған жалпақ тастардан жасалған жәшіктерге мәйітті аяғын бүгіп бір жамбасымен жатқызған.
Тувалық сақтардың соңғы кезде зерттелген үлкен ескерткiштерiнiң бiрi- б.з.д. ҮIII – ҮI ғғ. жататын Аржан обасы. Ескерткішті 20 – ғасырдың 70 – жылдары М. Грязнов пен М. Манай-ооло зерттеген болатын. Баға жетпес мәлімет берген обаның диаметрi-120 м, биiктiгi-4 м. Үлкен тас үйiндiсiнiң астында жуандығы 40 – 50 см. тау қарағайларынан салынған күрделi қима қабiрлер кешенi орналасқан. Қорғанның қақ ортасындағы қимаға тайпа көсемi мен оның жұбайы, күтушiлерi және аттары жерленген. Оны айнала бөренелерден дөңгеленте салынған 70 тен астам қималардың үшеуiне еркектер жерленген.
Барлығы 17 адам мен 160 - тан астам жылқы көмілген. Патша жатқан және бірсыпыра қималардың еденiне бұлғындардың терiлерi төселген. Ал патшаның қимасының төсенiшiнiң астынан жайылған 15 тен 20 ға дейінгі жылқының құйрығы табылды. Өкiнiшке орай, Аржан қорғаны да сол заманның өзінде тоналған. Сондықтан да құнды заттар аз, солай бола тұрса да жерлеу заттарының қалдықтары (қару-жарақтар, ат әбзелдері, маталар) ол баста қабiрге қойылған алтын заттар мен қымбат бұйымдардың мол болғандығын бiлдiредi. Қоладан және күмiстен жасалған ат әбзелдерiнiң өрнектерi жақсы сақталған. Қазба кезінде алынған мәліметтер скифтік мәденни кешеннің бастауы Орталық Азиядан басталатынын көрсетеді. Аржанның мерзiмделуi қимадағы бөренелерге жасалған дендрохроно логиялық анализ бойынша анықталған мерзімі б.з.д. ІХ ғасырдың соңы мен ҮІІІ ғасыр. Аржан осы күнге дейін зерттелген скиф ескерткіштерінің ең ежелгісі.
2000 жылдан бастап Германияның Археология Институты мен Ресей Мемлекеттік Эрмитажының біріккен экпедициясы Аржан 2 обасын зерттей бастады. Обаның диаметрі - 80 м. биіктігі - 2 м. Бұл Аржанға ұқсас күрделі ғұрыптық жерлеу кешені алғашқысындай бөренелерден емес тастан тұрғызылған. Бірнеше дүркін тонаудың және шаруашылық құрылыстарына тас алудың салдарынан ескерткіш қатты бүлінген. Орталық жерлеудің айналасында бірнеше салт жоралғы құрылыстары қазылды. Олардан сақталған күлдер, ірі және ұсақ малдардың шала жанған сүйек қалдықтары мен көмірлері шықты. Оның өзінде малдарды сыртта өртеп, жанған қалдықтарын әкеліп қабірге сепкен.
Қатты бүлінгеніне қарамай ескерткіш тоналмаған болып шықты. 2001 жылы жоғары тап өкілдеріне жататын әйел мен еркек жерленген қабір қазылды. Тоналмаған осы жерлеуден басым көпшілігін скиф-сібір аң нақышына жататын алтын бұйымдар құрайтын заттардың үлкен тобы шыққан. Сонымен қатар оба астына 14 жылқы мен қару-жарақ, ат әбзелдерінен тұратын көмбе қойылыпты. Патша қабірінен басқа бірқора еркек пен әйел, балалардың жерлеулері де ашылды. Бір қызығы еркектердің жерлеулері обаның шығыс, әйелдер мен балалардыкі батыс шетіне шоғырланған. Скиф дәуірінен мол мағұлымат беретін бұлардан басқа да көп заттар мен жерлеу құрылыстары аршылды. Қазба заттарын саралап келіп зертеушілер Аржан 2 обасын б.з.д. ҮІІ ғасырмен мерзімдейді.
Б.з.д. ҮШ-ҮІІ ғғ. Қытайдан Дунайға дейінгі аралықта қалыптасқан скиф-сібірлік қауымдастығы құрамындағы әр тектес тайпалар өзара ортақ көшпелі бақташылықтың негізінде бір-бірімен етене араласып, біртұтас мәдениет құрды. Олардың баспаналары көпшілік жағдайда жеңіл жиылатын шатырлар және арба үстіне құрылған үйлер түрінде болды. Әйткенмен үлкен обалардың астына алып тастар мен бөренелерден тұрғызылған салтанатты жерлеу құрылыстары сақтарда ағаштан салынған үйлердің болғандығын байқатады. Киімдері малдың жүні мен терісінен жасалған көшпелі тіршілікке қолайлы. Негізгі азығы мал өнімдері: ет, сүт және сүттен жасалатын тағамдар. Таулы Алтайда темірді игеру ісі б.з.д. ҮІ ғ. басталады.
Сақ патшаларының тамаша жерлеулері алғаш Алтай тауында зерттелді. Пазырық патша обалары ( б.з.д. ҮІ – ІІІ ғғ.) үлкен тас үйiндiлердiң астынан терең етiп қазылған алып шұңқырға бөренелерден екi қатар етiп жасалған жерлеу қималарынан тұрады. Олардың үстi де бөренелермен жабылған. Жоғарғы жағына үйiлген iрi тастардың арасынан кiрген жаңбыр және қар сулары қыс кезiнде қатып, мәңгiлiк тоң қалыптасу салдарынан оның iшiне жерленген кiсi мен бiрге қойылған заттар бiзге дейiн бүлiнбей жеткен. Бұндай құбылыс барлық обаларда бірдей кездеспейді, тек үлкен «патша» обалары және теңіз деңгейінен 2500-2700 м биіктікте орналасқан обаларда ғана. Пазырық мәдениетінің обаларын тұрғызушылар қалай өмір сүргені жайлы да материалдар жеткілікті. Олар дамудың жоғары деңгейіне жеткен және шаруашылық түрі жағынан Жетісудың сақтарымен жақын малшылар болған.
Таулы Алтайдың обаларынан алыс елдерден әкелінген бай мүліктер табылған. Солардың қатарына оқалы қалпақ киген абыз бейнеленген ахеменидтік Иран дәуірінің матасы, қабыланның терісінен жасалған бұйымдар, кориандра дәні мен Үнді мұхитының жағалауынан әкелінген каура қабыршықтары жатады. Жерленген кісінің бай да атақты болғандығын Укок өңірінен Н.В. Полосьмак тапқан тұтасымен бальзамдалған әйел мүрдесін білдіреді. Атақты жас әйелдің кйімін қалпына келтіру мүмкіндігі болды.
Қабiрдiң шамадан тыс көлемi мен iшiне койылған асыл бұйымдар, қымбат терiлер мен маталар әшекей бұйымдары, қатар жерленген асыл тұқымды сәйгулiк аттар мұнда жерленген кiсiнiң iрi тайпаны немесе тайпалық одақты басқарған көсем болғанын көрсетедi.
Екiншi пазырық обасына жерленген көсемнiң қабiрi ерекше. қабiр иесiнiң жағына қара түспен боялған сақал байланған. Денесiн толығымен жапқан татуировкада грифонның, құланнын, тауешкiсiнiң, бұғы мен құстардың бейнелерi салынған. Қорғаннан табылған өнер туындылары Алтай сақтарының басқа туысқан мәдениеттермен тығыз байланыста болғанын көрсетедi. Осы мәселеде аңдар ( бұғы, қарақұйрық, арыстан, жолбарыс, қабан ) мен құстарға (аққу, қаз, әсiресе жыртқыш құстар) басты орын берiлген. Өмiрде кезеспейтiн, аңдар мен құстардың дене мүшелерiнiң қосындысынан тұратын мифтiк тiршiлiк иелерi Сақтардың аң стилiнде негiзгi орын алады. Жиi қайталанатын осындай қиял ғажайып бейнелердiң бiрi – денесi арыстанның немесе жолбарыстікi, қанаты мен басы құстікi болып келетiн грифон жиi қайталанады. Бұдан басқа бейнелердiң арасында шығыс стилiндегi сфинкс кездеседi.
Бесiншi пазырық обасынан табылған екi керемет кiлем ерекше айтуға тұрарлық. Киiзден жасалған бiрiншiсi өзiнiң үлкен көлемiмен (6,5 х 4,5 м.) таң қалдырады. Екiншiсi (2 х 2 м.) түрлi – түстi түктi кiлемдердiң ең ежелгiсi. Бұлардың екеуi де ахемеидтiк Иранның өнер туындысы. Мәңгiлiк тоңға негiзделiп салынған қабiрлерге қойылған еңбек құралдарымен әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттар өте жақсы сақталған. Сақтардың “аң стилiнiң” нақышы жағынан Ежелгi Шығыс өнерiмен жақындығы мен қабiрлерден табылған Қытай жiбегiнiң қалдығы, Иран кiлемдерi Алтайлықтардың жақын және алыс елдермен сауда - мәдени байланысының болғандығын бiлдiредi. Осыған қарамай қабiрде қалыптасқан мұздықтың арқасында бiзге жеткен өзiндiк нақышы айқын байқалатын өнер туындылары сақ мәдениетiнiң жергiлiктi төл өнер негiзiнде қалыптасқандығының куәсi.
Таулы Алтайдың обаларының бірінен табылған төрт дөңгелекті арабамен көсемнің дересі салынған табытты жерлеу әкелген деп есептелінеді. Арбаның қозғалмайтын бөлігі жеңіл ағаштардан жасалған. Дөңгелектері үлкен, арасы айқасқан тістермен тоқылған, үсті жабық. Қажет жағдайда бөлшектеуге ыңғайлы. Төрт дөңгелегін алғанда ыңғайлы зембілге айналады.
Алтай даласында ру-тайпа көсемдерінің алып обаларымен қатар қатардағы қауым мүшелерінің қарапайым обалары да зерттелген. Әдетте оларда құрал-жабдықтар (қола пышақтар, қанжарлар, қапсырмалар, айналар т.т.) аз кездеседі.
МЕРЗІМДЕЛУ
Б.з.д. ҮШ –ҮП ғғ. – Шығыс Еуропа мен Орта Азияның халықтары темiрдi меңгердi.
Б.з.д. ҮІІІ – ҮІ ғғ. - Аржан обасы.
Б.з.д. YII - III ғғ - Тағар мәдениеті
Б.з.д. ҮП - б.з.д. Ш ғғ. - Далалы аймақтардағы Тағар мәдениетi
Б.э.д. ҮI - б.з.д. Ш ғ. - Орманды аймақтардағы Тағар мәдениетi
Б.з.д. YII-II ғғ- Ананин және дьяков мәдениеттері.
Б.з.д. Y-II ғғ- Пазырық мәдениеті.
Әдебиеттер
Грязнов М.П. Аржан. Царский курган раннескифского времени. – Л., 1980.
Кызыласов Л.Р. Древняя Тува (от палеолита до 1Х в.). – М., 1979.
Мартынов А.И. Лесостепная тагарская культура . – Новосибирск,1979
Полосьмак Н.В. Стрегущие золото грифы. – Новосибирск,1994.
Руденко С.И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. – М., Л., 1953.
Савинов Д.Г. Оленые камни в культуре кочевников Евразии. – СПб.,1994.
Членова Н.Л. Происхождение и ранняя история племен тагарской культуры. – М., 1967.
Мыльников В.П., Парцингер Г., Наглер А. Элитное погребальное сооружение из дерева в Туве//Проблемы археологии, этнографии, антрапологии Сибири и сопредельных территорий. – Новосибирск, 2002.
Қазақстанның ерте көшпелі тайпалары
Қазақстан жері б.з.д. ҮІІІ – ҮІ ғғ. сақ-скиф әлемінің негізгі орталықтарының біріне айналды. Ғылымда қалыптасқан көзқарас бойынша Парсы деректерінде айтылатын тиграхауда-сақтары, немесе антикалық жазбалардағы ортокарибант-скифтері Жетісу өңірін мекендеді. Бұл атаулардың екеуі де шошақ қалпақтылар деген мағына береді. Арал маңын мекен еткен көшпелі тайпаларды гректер массагеттер және дайлар, парсы деректері хаомаварга-сақтары деп береді. Орталық Қазақстанның далалық аймағын исседондар мен аргиппейлер жайлады. Осы тайпалардың қалдырған ескерткіштері археологияда Тасмола мәдениеті деген атпен белгілі. Шығыс Қазақстанның асыл металдардың қорына бай аудандарын аримасплер мен алтын қорыған самұрық тайпалары, Батыс Қазақстан жерін алдында Савраматтар, сосын Сарматтар мекендеді.
Осы аталған тайпалардың одағы сол дәуірдегі Орта Азияның саяси тарихына тікелей қатысты. Б.з.д. ҮІ ғ. Ахеменидтік Иранның патшасы Кир өзінің шығыс шекарасын кеңейтіп, патшалықтың үстемдігін нығайту мақсатымен Арал маңын мекендеген көшпелі тайпаларға қарсы жорыққа шықты. Сол жорық жайлы гректің екі бірдей тарихшысы Герадот пен Ктесий Книдский жазып қалдырған. Б.з.д. 529 ж. Сырдарияның бойында болған ұрыста Томирис (Тұмар) ханша бастаған массагет әскерлері парсыларды талқандап, Кирдің басын шауып Сырдарияға тастаған. Дегенмен, Кирдің баласы Дари І-ге Қазақстанның Оңтүстігін мекендеген сақ тайпаларының бір бөлігін уақытша бағындыру сәті түссе керек. Өйткені, кейбір жазба деректерде сақтардың атты құрамаларының Даридің әскерімен бірге Египет пен Гректерге қарсы соғысқаны жайлы айтылады.
Сақ тайпаларының материалдық мәдениеті, шаруашылығы мен тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік құрылымы жайлы жазба деректер көп ештеңе айтпайды. Осындай мәліметтерді олардың археологиялық ескерткіштерін зерттеу арқылы ғана аламыз. Сақ тайпаларының материалдық мәдениеті жерлеу ескерткіштері материалдары негізінде зерттелген. Олар Жетісуда: Қарашоқы, Қарғалы 1 (б.з.д.ҮІІІ-ҮІІ ғғ.); Жуантөбе 1, Қадырбай 3 (б.з.д. ҮІІ-ҮІ және ІҮ-ІІІ ғғ.); Бесшатыр және Есік (б.з.д. Ү – ІҮ ғғ.) т.т.; Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңында Түгіскен мен Ұйғарақ (б.з.д. ҮІІ-Ү ғғ.); Шығыс Қазақстанда Шілікті (б.з.д. ҮІІІ-ҮІ ғғ.); Берел (б.з.д. Ү-ІҮ ғғ.); Орталық Қазақстанда Тасмола (б.з.д.ҮІІ-ІІІ ғғ.) қорымдары.
Жетісу сақ мәдениетінің үлкен орталықтарының бірі болғанын Бесшатыр мен Есік қорымында жүргізілген археологиялық зерттеулер қорытындысы анық көрсетеді. Осы ескерткіштерде 50-70 жылдары аралығында зерттеу жүргізген Жетісу археологиялық экспедициясы (жет. К.А. Ақышев) ғылым үшін аса маңызды материалдар жинады. Алматыға жақын жердегі Желшалғыр тауының етегінде, Іле өзенінің оң жағалауында орналасқан Бесшатыр қорымы 31 обадан тұрады. Олардың 21- і тас, қалғандары қиыршық тас пен топырақ араласқан үйінділерден түзілген. Үйінділерінің өлшеміне қарай қорым үлкен, орташа және кіші обалар болып үшке бөлінген. Үлкен обалардың көлденең өлшемі – 45 – 105 м, биіктігі – 6 – 17 м; орташаларының көлденең өлшемі – 25 – 38 м, биіктігі – 5 – 6 м; кішкенелері – 6 – 18 м, - 0,8 – 2 м.
Ежелгі заманның өзінде көпшілігі тоналған қорымның әрбір обасы үлкен тарихи құндылық болып табылады. Зерттеу қорытындылары сақ қоғамының сол кездегі даму деңгейі, құрылыс салу дәстүрінің жетістіктері жайлы үлкен мағұлмат берді. Үйінді, оның астындағы бөренелер мен қамыстан тұрғызылған жерлеу үйі, тас қабырғалар мен қоршаулар, жер асты жолдарынан, кейбіреулері айнала қоршай орналасқан меңгірлер топтарынан тұратын үлкен обалар біртұтас сәулеткерлік құрылыс болып табылады.
Сақ мәдени қауымдастығының шаруашылық–экономикалық, мәдени-әлеуметтік даму деңгейін зерттеуде аса маңызды мәліметтер берген Есік обасында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі болды. Мұнда көлденең өлшемі 60 м, биіктігі 6 м обаның астында орналасқан екі жерлеу қабірі анықталды. Үйіндінің қақ орта тұсында болған жерлеу қабірі толығымен
тоналған. Оның оңтүстік шетінде 15 м жердегі екінші жерлеу толығымен аман сақталған. Тау қарағайынан жасалған қима тағанның ішіне жерленген бекзаданың алтынмен апталған киімі мен онымен бірге қойылған заттар, қару жарақтардан тұратын өнер туындылары әлемдік тарихтағы елеулі жаңалық болды. Бекзаданың киімі мен қалпағына тігілген жабайы аңдардың, үй жануарларының, құстар бейнесіндегі және үш бұрышты түріндегі алтын ілмешектер, сабы алтынмен апталған қанжары мен семсеріне жұмсалған алтынның жалпы салмағы 4 кг астам. Ал олардың жасалу нақышы сол заманғы өнер жетістігінің алдыңғы туындысы деуге тұрарлық. Жерлеуден шыққан асыл метталдан жасалған өнер туындылары мен қарапайым ағаш және балшық ыдыстар, тұрмыстық заттар сақ қоғамының өмірдің қай саласында болмасын көршілерінен жоғары болғандығын растайды.
Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулердің материалдары Қазақстанды мекен еткен ерте көшпенді тайпалар біртұтас көшпелі тіршілік кешпегендігін көрсетеді. Жетісу сақтарының жерлеу ескерткіштерімен қатар тау бөктерлерін жайлаған мекенжайлары да қазылып, зерттелуде. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Сарытоғай, Өсербай, Рахат, Талғар, Цганка, Бұтақты, Боралдай, Есентай секілді оншақты сақ-үйсін мекенжайлары зерттелді. Мекенжайларда жүргізілген қазба барысында алынған материалдар сақ-үйсін тайпаларының мал бағумен қатар егіншілікпен айналысқан отырықшы тіршілікті де қатар игергендігін көрсетеді.
Археологиялық зерттеулер қорытындылары Сақтардың шаруашылғы мен тұрмысында қой мен жылқы негізгі роль атқарғандығын көрсетеді. Қабірлерді қазу кезінде асыл тұқымды жылқылардың қаңқасы жиі табылады. Жерлеу ескерткіштерінің алып және құрылысының күрделілігі сақтарда сәулеткерліктің жақсы дамығандығын, қабірге салынатын заттардың бай және алуан түрлілігі қоғамдық даму деңгейінің биіктігінен хабар береді. Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді бекзаданың» алтын ілмешектер мен жануарлар, құстар түріндегі әшекейлер сақтарда көркем өнерінің жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. Б.з.д. ҮІІ – ҮІ ғғ. Орта Азия, Қазақстан және Сібір мен Оңтүстік Шығыс Еуропа даласында кең тараған қолданбалы өнер үлгісі ғылымда «аң нақышы» деген атқа ие болған. Бұл нақыштың ерекшелігі аңдардың бір-бірімен арпалысы, жыртқыш аңдардың жабайы жануарларды құлшына жұлмалау, жыртқыш аңдар мен жабайы жануарлардың кері қарай бұралып көрсетілген бейнелерімен ерекшеленеді.
Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті жазығында сақталған сақ патшалары қорымы ХХ ғ. басынан бері бірнеше дүркін қазылды. С.С. Черников зерттеуі кезінде диаметрі 20-200 м, биіктігі 2-10 метрлік 51 оба анықталған. Зерттеу барысында жердің астына және жердің бетіне бөренелерден салынып, үстінен тас және топырақ аралас үйінділер тұрғызылған күрделі жерлеу құрылыстары ашылды. Қабірлердің бірінен табылған 40 пен 50 жастың арасындағы ер кісі мен 50 мен 60 жастың арасындағы әйел адамның мәйіті табылған. Бұлардың да анасы мен баласының денесі болуы мүмкін. Қабірлерден табылған бес жүзден астам аңдар мен құстардың алтыннан жасалған кішкене мүсіншелері мен қазбаның толық мәліметі С.С. Черниковтің «Загатка золотого кургана» атты кітабында жарияланған.
2003 ж. жүргізілген зерттеулер Шілікті жазығында орналасқан сақ обаларының саны 220, олардың ішінде патшалар мен ақсүйектерге тәндері 48 оба екендігі анықталды. Қазбаға алғаш іліккен № 2 – обаның диаметрі 75, биіктігі 6 м. Сол кездің өзінде тонауға ұшыраған жерлеу құрылысы қатты бүлінген, жерленген кісінің сүйектері бей-берекет шашылған. Дегенмен тонаудан аман қалған алтыннан жасалған ұсақ бұйымдардың жалпы саны 4303 данадан тұрады. Олар: бұғы, арқар, барыс, қасқыр сияқты аңдар мен жабайы жануарлардың, бүркіттің құйма мүсіндері. Табылған заттар б.з.д. ІХ-ҮІІІ ғғ. мерзімделеді.
Қазақстандық Алтайда орналасқан Берел патша қорымын зерттеу осы ескерткiштердi қалдырған тұрғындардың Пазырық сақтарымен туысқан тайпалар болғанын көрсететiн мол материал бердi. Тас обаның астынан қазылған терең шұңқырдың ішіне салынған қима тағанның бір шетіне қойылған ағаш табытқа жерленген сақ батыры мен оның анасының денесi шыққан. Олардың анасы мен баласы екендігі молекуларлы-генетикалық әдіс бойынша анықталды. Антропологиялық зерттеулер барысында еркектің қабырға, омыртқа, ұзын сүйектері бірнеше дүркін сынып, қайта біткендігі анықталған. Марқұмның басына операция жасалған. Осындай белгілері мен жанына қойылған қарулары ер кісінің тірі кезінде қол бастап, талай шайқасқа қатысқан батыр болғандығын білдіреді. Өкінішке орай, жерлеу сол заманның өзінде тоналған. Тонаудан қалған заттардың қатарында қолдан жапсырып жасалған құмыра, ағаш стол мен ағаш күрек бар. Ол баста мәңгiлiк тоңға негiзделiп жасалған қабірдің құрылымы тонау қуысы арқылы кірген ауадан бұзылған. Сондықтан да жерленген мәйіттердің жұмсақ еттері сақталмаған. Марқұмдар жерленген қиматағанның солтүстік шетіне 13 сәйгүлiк жерленген. Олар екі қатар етіп: астынғы қатарда 7 жылқы, оның үстінен 6 жылқы жатқызылған. Жылқылардың асты мен үстіне қайыңның қабығы мен курил шәйінің жапырағы екі қатар етіп төселген. Жерлеудің осы бөлігі тонауға ұшырамағандықтан оның мұздыққа негізделген қалпы бұзылмаған. Сондықтан да жерленген жануарлардың денесі тоңға қатқан күйінде бізге жеткен. Жылқылар ер-тұрман, құйысқан, жүген секілді ат әбзелдерімен жасақталған. Жылқылардың бірінің басына алтын жапырақтан жасалған маска кигізілген. Ат әбзелдері мысық тұқымдас жыртқыштар, бұғы, құстар, таутекелер мен арқарлар бейнесінде ағаштан ойып жасалған нақыштармен безендірілген. Нақыштар сыртынан алтын жапырақшалармен қапталған. Қазбадан шыққан заттарды зерттеуге қатысқан ондаған мамандық салаларының ғалымдары жерленген мәйiттер мен олардың өмiрiн сан қырынан көрсететiн қорытындылар жасауда. Мысалы, археологтармен қатар жұмыс iстеген тоң зерттеушiлер мәңгілік мұздыққа негіздеп жасалған жерлеудің арқасында жерленген адам, онымен бірге көмілген жылқылар, қарулар, тұрмыстық заттар бізге дейін сол бастапқы қалпында жетуінің себептеріне көз жеткізді. Өкінішке орай, тонау кезінде бұзылған мәңгілік тоңдық жүйенің салдарынан жерленген кісілердің денесі бастапқы қалпында сақталмаған. Осының салдарынан ғылым үшін аса маңызды генетикалық зерттеу амалдары дәрменсіз қалды. Тоң қалпы бұзылмаған бөліктегі 13 жылқының сол күйінде жеткен денесіндегі жеке таңбалар мен олардың ас қазанында қалған шөп құрамы және аттардың ер-тұрмандары мен әбзелдері, ағаштан жасалып, сыртынан алтын жапырақтармен қапталған түрлі өрнектер сақтардың саяси-әлеуметтік тіршілігі мен мәдени жетістіктері жайлы құнды мәліметтер айтады.
Орталық Қазақстанды мекендеген сақ тайпаларынан қалған археологиялық ескерткіштер кешені ғылымда тасмола мәдениеті деген атпен белгілі. Мәдениеттің ерекшеленетін белгісі «мұртты қорғандар» деп аталатын жерлеу құрылыстары. Бұл қабір үстіне салынған кешен үлкен өлшемдегі негізгі обадан, оның шығыс шетіндегі кіші обадан және оның екі шетінен шығысқа қарай созылған ені 1,5-2 м., ұзындығы 20-200 м, етіп қаланған тас тізбектерден тұрады. Жартылай доға түріндегі тізбектердің бас пен аяқ жағында қорған тәріздес кішкене үйінділер де жиі кездеседі. Негізгі обаның астындағы қабірге марқұм мен түрлі заттар қойылады. Ал кіші обаның астында жерлеу болмайды. Әдетте оның астына жылқының мүшесінің кейбір бөліктері (басы, басқа сүйектері), қыш ыдыс, кейде екі ыдыс қойылады. Мұртты қорғандардың түрлі варианттары таралған. Мысалы, кіші обалары екеу, шығыс және оңтүстік шетінде орналасқан немесе негізгі обаның үстінен түскен түрлері де кездеседі.
Мерзімделуі жағынан тасмола мәдениеті екі: б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғғ. және б.з.д. Ү-ІІІ ғғ. жататын кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең жерлеу заттарының белгілі бір құрамымен ерекшеленеді. Олар қоладан жасалған жебенің ұштары (екі қанатты сыртқа қарай шығып тұрған қуыс ұңғылы және үш қанатты тұтас сапты), сабының басы жұмыр қанжарлар (акинак), түрлі ауыздықты жүгендер және қола айналар.
Тасмола мәдениетінің жерлеулері Тасмола, Қарамұрын, Нұрманбет обалары. Жерлеу заттарының ішінде құмтастан жасалған сопақша немесе дөңгелек келген, кішкене аяғы бар құрбандық табақшалары да кездеседі. Жерлеу заттарының ең көп таралған түрі құмыра ыдыстар. Олардың барлығы да қолдан жапсыру әдісімен жасалған. Сүйектен, қоладан және алтыннан жасалған жануарлардың мүсіндері мен бедерлі бейнелері де табылған. Алтын жапырақтармен қапталған барыс, арыстан секілді жыртқыш аңдардың да бейнелері кездеседі. Жерлеу заттарының ішінде көптеп кездесетін қару түрі- жебенің ұштары. Олар ұңғысы қуыс екі қанатты және ұңғысы тұтас үш қанатты түрде кездеседі. Қарамұрын І қорымындағы обалардың бірінен ішінде 46 жебесі бар былғарыдан тігілген қорамса шыққан. Жебелер қорамсаға үш қатар етіп салыныпты. Жебелердің сабы- 60 см болғаны анықталды. Жебенің ұштарының қоладан жасалғаны – 42, сүйектен - 3, ағаштан жасалғаны - 1. Қарудың басқа түрі – қола акинактар жекелеген жағдайда кездеседі. Б.з.д. ҮІ ғ. мерзімделетін сондай қанжарлардың бірі Нұрманбет ІҮ қорымындағы обалардың бірінен табылған.
Антропологиялық зерттеу қорытындылары Қазақстанның ежелгі тұрғындарының еуропойдтық нәсілі Шығыстан енген моңғолтектес нәсілдердің ықпалымен аздап өзгеріске ұшыраған. Мамандардың мәлімдеуінше б.з.д. І – мыңжылдықта Қазақстанның тұрғындарында 20% -ға дейін моңғолтектес элемент болған.
Сол кезеңде әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың жоғары сатысына көтерілген далалық тайпалар әлемдік тарихта елеулі із қалдырды.
МЕРЗІМДЕЛУ
Б.з.д. YII-III ғғ - Қазақстан мен Орта Азияның ерте көшпелі тайпалары.
Б.з.д. Y-II ғғ - Берел патша қорымы.
Б.з.д. ҮІІ – «аң нақышы» деген аталған өнер түрінің таралу аймағы.
Б.з.д. YІ - ІІІ ғғ. тасмола мәдениеті ескерткіштерінің мерзімделуі.
Б.э.д. ҮП – IҮ ғғ.
Б.з.д. Ш – б.з. IҮ ғғ.
Әдебиеттер
Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и Усуней долины реки Или-А.: 1963.
Ақишев К.А. Ертедегі ескерткіштер елесі. – Алматы, 1976.
Акишев К.А. Курган «Иссык». – М., 1978.
Акишев К.А. Искуство и мифология саков. – Алма-Ата, 1984.
Артамонов М.И. Сокровища саков. – М., 1973.
Байпаков К.М. Жетісу мен Алматы аймағындағы сақ пен үйсіндердің қоныстары. – Алматы,2008.
Левина Л.М. Этнокультурная история восточного Приаралья. – М., 1996.
Руденко С.И. Культура населения Центрального Алтая в скифское время. - М.-Л.,1960.
Самашев З., Базарбаева Г., Жумабекова Г., Сунгатай С. Берел.-А., 2000.
Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962.
Черников С.С. Загадка Золотого Кургана. - М. 1965.
Қырым мен Қара теңiздiң солтүстiк жағалауындағы скифтер
Б.з.д. ҮІІ – І ғғ. аралығында Қара теңіздің жағалаулары мен Қырымды қамтыған далада кимерліктер мекендеді. Осы халықтың атауы ассирия, грек, урарту және парсы деректері арқылы бізге белгілі. Б.з.д. ҮІІ ғ. кимерліктердің Кавказ арқылы Кіші Азияға жасаған жорығы жайлы да айтылады. Сол ғасырда кимерліктер Фригияға жорық жасап, Лидияға қауіп төндірген, оларды Ассирия да білген, Эфес пен Сард қалалары кимерліктердің қоршауында болған. Б.з.д. ҮІІ – ҮІ ғғ. шенінде кимерліктер Қара теңіздің жағалаулары мен Қырымнан скифтерді біржолата ығыстырды. Деректерде Днепрдің сағасындағы Тиры қаласының маңында орналасқан кимерлік патшалардың зираты туралы айтылады. Дегенмен, кимерліктердің этнос ретінде қайсы бір археологиялық мәдениетке сәйкес келетіндігі ғылымда әлі шешімін таппаған мәселе. Кимерліктердің археологиялық мәдениетін жеке бөліп алу осы күнге дейін күрделі. Кимерліктерге Кавказдағы қобан мәдениетін, кейінгі катакомба және қима мәдениеттерін таңатын. Бұндай телу ғылыми ақталмады. Өйткені, Қара теңіздің жағалауындағы даланы скифтерге дейін мекендеген тұрғындардың жинақтаушы жалпы атауы болса керек. Кимерліктер таралған аймақтардан скифтерге дейінгі заттар табылған. Олар дөңгелек құлақты қола кельттер, екі шеті жүзделген жалпақ пышақтар, имек орақтар, жапырақ тәріздес келген найзаның ұштары. Бұлардан басқа құйма қазандар мен зооморфты тұтқалары бар кубоктар да кимерлік уақытқа жатқызылады. Сонымен қатар, бірсыпыра ат әбзелдері де кимерлік закманға еншіленеді Дегенмен, кимерліктердікі деп саналатын заттардың кешені саны мен құрамы жағына археологиялық мәдениет деп айтуға келетіндей құрамда емес. Алғашында кимерліктер кейіннен скифтер мекендеген аймақта қоладан ерте темір ғасырына өтпелі кезеңде бірнеше археологиялық мәдениеттер болған.
Қара теңіздің солтүстік жағалауында б.з.д. Х-ҮІІІ ғғ. мекендеген қима мәдениетінің жергілікті Собатинск және Белозерск этаптары скифтерге дейін тіршілік кешті. Алғашқы этап Днепрдегі Белозерск қойнауындағы Ушалка ауылының маңындағы қоныс материалдары негізінде зерттелген. Бұл кезде обалар мен қатар үстінде үйіндісі жоқ жерлеулер пайда болады. Жерлеу заттарының кешенін сараптау осы кезде шаруашылықтың көшпелі дәстүрінің қалыптаса бастағанын көрсетеді. Тұрмыс жағдайы да өзгеріске ұшыраған. Жерлеу заттарының қатарында ат әбзелдері мен қару қою дәстүрі пайда болады. Донның төменгі ағысындағы кобяковск мәдениеті де скифтердің алдындағы дәуірге жатады. Ол мәдениет Кобяков, Хапры, Сафьянов секілді қоныстар зерттелген. Мәдениет Х ғ. соңынан ҮІІІ ғ. басына дейін тіршілік кешкен. Мәдениеттің тұрғындары басқа тайпалармен бірге кимерліктердің құрамына кірген деген пікір бар.
Кимерліктердің батыста Румыния мен Болгария жерлеріне дейін таралғаны белгілі. Шығыс Еуропаның орманды дала аймағында скифтерге дейін чернолесск мәдениеті қалыптасады. Оның соңғы кезеңі жаботинск скиф дәуіріне жалғасады. Осы мәдениетке тән ерекшелік мәйітті өртеп, күлін арнайы урнада немесе шұңқырға жерлеу дәстүрінің таралуы, мәйіттің денесін жерлеу ғұрпы да кездеседі. Жерлеулері обалар мен жер қабірлер түрінде. Мәдениетті зерттеуде Жаботинск және Бельск қоныстары елеулі материалдар берген. Жаботинск кезеңінде жердің бетіне бөренеден тіреулері бар балшық үйлер пайда болған. Ыдыстары жылтыратылған, сырты сызып салынған үшбұрыш, ромба және қисық сызықтар түрінде. Қоладан жасалған еңбек құралдары, қарулар мен білезіктер кездеседі. Мәдениетке фракия-балкан әлемінің ықпалы байқалады. Айтылған мәдениеттердің қайсы бірі кимерліктерге жатады деп кесіп айту қиын. Бірсыпырасы кимерліктерге, қалғаны скифтерге дейінгі тайпаларға тән болуы мүмкін. Шамасы скифтерге дейінгі кезеңде кимерліктер Қара теңіз жағалауларында үстемдік құрған, кейіннен ондай күш скифтерге ауысқан. Ал кимерліктер деген атау тек қана археологиялық мәдениетке ғана емес, тұтас бір хронологиялық дәуірге қатысты.
Скифтер туралы алғашқы деректер б.з.д. ҮІІ ғ. Ассирияның сына жазбаларында кездеседі. Олардың Ниневиді қоршауға қатысып, Урарту патшалығын талқандағаны сол деректерде айтылады. Б.з.д. ҮІІ ғ. соңынан бастап скифтер Қара теңіз жағалауларын тұрақты мекеніне айналдырған. Скифстан Төменгі Дунаи мен Карпаттан Донға дейінгі аралықты қамтыды. Оңтүстікте Қара және Азов теңіздерінің жағалауларынан солтүстіктегі орманды алқапқа дейін таралған аймақты скифтердің құрамына кірген, бірақ этникалық жағынан біртекті емес, шаруашылығының түрі мен тұрмыс салты жағынан өзара ерекшеленетін тайпалар мекендеді. Қара теңіз жағалауларының солтүстік-батысын грек-скифтік аралас егінші тайпа – каллипидтер мекендеді. Днепрден батысқа қарай скиф мәдениетінің ықпалын қабылдаған фракиялықтар өмір сүрді. Днестір мен Днепр өзендерінің аралығын жер жыртушы скифтер мекендеді. Қаратеңіз маңындағы далалық аймақтарда көшпелі скифтер мен патшалық скифтер тіршілік кешті. Днепр өңірінде өз мекендерін біртіндеп оңтүстікке қарай кеңейткен егінші скифтер өмір сүрді.
Скифтердің археологиялық ескерткіштеріне деген қызығушылық ертеден –ақ басталды. Қазан төңкерісіне дейінгі археология негізінен скиф ақ сүйектері жерленген обаларды зерттеумен шектелді. ХХ ғ. басына дейін сондай обалардың 20 – сы қазылды. Солардың қатарында Күл-Оба, Чертамлық, Александрополь, Мордвиновск, Солоха секілді көптеген патша обалары болды. Обалардан табылған алтын, күмiс, қоладан жасалған ыдыстар мен қымбат бұйымдар, әшекей заттары, Каменск, Белск, Неапль секілді қала орындарын қазудан алынған археологиялық құнды материалдар скифтердiң қоғамдық – саяси өмiрi мен мәдени дамуынан, шаруашылығы мен тұрмысынан жан – жақты мәлiмет бередi. Қазан төңкерісіне дейін жүргізілген қазбалар қажетті ғылыми деңгейде жүргізілмеді. Ол кезде негізгі мақсат алтыннан жасалған заттар мен өнер туындыларын тауып алумен шектелді. Кеңес дәуірінен кейінгі қазбалар қатардағы скифтер жерлеулері мен олардың қалашықтарын қазуға бағытталды.
Күл – Оба қорғаны қазiргi Керчь қаласының маңында орналасқан. Мұнда төбесi баспалдақтанып жабылған тас сағананың iшiне скифтiң ақ сүйек әйелi және күтушiлерiмен бiрге жерленген. Көсеммен бiрге сыртында жануарлар бейнеленген алтын қынды темiр семсер мен алтын диодемамен қапталған қорамса (жебенiң құтысы) қойылған. Мәйiттiң басындағы киiзден жасалған қалпақтың (башлик) сырты алтын қаңылтырлармен өрнектелген. Өрнектердiң бiрiнде бiр ыдыстан су iшi пжатқан екi скиф – Геродот айтқан достасу ғұрпы бейнеленген.
Әйелдiң мәйiтiнде өте мұқият дәлдiкпен жасалған алтын сырға, екi ұшында жатқан арыстандар бейнеленген алтын алқа, екi алтын блезiк, аяқ жағында алтын мен күмiстiң қоспасынан жасалған кiшiгiрiм ыдыс тұрды. Ыдыста Чертамлықтан табылған вазадағыға ұқсас жетi скиф жауынгерi бейнеленген. Жасалу нақышы сондай болғанымен мұндағы скифтер басқа шаруамен айналысып жатыр. Скифтердiң бiреуi екiншiсiнiң жаралы аяғын байлап жатыр; үшiншi скиф төртiншiсiнiң тiсiн емдеуде. Олардың арғы жағында садақтың адырнасын (жiбiн) тартып жатқан скифпен өзара әңгiмелесiп отырған екi жауынгер бейнеленген. Ыдыстың сыртындағы көрiнiс асқан дәлдiкпен оның бойына тең орналастырылған.
Никоплдiң маңында орналасқан атақты сақ обаларының бiрi Чертомлык Х1Х ғ. қазылған. Оның биiктiгi 20 м. астам, айнала ұзындығы 350 м. Қорғанның астынан екi кiсiнiң қабiрi мен өзi қазған қуыстан құлаған топырақ басып, өлген скиф – тонаушының сүйегi табылды. Көсемнiң жанына, жеке қабiрге оың жұбайы, күтушiлерi мен он бiр ат жерленген. Қабiрге қойылған тұрмыстық заттар мен әшекей бұйымдардың iшiнде әсем бедерлi суреттермен безендiрiлген, биiктiгi бiр метрге жуық шарап құйуға арналған үлкен күмiс ыдыс ерекше құнды. Оның астыңғы жағында орналасқан шүмегi арыстанның басы түрiнде жасалған, денесiнде құстар мен өсiмдiктер салынған, жоғарғы жағында жылқыны үйретiп жатқан скиф бейнеленген (сурет). Тонаушылардан аман қалған тағы бiр зат құпия қуысқа қойылған жебенiң құтысының алтын қаптамасы. Оның сыртында Ахилланың өмiрiнен бiр көрiнiс суреттелген. Көсемнiң қарусышы жерленген көршi қабiрден алтынмен апталған қымбат қару шықты.
Толстая Могила деп аталған патша обасы Чертомлықтан 10 шақырым жерде орналасқан. Сол заманның өзiнде тоналғанына қарамастан обадан алтын бұйымдардан тұратын қымбат заттар табылды. Олардың iшiндегi алтын қынды семсер мен пектораль (латын тiлiнен аударғанда пекторалис – алқа деген ұғым бередi) керемет туынды. Семсердiң қынында қораздар төбелесi, бұгыны жұлмалап жатқан грифон, арыстан мен грифонның арбауына түскен ат, бұғыны алып жатқан қабылан, және арыстан мен қабыланның жекпе – жегi бейнеленген. Бұл бейнелерде ұсақ – түйегiне дейi назардан тыс қалмай мұқиат дәлдiкпен жасалған. Осы суреттердiң Чертамлықтан табылған заттардағы бейнелермен соншалықты ұқсастығы оларды бiр қолдан шыққан өнер туындылары емес пе - деген ой туғызады.
Осы күнде белгiлi гректердiң зергерлiк өнер туындыларының iшiндегi кереметi Толстая Могила обасынан табылған пектораль. Оның салмағы 1 кг астам, диаметрi 30 см. Ондағы бейнелер әрқайсысының арасы өрiлген алтын сымдармен бөлiнген үш белдеуден тұрады. Жоғарғы (iшкi) белдеуде скифтердiң тұрмысынан көрiнiс берiлген. Оның қақ ортасында жалаңаш екi еркек терiден киiм тiгiп отыр, Олардың екi шетiнде жылқы құлынымен және сиыр бұзауымен орналасқан, ал шет жақтарында ұшып бара жатқан құстардың композициясы берiлген. Әрбiр бейне жеке құйылып алынып, алтын орамдардың арасына дәнекерленган. Ортаңғы белдеу тұтас алтын жапырақтардан жасалған өсiмдiк өрнегiнен тұрады.
Төменгi белдеу жануарлардың айқасымен толтырылған. Бейнелер композиция ортадан неғұрлым ұзаған сайын кiшiрейе бередi. Үлгiлердiң саны мен орындалу шеберлiгi жағынан пекторальдiң теңдесi жоқ.
Қабiрге ерлi – зайыпты баласымен олардың күтушiлерi жерленіп, жанына жылқылар қойылған. Мұнда құрбандыққа шалынған күтушiлер саны Чертомлықта жерленгендерден екi есе көп.
Никопольдің маңындағы Солоха патша обасын ХХ ғ. басында Н.И. Веселовский қазды. Обаның астында екі жерлеу шұңқыры болған: олардың ортадағысы кезінде тоналған, бір бүйіріндегісі аман қалған. Қабірлер құдық тәрісді қазылған. Қабірлердің біріне бес ат, ат бағарымен бірге қойылған. Көсемнің қабірінен геометриялық нақышта және аңдар бейнесіндегі көптеген алтын пластинкалар табылған. Олар көсемнің киіміне немесе үстінен жапқан жамылғыға тігілген болса керек. Марқұмның жанына аңдардың бейнесі салынған алтынмен апталған қынға салынған семсер қойылған. Марқұмның оң қолына кигізілген алтын білезіктің екі басына арыстанның бастары салынған. Басында - алтын шашақты қола дулыға. Оның жанында биліктің белгісі саналған түйреуіш пен алты күміс ыдыс қойылған. Қабір қабырғасының түбінде сауыт кигізілген қаңқа жатыр. Оның қасынан қанжар мен жебенің ұштары табылды, Шамасы бұл көсемнің қару алып жүретін көмекшісінің қаңқасы болуы мүмкін. Қабірдің ауыз жағынан табылған жас өспірімнің қаңқасы қызметкердікі болса керек. Бір шетінен арнайы қазылған шұңқырға қойылған үш қола қазандарда жылқының, сиырдың, қойдың сүйектері бөлек-бөлек сақталған. Олардың қасына үлкен мыс табақ, шарап сүзген сүзгіш және ағаш ыдыстың сыртына қапталған күміс қаптама қойылған. Шарап пен май құйылған гректік анфоралар екінші қуысқа қойылған. Қабірден шыққан көптеген заттардың ішіндегі ерекше қызығушылық танытқаны - үстінгі жағына салт аттының екі жаяу жауынгермен айқасу көрінісі бейнеленген алтын тарақ.
Қазба кезiнде анықталған жерлеу ғұрпы, Геродот жазып, қалдырған деректермен дәл келедi. Оның жазғанында өлген көсемнiң денесiн балауызбен майлап, тайпаларды аралатып шығады. Сосын оны алдынала даярланған төрт бұрышты қабiрдiң iшiне төселген төсенiштiң үстiне жатқызады. Қабiрдiң қалған бос бөлiктерiне алдын ала тұншықтырып өлтiрiлген күңiнiң, шарапшысының, аспазының, ат бағарының, күтушiсiнiң денелерi мен асыл тұқымды малдар және алтын ыдыстар қойылған. Содан кейiн барып үстiнен биiк етiп оба үйiлген.
Үлкен қорғандардың материалдары скиф ақсүйектерiнiң тұрмысы мен олардың қоғамдық құрылысын елестетуге мүмкiндiк бередi. Бiрак ақ сүйектердiң обалары қарапайым скифтердiң өмiрiн ашып көрсете алмайды. Қатардағы адамдардың тұрмыс, тiршiлiгi жайлы мол мәлiмет берген скифтердiң қарапайым қабiрлерi мен қоныстарында жүргiзiлген қазбалар.
Скифтерден қалған қалашықтардың iшiндегi ең жақсы зерттелгендерiнiң бiрi - Днепрдiң жағалауында орналасқан Каменск қалашығы. 12 км кв. жердi алып жатқан қалашықтың сырты биiктiгi мен енi 11 метр келетiн дуалмен қоршалып, сыртынан оны қоршаған терең ор қазылған. Қорғаныс қамалының iшiнде орналасқан акропьден скиф iшiнде пешi бар ақ сүйектерiнiң үйлерiнiң орны ашылды. Қарапайым қол өнершiлер тұрған бөлiгiнiң құрылыстары тiптi басқаша. Мұндағы үй құрылыстарның екi (жер бетiндегi және жертөле) түрi белгiлi. Жер бетiне салынған үйшiктер екi немесе үш бөлмеден тұрды. Олар тiгiнен орнатылған бағаналардың арасы тоқылған қабырғалардан салынды. Ал жертөлелердiң арасы қатар тұрғызылған ағаш тiреулермен бөлiнген. Олардың кейбiреулерiнен балшықтан соғылған ошақ табылған. Осындай үйшiктердiң қосалқы бөлмелерi шеберхана және шарушылық қажетi үшiн пайдаланылған. Төрт - бес үйдi қоршай салынған шарбақтар бiр өндiрiстiк кешенге бiрнеше туысқан жанұялардың бiрiккендiгiн бiлдiрсе керек. Каменск қалашығы тұрғындары көптеген тұрмыстық заттар мен қол өнерi бұйымдарын қалдырған. Қалашықтың тұрғындарының басым көпшiлiгi металл өңдеумен шұғылданса керек. Оның территориясында металл қорытпалары мен құралдардың қалдықтары6 ұста құралдары өте көп кездеседi. Скифтер металды балшықтан соғылған арнайы пештерде, тұлғасы цилиндр тәрiздес биiк тигилге (жоғары қызуға төзiмдi металл балқытуға арналған ыдыс) салып балқытқан. Қазбадан балға, төс, кескiш, қысқыш, жонғыш, ұршықтың басы, ине секiлдi қолөнерi кәсiбi құралдары табылды.
Скифтердiң қарулары да көп кездеседi. Олардың акинак атты темiрден жасалған қысқа қанжарлары мен қоладан жасалған жебенiң ұштары жақсы таныс. Қазба материалдары скифтердiң тоқылған мата мен терiден ким тiгуде де жоғары жетiстiктерге жеткендiгiн бiлдiредi. Қалашықтан ағаш сапты темiр орақ, дән үгiткiш секiлдi егiншiлiк құралдары да шыққан.
Сонымен6 скифтердiң қарапайым қабiрлерi мен қоныстарында жүргiзiлген қазба жұмыстарының нәтижесi олардың шаруашылығы мен тұрмыс тiршiлiгiнен хабар беретiн мол материалдар бердi. Ал көсемдерiнiң обаларынан алынған әртүрлi қару үлгiлерi мен асыл металдан жасалған ыдыстар, олардың сыртына салынған көрiнiстер мен “аң стилi” деген атқа ие болған нақыштары, әшекей бұйымдары мен зергерлiк заттары скифтердiң әскери ұйымдарынан, өнерiнен, рухани және материалдық мәдениетiнен, дүниетанымдары мен наным-сенiмдерiнен теңдесi жоқ түсiнiк бiлдiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |