5-тарау. МӘЖБҮРЛЕП ОРЫНДАТУ ШАРАЛАРЫ
31-бап. Мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану негiздерi
Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
32-бап. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету
жөнiндегi шаралар
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
2. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар мыналар болып табылады:
1) борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (оның ішінде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса есептегенде, мүлкіне тыйым салу;
2) борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы мүлкiн алып қою;
3) борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру;
4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де іс-әрекеттерді орындауына тыйым салу.
3. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрi қолданылуы мүмкiн.
4. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын тоқтата тұрмайды.
5. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде бұрын белгіленген шаралардың күшін жоюға әкеп соқпайды.
6. Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен қолданады.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
33-бап. Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды
тұлғаның лауазымды адамының (оның міндетін
атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын
уақытша шектеу және уақытша шектеуді тоқтата
тұру
1. Борышкер болып табылатын жеке тұлға, заңды тұлғаның лауазымды адамы (оның міндетін атқарушы) атқарушылық құжаттағы талаптарды дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы, ал өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті.
Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның лауазымды адамының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
2. Көрсетілген қаулының көшірмелері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне орындау үшін және борышкерге мәлімет үшін жіберіледі.
3. Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның лауазымды адамының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емдеу жүргізу қажет болған жағдайларда тоқтатыла тұрылуы мүмкін.
Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның лауазымды адамының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеуді тоқтата тұру мерзімі көрсетілген тоқтата тұру туралы сот орындаушысының қаулысын сот Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен санкциялауға тиіс.
4. Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның лауазымды адамының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді алып тастау мынадай:
1) осы Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған;
2) мерзімдік өндіріп алулар туралы атқарушылық іс жүргізулер бойынша берешек болмаған;
3) атқарушылық құжат соттың немесе құжатты берген басқа органның талап етуі бойынша орындалмай қайтарылған;
4) мемлекет пайдасына өндіріп алуларды қоспағанда, өндіріп алушы өтініш берген жағдайларда жүргізіледі.
Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
34-бап. Лицензияларды, рұқсаттарды және арнайы құқықтарды
беру және олардың қолданылуы саласындағы уақытша
шектеулер
Ескерту. 34-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Борышкер:
1) жеке тұлғадан екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
2) заңды тұлғадан бір мың екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
3) мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжатты дәлелсіз себептермен орындамаған жағдайда –
сот орындаушысы осы Заңның 39-бабында көзделген орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді. Сот ұсынысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды. Сот орындаушысының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.
2. Сот орындаушысының осы бапқа сәйкес жіберілген ұсынысын қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымын борышкер мен барлық лицензиарлар және рұқсаттар беруге уәкілетті өзге де мемлекеттік органдар орындауға міндетті.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
35-бап. Борышкердің өзінің мүліктік жағдайы туралы
ақпарат беруі
1. Борышкер сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінде бар мүлік туралы ақпарат беруге, сондай-ақ табыс көздері туралы мәліметтерді хабарлауға міндетті. Ақпарат беру нысанын уәкілетті орган бекітеді.
2. Берілетін ақпаратта борышкер өзіне тиесілі барлық мүліктік талаптардың негіздерін көрсетуге де міндетті.
3. Осы бапта көрсетілген мәліметтерді ұсынудан бас тарту не көрінеу жалған мәліметтер ұсыну атқарушылық құжатты орындамау болып табылады.
Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
36-бап. Борышкерлердің бірыңғай тізілімі
1. Уәкілетті орган атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті мақсаттарда Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізеді. Борышкерлер туралы мәліметтер уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Борышкерлердің бірыңғай тізілімі атқарушылық іс жүргізу жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы қалыптастырылады және жүргізіледі.
Мерзімдік өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша үш айдан асатын берешегі жоқ борышкерлер жөніндегі мәліметтерді қоспағанда,
Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізу үшін мәліметтерді сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жібереді.
2. Көрсетілген мәліметтер:
1) борышкердің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) не борышкер ұйымның атауын;
2) атқарушылық құжатты берген органды, берілген күнін және борышкердің орындалмаған міндетінің мазмұнын;
3) көрсетілген мәліметтерді жіберетін сот орындаушысының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) және аумақтық бөлімнің атауы мен мекенжайын немесе жеке сот орындаушысы кеңсесінің мекенжайын қамтиды.
3. Борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алып тастау осы Заңның 47-бабында көзделген негіздемелер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін ғана және мерзімдік өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша берешек болмаған кезде жүргізіледі.
Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде сот орындаушысы уәкілетті органға борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алып тастауға негіз болып табылатын тиісті ақпарат жібереді.
Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |