11-тарау. ӨНДIРIП АЛЫНҒАН АҚША СОМАЛАРЫН БӨЛУ
Ескерту. 11-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
108-бап. Өндiрiп алынған ақша сомасын бөлу
1. Мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледі, содан соң орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың, оның ішінде әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде басқа сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар бойынша талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Жеке сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар бойынша сомалар өтеледі, содан соң жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар және орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың, оның ішінде өзінің әкімшілік-аумақтық бірлігі шегінде басқа сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар бойынша талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейін қалған сома борышкерге қайтарылады.
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептейді, содан кейiн олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен беріледi немесе аударылады.
Ескерту. 108-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
109-бап. Өндiрiп алуға қосу
Бір борышкерге қатысты қозғалған бірнеше атқарушылық іс жүргізуді, сондай-ақ ортақ өндіріп алу бойынша бірнеше борышкерге қатысты қозғалған атқарушылық іс жүргізуді сот орындаушысы өндіріп алуға қосуы мүмкін.
Ескерту. 109-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
110-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын
қанағаттандыру кезектілігі
1. Атқарушылық құжаттар бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезектілік тәртiбiмен бөлiнедi.
2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
111-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу
Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу бойынша талаптар; жарақат алудан немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.
112-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу
1. Екінші кезекте патенттер берілген шығармаларды, өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні пайдаланғаны үшін авторларға тиесілі сыйақы төлеу туралы талаптар, азаматтардың қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықпен өздерінің мүлкіне келтірілген залалды өтеу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады.
2. Үшінші кезекте сыйақыны (мүддені), орындау мерзімін өткізіп алудан келтірілген залалды өтеуді, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), кепілге қойылған мүлікті ұстау бойынша қажетті шығындарды, сондай-ақ өндіріп алу бойынша кепіл ұстаушының шығыстарын өтеуді қоса алғанда, кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша талаптары қанағаттандырылады.
3. Төртінші кезекте салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша талаптар, заңды тұлғалардың қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықпен келтірілген залалды өтеу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады.
4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
12-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ШЫҒЫСТАР
ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ 1-параграф. Жалпы ережелер
113-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаттары, атқарушылық iс жүргiзуге тараптардың, сот орындаушысы орындау процесіне тартқан өзге де адамдар мен ұйымдардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiне тізімдеме жасауды және тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауға;
3) тыйым салынған мүлiктi өткізуді ұйымдастыруға;
4) белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған аудармашыларға, мамандарға және басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) өндiрiп алынған сомаларды өндiрiп алушыға почта арқылы аударуға (жiберуге);
6) өндiрiп алынған соманы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан және ағымдағы шоттан беруге байланысты банк шығыстарына;
7) борышкерге iздеу салуға;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
9) атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көлiктiң барлық түрлерiнде жол жүруіне, оның ішінде жеке сот орындаушысының іссапар шығыстарын төлеуге;
10) атқарушылық құжатты орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге;
11) сот орындаушысы орындау процесіне тартқан адамдардың өзге де сыйақыларына жұмсалған қаражаттар жатады.
114-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi
шығыстарды өтеу тәртiбi
1. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар борышкерден осы шығын шеккен адамдардың немесе ұйымдардың пайдасына өндіріп алынады.
2. Оның негізінде атқарушылық құжат берілген актінің күшін жоюға байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
3. Өндіріп алушыға борышкерден алынған заттарды беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде өндіріп алушының оларды алудан негізсіз бас тартуына байланысты атқару ісін тоқтатқан кезде, егер ол өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындауға кедергі жасаса, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару кезінде атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар өндіріп алушыдан өндіріп алынады.
4. Атқарушылық әрекеттер жасау кезінде шығыстарды өндіріп алу және оларды шығын шеккен органға немесе адамға өтеу аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы бекіткен мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы немесе жеке сот орындаушысының қаулысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттардың негізінде жүргізіледі.
5. Борышкер атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысына дау келтіру туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның көлемін азайту немесе өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
6. Атқарушылық іс жүргізу бойынша шығыстарды есептеу әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 114-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
115-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi
Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылатын аванс жарнасын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына төлеуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |