27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегі хабарлама және шақырту
1. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер туралы және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабарламамен хабарланады немесе сот орындаушысына не атқарушылық әрекеттер жүргізілетін жерге шақыру қағазымен шақырылады. Хабарлама немесе шақыру қағазы қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруы бар тапсырыс хатпен не жеделхатпен жіберіледі. Осы туралы мәлімделген өтініші болған жағдайда атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар телефонограммамен, ұялы байланыс немесе электрондық почта арналары бойынша қысқа мәтінді хабарламалар арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыртуды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып хабардар етіледі.
2. Атқарушылық құжат дереу орындалуға тиісті жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасауға және атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыларға бұл туралы алдын ала хабарландырусыз мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
3. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыға арналған хабарлама, егер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайға жіберіледі. Хабарлама атқарушылық iс жүргiзуге қатысушының жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Егер почта арқылы жіберілген хабарлама көрсетілген мекенжай бойынша адресаттың болмауына байланысты қайтарылса, заңды мекенжайы немесе орналасқан жері мен атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайы бірдей болатын жағдайларды қоспағанда, сот орындаушысы хабарламаны азаматтың заңды мекенжайы бойынша немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша жібереді.
4. Ұйымға жолданған хабарлама оның заңды мекенжайы бойынша немесе оның өкілінің немесе филиалының заңды мекенжайы бойынша жіберіледі. Хабарлама ұйымның сот орындаушысына көрсеткен мекенжайы бойынша жазбаша нысанда жіберілуі мүмкін.
5. Сот орындаушысына келуден жалтарған адамдар сот орындаушысының қаулысы негізінде күштеп келтірілуі мүмкін. Жеке сот орындаушысының келуден жалтарып жүрген адамды күштеп келтіру туралы қаулысын сот санкциялауға тиіс.
28-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны жеткізу және тапсыру
1. Шақыру қағазы немесе хабарлама почта арқылы жеткізіледі немесе сот орындаушысы оларды жеткізуді тапсырған адам жеткізеді және аумақтық бөлімге немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылуға тиісті, қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруға қолы қойғызылып, адресаттың жеке өзіне тапсырылады. Егер шақыру қағазы немесе хабарлама өзге байланыс түрімен жеткізілсе, онда оларды адресатқа жеткізу күні мен уақыты белгіленген тәсілмен тіркеледі. Ұйымға арналған шақыру қағазы немесе хабарлама ұйымның қызметкеріне тапсырылады, ол тапсыру туралы хабарламада өзінің тегін, аты-жөнін, лауазымын, алған күні мен уақытын көрсете отырып, шақыру қағазын немесе хабарламаны алғаны жөнінде қол қояды.
Егер ұйым (заңды тұлға) әрекет етпеген және (немесе) басқару органы аппаратының қызметкерлері орнында болмаған жағдайда, ұйымның (заңды тұлғаның) шақыру қағазы немесе хабарламасы тікелей бірінші басшыға немесе бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы адамға тапсырылады. Олар болмаған кезде шақыру қағазы немесе хабарлама бас бухгалтерге (бухгалтерге) тапсырылады. Заңды тұлғаның басқару органы болмаған кезде шақыру қағазы немесе хабарлама заңды тұлға құрылтайшыларының біріне тапсырылады.
2. Егер шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмыс орнынан таппаса, онда шақыру қағазы немесе хабарлама сонымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне олардың келісімімен, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымына, жергілікті басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Мұндай жағдайларда шақыру қағазын немесе хабарламаны алған адам шақыру қағазының, хабарламаның түбіртегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда), сондай-ақ адресатқа қандай қатысы барын немесе атқаратын қызметін жазып көрсетуге тиіс. Шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдап алған адам оларды алғаш мүмкіндік болған кезде адресатқа кідіртпей тапсыруға міндетті.
3. Адресат болмаған кезде шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам тапсыру туралы хабарламада адресаттың қайда кеткенін және оның қашан келетінін жазады немесе мұндай мәліметтердің жоқ екені туралы белгі қояды.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29-бап. Атқарушылық іс жүргізу кезінде мекенжайдың
ауысуы
Атқарушылық іс жүргізу тараптары атқарушылық іс жүргізу кезінде өз мекенжайының ауысқаны туралы сот орындаушысына үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауға міндетті. Мұндай хабар болмаған кезде шақыру қағазы немесе хабарлама сот орындаушысына белгілі соңғы мекенжайға жіберіледі және егер адресат бұл мекенжай бойынша енді тұрмайтын немесе болмайтын жағдайда да жеткізілді деп есептеледі.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
30-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны қабылдаудан бас
тартудың немесе оларды алуға келмеудің салдары
1. Адресат, сондай-ақ осы Заңның 28-бабында көрсетілген адамдар шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартқан кезде оларды жеткізуші адам оларға тиісті белгі қояды, одан кейін шақыру қағазы немесе хабарлама аумақтық органға (аумақтық органның бөліміне) немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылады.
2. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар, егер:
1) адресат шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартса;
2) адресат почта хабарламасын алғанына қарамастан, шақыру қағазын немесе хабарламаны алуға келмесе;
3) шақыру қағазы немесе хабарлама онымен бірге тұратын кәмелетке толған жақын туыстарының біріне тапсырылса не соңғылары оларды алудан бас тартса, хабарланды деп есептеледі.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |