1.1 Рөлдік ойынның тәрбиелік мәні
Мектепалды даярлық топ балаларының тілін дамытуда ойындардың рөлі зор. Ойын үстінде балалардың тілі дамып, бір затқа бейімділігі, қызығушылығы артады. Ойын әрекетінің қызықты болуын қамтамасыз ететін, баланың танымдық қызығушылығы сапаларын дамытатын басты нәрсе: білім, әрекет, қарым-қатынас. Міне осы жағдайларды ескере отырып, балалар тіл байлығын дамытуда пайдаланылатын ойын түрлерін төмендегідей жүйелеуге болады.
Мазмұнды бейнелі ойын: отбасы, балабақша, мектеп, аурухана, ұшқыштар, мал фермасы, құрылысшылар, темір жол, теңізшілер.
Қимыл-қозғалыс ойындары: ақ серек, көк серек, ұшты-ұшты, аңшылар, сиқырлы таяқ, жаяу көкпар, ормандағы аю, мысық пен торғайлар, бақташы мен қозылар, қуыспақ, қасқыр қақпан, соқыр теке, т.б.
Дидактикалық ойындар: заттардың түсін анықта, қуыршақты серуенге дайында, орныңды тап, ойлан тап, ұзын-қысқа, аласа-биік, әр құстың мекенін тап, түсті ретке келтір, дәл тауып айт, тігін шеберханасы, тез ретке келтір, мына затты сипатта, жоғары-төмен, дүкен, көршілер, т.б.
Құрылыс ойындары: лото және басқа конструкторларды пайдалану.
Спорттық ойындар: футбол, волейбол, теннис, хоккей, баскетбол.
Рөлді ойындар: адамгершілік тәрбиесі тақырыбына оқылған ертегі, әңгімелерді рөлдерге бөле отырып орындау.
Осы ойын түрлерінің ішінен мен рөлді ойындарға тоқтала кетеміз. Рөлдерге ену ойындары балаларға таныс ертегі, әңгіме негізінде құрылады. Жан дүниесіне жақын рөлдерді өздері орындауға талпынады. Бұндай ойындарда ауыз әдебиеті үлгілері пайдаланылатындықтан, олар балалар өміріне жарқын сезім, қуаныш, белсенділік, шығармашылық енгізеді, тілін дамытады. Осындай қасиеттер тәрбиеленушінің тұлғасының қалыптасуына маңызды рөл атқарады.
Балалардың тілін дамытуда рөлді ойындардың орны ерекше. Ойында адамдар өмірінің сан қыры, тұрмыс-тіршілігі, еңбегі, дүниетанымы, арман-тілегі, болашаққа деген сенімі, ержүректілік пен жігерлікке құлшынысы көрініс табады. Халық педагогикасында ойындар өте көп және мазмұндары да, бағыттары да бірін-бірі қайталамайтындай сан- алуан, әрі қызғылықты. Олар, «Алақан соқпақ», «Аңдардың айтысы» т.б. Ауыз әдебиеті үлгілерін қолдана отырып, балалармен сан түрлі рөлді ойындарды ойнауға болады. Рөлді ойындар баланың тілін дамытып қана қоймайды, сонымен қатар оны жан-жақты тәрбиелейді. Баланы адамгершілікке, бірін-бірі сыйлауға, достыққа, имандылыққа, жолдастарына көмектесе білуге, жігерлікке, шыншылдыққа тәрбиелейді.
Рөлді ойын ретінде ауыз әдебиетіндегі кез келген тәрбиелік мәні бар ертегі, мәтін, әңгімелерді алуға болады.
Мысалы, «Аңдардың айтысы» атты ойында жүргізушінің талабына сай әндер орындап, онда аңдардың дауыстарын, қылықтарын бейнелеп, олардың өздеріне тән ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Мұның өзі хайуанаттар әлемі жөнінде нақты ұғымды, шығармашылық қабілетті, жеке және топтасып ән айту дағдысын жетілдіріп, тілін дамытады. Ойын ережелерінің тәрбиеленуші үшін тәрбиелік маңызы бар. Олар ойын барысын белгілейді, тәрбиеленушінің тәртібі мен іс-әрекеттерін, олардың өзара қарым-қатынасын бақылап, ерік-жігерлерінің қалыптасуына ықпал етеді. Өздері ойнаған рөлдердегі аңдардың іс- әректтері мен айтқан сөздері арқылы жақсы-жаман ұғымдарын қалыптастырады. Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Неге олай жасауға болмайды? Неліктен? деген сияқты сауалдар арқылы балалармен ойнаған рөлді ойынды талқылап, қорытындысын балалар шығаруы керек.
Рөлді ойындардың мазмұндық ерекшеліктері, біріншіден бұл ойындар мазмұн жағынан да мәнерлі әрі түсінікті. Ойын балалардың ақыл-ойының белсенді жұмыс істеуіне, дүние танымының кеңеюіне, қоршаған ортаға деген көзқарасын нақтылап, барлық психикалық процестерді жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Екіншіден ойын ережелерінде жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін үлкен тәрбиелік мән бар. Рөлді ойындар тәрбиеленушіге халықтық салт-дәстүр мен тұрмыстық шаруашылық еңбегінен түсінік береді. Үшіншіден, тәрбиеленушінің қимыл-қозғалысын дамытып, дене тұлғасының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Төртіншіден, бала қиялын, ақыл-ойын, дене қимылын дамытатын тәрбие құралы. Бесіншіден, рөлді ойындар баланың тілін ширатады, ойын дамытады, зейінділікті, ұстамдылықты, ойлылықты, зерделілікті, адамгершілікті, кеңістікті бағдарлай білуді, әрекет үйлесімділігін, өжеттілікті, тапқырлықты, шапшаңдықты, төзімділікті, мергендікті, батылдықты дамытады.
Сонымен қатар, рөлді ойындарда балалар тек ауыз әдебиеті үлгілері бойынша әрекет етпейді, олар ересектердің өмірі мен іс-әрекеттерін қайталайды. Олардың қарым- қатынасын көрсетеді. Мысалы, «Дүкенде», «Кітапханада», «Қонақта» және т.б. ойындарды ойнау барысында үлкендерге еліктей отырып, олар өз рөлін және ойын логикасын жасайды.
Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін, еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады».
Достарыңызбен бөлісу: |