Дәстүрлі (тұтынушы) ауыл шаруашылығында қауымдық және ру-тайпалық қатынастар әлі де сақталған. Бұл топ ауыл шаруашылығының екі түрінен тұрады. Біріншісі – Африка, Оңтүстік Америка және Азияның ылғалды тропиктік ормандарына тән аңшылық, балық аулау мен өсімдіктерді жинаумен қатар жер өңдеуді ұштастырады.Негізгі өсіретін дақылдары – тамыр мен түйнек жемістілер, астық, бұршақ тұқымдастары, май пальмасы. Жер өңдеуде дәстүрлі көне тәсілдер (кетпен, соқа) қолданылады. Бұл шаруашылық өртеп-кесу шаруашылығы деп аталады. Ал екіншісі – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Әсіресе, Африка мен Азияның тропиктік, қоңыржай белдеулерінің құрғақ аудандарында (түйе, қой, ірі қара, жылқы өсіру) және Солтүстік Еуропа мен Азияның тундра зонасында (бұғы өсіру) кең тараған. Бұл шаруашылық дамушы елдерге тән, өте ұсақ шаруашылық жиынтықтарынан құралады. Олардағы еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 25 есе төмен. Кейде егіншілік мал шаруашылығымен ұштаспай, одан бөлек дамиды және көп жағдайда бір ғана дақыл өсіруге бағытталған. Мысалы, Оңтүстік-шығыс Азия елдері – күріш, Африка елдері – кофе мен жержаңғақ, ал Латын Америкасы елдері – қант құрағы мен какао өсіруге маманданған.
Тауарлы және жартылай тауарлы дәстүрлі шаруашылық пен помещиктік-латифундиялық шаруашылық- ауыл шаруашылығында үш түрлі бағытта жүргізіледі:
а) егіншілік шаруашылығы (көп еңбек күшін қажет ететін Азиядағы күріш өсіру);
ә) егіншілік пен мал шаруашылығы – Африка мен Азия және Латын Америкасына тән. Сұранысқа ие дәнді дақылдар мен жемістер,сергітпе және техникалық дақылдар (банан, кофе, какао, шай, каучук және талшық беретін өсімдіктер) күш-көлік ретінде және өнім алу үшін өсірілетін мал шаруашылығымен ұштасады.
б) көп салалы тауарлы егіншілік пен мал шаруашылығы – Еуропаның кейбір елдері мен Азия және Латын Америкасы елдеріне тән. Егіншілік пен мал шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан шаруашылықта сан салалы, сұранысқа ие дақылдар басым өсіреледі.
3.Жоғары маманданған тауарлы ауыл шаруашылығы – ол ауыспалы егістіктері бар өсімдік шаруашылығы мен мал азығын дайындауды қоса жүргізетін интенсивті мал шаруашылықтарынан және оларды байланыстырушы Агроөнеркәсіптік кешендер жиынтығынан тұрады. Мұнда ҒТР нәтижесінде механикаландырылу мен химияландыру өзінің шарықтау шегіне жеткен. Тіпті, автоматтандыру, селекция мен генетика, биотехнологияның соңғы жетістіктері кеңінен пайдалануда. Шаруашылық өнімдерін өндірумен қатар, оны ұқсату, сақтау, тасымалдау және өткізу, сондай-ақ заттарды шығаруды да қамтиды. Бұл өз тарапынан ауыл шаруашылығына индустриялық сипат береді. Мұндай шаруашылықтар жақсы жерлерге орналасып, жалдамалы жұмысшылар күшін және агротехникалық шараларды кеңінен пайдаланады. Олардың өндірісі ішкі, әсіресе, сыртқы нарық сұранысына бағдар ұстайды, сөйтіп олар «мемлекет ішіндегі мемлекет» рөлін орындайды. Жоғары механикаландырылған алты шаруашылық түріне бөлінеді:
дәнді дақылдар шаруашылығы (бидай, жүгері). Басты аймақтары: Солтүстік Америка, Аустралия, Еуропа (Ресей, Украина), Азия (Қытай, Қазақстан);
интенсивті егіншілік (дәнді дақылдар, техникалық дақылдар, жеміс және бау-бақша. Еуропа мен Солтүстік Америка елдері, Азия (Қытай, Жапония) аумақтары;
плантациялық шаруашылық (жеміс, сергітпе және техникалық дақылдар). Латын Америкасы, Азия мен Африканың тропиктік, субтропиктік аймақтарында,ы дамушы елдер;
экстенсивті жайылымдық мал шаруашылығы (етті бағыттағы ірі қара, қой,). Солтүстік Америка (АҚШ) және Оңтүстік Америка (Аргентина, Уругвай), Еуропа (Ресей), Азия (Қазақстан), Аустралия аумақтары;
интенсивті мал шаруашылығы (сүтті және сүтті-етті ірі қара, ет бағытындағы ірі қара бордақылау, шошқа және құс өсіру). Батыс Еуропа (Ұлыбритания, Германия), Шығыс Еуропа (Украина, Ресей), Солтүстік Америка (АҚШ), Жаңа Зеландия аумақтары;
интенсивті егіншілік пен мал шаруашылығы (бау-бақша, жем дайындау, сүтті-етті ірі қара, шошқа мен құс өсіру). Еуропа, Солтүстік Америка елдері мен Жапонияға тән.
Дүниежүзінің кезкелген елінің ауылшаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан - өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Олардың өзара арасалмағы әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне және табиғат жағдайларының ерекшеліктеріне сәйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, Германия, Франция және т.б.) ғылыми жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нәтижесінде мал шаруашлығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттың қолайсыз әсерінен өсімдік шаруашылығының өркендеуіне мүмкіндіктің болмауы. Бұл көрініс Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Өсімдік пен мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қана қоймай, олардың өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы байланыс агроөнеркәсіптік кешен арқылы жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |