4.2. Энергетика және оны тасымалдау
Қуат көздерін игеру әрқашан да адамзаттың аман қалу тәсілі болып келді. Бүгінгі күні де оны тұтыну көбіне көп адамдардың өмір сүру деңгейін күн ілгері анықтайтын, тек экономикалық қана емес, әлеуметтік те көрсеткіштердің аса маңыздыларының бірі болып қалуда. Кей кездері энергетика әлемді басқарады деп айтылуы, міне, сондықтан.
Қазіргі энергетика – бұл шаруашылықтың өзіне барлық отын салаларын және электр энергетикасын қосатын кешенді саласы. Ол бастапқы энергетикалық ресурстарды шығару, өңдеу және тасымалдау, электр қуатын шығару мен беру жөніндегі іс-әрекетті қамтиды. Өзара тығыз байланысты осы шағын салалардың барлығы, онсыз іс жүзінде шаруашылықтың бір де бір буынының қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес болғандықтан, кез келген елдің экономикасында ерекше рөл атқаратын бірыңғай отын-энергетика кешенін құрады. Отын-энергетика кешенінің өзі де өндірістің ең капиталды көп қажет ететін салаларының біріне жатады.
Статистика ХХ ғасырдың өне бойында бастапқы энергетикалық ресурстарды тұтыну динамикасына, әрқашан бірқалыпты бола бермесе де, тұрақты өсім тән болып келгендігін куәландырады. 64-суретті пайдалана отырып, ХХ жүзжылдық ішінде әлемдегі бастапқы энергетикалық ресурстарды жалпы пайдаланудың 2000 жылы 13,5 млрд тонна шартты отынға жете отырып, 13-14 есе артқандығын есептеп шығару қиын емес. Дәл сол суреттен алғашқы 50 жыл ішінде оның шамамен 3 млрд тутқа, ал екінші елужылдық ішінде – 9,5 млрд тутқа өсе түскендігі келіп шығады. Екінші елужылдық шегінде де өсім бірқалыпсыз болды: 1950-1960 жылдары бастапқы энергетикалық ресурстарды тұтынудың 0,8 млрд тутқа артуы, 1960-1970-ші жылдары – 2,1 млрд тутқа, 1970-1980-ші жылдары – 1,9 млрд тутқа, 1980-1990 жылдары – 2,1 млрд тутқа, 1990-2000 жылдары – 2,7 млрд тутқа өсуі болды. Бастапқы энергетикалық ресурстарды тұтыну көлемі әлемдік экономикалық даму қарқындарымен және тиісінше сұраныс пен ұсыныстың өзгеруімен, қуат таратқыштарға деген бағалармен, тағы бірқатар басқа да факторлармен анықталатындықтан, бұл ауытқуларда әдеттен тыс ештеме де жоқ.
Талдау 70 жылдардың ортасына дейін әлемдік энергетиканың өз жолында ешқандай қиындықтарды кездестірмегендігін көрсетіп отыр. Қуат тұтынудың өсімінің орташа жылдық қарқындары 1950-1970 жылдары 5%-ға дерлік жетіп, үнемі артып отырды, бұл әлем халқының өсімінен 2,5 есе артып түсті және, демек, бастапқы энергетикалық ресурстардың жан басына шаққандағы айтарлықтай жылдам артуын қамтамасыз етіп отырды. Мұндай динамика ең алдымен, мұнай шығарудың жылдам артуымен түсіндірілді, мұнай одан кейін оның шығарылуына, өңделуіне және тұтынушыларға жеткізілуіне иелік еткен аса ірі мұнай трансұлттық компанияларының бақылауымен әлемнің әртүрлі бөліктеріне тасымалданды. Осы процестерге орасан зор ынталандырушы әсерді мұнай бағаларының өте төмен болғандығы берді: 70 жылдардың басында мұнайдың 1 тоннасы бар болғаны 15-20 доллар тұрды.
Алайда 70 жылдардың ортасында әлемдік энергетиканың дамуында өте үлкен өзгерістер болды: арзан отынның ұзаққа созылған дәуірінің аяқталғандығын білдірген энергетикалық дағдарыс (ең алдымен мұнай дағдарысы) келіп жетті. Оның пайда болуының себептерінің арасынан оның экстремальды табиғи жағдайлары бар аудандарға (Солтүстік, Сахара), құрылықтағы шельфке орын ауыстыруына байланысты, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға қойылатын талаптардың жоғарылауына орай отынды, әсіресе мұнайды шығарудың тау-геологиялық жағдайларының нашарлап кетуін атауымызға болады. Екінші жағынан алғанымызда, бұл дағдарыс шаруашылықтың әлемдік капиталистік жүйесіндегі қарама-қайшылықтардың күрт шиеленісіп кетуінің, дамып келе жатқан елдердің өз мұнай ресурстары үшін күресінің салдары болып шықты. 1973 жылдың аяғында араб мемлекеттері мұнайға деген бағаны, осы бағаны тоннасына 250-300 долларға дейін арттырып жіберіп, Израильге қолдау көрсеткен Батыс елдеріне қарсы өзіндік саяси қару ретінде пайдаланды. Осының нәтижесінде батыс елдерінің арзан мұнайға бағыт-бағдар алған экономикасы нағыз абдырауды бастан кешірді, осыған жауап ретінде батыс елдеріне бірқатар шұғыл шаралар қолдануға тура келді.
Шұғыл шаралардың ізін шала Америка Құрама Штаттары, Жапония, Батыс Еуропа елдері мұнай импорттауға тәуелділікті азайтуға және оның отын-энергетика баланстарындағы жалпы қысқартылуына, өз энергия ресурстарын толығырақ пайдалануға бағытталған жаңа ұлттық энергетикалық бағдарламалар жасай бастады. Бірақ сонда да негізгі ставка отын үнемдеуге, өзінше қосымша қуат ресурсы ретінде қарастырыла бастаған қуат үнемдеуге жасалды. Бұл стратегия оңды нәтижелер берді. Батыс елдерінің экономикасының жалпы қуат сыйымдылығы айтарлықтай жылдам азая бастады, ал ішкі жалпы өнімнің өсім қарқындары қуат тұтыну қарқындарынан көбірек арта бастады. Осының нәтижесінде мұнайға деген баға да айтарлықтай төмендеді: 80 жылдардың аяғында-ақ мұнайдың тоннасы 100-120 доллар тұрды.
Солай бола тұрса да, 80 жылдары әлемдегі қуат тұтынудың жалпы қарқындары баяулады. Бұл баяулау бұл кезде қуат үнемдеу және қуат таратқыштарды пайдалану тиімділігін арттыру саясатынан өзге Экономикалық Өзара көмек Кеңесі ыдырағаннан кейін болған, Орталық-Шығыс Еуропа елдеріндегі отын-энергетика тапшылығы, сонымен қатар КСРО ыдырағаннан кейінгі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің отын-энергетика кешеніндегі дағдарыс құбылыстары секілді факторлар да әрекет ете бастаған 90 жылдарда да жалғасты. Осы болған, құндылықтарды қайта қарастырудың ауқымдарын көрнекірек көз алдына елестету үшін, 70 жылдардың ортасындағы энергетикалық дағдарысқа дейін құрастырылған, әлемдік энергетиканың дамуының болжамдары 2000 жылы бастапқы қуат ресурстарын тәулігіне 20-25 млрд тут көлемінде тұтыну деңгейіне жетуді қарастырғанын еске алсақ та жеткілікті.
Жаңа энергетикалық саясат бүкіл әлемдік қуат тұтынудың құрылымындағы белгілі бір өзгерістерге де алып келді. ХХ ғасырдың өне бойында оған екі дәйекті кезеңнің – көмір және мұнай-газ кезеңдерінің алмасуы тән болғандығы жақсы белгілі. Көмір кезеңі шамамен ХХ ғасырдың ортасына дерлік жалғасты (1990 жылы көмірдің үлесі 60% дерлік, 1913 жылы – 80%, 1950 жылы – 58% құрады). Одан кейін мұнай мен газдың көбірек тиімділігімен, жақсырақ тасымалданғыштығымен, сонымен қатар жаңа да бай мұнай-газ бассейндерінің ашылуымен байланысты мұнай-газ кезеңі басталды. Мұнай мен газдың әлемдік қуат тұтынудағы үлесі 1973 жылы өзінің максимумына (77%) жетті.
Әлемдік энергетикалық дағдарыс кенеттен болғаннан кейін қуат тұтынудың дамуындағы жаңа, өтпелі кезең туралы сөз қозғала бастады, оның негізгі мақсаты деп органикалық отынды, әсіресе, мұнайды пайдаланудан қуаттың қалпына келетін, баламалы көздерін пайдалануға, атом энергетикасына мүмкіндігінше жылдам көшу деп есептейді. Алайда, энергетикалық дағдарысты жеңіп шыққаннан және мұнай жаңадан қымбаттағаннан кейін, керісінше, әлемдік қуат тұтыну құрылымының инерциялылығы және оның салыстырмалы тұрақтылығын сақтап қалу қажеттігі туралы сөз шыға бастады. Барлық мәліметтер, бұл ретте мұнайдың үлесі бәрібір азая бастаса, ал табиғи газ бен атом қуатының үлесі арта бастаса да, ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында оған шындығында да салыстырмалы тұрақтылық тән болғандығын куәландырып отыр.
Әлемдік энергетиканың ХХІ ғасырдың басындағы даму келешектеріне келер болсақ, тиісті болжамдарды жекелеген фирмалар мен мамандар да, Әлемдік энергетика кеңесі, Халықаралық энергетика агенттігі және басқа да ең беделді ұйымдар жасайды. Әдетте мұндай болжамдар, біріншіден, жылдамырақ және баяуырақ экономикалық өсу мүмкіндіктерін, екіншіден, әлем елдерінің қуат үнемдеу саясатымен қамтылу дәрежесін ескере отырып, екі нұсқада құрастырылады. Болжамдардың кей кездері айтарлықтай қатты өзгешеленетіндігіне қарамастан, 2010 жылы әлемдік қуат тұтынудың шамамен 15 млрд тутқа, ал 2015 жылы – 17 млрд тутқа жететіндігін болжауымызға болады. Осы тұтынудың құрылымында мұнай мен көмірдің үлесі болжам бойынша тұрақты болып қалады, ал табиғи газдың үлесі арта түседі. Кейбір болжамдарға сәйкес, көмірдің, мұнайдың және табиғи газдың үлесі тиісінше 31,2%, 35,0% және 28,1% құрайды. Осы есептеулер мен болжамдардың барлығы әлемді қуатпен қамтамасыз етудің сенімділігін, экономикалық қолайлылығын және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетінен келіп шығады. Олар сонымен қатар өмірдің тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігін де ескереді (ХХІ ғасырдың басында бұл сапа өндірістің қуат сыйымдылығына қарағанда, бастапқы энергетикалық ресурстарды адамдарға қажетті өнімдер алу және адамдардың өмір сүру ортасын сақтау үшін пайдаланудың тиімділігімен көбірек анықталатын болады дегенді негізге алады).
Достарыңызбен бөлісу: |