2.2 Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің танымдық қызметі
Мақал-мəтелдер – əрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы.
Ол – өз бастауын адам баласының тым ертедегі саналы қоғам құрған балаң кезінен алып, ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, толассыз толығып келе жатқан жанды құбылыс, халық даналығының қорланып жиналған қоры, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан рухани байлығы.
Мақал-мəтелдердің пайда болып, қалыптасуы əрбір этностық қауымның халық болып қалыптасуының ұзақ тарихи процесіне, рухани өмірі мен мəдени-əлеуметтік жағдаятына, тіршілік-тірлігі мен күн көріс тəсілдеріне, өзіндік дүние танымы мен болмыстағы құндылықтарды бағалай білуіне байланысты.
Мақал-мəтелдердің пайда болуы мен қалыптасуының ең алғашқы себептері мен тəсілдері əр алуан. Солардың ең бастысы: біріншіден, саналы қауымның өзі өмір сүрген табиғи ортаны, табиғат құбылыстарын танып-білуіне, екіншіден, тіршілік көзі – еңбек процестерін, кəсіпшілікті меңгеруге, үшіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынуға байланысты.
Мақал-мəтел жанрының дүниеге келуінің бір себебі: табиғат құбылыстарының өзгеруі мен даму заңдылықтарын танып-білуден, тірлік-тіршілік көздерін меңгеруден, адамдар арасындағы сан алуан қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынудан туындаған ой-тұжырымын, тəжірибе-тағылымын көп сөзбен ұзақ баяндаудан гөрі, тұжырымдап, қорытып, қысқа да нұсқа түрінде айтып жеткізу мақсатына байланысты. Қазақтың «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деп ескертуі, осыдан туындаған мақал. Үлкендердің жас ұрпаққа айтатын өнеге-өсиеті, ғибрат сөздері, ақыл-кеңесі қанша ұзақ айтылса да, ұнамды, пайдалы, əсерлі болса да, бəрі бірдей толық есте сақталып, жадында жатталмауы мүмкін. Сондықтан да, ертедегі данышпан бабаларымыз жастарға, қалың жұртқа бағыштаған өсиет-өнегесін, ғибрат-тағылымдарын қорыта келе, елдің есінде қалатындай етіп қысқа да нұсқа түрінде бір ауыз түйінін бейнелеп айтуға тырысқан.
Бүгінде жалпы саны 15 мыңға жеткен қазақ мақал-мəтелдері көненің көзі, дананың сөзі ретінде қазақ халқының өзімен бірге жасап, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, елдің жадында сақталып келе жатқан асыл мұра болып саналады. Олар-ұрпақпен бірге мəңгі-бақи жасай беретін, ескірмейтін асыл қазына жəне замана талабына сай жаңғырып, жаңаланып отыратын жанды да өміршең құбылыс.
Əрбір халықтың даналық болмысы сол халықтың өз тілінде, өз даналары мен ақылмандарының, ділмəр-шешендері мен айтқыштарының ой-толғаныстарының мəнді де маңызды, қысқа да нұсқа үлгілері негізінде қалыптасады. Солардың дуалы аузынан шығып, ел санасына сіңіп, жадында сақталып, жинақталған даналықтың ең басты ұйытқысы мақал-мəтелдер болғаны баршаға аян.
Мақал-мəтелдер халық даналығы ретінде ауыз əдебиетінің бай қазынасына айналып, оның шағын жанрларының қатарынан орын алады. Мақал-мəтелдер өзінің бейнелі табиғатымен көркемсөз өнерінің көрікті де құнарлы үлгіл ріне жатады. Мақал-мəтелдер тереңнен қозғап, кең толғап айтылатын ой-тұжырымның мəйегі, қысқа да нұсқа түйіні ретінде философиялық категория болып саналады. Мақал-мəтелдер халықтың салт-дəстүр, əдет-ғұрыпын, əдептілік пен парасаттылықты уағыздаушы ғибрат, тағылым ретінде қабылданып, моральдық, дидактикалық пəн санатына жатады.
«Түйе бойына сеніп, жылдан құры қалыпты» деген мақалдың шығу жағдаяты туралы «Сөздікте» түсініктеме берілген. Ол Шығыс халықтарының күнтізбегінде «əрбір 12 жылдың аты қалай пайда болды?» деген сауалға жауап ретінде айтылатын əңгімеде: түйе барлық хайуаннан үлкен болса да жыл санағына кірмей қалады. Себебі: «Шығып келе жатқан Күнді мен бұрын көрейін!» деп жанталасқан көп хайуанның (тышқан, сиыр, жылқы, мешін, қой, ұлу, жылан, доңыз т.б.) ішінде тұрған түйе өзінше: «е, менің бойым бəрінен ұзын, шығып келе жатқан Күнді менен бұрын көретін кім бар дейсің!» деп өз бойына сеніп, жайбарақат тұра бергенде, оның үстімен өрмелеп, құлағына шығып алып, ең биіктен таң жарығын түйеден де бұрын шолған кішкентай ғана тышқан Күннің жарығын барлық хайуанаттардан бұрын көріп, он екі жылдың басы аталыпты. Ал, «түйе болса, бойына сеніп, жыл үлесінен құры қалыпты» – деп баяндалады бұл аңызда.
Белгілі ғалым Ə.Қайдар мақал-мəтел туралы былай дейді: «Қазақ мақал-мəтелдерінің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мəні өте зор. Себебі, дүниеде, қоғамда, табиғатта қалыптасқан құбылыстардың бəріне мақал-мəтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан-ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар. Ол реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді» [11]. Сондықтан академик Ə.Қайдар оларды шартты түрде «Адам», «Қоғам» жəне «Табиғат» деп атауды ұсынады. Бұлай үш салаға бөліп қараудың ұстанған принципі – барлық құбылысты түгел қамту дегендік деп түсінеміз.
Мақал-мəтелдің табиғатына тəн ерекшеліктердің қатарына, ең алдымен, олардың жанр түрінде іштей жіктелуін, өмір-тіршілігіміздің сан-саласын қамтитын көп тақырыптылығын жатқызуға болады. Сондай-ақ, мақал-мəтелдер өзінің өте көнелігімен де, ғасырлар асып, бізге жеткен өзіндік дəстүрімен де ерекшеленетін, ой мен тілдің өзара түйісуі негізінде дүниеге келіп, жанр ретінде қалыптасқан құбылыс ретінде де назар аударады. Осы ерекшеліктеріне байланысты мақал-мəтелдер ауыз əдебиетінің əрі көркем сөз өрнегі, үлгісі, көркем мəтіннің тілі ретінде лингвистиканың зерттеу объектісі бола алады. Сонымен қатар мақал-мəтелдер этнолингвистиканың да ең бір құнарлы объектісі болып саналады. Өйткені мақал-мəтел табиғаты халқымыздың барша болмысымен қат-қабат астарласып жатыр, мақал-мəтел жасаудың принциптері мен мотивтік негіздері ұлттық менталитетке, ежелден қалыптасқан салт-дəстүрге, дүниетанымға, болмыстағы заттар мен құбылыстарды абстракция, салыстыру, ұқсату, теңеу, қарама-қарсы қою т.б. тəсілдер арқылы танып-білуге ыңғайлы объект болып саналады. Түркі халықтары мақал-мəтелдерді «аталар сөзі», «даналық сөздер», «нақыл сөздер», «ақыл сөздер» деп атап, «Ақылың бар ма – ақылға ер, ақылың жоқ па – нақылға ер», «Атаңның сақалына қарама, айтқан мақалына қара», «Мақал – мəтел маржан сөз» деуі – халықтың берген əділ бағасы. Мақал-мəтелдер айтылатын ойдың бағытына қарай – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, тыңдаушысына ой салады.
Достарыңызбен бөлісу: |