Фразеологизм – семантикалық (ішкі мағыналық) жағынан бір-бірімен байланысқан сөз тіркестерімен сөйлемдердің ортақ атауы.
Афоризм – немесе Ділмар сөз — қысқа сөзбен түйінделген тиянақты, бейнелі ой.
БЕЛГІЛЕНУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
ҚР –Қазақстан Республикасы
КСРО –Кеңестік социалисттік Республикалар Одағы
ҚР БМ МЖБС ̶ Қазақстан республикасы Білім Министрлігі Мемлекеттік
Жалпы Білім беру стандарты
ЖОО –Жоғары оқу орындары
БАҚ – Бұқаралық ақпарат құралдары
ҚР БжҒМ нормативті-құқықтық құжаттары ̶ Қазақстан Республикасы
Білім және Ғылым министрлігінің нормативті-құқықтық құжаттары
АКТ ̶ Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар
ММ – мақал-мәтел
ДЛТ – Диуани луғат-ит түрк
ҺХ – Һибат ул-хақайиқ
ҚБ – Құтадғу біліг
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеудің өзектілігі: Әрбір этностың адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени рөлін, өркениетке қосқан үлесін, рухани болмысы мен ментальдық құндылығын бағалағанда оның даналық қорында жинақталып, қалыптасқан мақалдары мен мәтелдерінің ауқымын ғана емес, дүниетанымдық ой-парасатының тұңғиық тереңдігін де, шарықтау шегінің биіктігі мен мазмұн-мәнінің кеңдігін де ескерген абзал. Осы тұрғыдан алып қарағанда қазақ мақал-мәтелдерінің өткен өмір мен бүгінгі болмысты танып-білудегі логикалық, философиялық, дүниетанымдық, эстетикалық, тағылымдық, прагматикалық мәні өте зор. Ауыз әдебиетінің қазынасында мақал-мәтелдің алатын орын ерекше. Мақал-мәтел ел өмірінде орын тепкен барлық құбылыстарға тұжырымды, қысқаша қорытынды жасаған энциклопедия тәрізді. Мақал – өмірлік тәжірибеден туындаған түйінді пікір тұжырымды сөз өрнегі немесе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Мәтел – белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайтын, астарлап, жұмбақтап айту мәні басымдау болатын халық мұрасы. Мақал-мәтел – зердемізді ашып, ұлттық сана-сезімімізге әсер етіп, салт-дәстүрімізді және әдет-ғұрпымызды кеңінен танып білуге үйретеді, дүниетанымдық көзқарасымызды қалыптастырады. Тіліміздегі он бес мыңнан астам мақал-мәтел қазақ елінің өткен тұрмыс тіршілігімен қазіргі болмысын көрсетеді. Мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің бай қазынасының шағын жанрлары ретінде халық даналығы қатарынан орын алады. Көркем сөз өнерінің көрікті де, құнарлы үлгілері болып табылатын тіліміздегі мақал-мәтелдер өзінің бейнелі табиғатымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдер тереңнен ой қозғап, белгілі бір ойды тұжырымдайды. Мақал-мәтелдер, ең алдымен, міндетті түрде жеке дара адамдардың, көбінесе, ділмар-шешен адамдардың дуалы аузынан шығып, халық арасына тарап, елдің жадында сақталуы арқылы қалыптасады. Мақал-мәтел деген терминнің өзі тілімізде араб тілінен енген. Мақал-мәтел өмірдегі түрлі жағдаяттарды қорытындылау негізінде туады.
Мақал-мәтелдер – жүздеген, мыңдаған жылдар бойы халықпен бірге жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даналықтың қайнар көзі. Олар халықтың өткен тарихынан, рухани өмірінен, дүниетанымынан, тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен көрініс беретін халықтың асыл қазынасы, ұлттық ерекшелігін бойына сіңірген басты мәдени байлығы болып табылады. Сондықтан халқымыздың болмысын тануда мақал-мәтелдердің рөлі жоғары.
Осы орайда тіл байлығымыздың қайнар көзі мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді ұлттық мәдениетіміздің жетістігі ретінде ашып көрсету қазіргі білім парадигмаларындағы антропоцентрлік бағыттың басты нысандарының бірі болмақ.
Мақал-мәтелдерде халықтың тұтас танымдық тәжірибесі, оның адамгершілік-этикалық, әлеуметтік-эстетикалық, көркемдік және тәрбиелік мақсаттары бейнеленген. Аталған тілдік бірліктер халықтың даму тарихын бойына жинақтап, халықтың мінез құлқының жағымды, жағымсыз жақтарын сынайды. Мақал-мәтелдер адамның әр түрлі көзқарастарын, қарым-қатынастарын бейнелейді. Мақал-мәтелдердің сан түрлілігі баланың ойлау қабілетін дамытып, сөйлеу дағдыларын жетілдіретін құнды материал болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |