ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің тақырыптары әр алуан: туған жер, ел-отан, еңбек, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік кәсібі, ынтымақ, достық ерлік, батырлық, жақсы адам мен жаман адам т.б. Мақал мен мәтел құстың екі қанаты секілді бір-бірімен байланысты, бірақ олардың араларында аздаған өзгешеліктері мен айырмашылықтары болды. Мәселен, мақал сөзде адамның нәзік сезімдері мен терең ойлары ашық айтылады, дәлме-дәл көрсетіп, бейнелейді. Мысалы: “Білімді өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар”, “Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”, “Ағаш тамырымен, адам жолдасымен мықты”.
Ал, мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады. Мәтел сөзге бір мысал: “Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен жаңылыпты”. Сөз сауысқан туралы емес; сауысқан тектес, әсіре қызыл, еліктегіш, әсершіл адамдарды сынаған. Біреулер бар: өзінің дербес қасиеттерін жоғалтып, ықпалды адамдардың әуеніне төңкеріліп, соның көлеңкесіне тасаланады, өмірдің ағысынан өзін-өзі таба алмай әуре болады. Аталған мәтел сол образды бейнелеген.
Мақал-мəтелдердің пайда болуы мен қалыптасуының ең алғашқы себептері мен тəсілдері əр алуан. Солардың ең бастысы: біріншіден, саналы қауымның өзі өмір сүрген табиғи ортаны, табиғат құбылыстарын танып-білуіне, екіншіден, тіршілік көзі – еңбек процестерін, кəсіпшілікті меңгеруге, үшіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынуға байланысты.
Мақал-мəтел жанрының дүниеге келуінің бір себебі: табиғат құбылыстарының өзгеруі мен даму заңдылықтарын танып-білуден, тірлік-тіршілік көздерін меңгеруден, адамдар арасындағы сан алуан қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынудан туындаған ой-тұжырымын, тəжірибе-тағылымын көп сөзбен ұзақ баяндаудан гөрі, тұжырымдап, қорытып, қысқа да нұсқа түрінде айтып жеткізу мақсатына байланысты. Қазақтың «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деп ескертуі, осыдан туындаған мақал. Үлкендердің жас ұрпаққа айтатын өнеге-өсиеті, ғибрат сөздері, ақыл-кеңесі қанша ұзақ айтылса да, ұнамды, пайдалы, əсерлі болса да, бəрі бірдей толық есте сақталып, жадында жатталмауы мүмкін. Сондықтан да, ертедегі данышпан бабаларымыз жастарға, қалың жұртқа бағыштаған өсиет-өнегесін, ғибрат-тағылымдарын қорыта келе, елдің есінде қалатындай етіп қысқа да нұсқа түрінде бір ауыз түйінін бейнелеп айтуға тырысқан.
Мақал-мәтелдерді поэтикалық жанр ретінде байыптаған зерттеушілердің жұмысына көз салсақ, халық даналығы оның тілінде, мәнді де мағыналы сөзінде екендігін бірден аңғарамыз. Демек, мақал-мәтелдерді көркем сөз өнерінің көрікті өрнегі, ұлт рухының құдіретті күші деген анықтамамен келіспеске болмайды.
Мақалдың қазіргі заманғы адамның рухани-адамгершілік мәдениетін дамытудағы маңызы өзекті. Аталған шағын фольклорлық жанрда қаланған адамгершілік қағидаттары жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастыруда да орны ерекше. Осы тұрғыдан қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер тілдің жүйесін зерттеуде де, сондай-ақ мәдени және моральдық құндылықтарға тәрбиелеуде де үлкен ғылыми құндылығы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |