Жақындағы машайық артық” деп айтылуы керек еді. Сөйлем ішіндегі кейбір сөйлем мүшелерінің толық айтылмауы – ММ-дерге тән қасиет. Ол замандар өте келе тілге жеңіл, айтуға оңай болу үшін қалыптасқан болу керек. Алайда ол сөйлем мүшелерінің толық айтылмауы ММ-дердің мағынасына еш залал келтірмейді. ММ-дердің ықшамдалуы, қысқаруы әр алуан жолдармен жүзеге асады. Қысқартылу заңдылығына, эллипсиске ұшыраған ММ-дердің бірінші компонентіндегі соңғы мүше қысқарып қалуға бейім келеді. Бұл көбінесе мағыналас сөйлемдерде бірінші сөйлемнің баяндауышы айтылмай, екінші сөйлемнің баяндауышы ойды аяқтап, тиянақтап тұрады.
Ыт ырысмас
Ат тепмес теме.
Ит қаппас
Ат теппес деме (МҚ І 211).
Жақсылықты басыңа,
Басыңнан асса, досыңа қыл.
Ер туған жеріне,
Ит тойған жеріне барады.
Енді бір ММ-дерде екі сөйлемнің де баяндауышы түсіріліп айтылады.
Көрмесе жат (болады).
Көріспесе ұят (болады).
ММ-дер ұйқасқа құрылатындықтан жұптық қатар құрайды. Бір компонентті болумен қатар, көбінесе екі, төрт компонентті болып келеді. Ал жұп құрамайтын үш компонентті ММ-дер орта ғасырларда кездесе бермейді. Қазіргі ММ-дердің арасында да аз ұшырасады.
Жылан жылы – жылымас,
Жылқы жылы – ұрыс.
Қой жылы – тыныс.
Ел жасымен көрікті,
Тау тасымен көрікті,
Аяқ асымен көрікті.
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық.
Орта ғасырлардағы ММ-дердің тармақтарының саны жағынан ең көбі төрт тармақты болып келеді. Көп тармақты ММ-дер кездеспейді.
Ізлік болса
Ел ұлдымас
Ишпік болса
Ат йағырмас.
Шарық болса,
Адам аяғы ойылмас.
Тоқым болса,
Ат жауыр болмас.
Төрт тармақты деп отырғанымыз, төрт жай сөйлемнен, яғни екі сабақтас құрмалас сөйлемнен құралып тұр. ММ-дердің төрт жолмен берілген түрлерінің бәрін төрт тармақты деуге болмайды. Мысалы:
Бақ-бақ еткен текені
Қар жауғанда көрерміз.
Батырсыған жігітті
Жау келгенде көрерміз.
Бұл мақал төрт жолдан тұрғанмен, екі жай сөйлемнен сөйлем құралған қос тармақты мақалға жатады. Төрт тармақты ММ-дер қазіргі тілімізде біршама бар.
Уайым түбі – теңіз,
Батасың да кетесің
Тәуекел түбі – қайық,
Мінесің де өтесің.
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Үш тармақты ММ-дер, мысалдардан байқап отырғанымыздай, есімді жай сөйлемдерден болса, төрт тармақты ММ-дер қос тармақты ММ-дер сияқты әртүрлі жолдармен (есімді, етістікті) болып келеді. Алайда үш тармақты ММ-дердің бәрі бірдей есімді болып келе бермейді.
Орта жүзді қамшы беріп дауға қой,
Ұлы жүзді қауға беріп малға қой,
Кіші жүзді найза беріп жауға қой.
Орта ғасыр ескерткіштері тіліндегі ММ-дердің семантикалық жағынан, мағыналық жағынан, сөздік құрамы жағынан бүгінгі күнмен сәйкес келуі, паремиологиялық жүйенің сонау бағзы замандардан қалыптасып келе жатқандығын көрсетсе керек.
Қаншама дәуірлер өтсе де, жай және құрмалас сөйлеммен орайлас келуіне қарай ММ-дерде мағыналық, тұлғалық тұрақтылықтың сақталуы құрылымдық тұрақтылық заңдылығын қамтамасыз етеді.
Кіші сөзламу
Йылқы йізлашу.
Адам сөйлескенше,
Жылқы кісінескенше (МҚ ІІІ 114).
Тағ тағқа қавушмас
Кіші кішіге қавушур.
Тау таумен қауышпас
Кісі мен кісі қауышар (МҚ ІІІ 113).
Беш ернәк түз ермес.
Бес саусақ бірдей емес (МҚ І 151).
Ач не йемәс,
Тоқ не темәс.
Аш не жемес,
Тоқ не демес (МҚ І 109).
Қорыта айтқанда, ММ-дердің тарихи тұрғыдан құрылымдық сипаты сақталған, ММ-дер құрамындағы компоненттердің саны қазіргі тілмен сәйкес келеді.
Осы сынды бір, екі, үш, төрт тармақты ММ-дердің астарында қаншама мазмұн, ақыл-парасат, өсиет-өнеге, ақыл-кеңес жатыр. Бұл ММ-дерді шығарған – асқан ойшыл, кемеңгер, дана ақыл иесі тарихта болған адамдар, алайда олардың аты-жөндерінің көпшілігі ұмыт болған.
Өмірдің қай саласына да қатысты туындаған мақал-мәтелдердің қай-қайсысын алсаңыз да, сондай дөптілікті, нақтылықты, әсерлілікті байқаймыз. Содан өз орнында қолданыла білген сөздің өзгеше бір қуатқа, өткірлікке ие болатынын сезесіз. Қазақ мақал-мәтелдері сан-салалы. Олар өмір тәжірибесінен түйілген, сүзілген, басқаша айтуға болмайтын түйін, тұжырым. Сондықтан да әрбір тілдің сөз байлығы, шебер де шешен үлгідегі болмыс-бітімі осы мақал-мәтелдерден айқынырақ байқалады. “Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз”. Әрбір тілдің әуезділігі де, өзгеге ұқсамайтын музыкалық мақамы да, бар байлығы осыдан көрінеді. Бұл жолғы біздің көздеп отырғанымыз – тілдің өзі туралы мақал-мәтелдер. Мақал сөздің ажарын, делдал малдың базарын келтіретіні рас. Мақалды орынды жерінде ретін тауып қолдана білген жанның сөзі қашанда өтімді әрі ұтымды болмақ. Сондықтан да өнер алды – қызыл тіл. Алайда өнер алды – қызыл тіл деп, оны кез-келген уақытта , қалай болса, солай қолдана беруге болмайды. Өйткені “Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады”. Қолданар адам абайламаса “бал тамар тілден у да тамуы” мүмкін. Бәрі сөзді ретімен, жөнімен қолдана білуге тікелей байланысты. Тіл буынсыз екен деп оңды-солды сілтей берсең, ол “ерді қабырға салады, нарды қазанға салады” – осыны сезінген адам сөзді шайқап емес, байқап сөйлеуге тырысады. Аңдамай сөйлеген адам ауырмай өлуі әбден мүмкін. Әр сөзі орынды айтылған сөз, орнына қағылған шеге сияқты. Қазақ ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле дейді. Себебі сөздің сүйектен өтетінін біледі. Ол еттен ғана өтетін таяқ емес. Сондықтан “еттен өткен таяқтан, сүйектен өткен сөз жаман”. Ғалым Ө. Айтбайұлының мақаласынан алынған осы кішкене үзіндіде қаншама сөздің мәйегі саналатын мақал-мәтелдер қолданылған. Тіл құдіретін сезінген адам мақал-мәтелдерді орынды қолдана білудің қаншалықты қымбат екенін, тәрбиелік мәнінің жоғары екендігін түсінеді. Сондықтан да “Орынды айтылған сөз орнын табады, орынсыз айтылған сөз иесін табады” дейді. Халқымыз әуелден-ақ тауып сөйлеуге, орынды айтуға үлкен мән берген.
Қазақ тіліндегі ММ-дердің қолданылу жағдайына келсек, ММ-дердің ауыз әдебиетіне жататын жанрлардан өзгешелігі күнделікті өмірде қолдануға икемділігінде. Оның табиғатының күрделілігі көнелігі мен өмір талабына сай жаңарып, толығып отыратындығында және қолдану аясының кеңдігінде. Сондықтан да болар бүгінгі баспа беттерінде, әдеби шығармаларда кеңінен қолданылады, себебі бұл – өмір талабы. Жалпы халықтық тілдің көркемсөз бірліктерінен үйрену, оларды ұтымды қолдана білу әр жазушының стилінің қалыптасуына негіз болады.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің қолданылуына байланысты мынадай екі жағдай орын алып келеді:
1. Мақал-мәтелдердің ешқандай өзгеріске түспей, қалыптасқан дәстүрлік тұлғасын сақтап қолданылуы. Мақал-мәтелдердің ешқандай өзгеріске түспей қолданылуы жалпыхалықтық тілде, көпшіліктің сөзінде, аузында кездеседі.
Ас – адамның арқауы.
Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаған соң жалшыға күш қайдан дарысын [53].
Мақалдар ешбір өзгеріссіз, іштей толығып, әдемі өлең жолдарымен астасып, шешендік сөздердің жасалуына түрткі, негіз болып отырған.
Батыр жігіт жауда ойнар,
Шешен жігіт дауда ойнар.
Жүйрікті мініп толғанып,
Шашақты найза қолға алып,
Баданасын киіп ап.
Бар қайратын жиып ап,
Батыр жігіт жауда ойнар,
Алқалы топқа толғанып,
Түйінді сөзді қолға алып,
Шешен жігіт дауда ойнар.
Мақал-мәтелдердің қалыптасқан дәстүрлік тұлғасын сақтап қолданылуына ерекше бір талап қойылмайды. Автор ММ-дерді қай жерде, қанша мақалды қолдануын өзі шешеді, тек орынды қолдана білсе болғаны.
Мысалы: «Ата-ене көңіліндегі ойды келінге туралап емес, тұспалдап жеткізуге тырысады. Тіпті көбінесе қызына сөйлеп отырған болып, келінінің құлағын діттейді, “Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда” дейді. Түбі келіннің іс тірлігі “Еркек – үйдің иманы, әйел – үйдің жиғаны, жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс”, “Бірліктен бездіретін де әйел, сұмдықты сездіретін де әйел”, “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық”, “Жақсы әйел – жігіт біткенге бақ”, “Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады” деген нақылдарға сай жетілуін қадағалайды. Әсіресе абысындар арасының ынтымақты болуы көзделеді. “Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп”, “Ағайынның азары болса да, безері жоқ”, “Ағайынға қарап, мал өсір, ағашқа қарап тал өсір” [46].
Осы бір үзіндіде бес сөйлем берілген. Бес сөйлемде тоғыз мақал қолданылған, алайда орынсыз көп қолданылған деп те айта алмаймыз. Себебі автор мақаланың өн бойында тек ММ-дерді тізіп бере бермеген, керекті жерінде қандай ММ-дерді берсе, ойды жан-жақты, аз сөзбен үлкен тұжырымдарды бере алатындығын ойластырған, келіннің отбасы алдындағы жауапкершілігін сипаттайды.
2. Мақал-мәтелдердің әртүрлі өзгерістерге, тұлғалық модификацияларға ұшырауы салдарынан пайда болған инварианттар. Мақал-мәтелдердің әртүрлі азды-көпті өзгерістерге түсуі көркем әдебиетте, поэзияда кездеседі. мұндай жағдай әртүрлі себептерден, қажеттіліктерден туындауы мүмкін.
«Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің бәрі негізінен жай сөйлем түріндегі тұрақты сөз тіркестеріне жатады, яғни олар тұлғасы жағынан ұзақ уақыттан бері қалыптасып, белгілі бір формада тұрақталған, мазмұны жағынан біртұтастыққа ие болған жай сөйлем типтері. Осыған орай мақал-мәтелдердегі тұрақтылық пен біртұтастық неге байланысты және оны қалай түсінеміз деген заңды сауал туы мүмкін.
Біздің пікіріміз бойынша, мақал-мәтелдердегі тұлғалық тұрақтылық, сайып келгенде, оның біртұтас мағынасы мен мазмұнына тікелей байланысты. Ал мағына мен мазмұнның тұтастығы қоғам мүшелерінің өмір тәжірибесінен алған тағылымы мен танымынан туындаған ой-пікірдің, логикалық тұжырымның әсерлі бейне, сан алуан образбен қат-қабат астарласа, жалғаса көмкерілуіне байланысты болса керек. Олай дейтін себебіміз – мақал-мәтел тұлғасына тән дәстүрлік тұрақтылық (оны паремиологияда «клише» деп атайды) қаншама берік және тіл үшін нормаға айналған стандарт болса да, абсолюттік ұғым емес: ол тілдің тарихи дамуына байланысты, көрші тілдердің әсерінен, сондай-ақ тілдің ішкі даму заңдылықтарына сәйкес, стильдік қолданысқа, сөз зергерлерінің сөз саптау шеберлігіне байланысты әртүрлі өзгерістерге түсіп отырады. Бірақ бұл өзгерістер мақал-мәтелдердің жалпы мазмұнына, мағынасына, бүкіл тіркеске негіз, дәнекер болып тұрған образ бейнеге бәлендей нұқсан келтіре қоймайды [17].
Мақал-мәтелдердің осылайша әртүрлі өзгерістерге, тұлғалық модификацияларға ұшырауы салдарынан пайда болған, тіл практикасында бір-ақ рет қолданыс табатын түрлерін инварианттар деп атаймыз. Олардың пайда болуында белгілі бір заңдылық жоқ. Инварианттық өзгерістер автордың тек өз еркіне, асыл тасты әр қырынан бір көрсетіп құбылта білетін шебердей, мақал-мәтелдердің көркемдік өрнегін, образы мен бейнелеушілік әсерін, эмоция-экспрессивтік қуатын бойында сақтай отыра, пайдаланатын талантына байланысты.
Мақал-мәтел инварианттары бірде олардың компоненттеріне инверсия жасау арқылы, бірде оларды түсіріп, эллипсис түрінде айту арқылы, бірде дербес екі түрлі мақал-мәтелдің элементтерін өзара шебер қиыстыру арқылы, т.б. жолдармен жасала береді» [18].
Мұндай өзгерістер құрылымдық жағынан да, мағыналық жағынан да болуы мүмкін.
Инварианттардың түрлерін көрсетуде Ә. Қайдардың келтірген инварианттардың жасалу жолдары төмендегідей:
1. Компоненттерін өзгертіп айтуға байланысты инварианттар.
2. ММ-дердің жеке элементтері ғана сақталатын инварианттар:
3. ММ-дердің компоненттерінің орнын ауыстыруына байланысты инварианттар.
4. Екі жолды ММ-дердің бір жолын түсіріп айтуға байланысты пайда болған инварианттар.
5. Қосалқы компоненттермен кеңейтілген инварианттар.
6. Бірнеше ММ-дердің тоғысуынан, жымдаса қабысуынан туған инварианттар.
Енді осы инварианттардың түрлеріне мысалдар келтіріп көрейік:
1. ММ-дердің компоненттерін өзгертіп айтуға байланысты инварианттар:
Екі жақсы қосылса,
Ай мен күндей жарасар.
Екі жаман қосылса,
Ырылдасар, таласар.
Екі жаман қосылса, күнде керіс.
Екі жақсы қосылар күн қайда бар? [53].
Тұз астың дәмін келтірсе,
Мақал сөздің мәнін келтіреді.
Көбіне мақал-мәтелге жүгінеді.
Өйткені тұздың астың дәмін келтіретініндей, мақал мәнін кіргізетінін біледі [46].
2. ММ-дердің жеке элементтері ғана сақталатын инварианттар:
Келер кезек,
Терме тезек.
«Келер кезек, өмір – біреу, кезек – екеу» деген осы, жігіттер! Кеше мені тұтқындап едіңдер, бүгін сендер қолға түстіңдер. Дүние кезек деген осы [53].
Бір бала атасына жете туады,
Бір бала атасынан өте туады,
Бір бала кері кете туады.
Ақтайлақ би Дулаттың әкесі Бабатайға: “Солтабайдың Барағы әкесінен өте туып, ел билеп, аға сұлтан атанды. Айбарынан ешкім аса алмады, алыптығына да жан тең келтірмеді. Батыр атанып қол бастады. Ал сенің ұлың Дулат қолдағы бар дәулетіне ие болмай, ел кезіп, сөз қуғаннан аса алмады. әкеден кете туды”, – дегенде ... [53].
ММ-дер контекстік байланысқа түскен кезде жазушы кейіпкердің сөзіне ажар беру мақсатында тілдік амалдың бірі ретінде әрі кейіпкердің образын, сөз саптау шеберлігін көрсету мақсатында қолданады. Ақтайлақ бидің сөзі салмақты, айтқан уәжі де орынды, келтірген дәлелін де көркем жеткізе білген. Дегенмен мұндағы айтайын деген ойды мақалдың жеке элементтері нақты, дәл жеткізіп тұр. Барақ пен Дулаттың болмысын, бейнесін ашып көрсету үшін, бірін екіншісінен даралап көрсету үшін жазушы кейіпкердің тілі арқылы мақалды орынды қолдана білген. Ағасы бардың жағасы бар:
Исатай деген ағам бар.
Ақ кіреуке жағам бар (Махамбет).
3. ММ-дердің компоненттерінің орнын ауыстыруына байланысты инварианттар:
Тек жүрсең,
Тоқ жүресің.
Тоқ жүрсең, тек жүр. Әрине, хазірет – құдайдың қалаулы құлы. Жазадан тыс, жаладан жат [56].
4. Екі жолды ММ-дердің бір жолын түсіріп айтуға байланысты пайда болған инварианттар:
Аш адам ұрысқақ,
Ақсақ қой тырысқақ.
«Аш кісі ұрысқақ» деген, төбелестің шығуына да өзің себеп болғансың. [53].
Әкесі тұрып, ұл сөйлегеннен без.
Шешесі тұрып, қыз сөйлегеннен без.
“Шешесі отырып, сөйлеген қыздан безін” дей келе қыздың жақсысын іздейді [46].
Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған
жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа.
Сап, сап, тақсыр, хан ием, сабыр түбі – сары алтын, сұрайды мұны бар халқың, басқадан көрме, – былайдан, Жанай ажалы құдайдан (Қылмыскер, 346-б.).
5. Қосалқы компоненттермен кеңейтілген инварианттар:
Қайтып кірер есікті қатты серіппе.
Қайтып кірер есікті
Қатты серпіп жаппағайсың.
Қайтып келер досыңа
Қайрылмастай сөз айтпағайсың [53].
Қаламгер қосалқы компонент арқылы алдыңғы сөйлемде айтылған ойды жалғастырып, мағынасын түсінікті ете түсуге тырысады. Өлең үлгісіндегі нақыл сөздің ұйқасын келтіру үшін де мақалды ұтымды пайдаланған.
Амандығы – өзіне олжа.
Оның амандығы да өзіне олжа. Абай істеймін десе, досына істесін [57].
Басты бәле тілден. Сонда Сырым: “Ол кісі маған басын шерткені – басқа Бәле қайдан келеді?”, – деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: “Басқа бәле тілден келеді дегенім”, – депті [53].
Қосалқы компонент жеке сөз түрінде, сөз тіркесі, сөйлем түрінде де келуі мүмкін.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз.
Алланың не берері болжаусыз (Махамбет).
6. Бірнеше ММ-дердің тоғысуынан, жымдаса қабысуынан туған инварианттар:
Алып анадан туады,
Ат биеден туады.
Ата – асқар тау,
Ана – бауырындағы бұлақ,
Бала – жағасындағы құрақ.
“Анадан алып туады”, “Ана бауырындағы бұлақ”. Сондықтан ана алдындағы қарыздың өтелмегені өте ауыр [46].
Қаламгер мақалды толығымен айтып жатпай, керекті жерін бөліп алып, ойды барынша жинақы беруге тырысқан.
7. ММ-дердің соңғы мүшесінің грамматикалық құрылысының өзгеріске түсуі, яғни қосымшалардың жалғануы арқылы қолданылуы:
Судың түбін шым бекітеді,
Сөздің түбін шын бекітеді.
Шындық жадыңнан шықпасын дейді. Себебі “судың түбін шым бекітеді, сөздің түбін шын бекітетінін” білу керек [46].
Таңдаған тазға жолығар.
Тіпті әкесі: “Таңдаған тазға жолығадының” кебі келді. Сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз? – деп айтып та тастапты [53].
“Таңдаған тазға жолығадының” кебі келді деген сөйлемдегі мақалды автор кейіпкердің ішкі психологиясын, көңіл-күйін, көзқарасын білдіру үшін ұтымды қолданған.
8. ММ-дерді сөйлемнің бір мүшесі ретінде жаққа қатысты өзгеріске түсіріп қолдану:
Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан.
Иә, қасқырлардың ортасына кіргізіп алып, біздің де аузымызды жесе де қан, жемесе де қан етпекші саясатыңды түсініп, ол жерді елімізге, жұртымызға қылдай етіп бөліп бергеміз [58].
ММ-дерді сөйлемнің бір немесе екі компоненті ретінде алып, сөйлемнің өрісін кеңейтіп, кейіпкер тілімен айтпақшы ойды айқындап, әр беріп, астарлы мағынада қолданады.
9. ММ-дерді теңеуге айналдырып қолдану:
Адамның басы – Алланың добы.
Хан төңірегіндегі өңкей хас батырларға қарай жас батырдың басы «Алланың добындай» әуеде ұшып келеді [58].
ММ-дер контексте басқа сөздермен байланысқа түсіп, мағынаның тұтастығын қамтамасыз етеді. Жазушы кейіпкердің (басының) бір сәттік қалпын бейнелі түрде жеткізуді ғана мақсат етпеген болу керек, себебі қимыл-қозғалысты басқалай жеткізуге де болар еді. «Алланың добындай» деп теңеудің өзінде үлкен философиялық ой жатыр. Мұнда жазушы көрініске ерекше мән беріп, «батырдың басының ұшуының» бір Алланың бұйрығымен ғана болатындығын ескертеді.
10. ММ-дерді сөйлемнің анықтауыш мүшесі ретінде қолдану:
Жұт жеті ағайынды.
Бұл дала нені көрмеген дала, неге белі қайыспаған қайран қара жер. Жеті ағайын жұтты да, алты ағайын аштықты да көрген жер.
«Аштық алты ағайынды» деп айтыла бермейді, қаламгер паремияны күрделендіріп, тағы бір компонент қосу арқылы эмоционалды-экспрессивті бояуын арттырып, даланың (жердің) суретін әсерлі түрде бейнелеп беріп отыр.
Халықтық қолданыста ММ-дердің жалпы мағынасы сақталғанмен, құрылысы өзгерістерге түсіп қолданыла береді. Көп жағдайларда өзгеріске түскенде, бір компонентін түсіріп айту немесе кеңейтіп айту, екінші сыңарын ұйқастырып, ойдан қосып айту жағдайлары да болып тұрады.
Паремиялық бірліктердің жазушы тілінде стильдік және құрылымдық жағынан өзгеріске түсіп, жаңа эмоционалды-экспрессивті мағына үстеуі жазушы шеберлігінің көркемдік бояуын қалыңдата түседі.
Инварианттардың жасалуында қалыптасқан белгілі бір заңдылық жоқ. ММ-дердің дәстүрлі номинатив тұлғасымен салыстырылып берілген инварианттардың қолданылуы автордың сөйлем құраудағы стильдік қолданысындағы сөз саптау шеберлігіне байланысты.
Абай халық мақалдарын кеңінен қолданып, керегіне жарата білген. «Абай, бірлі-жарым болмаса, халық мақалдарын жалаң, сол қалпында қолданған емес. Ақынның бағалауынша, мақалдың қадірі – жарасты тон (жақсы сөз) құшағында болуы, теңдес, тел сөздер қатарында тұруы. Сөз жоқ, бұл талап халық мақалын оның қуатты ойынан тасқындай шығып құралған сан алтын сөздерінен бөліп алғысыз түрде келтіріп отырды.
Салыстырулар:
Екі кеме құйрығын
Ұстаған суға кетер
|
Екі кеме құйрығын
Ұста жетсін бұйрығың.
|
Жаман сиыр өрешіл
|
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
|
Еңбек етсең емерсің
|
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
|
Жетім қозы түртіншек,
(Жетім қозы тасбауыр)
|
Жетім қозы тасбауыр.
Түңілер де отығар.
|
Көптің аузына елек болмассың.
|
Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің.
Өзіңді өзің күзет, кел шырағым.
|
Қырқын мінсе, қыр артылмас.
|
Қыр артылмас болған соң мінсе қырқын.
|
Заман саған бағынбаса,
сен заманға бағын.
|
Адамды заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек,
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек т.с.с
|
Бір асқанға бір тосқан.
|
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда.
Сөйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға
|
Жоғарыда берілген мысалдарда инварианттық жағдайда қолданылғанда мақал-мәтелдердің мағына-мазмұны, логикалық тұжырымы сақталады, алайда өзіне тән ерекшелік те байқалады. Инварианттарды қолданудағы мақсаттың өзі – ММ-дердің мағына-мазмұнымен қатар, дәстүрлік тұлғасын, құрамындағы сөздердің құрамын сақтау. Егер бір сөздің орнына басқа бір сөздерді ауыстырып қолдана беретін болсақ, бейберекеттік орын алған болар еді. Алайда Абайдың ММ-дерді өлеңдерінде қолдануының өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ММ-дердің сыны бұзылып тұрған жоқ, керісінше кейбір қолданыстары мазмұнды көркемдік сипат алып, афоризмге айналып тұр. Сондықтан да қаламгерлер ММ-дерді жайдан-жай қолданбайды, дайын қалпында ойды барынша түсінікті, жинақы, нақты, қысқа жеткізуге тырысады, кейде оның бұрынғы мағынасы толықтырылып дамытылады. Шығарма тілінің көркемдігін, кейіпкерлер тілінің сөз саптау, тауып айту шеберлігін көрсету мақсатында да ММ-дерді пайдаланады.
ММ-дердің құрамындағы компоненттердің бірін басқа сөзбен не мәндес сөзбен алмастырып қолдану қаламгерлердің шығармаларында да кездеседі. Көркем шығармалардағы авторлық өңдеумен өзгертіп қолдану әртүрлі стильдік мақсатты көздейді. ММ-дердің көркем прозада қолданылуы автордың қолдану шеберлігіне байланысты. Егер сәтті шығып, стильдік сапасы артып жатса, онда оқырманның ойынан шығып, жақсы бағасын алады. Сондықтан мұндай өзгерістердің болуының қалайда бір себебі болуға тиіс, ешқандай себепсіз, қажеттіліксіз әрбір жазушы, ақын өз қалауынша өзгерте беру тілдің көркемдігіне нұқсан келтіру, яғни нормадан ауытқушылық болып табылады.
С.Жүнісов шығармаларында келтірілген мақалдардың да бір компоненттері өзгеріске ұшырып берілген: Енді «Өлі арыстаннан тірі тышқан мықты демекші, баламның жамбасы жерге тимей жатып, артында қалған ошағына ойран салып отырған жоқ па?!» (Ажар мен Ажал, 66-б.) т.б. Қаламгер айтайын деген ойына салмақ салып, оқырманның көңілін аудару мақсатында қолданған болу керек.
Мұндай қолданыс көркем шығармаларда көп кездеседі, олар өз алдына зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар ақын-жазушылардың тіліндегі кейбір көркем сөз орамдары ММ-дерге айналып, ММ-дердің қатарын байытуда өз үлестерін қосып келеді. Авторлық пайымдау, авторлық тұжырым жасау негізінде пайда болған паремиялар проза тілінде де жеткілікті, олардың поэтикалық деңгейлері биік. Авторлық паремиялар шешендік сөз үлгісінде алынып, ММ-дерде қалыптасқан құрылымды пайдаланады. Мысалы, көрнекті ақын, зерттеуші М. Әлімбаев «Мақал-мәтел – маржан сөз, Қоса көрме арзан сөз» дей отырып, әрі көркем, әрі терең мағыналы нақыл сөздерін береді. Олардың біразы афоризмдерге жатады:
«Сен жақсы, сен жақсыны» жиі естігендер кейде сеңсең бөркін де құндыз бөрік деп ойлауы мүмкін, Шығармашылықтың көркемдік кілті ешқашан біркелкі болған емес, болған да жоқ, болмайды да.
Сонымен қатар ақынның нақыл сөздері құрылысы жағынан мақал үлгілес, мазмұны жағынан ММ-дерге үндес болып келеді. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |