Ағасы бардың жақсы болса, жағасы бар,
Жаман болса, інісіне жабар жаласы бар,
Інісі бардың жақсы болса, тынысы бар
Жаман болса, ағасына берер жұмысы бар.
Баласы бардың жақсы болса, панасы бар,
Жаман болса, құдайдан берген пәлесі бар.
Байдалының бұл сөзін естіген ағайындары қатты ашуланады. Олар: «Алжыған шал, біз болмасақ, әлдеқашан аштан өліп қалар еді, енді қурап отырсын өзі», – десіп, содан былай қарайласуды мүлде тоқтатады» [53].
Абайлық афоризмдердің тууына, жасалуында халық мақалдарының азды-көпті әсері болды деген пікір бар. Мысалы:
Қайтып келер есікті,
Қатты серіппе жарқын-ау, –
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.
“Жаман дос – көлеңке: басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың, күн шалса, қашып құтыла алмайсың”, “Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек”.
Осындағы “ Қайтып келер есікті қатты серіппе”, “ Жаман дос – көлеңке”, “ Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек” дегендер өлең ұйқасына келтірілген халық мақалдары. Ал Абай болса, бұл мақалдарды қолдана отырып, оған түсініктеме береді. Немесе өзі айтқан ақыл сөзіне халық мақалы арқылы түсінік береді. Мұнысы – жай бір өлең жолын емес, сол мақалға пара-пар тең, мақалдық үлгіге түскен афоризм: “Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, (Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек)” [40].
Заманның әлеуметтік жағдайының өзгеруіне, бағыт-бағдарына қарай ММ-дер де түрленіп, өзгерістерге түсіп отырады әрі жаңадан ММ-дер де дүниеге келіп жатады. Көбінесе оларға үлкен мән беріп, айдар тағып жатпаймыз. Соңғы уақыттардағы пайда болған ММ-дердің жасалуында қиыннан қиыстырған көркемсөз шеберлері – ақын-жазушылардың, ойы ұтқыр, тілі орақты журналистердің де үлесі бар. Ондай ММ-дер ақпарат құралдарының көмегімен жазба тіл арқылы халық арасына тез тарайды.
Соңғы уақыттарда пайда болған ММ-дерге төмендегілер жатады:
Арақпен достастым дегенше,
Адамгершілікпен қоштастым де [54].
Арақ түбі – дерт,
Ұшқын түбі – өрт [54].
Тілі басқа – тілегі бір,
Түрі басқа – жүрегі бір [55].
Ақылды қыз білімге жүгінер,
Ақылсыз қыз сөзге ілінер [46].
Халық арасында бұрыннан бар кейбір ММ-дердің мән-мағынасына ерекше көңіл бөлініп, белсенділігінің артуына көрнекті шығармалардың солай аталуы себеп болған сияқты. Мысалы, С. Сейфуллиннің “ Тар жол, тайғақ кешу” романының аты, Ш. Мұртазаның “Бір кем дүние” еңбегінің атын айтуға болады.
7. Кейбір ММ-дердің шығуына халық ертегілері, белгілі бір оқиғалар негіз болған. Мысалы:
Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.
8. ММ-дердің пайда болу арналарының бірі – өзге тілден енген ММ-дер. Әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты, түрлі қарым-қатынастардың нәтижесінде бір тілден екінші бір тілге ММ-дер еніп жатады.
Мысалы, орыс тілінен енген ММ-дер:
Повторение – мать учения. –
Қайталау – оқу анасы.
Не имей 100 рублей, а имей 100 друзей. –
Жүз сомың болғанша, жүз жолдасың болсын.
Волка бьют не за то, что сер, а за то, что он овци съел.
Қасқырды сұрлығы үшін емес, ұрлығы үшін ұрады.
Араб тілінен енген ММ-дер:
Ал-харакату барака. –
«Әрекетке – берекет», «Әрекет түбі – берекет», «Әрекет болмай – берекет жоқ» түрінде де айтылады. Мақалдың ешқандай аудармасыз, сол қалпында тек қазақ тілінің грамматикалық құрылысына сәйкестендіріп енгендігін құрамындағы әрекет пен берекет сөздерінің араб сөздері екендігі дәлелдеп тұр.
Аллаға, пайғамбарға, исламға қатысты ММ-дер аударма тәсілі арқылы енген:
Құдайдан қорықпағаннан қорық.
Өзге тілден ММ-дердің ауысуына аударма жұмысының да әсері мол. Орта ғасырларда небір құнды шығармалар түркі тіліне аударылғандығы тарихтан белгілі. Кейінгі жылдары бір тілден екінші бір тілге ММ-дерді аудару арқылы екі тілдік сөздіктер шыға бастады, аударма көркем әдебиеттердің де қатары молайды. Соның арқасында бір тілден екінші тілге ММ-дердің ауысуына үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Әрине, әр халықтың ММ-дері өз бетінше қалыптасып, сол тілдің тілдік ерекшелігінен, айналысқан шаруашылығынан, кәсібінен, мәдениетінен, салт-дәстүр, географиялық жер жағдайынан хабар беретіндігі белгілі. Жер жағдайы өте шалғай жатқан елдердің ММ-дерінің бір-біріне ауысуын көпшілік ғалымдар мүмкін емес деп есептейді.
Түбі бір түркі тілінің байырғы замандардағы тілі де бір, салт-дәстүр, мәдениеті де бір, сондықтан қазіргі түркі тілдеріндегі ММ-дердің сәйкес келіп жатуы соның айғағы, еш күмән тудырмайды. Мысалы:
Қазақта: Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар.
Өзбекте: Болалик уй – бозор, боласиз уй – мозор.
Қырғызда: Балалуу үй – базар, баласыз үй – мазар.
Түрікменде: Чагалы өй – базар, чагасыз өй – мазар.
Татарда: Балалы өй – базар, баласыз өй – мазар.
Башқұртта: Балалы өй – базар, балаһыз өй – мазар [16]. Берілген мақал-мәтелдердің аздаған фонетикалық ерекшеліктерін есепке алмасақ, олар тақырыбы жағынан да, лексикалық-семантикалық жағынан да толық сәйкес келеді. Бұл – түркі халықтарының түбі бірге туыстығының айғағы.
Ал ешқандай туыстық қатынасы жоқ, әртүрлі топқа жататын, географиялық жер жағдайы бір-бірінен шалғайда жатқан тілдердің ММ-дерінің сәйкес келіп жатуы, шындығында, қызықты жағдай. Бұл жайында әртүрлі жорамалдар айтуға болады, дегенмен мына бір екі нәрсені ескерген дұрыс болар. Біріншіден, қазіргі бірнеше тілде бірдей айтылатын кейбір ММ-дердің түп-төркінін іздесек, б.з.д. қаншама ғасырлар бұрын өмір сүрген данышпан философтардың тілінде кездесетіндігі байқалады. Мысалы:
Лучше поздно, чем никогда. – Ештен де кеш жақсы.
Осы мақал қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген болу керек, бірақ қазіргі кезде араб, ағылшын, француз т.б. тілдерде кездеседі. Сол сияқты б.з.д. дәуірлерде өмір сүрген Солонның тілінде кездеседі.
Бұл халықтар арасындағы қарым-қатынастың ежелгі дәуірлерден бері болып келгендігін растаса керек. Негізінен, жалпы халықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлық, жақсылық пен жаманшылық, адамгершілік т.б. жөніндегі философиялық ой-тұжырымдарының, поэтикалық образ жасау амалдарының сәйкес келуінен қалыптасқан болу керек, яғни өмірде болып жатқан жағдайлар мен оқиғаларды, түрлі табиғат құбылыстарын бірдей көзқарастармен қабылдау заңдылықтары көрініс тауып отыр. ММ-дер негізінен адамға бағытталып айтылады, сондықтан да болар тақырыптардың ортақтығы көрінеді (жақсылық, жамандық, өтірік, достық, еңбек, білім т.б.).
ММ-дердің тілімізде ұзақ уақыттар бойы жасап келуіне осы сынды бірнеше себептердің арқау болғандығы анық.
Достарыңызбен бөлісу: |