1.2 Қазақ мақал-мәтелдерінің пайда болу негіздері
ММ-дерді шығарушы да, таратушы да – халық. Мақал-мәтелдерді әу баста жеке адамдар шығарғанмен, келе-келе авторлары ұмыт болған. Бұл ММ-дердің халық арасында ауызша тарағандығымен тікелей байланысты. Атадан балаға мұра болған мақал-мәтелдердің өзі халық арасына ауызша тарап, уақыт өте түрлі өзгерістерге ұшырап, өмір талабына сай жаңарып, толығып отырған. Сондықтан ММ-дердің қашан пайда болғаны жөнінде болжам жасаудың өзі қиын. Адам баласы табиғатта болып жатқан құбылыстарды саралап, бағалай алатын дәрежеге жеткен кезде ауызекі сөйлеу тілінен ерекшеленіп, сөйлеуге көркемдік мән беретін ММ-дер жіктеліп шыққан болу керек.
«Әрине, ең бірінші кезекте мақал-мәтелдің өзі мағына (ой) және форма (сөйлем) жағынан дамыды, мағына, форма жағынан қарайлас мақалдар біріктірілді, табиғат құбылысына орай туған мақалдарға адам өмірінен ұқсастық ізделіп, жаңа сыңар-жұптар қосылды, яғни жаңа мақал жасалынды» [15].
Ерте дәуірлерде мақалдарды тізбектей айтумен бірге олардың буын санын бірдейлестіру мен ұйқасын келтіруге де үлкен мән берілген. Нәтижесінде ММ-дер белгілі бір жүйеге түсіп, ММ-дер жасаудың үлгі-қалыбы қалыптасты.
Тек жазба мұраларға қатысты деректерге сүйене отырып, сол кезеңдерге байланысты ММ-дердің сипаты жөнінде белгілі бір мәліметтер бере аламыз. Қазір әр дәуірлерге қатысты жекелеген ММ-дер жайында біршама пікірлер болғанмен, кең көлемде жүргізілген зерттеулер жоқ. Тіпті көне түркі, орта түркі тілдеріне қатысты айтылған ММ-дердің пайда болуының өзі соған дейінгі ұзақ уақыттарды қамтуы мүмкін, себебі олардың жүйеге түсіп, қалыптасуы үшін де аз уақыт кетпейді. Сондықтан ММ-дердің шығу тегі, пайда болу негіздері жайлы жалпылама тұжырымдар жасауға болады.
1. Біріншіден, тіліміздегі барлық құндылықтар халықтың рухани-материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында пайда болады.
Паремиялардың басым көпшілігі адамның дүниедегі құбылыстарды танып-білудегі ой-санасының, ұғым-түсінігінің пайымдаулары мен сол құбылыстарға өзінің қатынасын бейнелеп жеткізудегі талпынысынан туындайды. Халықтың күнделікті тіршілігінде белгілі бір ойдың ақиқатын түсіндіруден, соның ұтымды жағын көріп-білуден, әртүрлі құбылыстарды өзара салыстыра, бір заттың айрықша ерекшелігін екінші заттың ұқсас белгісіне балап теңей сөйлеу нәтижесінен тұрақты сөз тіркестері қалыптасады.
Шешендік өнердің қалыптасуына игі әсерін тигізіп келе жатқан ММ-дер халықтың практикалық қажеттілігінен туындайды. Сөзге үлкен мән берген қандай да бір ұлт болмасын тыңдаушысының жүрегіне жетіп, жанын жадыратар сөздің қадірін түсініп, терең мағыналы түйінді сөзге тоқтаған. Ойды тыңдаушыға әсерлі етіп жеткізу үшін де тіл-тілде осындай паремиологиялық бірліктер қалыптасқан. Сондықтан паремиялардың жасалып, жұртшылыққа тарап, қалыптасуы да оңай дүние емес әрі кез-келген адамның қолынан келетін нәрсе емес. Ол үшін жан-жақты білім, сол білімді адамгершілік тұрғысынан игерген парасаттылық, табиғи дарын, мол өмірлік тәжірибе қажет.
А. Байтұрсынұлы «Ділмар сөз иесінен айырылса, я тақпаққа, я мақалға, я мәтелге айналып кетеді» дейді [19]. Мұндағы ділмар сөз – бұрынғы билерден, шешендерден, даналардан қалған сөз. Сондықтан ММ-дердің пайда болу жағдайларына бір жақты қарауға болмайды. ММ-дер әуелде шешендік өнердің қалыптасуына игі әсерін тигізіп келді десек те, біртіндеп небір дана, шешендердің сөзі ММ-дерге, қанатты сөздерге айналғандығы анық. Оған кейінгі аты-жөні белгілі ақын-жыраулардың, қаламгерлердің ММ-дерге айналған нақыл сөздерінің өзі мысал бола алады.
2. ММ-дердің пайда болуына халықтың әлеуметтік өміріндегі тұрмыс-тіршілігіне орай әртүрлі жағдай себеп болған. Оларды топтап бірнеше салаға бөліп көрсетуге болады:
1) Бірқатар ММ-дердің пайда болуына халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы негіз болған. Мысалы, қазақ салтында үлкенді сыйлау, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, қыз-келінге қатысты қарым-қатынастарға үлкен мән берілген. «Алты жасар бала атқа мінсе, алпыстағы шал сәлем берер»; «Алты жасар бала жолдан келсе, алпыстағы шал алдынан шығар»; «Кәріге құрмет – жасқа міндет»; «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмас»; «Тексіз жерден қыз алма»; «Біреу қыз алып қашады, біреу құр лағып қашады»; «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» т.б.
2) Наным-сенімге, діни ұғымға байланысты туған ММ-дер: «Қол – қолды біледі, Шариғат жолды біледі»; «Адам айдаса – барма, Құдай айдаса – қалма»; «Дүмше молда дін бұзар»; «Өлі разы болмай, Тірі байымайды»; «Баталы құл арымайды, Батасыз құл жарымайды»; «Ырымы жаман бала – Ит құрықтайды»; «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді»; «Қазақ ырым етеді, Ырымы қырын кетеді»; «Көрші ақысы – Құдай хақысы»; «Аллаға сенген құстай ұшады, Адамға сенген мұрттай ұшады»; «Жоққа-салауат, Барға-қанағат»; «Кедейшілік есіктен кірсе, Иман терезеден шыға қашады»; «Садақаны сауыңда бер»; «Ақ жол – айғақ, Қара жол – тайғақ»; «Адамның басы – Алланың добы»; «Келіннің аяғынан, Қойшының таяғынан» т.б.
3) Адамның әртүрлі мінез-құлқына, адалдық, арамдық, адамгершілік, достық, ізгілік, ынтымақ, ақымақтық, шындық, өтірікке байланысты туған ММ-дер : «Ақылдының ақылы – Сарқылмайтын көлмен тең»; «Сабыр түбі – сары алтын, Сарғайған жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа»; «Ақымақ бұзуға бар. Түзеуге жоқ»; «Арсыздың сөзінде тұрақ жоқ, Көзі бар да, құлақ жоқ»; «Пасық адам белгісі: Өзі бола алмайды, Болғанды көре алмайды» «Ақылы көпті дау алмайды, Досы көпті жау алмайды»; «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді»; «Достың алыс-жақынын іс түскенде білерсің»; «Досы көпті жау алмайды, Ақылы көпті дау алмайды»; «Алыстағы дұшпаннан, Аңдып жүрген дос жаман»; «Ақпейілдің аты арымайды, Тоны тозбайды»; «Санасызға сан айтсаң да болмайды»; «Ақымақ бұзуға бар, Түзеуге жоқ» т.б.
4) Жаугершілік замандарды басынан өткерген халқымыздың ерлік, батырлық істері ММ-дердің жасалуына негіз болған: «Ер бір рет өледі, Қорқақ мың рет өледі»; «Ер аруағы – қаруы»; «Ер өлсе де, аты өлмейді»; «Ердің екі сөйлегені – өлгені»; «Ер мойнында қыл арқан шірімес»; «Күшті кісі алып та жығады, Шалып та жығады»; «Ердің атағы туырлықтай, Өзі бұлдырықтай»; «Айнымас жүрек, ер көңіл, Ер жігіттің серігі» т.б.
5) Ас-тамаққа байланысты пайда болған ММ-дер: «Ас – адамның арқауы»; «Быламық бетінен суиды. Көже түбінен суиды»; «Нан – тамақтың атасы, Ынтымақ – көптің батасы»; «Асатпай жатып, құлдық, Ет жемей жатып, құлдық»; «Ас тұрған жерде, Ауру тұрмайды»; «Ас үстінен аттама, Астан үлкен емессің»; «Бір аяқ қымыздың екі аяқ желі бар»; «Бауыр – шырын, бас – тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті» «Ерді қорласаң – састырар, Асты қорласаң – құстырар» т.б.
6) Табиғат құбылыстарына байланысты халықтың әртүрлі болжам, пайымдауларынан туған ММ-дер: «Ай қораланса, арбаңды сайла. Күн қораланса, күрегіңді сайла»; «Сәуірдегі жауын – Ағып тұрған сауын»; «Күн күркіресе – көк күркірер»; «Қаңтар ауса, қар тұрмас»; «Терең судың ағысы білінбес»; «Таулы жер бұлақсыз болмас, Сулы жер құрақсыз болмас»; «Үркер үйден көрінсе – Үш ай тоқсан қысың бар» т.б.
7) Көшіп-қонып өмір сүрген халықтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен байланысты. Сондықтан ММ-дердің пайда болуында төрт түлік малдың да үлесі үлкен. Сондай-ақ көшпелі халық аң аулаумен, құс атумен айналысқан. Мұндай ММ-дерді төмендегідей топтап көрсетуге болады:
Түйемен байланысты (атан, нар, бура, інген, бота): «Жуас түйе жүндеуге жақсы»; «Ақ түйенің қарны ақтарылды»; «Түйенің танығаны – жапырақ»; «Жығылсаң нардан жығыл»; «Шөлге барсаң, шөл екенін біліп шық, Шөл тәңірі – сары атанға мініп шық»; «Бота ойнақтаса – молшылыққа, Тайлақ ойнақтаса – тоқшылыққа, Кәрі түйе ойнақтаса – жоқшылыққа»; «Буыршынды бура бұзар, Пәйкелді бұғы бұзар»; «Інген ыңыранса, Бота боздайды» «Әйт-шүу» деген атанға күш, «Әуіп» деген жігітке күш» т.б.
Жылқы малымен байланысты (ат, бие, тай, тұлпар, айғыр, кер, құлын, құнан): «Жылқыда өт жоқ, Құста сүт жоқ»; «Атың жаман болса, қарың кетер, Балаң жаман болса, арың кетер»; «Құлынында кісінемеген ат болар, Атасын көрмеген ұл жат болар»; «Тай ат болса, ат тынар, Ұл ер болса, ата тынар»; «Алып анадан, ат биеден»; «Жақсы аттың жалын сақтағанша, Жақсы ердің көңілін сақта»; «Ат ерінді келер, Ер мұрынды келер»; «Ат басына күн туса, Ауыздықпен су ішер. Ер басына күн туса, Етігімен су кешер»; «Жақсы көрер тамырдың, Атын алма, тайын ал»; «Ақыл – жас ұланнан, Жүйрік – тай құнаннан»; «Ер арыса – аруақ, Ат арыса – тулақ»; «Досқа ат берме, Ат берсең, жай жүр деме»; «Қасқа айғырдың баласы Қасқа болмаса да, төбел туар»; «Байтал шауып бәйге алмас» т.б.
Қой-ешкімен байланысты (қозы, тоқты, теке, лақ, қошқар, серке): «Құтты қонақ келсе, Қой егіз табады»; «Қора оңды болса, Қойың қоңды болар»; «Ешкілі қой өреген»; «Айдағаны бес ешкі, Ысқырығы жер жарады»; «Қотыр теке қора былғар»; «Бір лақ екі адамды талтаңдатады»; «Ақ серке қой бастайды, Ақын жігіт той бастайды»; «Ешкі тұқымы – егіз лақ, Қой тұқымы – қоңыр тұсақ»; «Өзім асыраған текешігім Өзіме тап берді»; «Жетім қозы сүтке тоймас»; «Әркім қолдағы барын қошқар қояды»; «Тәңірі асыраған тоқтысын Қасқыр жемейді» «Бақ-бақ еткен текені, Қар жауғанда көрерміз, Батырсыған жігітті, Жау келгенде көрерміз» т.б.
Сиыр малымен байланысты (өгіз, бұзау, тана, бұқа, тайынша, қашар): «Сиыр сипағанды білмейді, Жаман сыйлағанды білмейді»; «Сиыр бақтым – сидаң қақтым, Ешкі бақтым – еңіреп бақтым, Қой бақтым – қоңыраулаттым»; «Сиырда аунамақ жоқ, Жылқыда күйсемек жоқ»; «Сиыр су ішсе, Бұзау мұз жалайды»; «Өгізге туған күн Бұзауға да туады»; «Үйде өскен бұзау, Түзде өгіз болмас»; «Жуас тананы падашы мінеді, Жуас адамды әркім іледі»; «Бұқаның арамзасы, Бұзау арасында жүрер»; «Тумаған тайыншаның, Піспеген уызына қарама»; «Қашпаған қашардың уызына қаратып» т.б.
Ит-күшікке байланысты: «Итті иесімен қинасын»; «Итті қонақ жараспас»; «Ит – ырыс»; «Ит – жеті қазынаның бірі»; «Жетектеген ит ауға жарамас»; «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді»; «Күніне жүз түлкі алса да, Тазының ит аты қалмайды»; «Итті күшігінде үйрет»; «Ит терісі и болмас, Нәпсісі жаман би болмас»; «Кішкене иттің қартайғанша күшік аты қалмайды»; «Итті «күшігім» десең, Аузыңды жалайды»; «Ит дегенге ашуланып, Күшік десең күледі» т.б.
Есекке байланысты: «Есектің жүгі жеңіл болса жатаған келеді»; «Есекке алтын ноқта тақсаң да, есек болады»; «Түлкі түгінен жазады, Есек жүгінен жазады»; «Есек өзін атқа балайды да, Әттең деп құлағына қарайды»; «Есектің еті – арам, күші – адал»; «Есекті отқа айдасаң, Боққа қашар»; «Есек мінген – Еңбегін мінер»; «Есек жүрер қатқақта, Мәлім болар батпақта»; «Қарға мақтанып сұңқар болмас, Есек мақтанып тұлпар болмас т.б.
Аң аулау, құс атумен байланысты туған ММ-дер: «Бөріден қорыққан орманға бармайды»; «Бөрікті тастап, бөріден құтылуға болмайды»; «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді»; «Бір оқты бұлан көтереді, Екі оқты ұлан көтереді»; «Түлкінің қызылдығы өзіне сор»;«Аңқаубөріқойүркітеді, Ақылсыз адам ел үркітеді»; «Құстың алғанынан – салғаны қызық»; «Екі тұйғын жабылса, қаздың соры»; «Арыстанның ойынынан Түлкінің мойыны үзіледі»; «Қасқыр байлағанға көнбес, Шошқа айдағанға көнбес»; «Бөдененің үйі жоқ, Қайда барса – бытпылдық»; «Қарға қарғаның көзін шоқымас»; «Құлан – қырда, Құндыз – суда» т.б.
8) Уақыт, заман жайында өмір тәжірибесінен туған ММ-дер: «Заманына қарай – адамы»; «Заманына қарай – заңы, Тоғайына қарай – аңы»; «Заманы бірдің – Зары бір»; «Заман түзелсе, Жаман да түзеледі»; «Заман саған бағынбаса, Сен заманға бағын»; «Жыл деген ат басын бұрғанша, Ай деген аунап тұрғанша»; «Бәріне – уақыт төреші, Бәріне – уақыт емші»; «Батар күннің – атар таңы бар»; «Жүре берсең – көре бересің, Көре берсең – көне бересің» т.б.
3. ММ-дердің пайда болып, қатарларының молығуына синонимдес ММ-дердің әсері мол. Әртүрлі жүйедегі, бірдей мағыналас ұғымдар бірқатар синонимдік және семантикалық жақын ММ-дерді тудырады.
«Аш пәле – аш пәледен қаш пәле», «Аш құлақтан тыныш құлақ» дегендер мазаңды алдыра бергеннен гөрі құтылғаның артық дегенді білдіреді. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», «Көкіректе сайрап тұр, тілді құдай байлап тұр» синонимдері қолдан келер ештеңенің жоқ екенін, ерегістің пайда әпермейтінін білдіреді. «Әркімдікі өзіне ай көрінер көзіне», «Әркім өз қозысын қошқар қояды» сынды ММ-дер адамдардың өзін-өзі жақсы көретіндігін, өз мінін көрмей, өзінікін өзгеден артық санайтындығын айтады.
4. ММ-дердің жасалуына мағына тұтастығын сақтаған варианттары негіз болады. Мақал-мәтел варианттары лексика-грамматикалық жағынан әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олар мағына тұтастығына нұқсан келтірмеуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |