қулық-сұмдық — зұлымдық. Материализм мен идеализм арасындағы... күресте партиялық, таптық принципті қатаң сақтау, дұшпандарға, тап жауларына Лениндей мейірімсіз болу, олардың түрліше айла-шарғыларын, қулық-сұмдықтарын лениндік шабытпен өткір де әсерлі сөздермен әшкерелеп отыру — біздің абзал борышымыз (Қ. Сағындықов). Саяси адамдардың ішінде де қулық-сұмдығы барлар аз кездеспейтінін, мен сонда ғана бірінші рет аңғардым (С. Мұқанов).
қулық-сұмдықсыз — зұлымдықсыз. Бірінің-бірі бала кездеріндегі қулық-сұмдықсыз балғын шақтарын айтып, мәз-мейрам күлісіп, бәрін де еске түсіріп жатады (Т. Байдолдаев).
شئ (шай’ун) шәй – 1) зат, нәрсе, бұйым; 2) оны-мұны, ондай-мұндай, кейбір (нәрсе); бірдеме, бір нәрсе; аз-маз. Арабтарда «күллі шәйен сәбәба» деген сөз бар, мағынасы «әр нәрсе себепке байланысты» (С. Мұқанов).
شيخ (шайхун) шайх — 1) қарт, қария; құрметті кісі; 2) Шейхтер палатасының мүшесі, сенатор; 3) шейх — ру бастығы; 4) ақсақал, басшы, басқарушы; 5) діни. рухани көсем, 6) ғалым; 7) мұғалім, ұстаз, жетекші, тәрбиеші. Қазір ол мубәрак қалаға бір топ надан шайхтар ұялаған (Айбек). Түркістанда Ахмед Яссауи шайхқа арнап салған Ақсақ Темірдің атақты мешіті (I. Есенберлин);
шайқы. Келіпті бір диуана сырттағы елге, Лебізі дауа дейді үшкіргенге. Кім білед — шарапатты шайқы адам ғой, Қайтер ед соны алдырып көрсеткенде (И. Байзақов). Төрт орыстың басын қосып отырып, жаңағы Майекең айтқан шайқы — диуана болғанына намысым иттей келді, — деді (М. Әуезов);
шайхы. Қалалардың басында сайланып қойылатын адам отырады. Ол белгілі бір тайпа — рудың басы шайхы атанды (X. Ақназаров). Желмая мінген шайхы Күтуби де еслам туын қолға ұстап, Аму бойын сағалай сар желді (I. Есенберлин);
шайық. Қияттан барып ін алған, Екі аяқпен серіпкенде, Желі бойы жер алған, Топыраққа басса табаны, Шайықтардың ершатқа Басатұғын мөріндей, Сопақша сұлу із салған (Шәңгерей).
шейх. Осылармен Абай анық терең танысып, табысқалы әр алуан «хикметтер», «шейх», «хафиздер», «рауаилар» да сыртта қалды (М. Әуезов). Беделді шейхтердің маңына оның жолын қуушылар — мюридтер топтасады (X. Ақназаров). Арабстаннан, Ираннан келген қожа, муфти, ишандар... мүрит, шейхтер шіркеуді біржолата жермен жексен етіп жоқ қылған (I. Есенберлин);
шайхолислам — 1) діни. дін мен шариғат заңдарына түсінік берушілердің бастығы; 2) ислам дін иелерінің бастығы;
шайхулислам. Неге екені белгісіз, әйтеуір шайхулисламнан шариғатқа қатысы бар бір мәселені сұрады (Айбек);
шайқұислам. Шайқұислам зор ғұлама ишандардан Аударып хақ кәмәлін сауал сұрасам. Перғауын, дажал дәулер болса әләп, Қаһармен қарсы тұрып қол ұсынсам (Шәңгерей);
шайхыфани — аса қартайған, әлсіреген, күшінен қайтқан (кісі). Молданың бір қызығы — дүние жинауға салақ, есебін білмейтін алданғыш адам. Алатын ақысы бар, қайыр-садақасы бар, табысы көп болады да, тапқанын ұқсата алмай, әркім алдап жей береді. Осы жағдайларына қарап ауыл оған «Ноғай молда» деп, «шақша бас» деп, «кішкене молда» деп, «шайтан молда» деп, «шайхыфани» деп, әр түрлі ат қойып алған (С. Мұқанов).
شيطان (шайтанун) шайтан — әзәзіл, жын, пері. Үмітсіз — шайтан (мақал). Неше түрлі жын-пері, шайтандарды айта отырып, солар арқылы адам баласын қорқыту және олардан құтылу үшін дінге мүлгу керектігін ескертетін (М. Ғабдуллин). Жолы қайсы Құдай салған, шайтан салған, Білмеймін, осы жері маған арман. Мейлі Құдай берсін, шайтан берсін, Мақсатым — оқу оқу көңіліме алған (С. Торайғыров);
I сайтан — шайтан. Алдар Көсе халық жек көретін ақымақ ханды, сараң байды, қожа-молдаларды, бақсы-балгерлерді, ол ма ол, тіпті сайтанның өзін алдап кетеді («Қазақ ССР тарихы»). Тоқ тіленші — адам сайтаны, харакетсіз — сопы монтаны (Абай);
II сайтан — біреуді жек көргенде, кейде риза болғанда айтылатын сөз. Бері келші, сайтан қыз (Қ. Аманжолов). Жәнібек сайтан күлдірмей қоя ма! (Ғ. Мұстафин);
сайтандық. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады (Абай). Мақтайсың махаббат деп сайқалдықты, Майра, енді тастау керек сайтандықты. Шыға ғой майданыма жекпе-жекке Деп жүрсең өзіңді-өзің сойқан мықты, — дейді Тоқтар (Ә. Тәжібаев);
шайтандық — әзәзілдік. «Егерде шайтандыққа жетсе қолым. Алдауға арланар ем адам ұлын. Аллаға асы, бейіске қашқын болып, Онан соңғы бұл емес менің жолым» (Абай);
шайтани — шайтандық, әзәзілдік, азаптық. Сөйлеткен жансыз затты өнер иесі, Есітіп таңғалады көрген кісі... Істерлі, Қазанда оқып, Бұхар барып, Айтар ма ғалым болып келген кісі? Сұрасақ бұ не іс?— деп сол ғалымнан «Шайтани», — мұны дейді - «кәпір ісі» (Шәңгерей).
شيعة (ши‘атун) шиа, шиға — 1) партия, топ; 2) діни. шиға мазһабындағылар, Әлидің жолын қуушылар. Осы сөзден шиизм шыққан. Ислам сүнни және шиғи деген үлкен екі жікке бөлінеді. Шиғалар сан жағынан екінші орын алады. Бұлар Иранда, Оңтүстік Иракта, Иеменде, Әзірбайжанда, Тәжікстанда, т. б. мемлекеттерде тұрады. Шиғалар - сүннилерге ерте заманнан бері халифалыққа таласып, қарсы болғандар, Ғалиды (Әлиді) және оның ұрпақтарын дәріптейді. Бұл ағым VII ғасырда пайда болған. Шиғалар Ғалиды (ол 656-661 жылдары халифа болған). Мұхаммедтен де биік деп санаған. Ғали — олардың туы болған. Олардың суннилерден негізгі айырмашылығы: 1) шиғалар сүннаны қабылдамайды; 2) Құранның «Екі нұр» деген Ғалиды мақтайтын сүресін Құраннан шығарып тастаған деп сүннилерге кінә қояды; 3) Құранның сұлу Жүсіп және оған ғашық болған Зылиха жайындағы сүре Құдайдың өсиеттеріне кайшы келеді, сондықтан оны құраннан алып тастау керек дейді; 4) Мұхаммедтен кейін, Ғалидың алдында болған Әбубәкір, Омар, Осман сүнни халифалар билікті күшпен тартып алып, заңсыз билеген деп, оларды айыптайды; 5) шиғалар ислам дінінің негізін салушы - Ғали, сондықтан оны бірінші имам деп таниды. Ғали мен оның зайыбы Фатимадан таралған ұрпақты (Хасан, Хусейін басқалары) — 12 имамды олар заңды басшылар деп санап, оларды сүнни халифаларға қарсы қояды.
Ислам дінінің осылардай ағымдарының қайшылығын отарлы және тәуелді елдерде жергілікті қанау топтары, әсіресе, империалистер халық арасында жік өртін үре өршітіп, оларды өз мақсаттары үшін бүгінге дейін мықтап пайдаланып келеді. Сол кездегі бақталастардың ішінен Мұхаммедтің қызы Фатиманың күйеуі Ғали көп уақыт халиф болған Ғұсманды астыртын өлтіріп, өзі халиф болады. Ол халиф болған соң өз жақтастары арқылы «екі нұр» деген теория таратады да, бұл теорияны бүкіл мұсылман дүниесіне мойындатуға тырысады. Ондағы айтатыны: бірінші нұр Мұхаммед болса, екінші нұр өзі — Ғали-мыс. Құранға Ғалидың да аты қастерленіп кіргізілуі керек делінеді. Ғалиды жақтаушылар — шииттер (арабтың «ши, а» деген етістігінен шыққан, саяси топ, партия деген ұғым береді) деп аталады (X. Ақназаров).
شيعى (шй‘ййун) шиғи, шии — шиалық, шиғалық.— Сөйле, інім, қандай жаңа хабар бар?— деді.— Соңғы күндерде шии мен сүнниі арасындағы егестерден басқа, айтарлықтай ешбір хабар есіткем жоқ,— деді Дәруишәлі (Айбек);
шиизм — діни. шиғалар ағымы. Шиизмнің жолын ұстаушылар тек Ғұсман құранын және «екі нұр» теориясын мойындайды, суннаға шек келтіріп, оны теріске шығарады (X. Ақназаров).
ص
ص ~ صاد (садун) — араб алфавитінің он төртінші әрпі, сандық мағынасы — 90. Сад — Сабырым қалмады... (Абай).
صابون (сабунун) сабын — сілті мен майдың қосындысынан жасалған, суда көбіктеніп еритін, кір жууға арналған жұмсақ кесек немесе қою сұйық зат. Сабын кірді ашады, Сабырсыз сырды ашады (мақал). Мен туғанда, табылмай қара сабын, Ол туғанда, иіс сабын тәнін жуған (С. Торайғыров). Сақалыңды айнаға көрші қарап, Ту құйрықтан маңызды төрт-бес қадақ, Аулаңдағы бақалға күзеп сатсаң, Алты сабын береді, жеті тарақ (Күйкентай қыз);
сабындағыш — жаққыш (сақал-мұртты алғанда бетке көбік жағатын буда қыл). Борсық қылынан жасалған жұп-жұмсақ сабындағышты бетіме сүйкегенде иесінің қандай өкініп отырғаны да көз алдыма келді (Ғ. Мүсірепов);
сабындану — сабындай көпіру. Сабындану — термині күрделі эфирлер гидролизінің жеке бір түрі — майдың ыдырау реакциясынан алынған («Қ. С. Э.»).
сабындау — сабын езу, бір затқа сабын жағу. Аурулас, кір-қолаң. Ауыртып еді мазаны ап. Арылта жуып сабындап, Алатын бәрін тазалап (І. Жансүгіров). Сабындап, мал желінін жуып таза, Құрғата сүртіп жұмсақ орамалға (Ә. Сәрсенбаев);
сабындық — сабын жасауға керекті нәрсе. Варвараға қамқорсынған Малтабар, оған сабындық майды ғана емес, қажетті сақарды да жыл сайын жеткізіп тұрды (С. Мұқанов);
сабынкөк — бот. осы атаулы өсімдіктер тұқымдасының бір туысы. Сабынкөк — көбіне көпжылдық, кейбіреулері екі не біржылдық шөп, кейде онша биік емес, шала бұта («Қ. С. Э.»);
сабынсыз. Моншадан сабынсыз тазарып болмайды (С. Мұқанов);
сабыншы — сабын қайнатушы, сабын жасау кәсібімен шұғылданушы («Қ. Т. О. С.»).
صاحب (сахибун) сақып — 1) серік; 2) жолдас, дос, тамыр; 3) қожа, ие; 4) ие, қожа деген мағына беретін күрделі сөздердің бірінші сыңары. Сонан соң сөз ұйқасын түзеп алып, Жерінен таратарсың «ондайлардың». Сәркарда сап түзеген сақып ақыл, Белгілі бір орны елдің Майлыбайдың (Таубайдың Жүсібі). Солардай сақып ақыл сөйткен болса, Семірдік қарасына біздер ненің? (Кете Жүсіп). Бір күні судьяның үй сыпырушысы келді де, «сақыптың итіне тоғыз қадақ май керек», - деп салды (Р. Тагор);
сайып. Қатардан қалмай, көңілім, қамданып қал, Шын білгір болсаң да ақылы сайып (Қаңлы Жүсіп). Азғана аңда сөзді, Шәді найып, Артықша асып тұрған ақылы сайып (М. Қалмұрзаұлы);
сахиб. Сахиб ниғмәткә шүкірлігің жоқ болса, әдепсіздікпен күнәкар болмайсың ба? (Абай);
сахип. Тәлиптер тағлім оқып алатұғын Көне сөз көп жазылған кәтіп едің, Бәріңіз бізге жазып бір насихат, Ей, ерім, сахауатты сахип едің (Әбдікәрім);
сайыпқыран — 1) қос жұлдызы оңынан туған; 2) аса бақытты; 3) заманның қаһарманы; 4) ауыс. ерлер, батырлар (сайыпқыран арабтың сахіб (серік, жолдас, дос; ие, қожа) және кіран (тоғысу, қосылу, одақтасу) деген сөздерінен қосылып, екі жұлдызы оңынан туды деген мағынада алынған. Бұл сөз Шығыста хандардың, патшалардың теңеуіне айналған. Сайыпқыран деген атақ бірінші рет Ақсақ Темірге берілген. Сайыпқыран қазіргі қазақ тілінде ержүрек батыр мағынасында қолданылады. — Н. О. Сайыпқыран Темірдің тұсында жасаған болсам, өмірім осындай өтер ме еді,— дейді ол (Айбек). Ылғи батыр, сайыпқыран — Қазақстан жіберген қол, Тосқауыл боп сонда тұрған Құбыжыққа бермеген жол (Ғ. Орманов);
сайыпқырандық — 1) бақыттылық; 2) ауыс. ерлік, батырлық. Сайыпқырандық қолдан келсе! (І. Есенберлин).
صادق (садиқун) садиқ — 1) дұрыс, шын, адал, әділ; 2) нағыз, ақиқат, дәл; 3) күшті, мықты. Қазіретті Жүсіптен сөз бастайын, Басқа сөз арасына еш қоспайын. Ғалымда аты мәшһүр Жүсіп садиқ, Баяндап мен берейін соның жайын («Ғашық-наме»).
صاف (сафин) саф — 1) таза, мөлдір, тұнық, анық; 2) нетто (нәрсенің ыдыссыз таза салмағы). Қайтеді, гүл-гүл жайнап дала мына, Сыймайды-ау бар қабілеті жанарыма. Саф алтын сұлулығын құя берсін, Кеудемді тосайыншы самалына (С. Ақтаев). «Ұяты имансыздың болмайды» деп, Екен-ау ерлер айтқан сөзі рас-ақ. Саф ақыл осыныңды, көрсе сарап, Дер екен: «Кімдерді ауру, кімдерді сақ?» (Қаңлы Жүсіп);
сап. Қазақ тілінде көбінесе сап тұлғасында қолданылады, мұнда тілімізге тән емес ф дыбысы п-ға алмасқан (Ш. Сарыбаев). Сап алтын, ерке сұлу, қарағым-ау, Болады не себептен уағаң бос. Бір жақсы бір жақсыны өкпелетпес (Ақан сері);
сафлық. Онымен сезімді тазалыққа кіргендеріңді, кәміл ықыласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер сыртымды да пәк етемін (Абай).
صالح (салихун) салих — 1) жақсы, игі, ізгі, мейірбан; әділ, тақуа; 2) пайдалы, мүдде, жақсы іс, игілік;
салық. «Мәрді салық» («Жақсы кісі») — Қаңлы Жүсіптің қиссасының аты («Қ. С. Э.»).
салиха — 1) жақсы, игі, ізгі, мейірбан; әділ, тақуа; 2) пайдалы, мүдде, жақсы іс, игілік, Өзіңе жеткізуге бұйырды ол, Сөйлетуге салиха құрылысшыны, Бұл істің жоспарына сызып жол; Ойласты орныменен күні-түні (Ә. X. Д.);
салиқа. Сонда да бұл салиқа ойлы сырларын шерткен жігітке Қиялдың құсын қияға меңзеп, бастайын жақсы үмітке (Т. Қажыбаев);
салиқалы. Өспей кеткір сұм басым, Он төртіме келгенде, Салиқалы қыз болдым Жібектей шашын талдаған (Алмажан). Аудармада Лениннің пікір желісі, салиқалы нақыл сөздері мен көркем теңеулері жақсы берілген, ұғымдар мен терминдер дұрыс қолданылған (Қ. Сағындықов);
салихалы — жақсы, игілікті, пайдалы. Салихалы кеңес, жолдастық сын, шертілген сыр әдебиет аталатын игілікке ортақтасуға тиіс (Т. Әлімқұлов). Бұл қалжыңы аралас салихалы сөз айтарда болатын құбылыс еді (С. Бақбергенов);
салиқалық. Әдебиеттің даму эволюциясынан, оның өткені мен бүгінінен жақсы хабардар адамның өзіне әманда бір нәрсенің қиын соғары хақ. Ол - сол өзі білетін туындылармен терезе теңестіріп, иық салыстырарлық салиқалыққа сақи шығарма жазу (Ж. Тілеков). Бұл - махаббат туралы нақты нәзік сыршылдығынан жаппай салиқалығы басым өлең (М. Қаратаев).
صانع (сани‘ун) саниғ — 1) істеуші, жасаушы; 2) ұста, шебер, зергер, 3) қызметкер, даяшы. Саниғын сұнатына қарап білесіз (Абай).
صباح (сабахун) сабах — таңертең, таңсәрі. Аллаға шаһ Ғасим қылды шүкір, Сабах, шам хамді сана айтар зікір. Сүлеймен берген екен тон мен жүзік, Балама берейін деп қылды пікір (Ғашық-наме»).
صبر (сабрун) сабыр — 1) шыдам, тағат, төзім, шыдамдылық, төзімділік, көнбістік, беріктік; 2) күту, тосу. Сабыр түбі - сары алтын (мақал). От сөнбес, таусылды ғой сабыр суы, Жалынды отқа күйдік, сабыр туы. Ішімді шыдамастай қайнатқан соң, Көңілден кетер емес нәпсі буы (Ақан сері). Сабыр түбі - сары алтын, Алтын азбас, ар азбас, Азбай күткен жар - алтын, Ондай жарды кім жазбас (М. Хакімжанова);
сабырсыз — шыдамсыз, тағатсыз, төзімсіз, сабыры жоқ. Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа (мақал). Сабырсыз, арсыз, еріншек, Көрсе қызар, жалмауыз, Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан алауыз (Абай). Бек қайраттың белгісі, Таласты жер кез келсе, Сөйле деп, енді сөз берсе, Жалт-жалт қарап тұрады, Берекесін қашырып, Сабыр — ақыл серігі, Сабырсыз болма асығып (Майлықожа);
сабырсыздану — шыдамсыздану, тағатсыздану, мазасыздану. Есейдің қазіргі кескінінде қорқынышты сабырсызданып күткен асығыстық бар (Ә. Нұрпейісов). Жандос мейлінше сабырсызданды, күннің тез кешкіруін тіледі (С. Мұқанов);
сабырсыздық — шыдамсыздық, тағатсыздық, төзімсіздік, сабыры жоқтық. Сабырсыздық ұятқа қалдырар, Сабырлылық — мұратқа жеткізер (мақал). Он үште отау иесі деген сөз бар, Келіпті бұл бала да биыл онға. Үш жылға сабырсыздық ойлағаның Шырағым, келер ме екен мұның оңға (Балқан). Сағынған ағаңды сабырсыздық етер дедің бе... (Ә. Әбішев);
сабырлау — баяулау. Мынау ел азырақ сабырласын деп, қарайлап қалып ем. Бүгін-ертеңнен қалмаспын, — деді тағы да (Ғ. Мүсірепов). Сабырлап жастық арын да, Мінез де салқын бабында, Өмірге ойлы көзіммен Қарайын деген шағымда (А. Бақтыбаев);
сабырлы — шыдамды, тағатты, төзімді, ұстамды, салмақты. Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа (мақал). Сабыр деп адам баласының бойындағы салмақтылық жақсы қасиетті айтсақ, сабырлы сол қасиеттің молдығын, бар екенін көрсетеді (Ә. Болғанбаев). Ондай адам сабырлы, салқын келер, Айтқан сөзі салмақты алтын келер (А. Тоқмағамбетов);
сабырлық — шыдамдылық, төзімділік, ұстамдылық. Олар да тірі қалған жоқ. Тірлік арты өлімді. Оны да алды бұл өлім, Сабырлық қылсақ керекті (Абай). Ынтымақ тастан салған қорғандай-ды, Қаншама оқ жауғанмен қозғалмайды. Бірлік, ерлік, сабырлық қылған халық Дұшпанынан жеңіліп, құр болмайды (Молда Мұса);
сабырлылық — шыдамдылық, тағаттылық, төзімділік, ұстамдылық, салмақтылық. Сабырсыздық ұятқа қалдырар, Сабырлылық — мұратқа жеткізер (мақал). Сабыр деп адам баласының бойындағы салмақтылық жақсы қасиетті айтсақ... сабырлылық сол мол қасиеттің адамға әбден сіңісіп, қалыптасқандығын білдіреді (Ә. Болғанбаев). Біздің адамдар, әрбір оқушылар мұғалімнен үлгілілікті, сабырлылықты, ақылдылықты кез келген жерден күтеді («X. М.»).
صبى (сабййун) сәби — 1) еркек бала, жас жігіт; 2) шәкірт. Сәби — семья айнасы (мақал). Қара көз, сәби бөбегім Аса берсін өнерің. Батыр болып өсе бер Жанарыңды жанғызған (Жамбыл). Мен - сәби мейірімді ана құшағында, Ақ мамасын сүйемін, құшамын да... (С. Торайғыров);
сәбише — балаша. Дәрменсіз сәбише ішімнен мұңымды шағамын (Қ. Қайсенов). Әлден уақытта бала да тіл қатты, сәбише ыржақтап күлді (С. Бақбергенов);
сәбилік — жастық шақ, балалық кез, балалық. Мұнай өнеркәсібінің өрбімеген, сәбилік шағында В.А.Соколов ұсынған қате теория екенін, кейін мұның қүл-талқан етілгенін айтты (3. Қабдолов). Енді жүрісімде сәбилік еліктеу емес, Михайл Ивановичке шын ұқсастық бар (Ә. Сәрсенбаев).
صحابة (сахабатун) сахаба — діни. Мұхаммедтің серіктері (қиссалардағы «отыз үш мың сахаба» деп келетін осы сахабалар). Қазақ арасына шеттен келген молдалардың бірқатары, қазақ арасынан шыққан молдалардың кейбіреулері араб, парсы ертегілерін, арабтың әулие, пайғамбар, сахабалары туралы аңыздарын, әңгімелерін қазақ тіліне аударып бастырды (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров);
сақаба. Арғын ем, Арқадағы Көзтаңбалы, Бабам өткен бірнеше сақабалы. Тайымнан озып жүрген мен бір жүйрік, Жеңемін деп қинама, жігіт, жанды (Құлтума);
саһаба. Жетінші атам - пайғамбарды көзімен көріп, соңына еріп саһаба болған кісі, — деді Жалаңаш (Д. Досжанов);
صحبة (сухбатун) сұхбат — 1) қауым; 2) кеңесу, әңгімелесу; 3) қатынас, достық, татулық; 4) ашыналар. Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік Ер табылса, жарайды қылса сұхбат (Абай). Көл шайқап қаздан тоят алған шақта, Талай жан сұхбатына құлақ салсаң. Қызмет қыл да, зейнет тап деген сөз бар, Жігітке еш жол емес бекер қалған (Жүсіпбек Қожа);
сухбат. Мүләйім жылы сөзбен қош айтысбақ, Құрбылық сухбатына сол лайқат! (К. Сүйіншібайұлы). Өзіміз, иә сөзіміз кез келгенде Лайық, ойын-күлкі ед екі жақтың. Құрбылық субхатынан құтылмай-ақ Орнына ойын-күлкі, тұмар тақтың (Қаңлы Жүсіп);
сұқбат. Жарменен сақып Жамал сұқбат қылсын, Көңілдің айнасына қош келгендей. Ақ маңдай, алма мойын, сұлу жарлар, Ақылдың ар жағына күш бергендей (Кете Жүсіп). «Жақсымен етсе сұқбат дидар көріп, Пайдасы болар» - деген өздеріңіз (Іскендір);
сұқпат. «Кабинет іші қапырық, — деген еді Бекенов,— тауға шығып отырып, сұқпат құрған абзал» (Ж. Тілеков). Жаздың маужыраған тымық кешінде, жасыл жапырағы жалбыраған зәулім егіз қарағайдың саясында екеуі еркін сұқпат құрған (С. Омаров);
сұқбаттас. Дақаң да дауқа датты кұп біледі, Ол да ер әр жерлермен сұқбаттас. Әуелден ақырғаша аңдап көрсем, Мінезің бірі емес, бәрі шатас (М. Қалмырзаұлы);
сұхбаттас. Әрекеңмен қоштасар кеште Мәкең апай Әрекең келгеннен бері бірге болып, дәмдес, сұхбаттас болған адамдарды түгел шақырыпты (М. Әлпақұлы);
сұқбаттастық. Мына бір көңілді күз күнінде табысқан бейтаныс екі жастың тым қысқа сұқбаттастығы да адам қоғамында туып жататын жүздеген оқиғалардың елеусіз бірі сияқты (Р. Тагор);
сұхбаттастық. Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес. Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас, Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес (Абай);
сұқбаттасу. Заводымыздың іргетасын қалаған ардагерлеріміз бар, солармен сұқбаттаса беретін шығармыз,— деді (Ж. Тілеков). Сыртқа шыққанда әр алуан адамдармен жүздесіп, сұқбаттасып, қажет болса пікір тарта жүру журналистің қашанғы әдеті ғой (Қ. Ахметбеков);
сұхбаттасу — 1) кеңесу, әңгімелесу; 2) достасу, тату болу. Ахмет Кәрім жазғыл деп еттің пәрмен, Қызметті неге аяйын келсе дәрман. Жүреміз сұхбаттасып, күліп-ойнап, Қалмасын тірілікте көңілде арман (Жүсіпбек Қожа). Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық, Нашалы боламыз ғой сөйлеп шалқып. Анаңды да бір жерге жібер, балам, Сырымды үйрете алман бойым тартып (Абай);
Достарыңызбен бөлісу: |