шаһжда. Діндар шал інілерін асылыққа ұшырай ма деп қорқып, бес мезгіл намаз оқыған сайын Құдайдан кешірім тілеп, шаһждаға басын қояды (Ә. Нұрпейісов).
سحر (сахарун) сахар — сәрі, таң сәрі, таңның бозарып келе жатқан кезі. Ол (Хакім) қожайынның сары ала әтеші сахарға шақырғанда жатты (X .Есенжанов);
саһар. Көшеде көп кешікпей көрдім сізді Адамдай жоқ қасіретің қайғы жұтқан. «Жем үшін аш бөрідей саһар жортқан, — Деп едім, — аяғына ілме қақпан?» (Шораяқтың Омары);
сәрі. Көкжиекке таң сәрінің сызығы түсті (3. Шашкин). Е, жаным, құлқын сәріден қайдан келе жатқан адамсыз? — деді екеуінің үлкендеу біреуі (С. Сейфуллин). Қырын көп таң сәріде шолып кетті, Биіктер бөренеге толып кетті (Ө. Күмісбаев);
сәһар. Сәһарда сандуғаш пен бұлбұл сайрап, Қой қоздап, туып жатыр жылқы құлын. Аспанда ел біткеннің екі көзі, Есітіп қаңқылдаған қаздар үнін (Тұрмағамбет);
сәріден — таң ертеңмен, таң атпай. Е, жаным, құлқын сәріден қайдан келе жатқан адамсың? — деді екеуінің үлкен біреуі (С. Сейфуллин). Бір күні таң сәріден Әбу Дира каторгалық түрмеге әкелініпті («Т. С.»).
таңсахар — таң алды. Ол таңсахарда қайаққа барады? («Қ. Т. Т. Т. З.»). Бұлар таңсахарда дивизия штабын баспақ,— деді Шаһабуддинов (Ж. Арыстанов);
таңсәрі. Күзгі таңсәрінің суығына жер беті қырауланып жатыр (Б. Момышұлы). Таңсәріден үй-үйді аралап жүрген Садық ағай сылти басып, біздің де терезенің тұсына келді (Т. Тохтамов);
سحر (сихрун) сиқыр – таңғажайып, таңғаларлық; 2) арбау, көз байлау; 3) ар, іс, алдау. Көреді батыр Қозы талай жерді, Жақындап адасса да келіп еді. «Құбылып елді аралап үйренгенше», — Деді де бар сиқырын жазып берді («Қ. Қ. Б. С.»). Сиқыры жоқ, сыры ашық, Мендегі сезім пернесін Сол жанарың тұр басып (Ғ. Қайырбеков). Сыр тартпақ боп, сиқыр жасап Арбады жас жігітті (Ф. Дінисламов);
сихыр. Жер жүзін мен аз білемін. Ойылды көп білемін. Көргенімнің бәрі сихыр болмаса, сөзіме халайық сене берсін (Ғ. Мұстафин);
сиқырдай — алдамшыдай, арбаушыдай, көзбояушыдай. Қоңыр қараңғылықта көк шалғынның үстіндегі келбеті, тіпті, сиқырдай көрінді (Б. Нұржекеев);
сиқыршы — алдаушы, арбаушы, көзбайлаушы. Қариямын, сұраймын, Сөзіме жауап бер деймін, Сиқыршы, залым, қу молда! (Жамбыл). Билеуші ант су ішіп, сөзін берді, Сақтауға сиқыршының құпиясын (Ә. X. Д);
сиқырлану — 1) ғажайыптану; 2) арбалу; 3) алдану. Аққұба бетінің ұшы балбырап, үлкен бота көздері жаудырай, сымбатты денесі сиқырлана қозғалды (І. Есенберлин). Шоқан өзі отырғанда да айтып, біріне-бірі астарлы қарасып, сиқырлана көз тастасып та қалады (Ж. Бектұров);
сиқырлау — көзбайлау, бас айналдыру. Әлде пері сенбісің, Сиқырламай сөзіңді айт (С. Бегалин). Жыл құсымен қиқулап, Бұлағымен бұрқылдап, Көктем сұлу келеді, Балбыратып денені, Бойды билеп, сиқырлап (С. Мәуленов);
сиқырлы — сиқырланған, дуаланған, басы айналдырылған. Сиқырлы жан, шырағым... Қасиетті тәтті алдау, Айныды да жоғалды-ау... Сақта мені тұмарым (І. Жансүгіров). Ынтамен тыңдайды ақын теңіз үнін, Сиқырлы ұғынғандай теңіз тілін. Нотамен күрес күйін ойнағандай, Ұқпай ма зерек ақын теңіз сырын (Ә. Сәрсенбаев);
сихырлы. — Түрік тілінің тұлғасы қасиетті Лутфидің ғазалдарынан, көбінесе, Әлішер ғазалдарынан күндей жарқырап көзге түсті. Бұл жаңа саздың сихырлы үні парсыларды таңдандырулы (Айбек);
сыйқырлы. «Мың бір түннің» ертегісіндей сыйқырлы бұл түстердің тұп-тура босағасында қатыгез шындық тұрғаны кәперлеріне де кіріп шықпас дейді (Кришан Чандар);
сиқырлық — көзбояушылық, алдаушылық. Осының бәрі жай сиқырлық, әдейі істелген нәрсе деуге Фридун күдіктене бастады (Ибрагимов). Тағы бір сиқырлыққа көңілі қашты, Залымның ниеті қара, ақтан безген (Кете Жүсіп).
سخاوة (сахауатун) сахауат — жомарттық, мырзалық, ақкөңілдік. Сал қолыңды сазбенен Сахауат атты ырымға! Үйір қылма құлақты Қапылат деген тығынға! «Қасарма қалша» атанбай, Болғыл көптің ығында (Шораяқтың Омары). Ол сахауат (қайырымдылық) дариясы деді Ибн-Жүнейд (А. Машанов);
сақауат. Ауламақ момын көңілін болсаң егер, Айт уағыз, адал малдан қыл сақауат... (Қаңлы Жүсіп). Әділетті ісіңізді, қайыр-сақауатыңызды айтып, асқан кісі бар ма десеңіз етті,— деді сөйлеуші кісі («М. Б. Т.»);
сахауатты — жомарт, мырза, ақкөңіл. Тәлиптер тағлым оқып алатұғын Көне сөз көп жазылған кәтіп едің. Бәріңіз бізге жазып бір насихат, Ей, ерім, сахауатты сахип едің (Әбдікәрім).
سخى (сахййун) сахи — 1) жомарт, мырза, қолы ашық; 2) ақкөңіл, ақпейіл, қайырымды. Жөнінен сағынғандық жаздым дахи, Зиһанда жігіт болмас сіздей сахи. Бермек, алмақ шарт болар, Бір түрлі сахи жігітке (Н. Наушабаев);
сақи. Қолы сақи пендеге Өлгенде тиер қайыры. Қабыл алмай, алдымнан Қазақ халқы кеткен жоқ — Сөзімнің келсе қайымы (Базар жырау). Сендей мен сансыз сөзге сақи емеспін, Шамасы біздікінің осындай-ақ (Кете Жүсіп);
сақы. Дүниеде нақы бар ма, сақы бар ма? Көңілдің онша-мұнша даты бар ма? (Бибіайша). — Патша да, әулие де ілгері өткен Қайыр қып сақы атағын жайып кеткен («М. Б. Т.»);
сақылау. Серік аулының иесінің апасы сол елдің бір орталау шаруалы Орынбай деген сақылау адамның қатыны екен (С. Сейфуллин);
сақилық. Әм байлық, әм сақилық біздің елде, Жаңбыр жауса, шөп бітеді қара жерге. Елімде Айбас пенен Нөгербек боп, Әуелде сізден бұрын шыққан төрге (Болман). Сұраған сырттан жәрдем ақуалыңа, Ашты иіс көңіл құрсант бақтың гүлі. «Бірі,— деп,— сақилықтың жөн сілтемек»... (Қаңлы Жүсіп);
сақылық. Сақылық кісінің атын көтереді, Бақылдық - құнын көтереді (мақал). Бағдат базарында қараған көзді сүріндірді, делдалдың қолын дірілдетті, саудагерді сақылыққа үйретті (Д. Досжанов). Сүйетінім - сақылық ат, Сақы десе көңілім шат («М. Б. Т.»);
сахилық. Сахилық тәуірді, Қолдан келмек ауырды (Әбубәкір). Патша Атымтай Жомарттың моласында жатып істеген сахилығына хайран қалып, үйіне қайтыпты («М. Б. Т.»).
سد (саддун) садд – 1) әскери бөгет, кедергі; 2) тосқауыл; 3) дуал, қорған, тоған. «Садди Скендри» (Іскендір патшаның соққан қорғаны) деген Әлишер Науаидің жырының аты (Абай).
سدرة (сидратун) сидрат — бот. лотос (ескі замандағы Мысыр және Индия жұрттары құрметтеген әсем гүлді су өсімдігі). Седратол-Мұнтаһа — аңызда жетінші қат көктегі бір жайдың аты. Қазір Седратол-Мұнтаһа бақшасында шынардан көркем ағаш жоқ (Ғ. Мүсірепов).
سر (сиррун) сыр — 1) құпия; 2) жүрек; жан; 3) діни. тазалану. Атының сыры иесіне мәлім (мақал). Ақылсыз жанды досым деп, Басыңды қосып, сыр айтпа. Күндердің күні болғанда, Ол жаман айғақ болар басыңа (Ы. Алтынсарин). Сырты сұлу, басында ақылы бар, Кім білсін қандай екен ішкі сырын (С. Торайғыров);
сыралғы — сырлас, сыр мінез, үйреншікті. Бұлармен бұрын жау тылында бірге болып, бір-бірімізге әбден сыралғы едік (Қ. Қайсенов). Қателі қауіп төнген күндер де өтті... Сынасқан жаумен әбден сыралғымыз, Атысып, шабысып та екі жылдай (Қ. Айнабекұлы);
сыралғылы — сырласты. Ер Мұхтар (белгілі машинист Мұхтар Қаптағаев) осылайша жүріс жүріп, Ұзақ жолдың ұлтанын бүрістіріп. Өзінің сыралғылы төл атындай, Алыпты техникасын дұрыс біліп (С. Әлімбетов);
сырдай — құпиядай. Өзіңе ғана айтылған сырдай, Өзіңе ғана арналған жырдай, Лаулап, сәулем, албыртты жүзің, Жарқырай түсіп жанарың нұрдай (Ш. Мұхаметжанов );
сыршы — құпия ойлы, сыры бар. Төрен сыршы асыл жүректің ақырын соққан сақау тілін жанмен ұға білуде (Ә. Шәріпов);
сыршыл — құпия ойшыл. Б.Күлеев — сыршыл, лирик ақын, оның барлық шығармалары дерлік көңіл күйімен, лирикалық шегіністермен тоғысып жатады («Қ. Ә. Т.»). Ғали Орманов — сыршыл ақын («Қ. Ә. Т.»).
сыршылдық — құпия ойшылдық. Тіршіліктің сан-саласынан жинақталған кейіпкерлердің мүддесі, ішкі әлемі, характер қақтығысы, рухани жеңісі мен жеңілісі арқылы жазушы қоғамға билік айтады. Осыдан барып, социалистік реализм әдебиетінің жауынгершілік, сыршылдық сипаты ашылмақ (Т. Әлімқұлов). Біздің әдеби сынымызда «лирика» деген термин әр түрлі мағынада қолданылып жүр. Біреулер оның жанрлық мағынасына көбірек көңіл бөлсе, енді бір авторлар шығарманың сыршылдығы мен шыншылдығын, көркемдік бояуларының нәзіктігін, ондағы лептілік пен саздылықты білдіру үшін қолданады (Ә. Шәріпов);
сырлас — сыры бір, көңілдес, пікірлес, мұңдас, жақын жолдас. Ей, ағайын, тыңдаңдар! Айтар сөзім той бастар, Тойға келді толықсып Кәрі достар, сырластар (Ә. Тәжібаев). Ақылды жан табылмас маған сырлас, Көріне тентек көп надан мойын бұрмас (Абай);
сыр-сипат — ой сапасы, қасиеті, мәні. Араб-парсы тілдерінен келген сөздердің сыр-сипаты, мағынасы, актив-пассив болып қолданылу жағынан бәрі бірдей деп айтуға мүлдем болмайды (Ә. Болғанбаев). Алдағы уакытта романның сыр-сипатын терең тексеретін көптеген байсалды зерттеу еңбектері туатынына күмән жоқ («Қ. Ә. Т.»).
сырластық — көңілдестік, пікірлестік, мұңдастық, жақын жолдастық. Ахметжан Абықаевтың белгілі ақын Нұрхан Ахметбековпен достығы, сырластығы қызықты (М. Өтелбаев);
сырласу — пікірлесу, сыр алысу, мұңдасу. Досы жоқпен сырлас, Досы көппен сыйлас (мақал). Сырласады Шолпан қыз Көз қадасып үндемей, Кетті жүріп қыз жұлдыз, Қалды Шолпан ілеспей (С. Мәуленов). Сырласса, жарқылдап күліп, Сырласпаса, өкпелеп кетеді (Ш. Смаханұлы);
сырлы — 1) құпиялы; 2) ауыс. астарлы. Жақсы жігіт — бір сырлы, сегіз қырлы (мақал). Менің пірім — Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай, Сырлы, сұлу сөздері Маған тартқан сыйындай (Жамбыл). Белгісі өлеңшінің олай емес, Жақсының сөзі балдай сырлы кеңес. Майда тіл, жұмсақ көңіл болмайынша, Ақындық адамзатқа оңай емес (Нұрила);
сырмінез — сыралғы, сыры, мінезі белгілі. Нұржамал бұл жайлаудың сырмінезіне сонау бала шақтан қанық (М. Қуанышбаев). Сырмінез, сыралғы ақындарымыздың бірі — Қалижан Бекхожин (Т. Ибрагимов);
сырмінездік — сыралғылық, мінезі белгілілік. Ол қазір тіршілік құбылысына өрекпімей, кездейсоқ келіп, тап болып қалған жақсылық пен жамандыққа да бірсыдырғы қарап, сырмінездік қалыпқа ауысқан (Ғ. Ғаббасов).
қыр-сыр. Өсіп келе жатқан елдің қоғамдық өмірінің маңызды мәселелерін, түбірлі сипаттарын, қыр-сырларын кезінде терең және ақиқат ұсынған әдебиет қана — халықтық прогресшіл бағыттағы қозғалыстың шынайы толқыны (Ж. Молдабеков). Үлкен қаланың қыр-сырына әлме-әл қанып, әлме-әл етене тереңдей түскен сайын найза бойлатпай барады (Д. Досымов).
سراج (сиражун) сираж — қандил; шырақ. Сираж арабша — шырақ; жарық сәуле (Т. Жанұзақов). «Сираж әл-кулуб»— Ахмед Югнакидің бір еңбегінің аты («Қ. С. Э.»).
سرطان (саратанун) саратын — 1) шаян; 2) Шаян шоқжұлдызы; 3) күн жылнаманың төртінші айына сәйкес келетін июнь айының аты (22 июнь — 22 июль). Амал, сәуір, зауза өтсе, Жетеді жылжып Саратан. Жапырағы жайқалып, Ағашқа бітер түрлі сән (Молда Мұса). Күннің жүретін жолындағы он екі айға арналған екі топ жұлдыздар бар: Саратан — Шаян (А. Машанов).
سرو (саруун) сәруи – 1) бот. кипарис (қарағай тұқымдас әдемі ағаштардың бір түрі); 2) поэт. сымбатты, мүсінді, тік, түзу. Сәруи назым менің жоқ, Хұсніңге еш сөзім жоқ, Ақылым Зуһра алған-дүр, Сені көрер көзім жоқ! («Ғашық-наме»).
سعادة (са‘адатун) сағадат — 1) бақыт, амандық, табыс; 2) жоғары мәртебелі. Ең зор себеп ғылымдар сағадатқа, Әрбір кісі, әрбір қауым, әр міллетке. Астық үшін не қадір жаңбыр керек, Сол рәуішті ғылым керек адамзатқа (Мақыш). Түнек аспан дос күлкіден жарық боп, Самарқанд тұр сағадатқа қарық боп (Қ. Шаңғытбаев).
سعد (са‘дун) сәт – 1) бақыт, табыс; 2) ауыс. қайырлы, орайлы. Сәті түссе, аңшының аңы алдынан шығар (мақал). Сәті болып, жазылып қалса, — деді Нұрым,— жанымнан өзге қалағаныңыз - сіздікі (С. Торайғыров). Сәтіне сәрсенбінің той қылады, Әр жерден шақырылған жұрт келеді. Ат жарыс, атан жарыс, алтын қабақ, Мереке, балуан тұрып көп болады (М. Сералин);
сәтті — орайлы, қолайлы. Істерің сәтті болсын, жауынгерлерге түсіндіріп айтқайсың (Б. Момышұлы). Бұл сөзді есіткен соң біздің құлақ, Жер бар ма үйде жатар жаным шыдап. Той болар сәтті күннен бір күн бұрын, Ерттедім мен атымды жылдамырақ (М. Сералин);
сәттік — бақыттылық, табыстылық. Сағат сайын мың құбылар табиғаттың екінші қайталанбас сұлу көрінісін қағаз бетіне көшіргенде шебердің көңіл күйін, сәттік сезімпаздығын айна-қатесіз түсінесіз (Ғ. Сарықұлова). Ұшқын - аз сәттік, жалт етіп қана жоғалатын нәрсе, сондықтан ол өшпей тұрғанында ғана күшті (Б. Нұржекеев);
сәттілік — орайлылық, қолайлылық. Бірыңғай сұлулыққа, поэтикалық сәттілікке ғана таңырқауымыздың уақыты өтті (Ә. Әлімжанов). Оның істерін сәттілікке ұшырата беретін тұмаршаны ол мойнына тағып жүрмейді (Б. Момышұлы);
сәт-сапар — қайырлы сапар, сәтті саяхат. Ақ мақтадай басын жапқан ақша қар, Орта Азия ортасында ақсақал, Түркістанның алашұбар жотасы Тұрды қарап тілегендей сәт-сапар (С. Мәуленов);
сәтсіз — қолайсыз. Мұрат өзінің семьялық өмірін «сәтсіз», «бақытсыз» деп атап көрген жоқ-ты (Т. Ахтанов). «Менің қатем қандай?» деген мақаласында С. Мұқанов өзінің кейбір сәтсіз шығармаларын сынаумен шектелмей... («Қ. Ә. Т.»);
сәтсіздік — қолайсыздық. Сәтсіздікке ұшырасаң жасыма, Басыңа бақ дарыса, тасыма (мақал). Алғашқы операциясының сәтсіздігі мен әкесінің табалауы мұңайтқан жас хирург Нәзипаны осыдан ширек ғасыр бұрын кеудесінде жау оғы қалған, ақыры, міне, содан қайтыс болған ақын Жұматтың «даусы» жігерлендіреді (Т. Баймолдаев). Ол Тәнзияның тісін емдеп, өз өмірінен, ұлының семьясындағы сәтсіздіктен әңгіме айтып берді (А. Егеубаев).
سعودى (са‘удййун) сауд — 1) бақыттылар, бақыт жұлдызы оңынан туғандар; 2) Сауд - Араб мемлекетінің аты. Таяу Шығыста, оның ішінде Сауд Арабиясында күні бүгінге дейін кінәлі адамның оң қолын кесетін шариат заңы сақталып келеді (X. Ақназаров). Кувейт сол-батысында Иракпен, оң-батысында Сауд Арабиясымен шектеледі («Қ. С. Э.»).
سعى (са‘ун) сағы — 1) жүгіру; 2) талаптану, ұмтылу; 3) тырысу, іждағат, еңбек. Солай деп Салиханың соты тынды, Сорлының бағы қайтып, сағы сынды. Сәменді алғашқы ұстап алған жерде, Өлді деп білмей кеткен өңшең жынды (Әсет). Біржанға көрсет әкеп Жиенқұлды, Бар жұртқа оның сыры аян болды. Ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар... (Сара).
سفر (сафарун) сапар — 1) саяхат жасау, жолға шығу, жиһан кезу; 2) жорық, жүріс; 3) бару, өту. Ауқымды кемеге алыс сапар лайық (мақал). Үйіне Құдай айдап қыдыр қонар, Ер Лұқпан қолтықтап, жолдас болар! Егер де сапар қылып бізді іздесең, Осы ізі тоқсан мыңның соқпақ болар! («Қ. Қ. Б. С»). Мұндай өзара сапарлар, — деді Иран сенатының председателі Шариф Имами, — өзара түсінікті нығайтуға көмектесіп, бір-бірімізді неғұрлым жақсы білуге мүмкіндік береді («С. Қ.»);
сафар. «Бақырған» кітабынан: «Бақырғанден сафар қылсам, Тауаф қалғали Кәғбани...» (С. Мұқанов). Сафар арабша — саяхат, алыс жол (Т. Жанұзақов);
сапаршыл — саяхатшыл. Күні кешегі көшпелі қаңбақ — халықтың бүгінгі сапаршыл ұрпағы өздері де ел аралай біледі (Қ. Мырзалиев);
сапарлас — жолдас, серік (баратын жолы бір). Жүрегім айнығандай болған соң, басқышқа сәлкем сүйеніп қалып ем, сапарлас дүр қара шофер мені қолтығымнан көтеріп, төмен қарай жетелей жөнелді (М. Сатыбалдиев). Сондай екі-үш сәтінде Ғабеңмен сапарлас болғаным бар (Қ.Қайсенов). Сапарласы баян еткен оқиғаларға сол күнгі табиғат әсері қосылып, ұласып, жазушының өзі араласып отырады (Т. Әлімқұлов);
сапарласу — жолдас болу, серік болу. Ертеде бес жас өнері асқан, Мұлтаннан саяхатқа аттаныпты. Бірі оның патшазада сапарласқан, Әкесінен бақ ұшқан аянышты (Ә. X. Д.);
сапарлану — 1) жолға аттану, сапар шегу; 2) ауыс. дүние салу. Ақиқат пенде болса, өлім рас, Нешеулер сапарланды шашқан дәрпін. Саламат ел иесі есен жүрсің, Пейілің кең болсын жұртқа, жүзің жарқын! (Кете Жүсіп);
сапарлау — жолға шығу. Бірде сапарлап келе жатып совхоздың орталығына жете бергенде... айналасын ат шаптырымдай етіп, биік тақтайлармен тасбітеу қоршап тастаған зәулім үйге көзіміз түсті (К. Ахметов);
сапарлы — саяхатты, жиһанкезді. Ол ғана емес, құстар дүниесі, олардың өмірі, әсіресе, ұзақ-ұзақ сапарлы жолдары Қамбарбек жанының құпиялы ғашығы, ынтызары еді (С. Бақбергенов);
سفرة (суфратун) сыпыра — 1) жол азығы; 2) дастарқан (тағам столы); жайма (ешкінің немесе қойдың иленген терісінен істелген жарғақ). Шомбал бітімді, өрім жігіттер: бастары дулығасыз, жай ақ сыпыра терімен таңып алған (Д. Досжанов).
жолсапар. Жолсапар радиоқабылдағыш — шопандар мен жылқышыларға қажетті дүниелік (Қ. Ахметбеков).
سفسطة (сафсататун) сапсата — 1) софистика; софизм (мәселені әдейі былықтырып, жалған қағиданы ыспаттау мақсатымен құрылған ой қорытындысы); 2) бос сөз. — Мен настоящий ғұламаларды айтпаймын, біләр білмәс наданлық білән дін атынан сапсата сатып, халықты қараңғылықта қамап жүрген кейбір өз үстінде құран артқан ишәкләрні ғана айтам,— деді мұғалім (І. Жансүгіров).
سقاء (саққа’ун) сақа — сушы, су сатушы. Тағы бір әңгіме, баяғыда Бұхарда бір сақа (меспен су тасушы) болыпты («М. Б. Т.»).
سكات (сукатун) сөкет — 1) үнемдеу, ләм демеу; 2) тұйықтық, сөзге сараңдық, үндемей қалу, ұялшақтық; 3) ауыс. ұят, ұнамсыз. Жұмыссыз жастың жүргені сөкет, Иттен басқаның үргені сөкет (мақал). Мүмкін, әке ұрсар. Шеше ренжір. Мүмкін, ауыл-аймақ сөкет көрер (Д. Әбілев). Қымсынасың әлденеден, Отырсаңшы, ескі досым, қасыма. Мен шынымды айттым емес пе, Оның несі сөкет? — деді Роза (Ә. Тәжібаев).
сөкеттеу — ұяттау. Әкпішу дейтін келіншектің артына мінгестіріп жібергеніңіз сөкеттеу болды (О. Әбубәкіров);
сөкеттік — ұяттық, ұнамсыздық. Оның еш сөкеттігі жоқ (Ш. Мұртазаев). Төл өсірсек, көп өсірсек мыңғыртып, Құлын... жатсақ ұстап шыңғыртып. Оның қанша сөкеттігі бар, әке, Не пайда бар сырттан шолу білгірсіп? (А. Тоқмағамбетов);
сүкүт. Дархан, сүкүт ол! — деді Жәңгір (I. Жансүгіров).
سكون (сукунун) секін — 1) дамыл, тыныштық, тыныштық сақтау; 2) грам. сукун — араб әліппесіндегі дауыссыз дыбыстардың үстіне қойылатын дөңгелек белгі, ол өзінің астында тұрған әріптен кейін дауысты дыбыстың жоқ екенін білдіреді. Асты жоқ, үсті жоқ, секіні жоқ, үтірі жоқ... Ұзын сирақ, бота тірсек әліпбиден әбден жалығып, тойып біттім (М. Ақынжанов). Мәт — қасың, тәштит — кірпік, секін — сөзің (Абай).
سلام (саламун) сәлем — 1) бейбітшілік, тыныштық, қауіпсіздік, амандық; 2) сәлем, сәлем беру (мұсылмандардың амандасу түрі); 3) гимн; салтанатты өлең. Бір көргенге қырық күн сәлем (мақал). Қарағым, жіберейін сізге сәлем, Тартқан жоқ бұдан бұрын ешбір кәләм. Жан еркем, сыпатыңа көзім түсіп, Көңілім көптен бері болды алаң (Ақан сері). Қадірлі делегаттар, сәлем сізге, Келіпсіз байтақ елден бұл съезге. Жасасын ұлы Ленин партиясы Бақытты өмір берген сіз бен бізге (Қ. Аманжолов).
سلامة (саламатун) сәлемет — 1) қауіпсіздік, бүтіндік, толықтық, аман-есендік; 2) құтқару, құтылу; 3) саулық. Ә, лейтенант Майлыбаевпысың? Сәлемет пе, мынау отырыстан тану қиын сені (К. Тоқаев). Сұлтаным келіп сәлемет, Дұшпанға салса әлемет! («Қобыланды»);
Достарыңызбен бөлісу: |