Бірінші бөлімнің тақырыптарын бекітетін сұрақтар
1.Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистика туралы қандай тұжырымдар айтты?
2.Әдебиет пен публицистиканың байланысы, ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар ма?
3. Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл, Тянь-Шань, Түркістан, Қашқария елді мекендеріне арналған тарихи-географиялық шолуларының мән-маңызы неде?
4.Абайдың қарасөздерін публицистикалық шығармаға не үшін жатқызамыз?
5.Баспасөз жанрының өзіне тән тұрақты қандай белгілері мен ерекшеліктері бар?
7.Журналистикадағы жанр түрлерінің ұқсастығы мен айырмашылығы неде?
8.1960-1980 жылдар аралығында журналист шығармашылығының теориясы мен әдістемесі жайлы шыққан қандай ғылыми-зерттеулерді білесің?
9.Ежелгі Түркі қағанатының руникалық жазбаларынан жанрлық және мазмұндық тұрғыдан алғанда публицистикалық сарыны байқала ма?
10.Жанр таңдауды анықтайтын белгілерді білесің бе?
11. Публицистиканың жанрлары мен пішіндері табиғатына қарай нешеге бөлінеді?
12.Халық алдында сөз сөйлеудің қандай түрлері бар?
13.Жанрлар диффузиясы дегеніміз не?
14.Телерадио материалының ұйымдастырылу композициясына сәйкес бекітілген болмысты бейнелеу тәсілінің негізгі неше ұстанымы бар?
15.Бейнебаян, компьютерлік анимациялық фильмнің тележурналистикаға қатысы бар ма?
16.Ақпараттық материалдарды беру пішіні бойынша шығарылымдар нешеге бөлінеді?
17. Радиожурналистердің бағдарлама әзірлеудегі негізгі ерекшелігі туралы не білесің?
18. Радиожурналдың тұрақты қандай белгілері бар?
Бірінші бөлімде пайдаланған әдебиеттер тізімі
Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.
2 Жақыпов Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. Монография. – Алматы: Білім, 2004.
3 Кольцов М. Писатель в газете. – М.: Советский писатель. - 110-111 С.
4 Гейнс.А.К. Әдеби еңбектерінің жинағы. 1 том. – М.: 1965.
5 Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930). – Алматы: Қазақ мемлекеттік баспасы, 1964.
6 Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеу. –Алматы. Санат, 1995.
7 Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жинағы. Екінші том.- Алматы: Жазушы, 1986.
8 Жұртбай Т. «Күйесің, жүрек... сүйесің».- Алматы: Санат, 2001.
9 Федин К. Шығармалар жинағы. 2 томдық. 1 том. –М.: 1978.
10 Лихачев Д.С. Поэтика древнерусский литературы. – Л.: 1967.
11 Бахтин М. Проблемы поэтики Достоевского. – М.: 1963.
12 Амандосов.Т. Қазақ совет баспасөзінің жанрлары. – Алматы: Мектеп, 1968.- 243 б.;Публицистика дәуір үні.– Алматы: Қазақстан, 1974, -147 б.; Совет журналистикасының теориясы мен практикасы.– Алматы: Мектеп, 1978. – 272 б.; Барманкулов М. Жанры печати, радиовещания и телевидения.– Алматы: КазГУ, 1974.–128 С; Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ, 1964. – 268 б.; Қазақ баспасөзі тарихының очеркі.–Алматы: Мектеп, 1981. – 240 б.; Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі.–Алматы: -ҚМБ, 1950. – 47 б.; Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977.– 300 б.
13 Әбдіманов Ө. А.Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1992. – 23 б.; Жүсіпов С. Ә.Бөкейханның өмірі мен әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. –Алматы: 1995. –23 б.; Шәріпов А. Сұлтанбек Қожанұлының әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1994. – 24 б.; Байменшин С. Б.Майлиннің журналистік шығармашылығы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1995. – 26 б.; Бейісқұлов Т. Бейімбет Майлин – сыншыл публицист. //Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1997. – 30 б.; Сұлтанбаева Г. Саттар Ерубаев – журналист, публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1998. – 22 б.; Жақыпов Б. Мұхтар Әуезов – публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1994. – 32 б.; Есдаулетов А. Публицистика Ануара Алимжанова. // Автореферат дисс. канд. филол. наук. – Алматы: 1999. – С. 25.; Нуртазина Р. Публицистика Габита Мусрепова. // Автореферат дисс. канд. филол. наук. – Алматы: 1995. – С. 26.; Сердәлі Б. Камал Смайылов – публицист.// Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1999. –30 б.; Оспанов С. Сырбай Мәуленов – журналист, публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2000. – 32 б.; Жақсылықбаева Р. Шерхан Мұртаза – публицист, редактор. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2002. – 34 б.; Асанов К. Е.А.Букетовтің публицистикасы. //Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2002. – 32 б.
14 Стеблева.Н.В. Поэзия тюрков VІ-VІІІ веков.– М.: Советский писатель. 1965.
15 Жолдасбеков.М. Асыл арналар. – Алматы: Жазушы, 1986.
16 Гумилев.Л.Н. Древние тюрки.- М.: Мысль. 1967.
17 Багиров Э., Кацев И. Телевидение – XX век. М.: 1968.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ПУБЛИЦИСТИКАНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ЖАНРЛАРЫ
Жанр – тарихи қалыптасқан тип, журналистік шығарманың түрі. Публицистика жанрлары әдебиет жанрларынан деректердің шынайылығымен ерекшеленеді.
Барлық журналистік шығармалардың негізі - дерек болып табылады. Дерек – бұл орын алған оқиға. Деректер ақпараттың негізі болып табылады. Деректер: нақты, таза шындыққа құрылған, қоғамдық мәнге ие және қарапайым қасиеттерге ие болуы тиіс.
Деректерден ақпарат қалыптасады:
Ақпаратты қабылдау стереотипінің үш сатысы бар:
1. Бірінші сатысы – ақпарат санаға онша әсер етпей тек бір сәтке ғана реципиенттің қиялын қобалжытады.
2. Екінші сатысы – ақпарат сана мен сезімге сәл әсер етеді, реципиенттің назарын аудартады.
3. Үшінші саты – сана-сезімде қалған ақпарат, ол реципиентте нақты әрекетпен аяқталатын, шындық негізінде белсенді шығармашылық лебіз туғызады.
Ақпараттық жанрлар «телеграфтық стильдегі» нақты деректердің нақты уақыт контекстінде мазмұндалатын, ақпаратты тасымалдаудың ерекше әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Ақпараттық жанрларға жататындар: хроникалық ақпарат, кеңейтілген ақпарат, қысқа жазба, есеп, эпистолярлық жанр, сұхбат және репортаж.
Хроникалық ақпарат – не? қашан? қайда? деген сұрақтарға жауап береді және 2-15 жолға дейінгі көлемге ие болады. Ресми және ресми емес газеттердің бірінші-екінші жолақтарында басылады. Хроникалық ақпараттың тілі - әдеби, стилі – құрғақ, ресми сарында жазылады.
Кеңейтілген ақпараттың көлемі 30-150 жол. Хроникалық ақпаратқа қарағанда мұнда түсініктеме болуы мүмкін. Түсініктеме – бұл деректің кеңейтілген түсінігі, оның түсініксіз немесе нақтыланбаған жақтарын түсіндіру. Түсініктеменің түрлері:
1. Кеңейтілген түсініктеме – деректің кеңейтіліп түсіндірілуі.
2. Маманның түсініктемесі – дерек маманмен, одан әрі құзыретті адаммен түсіндіріледі.
3. Полярлы түсініктеме – дәл осы саланың бірнеше мамандарымен деректің түсіндірілуі.
4. Синхронды түсініктеме – айту барысында тілші мәтінімен түсіндірілуі.
5. Нақты түсініктеме – ұсақ бөлшектеріне дейін деректерді түсіндіру.
Кеңейтілген түсініктемеде сондай-ақ қосымша бөлшектер, кейіпкерлер және т.б. болуы мүмкін.
Қысқа жазба – журналистикадағы ең ескі жанр. Хроникалық және кеңейтілген ақпараттан қысқа жазба авторлық позициясымен ерекшеленеді. Өйткені оның негізі - оқырманның хаты болып табылады. Егер ақпаратта уақыт факторы маңызды болса, қысқа жазбада әртүрлі уақыт өлшеміндегі деректің өзі маңызды.
Ілікпе сөз – бұл қандай-да бір сөз сөйлеуге қысқаша сезімдік лебіз. Ілікпе сөздің негізгі қасиеті көңіл болып табылады.
Эпистолярлық жанр – бұл оқырмандардың хаттары, журналистиканың белсенді жанрларының бірі. Хаттар барлық кезең мен дәуірде, журналистиканың пайда болуының алғашқы күндерінен бастап барлық материалдардың негізі болды. Эпистолярлық жанр түрлері: ұсыным-хат, өтініш-хат, сұрақ-хат, жауап-хат, ашық-хат т.б. болып бөлінеді.
Хабар-ошар. Ақпараттық хабар
Кез келген адамның қызметі, мамандығы қарапайым нәрседен басталып, уақыт өте, тәжірибе жинақтала келе күрделіленіп, журналистік кәсіби шеберліктің шыңына жетеді. Журналистің жұмысы неден басталады? Мүмкін, бақылағыштықтан шығар. Қызықты нәрсені көрдің, белгісізді таптың, бірдемеге көңіл аударып, есіңде сақтадың, шағын көлемді материал жаздың – осының барлығы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған хабарлама.
Хабар-ошар - дегеніміз дерек хабарланатын қысқаша хабарлама, журналистиканың ақпараттық жанры. Хабар-ошарды кейде «хроникалық хабар» деп атайды. Хроника – тарихи оқиғалардың хронологиялық жүйеде жазылуы. Журналистикадағы хроника – дерек туралы қысқаша хабар, яғни, хабар-ошар мен хроника синонимдес сөздер болып келеді.
Хабар-ошарда журналист дерек пен оқиғаға қатысты маңызды ақпаратты (оқиға орны, оған қатысушылар) толық баяндайды. Репортажда автор болған оқиғаға қатысушы ретінде деректі обьективті, эмоционалды түрде аудиторияға жеткізеді. Хабар-ошар мен есеп көркемдеуші құралдарға сараң, қысқа да нұсқа болуы шарт. Ал, сұхбат пен репортажға публицистикада көп қолданылатын барлық әдеби-көркемдеуші құралдарды пайдалануға болады. Ал, жалпы ақпараттық жанрға тоқталатын болсақ, олар өзара айтылатын деректің жаңалығы мен өзектілігі арқылы, оны жедел, әрі нақты жеткізу сияқты қасиеттерімен байланысады.
Хабар-ошар – газетке жедел хабарлама берудің ең қарапайым түрі. Оның негізіне қажетті, қоғамдық маңызы бар деректер жатады. Хабар-ошарға жаңалық пен қысқалық тән. Құбылыс деректерін көріп қана қоймай, оларды бағалап, түсіндіру маңызды. Хабар-ошардың ең қысқа түрі – хроника, немесе жаңалық. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 11 наурыздағы санында «Қытай улануы мүмкін» деген Ертай Нүсіпжановтың материалының мазмұны төмендегідей:
«Қытайдың шығыс өңіріндегі Чжэцзян провинциясына қарасты Цюйчжоу қаласында орналасқан химиялық зауытта көлемі кемінде 20 тоннаға жуық уландырғыш фторлысутегі қышқылы сыртқа тарады»,-деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Қауіпті жағдай орын алғаннан кейін ондағы жұмыскерлер мен зауыт маңайында тұратын халық тұтастай көшірілді. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат болған жоқ. Апатты аймақта құтқару жұмыстары жүріп, ақаудың себептері анықталуда». Бұл материал газетте жедел хабарлама берудің үлгісі бола алады.
Телевидениеде бұл жанрға ауызша хабарлама мен бейне хабар-ошар жатады. Деректі кинематографта бейне хабар-ошарды кейде хроникалық репортаж деп атайды. Хроникалық репортаж дегеніміз - оқиғадағы негізгі мезеттерді табиғи бірізділікте көрсететін қысқаша материалдар.
Хабар-ошар – ақпараттық жанрдың ішінде кең тараған жаңалық бюллетенінің негізгі элементі. Хабар-ошар ауызша бейнеқатарсыз беріледі. Оқиға айтарлықтай маңызды болып, ал бейнематериалдар түсірілмесе немесе дайын болмаса, ауызша жеткізу өте қолайлы. Мысалы, мынадай хабар: «Рейтер» агенттігінің хабарлауы бойынша, мынадай елдің президенті оппозиционерлермен қоршауға алынған резиденциясын тастап, белгісіз бағытта қашып кетті...» Жаңалық бір ғана сөйлеммен кім, не, қайда және қашан болғанын жеткізеді. Оқиғаның себеп-салдарлық байланысы «кадрдан тыс» жерде қалады. Бұл журналистиканың жанры қалай және неге сұрақтарына жауап бермейді. Егер жаңалық оған лайық болса, ол тиісті бағасын алып, оған комментарий айтылып, сарапталады. Бірақ бұл үшін басқа бағдарламаларда қолданылатын басқа жанрлар бар.
Эфирдегі ауызша хабардың дайындалып, таратылуы үшін іріктеліп, редакцияланады. Іріктеудің критерийлері – қоғамдық маңызы, хабарланатын материалдың мағыналылығы немесе оның танымдық мәні болуы шарт. Сонымен қатар, хабарланатын деректің қоғамдық маңызы болса аудиторияның едәуір бөлігін қызықтырады.
Кейде вербалды хабар-ошарлар тақырыптық белгісі байланысқан блогтар арқылы келтіріледі. Бұл көрермендердің қызығушылығын арттырады. Мысалы, жоғарыда айтылған хабар-ошармен қатар келесідегідей хабар айтылады: «Бұл арада бұл мемлекеттің елшілігі белгісіз жағдайлармен отанына шақырылып алынған елшісіне қарамастан, жаңа ғимаратта қоныстойын жасады...»
Бейнесюжеттерді екіге бөліп қарастыруға болады.
Біріншісі – ресми, оқиғаның пішіні бойынша дәстүрлі хабар: жоғарғы заң органының отырысынан баспасөз-конференциясына дейін. Мұндай шараларды түсіруде тәжірибелі операторға журналистің нұсқауы қажет емес. Залдың жалпы көрінісі, сөйлеушінің үлкен көрінісі, президиумның панорамасы, тыңдаушылардың бейнесі, қатысушылардың материалдарды конспектілеуі, орынды қойылған сұрақ – трибунадан алынған жауап – осының барлығы стандартты монтаждау беті. Редакцияға түсетін визуалды материал осындай. Келесі орындайтынымыз – кино не бейнетаспаға түсірілген материалды монтаждау және кадр сыртындағы мәтінді жазу.
Екінші бөлігін сценарийлік немесе авторлық деп атауға болады. Журналистің шығармашылық-өндірістік үрдіске қатысы, оның ақпарат сапасына әсері сезіледі. Автор экранға лайықты деректі таңдайды, алдын-ала түсірілім мен монтаждың сипатын анықтайды. Жас журналистен (студент-практикант, стажер, ұжымдағы жаңа адам) эпизод бойынша көрсетілген бейнелік шешімді, шағын мазмұны (тақырып, идея, сюжеттің деректік материалы) көрсетілген сценарийлық жоспарды талап етеді. Мұндай бейнесюжет шағын репортаж деп аталады.
Автор-журналист міндетті түрде түсірілімге қатысуы тиіс. Оған жұмыстың ұйымдастырылуы, түсіру алаңында пайда болатын кез келген өндірістік және шығармашылық сұрақтардың шешілуі жүктеледі. Отандық телевидениенің осындай дәстүрі продюсер мамандығы бекітілмегенше болады. Телевидениедегі продюсер орнықты пікірге қарамастан, бағдарламаның қаржыландыруына ғана жауап бермей, сонымен қатар, жұмыстың ұйымдастырылуына, шығармашылық және әкімшілік мәселелердің шешілуіне де жауапты өзіне алады.
Авторлық сюжетті дайындағанда журналистің қызметі мынадай кезеңдерден тұрады: тақырып таңдалуы мен расталуы, түсірілім объектісін және сценарийдің жасалуын зерттеу, түсіру үрдісінде, монтаж жасауда және мәтін жазуда толығымен қатысу.
Кез-келген жағдайда мәтін ықшам болып, көрерменде туатын сұрақтарға жауап беруі тиіс. Сюжеттің ауызша бөлімі бейнеқатарды қайталамауы өте маңызды. Бұл жаңадан жұмысын бастаған журналистке түсінікті болғанымен, ақпараттық хабар-ошардағы кадр сыртындағы мәтінде мынандай хабарларды жиі естиміз: «Трибунаға көтеріліп жатқан...»; «Зал бұл сөз сөйлеуді қол шапалақпен қарсы алды...» Бірақ бұл экранда көрсетілгеннен кейін көзбен көріп отырған бейнебаянды қайталап айтудың қажеті жоқ.
Мәтін жазғанда ауызекі тілден жазба сөздің ерекшеліктерін айыра білу қажет. Тіпті ресми материалдардан құрғақтықты алып тастауға болады. Ұзақ, әрі шұбалаңқы сөйлемдерден аулақ болу керек. Телевизиялық лексика канцеляризмді, кәсіби стильді және таза ғылыми терминологияны қабылдамайды.
Ресми сюжеттің кадр сыртындағы мәтінін ақпараттық бағдарламаның жүргізушісі (немесе диктор) оқиды. Әдетте авторлық сюжеттің кадр сыртындағы мәтінін автор-журналист эфирге дейін жазып алады. Дауыстың тембрі ақпараттық материалдың өзгешелігін білдіреді. Радиода ғана емес, телевидениеде де көп журналистерді дауысы арқылы танимыз. Бұл кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Біз қарастырған теледидарлық жанрлар жеке-дара күйінде өте сирек кездеседі. Теледидар практиктері хабар, бағдарлама, 1980 жылдардың аяғынан бастап телеарналар деп атап жүрген күрделі теледидарлық құрылымды жасау үшін кірпіш қызметін атқарды.
Құрылудың бастапқы кезеңінде, алғашқы тележурналистер, рекреативті қызметінен басқа үй экранынның үлкен қоғамдық-саяси мүмкіндікке ие екенін түсіне отырып, телекөрермендер үйіне басқа өнер туындыларын (кино, театр, эстрада) тасымалдаушы жалға беруші кеңсе ретіндегі қарапайым міндеттен басқа, әлдеқайда күрделі жаңа жалпы коммуникация құралын телекөрермендер тұрақтылығы тақырыптарға, кейіпкерлерге, мәселелерге сатылай қайтып оралу мүмкіндіктерін іздеді. Бұл жерде оларға сыннан өткен тілшілер пайдаланған пішіндер көмекке келгені түсінікті. Біз атап өткендей, жаңа жанрдың, түрдің пайда болуы бір дәуірде бір рет болады.
Мерзімді басылымдарда жедел ақпаратты беруде қиыншылық тумайды, жаңалық газет бетіне әртүрлі көлемде, кез-келген көмкерімде пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, газет тілшілері жанрлық шектеулерге көп кездеспейді. Тілші оқиғаның куәгері болса, репортаж жарыққа шығады, ақпарат ресми дереккөздерден келіп түссе, хроника бөлімі бар. Оқырмандарды қызықтыратын материалдарды іздеуді жеңілдету үшін жаңалықтар топтамасын басып шығарады.
Радио «жаңалықтар бюллетені» атты жанрлық пішінді ойлап тапты. Кейіннен ол теледидарға көшті. Материалдық базаның кеңеюімен, тасымалданатын кинокамералардың енгізілуі, дыбыстық синхронды таспаны пайдалану, соңында тасымалданатын бейне камералардың пайда болуы жаңалықтарды экранда теледидарлық етіп көрсете бастады. Бұл тұста да көп спецификалық мәселелер пайда болып, оларды шешу ақпараттық қызметке жүктелді. Жаңалықтар бюллетенінің көп профильді бағдарламаға айналуы отандық тілшілерді ұзақ, қиын жолдан өтуге мәжбүрледі. Жаңалық тарататын бағдарламалардың дамуы оның қоғамдағы өзектілігін дәлелдеп отыр.
Жаңалық тарататын бағдарламаның шығарылымы, оның үйлестірілуі тілшілік шеберліктің ең жоғарғы көрінісі және үлкен тәжірбиені, саяси және азаматтық ұстанымның жоғары болуын талап етеді. Журналист өзінің әлеуметтік функциясын орындай отырып, теледидар, радио, мерзімдік басылымда кең қолданыстағы әртүрлі, кейде бір-бірімен тақырыптық байланысы бар, бірақ үнемі тәуелсіз, автономды және тіпті өзіндік бағалы материалдарды байланыстырудың жедел тәсіліне көшті.
«ҚазАқпарат» агенттігі тарататын өнімдердің басым көпшілігі ақпараттық жанрда жазылады. Ақпараттық жанрдың түп негізінде дерек жатады. Дерек жаңалық болу үшін оның бойында қоғамдық маңыздылық, өзектілік, шыншылдық, нақтылық қасиеттері болуы керек. Сайт жаңалықтары ақпараттық жанрдың хабар-ошар, есеп, кеңейтілген ақпарат, хроникалық ақпарат және сұхбат жанрларында жазылады. Хроникалық ақпарат - «не?», «қайда?», «қашан?» деген сұрақтарды қамтып, 2-15 жол көлемінде болады. Стилі - құрғақ, ресми. Мысалы, «ҚазАқпаратта» жарияланған мына ақпаратты хроникалы түрге жатқыза аламыз:
22.02.2008 / 08:59 Елбасы бірқатар лауазымды тұлғаларды қызметінен босату туралы Жарлықтар мен Өкімдерге қол қойды.
АСТАНА. Ақпанның 22-сі. «ҚазАқпарат» - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар лауазымды тұлғаларды қызметінен босату туралы Жарлықтар мен Өкімдерге қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Жарлығымен:
Дәненов Нұрлан Жұмағалиұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ватикан Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік туристік ұйымның жанындағы Тұрақты өкілі міндетін қоса атқарған қызметтерінен босатылды.
Меркель Иоган Давидович басқа қызметке ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығынан босатылды. Мемлекет Басшының Өкімімен:
Бақтыбаев Ілияс Жақыпбекұлы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметінен, Ваисов Мерей Құрманұлы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметінен босатылды.
Кеңейтілген ақпарат көлемдірек болады. Шамамен 30-150 жолды құрайды. Басқа ғалымдар бұл түрді ақпараттық корреспонденция деп те атап жүр. Корреспонденция жанры – деректі кеңірек баян етеді, түсініксіз немесе белгісіз тұстарын ашып көрсетеді. Кеңейтілген ақпарат ретінде мына жаңалықты мысал ретінде келтіруге болады:
15.08.2010 / 12:46 Іле Алатауында КазТАГ және ҚазТАГ-тың фототілшісі Дмитрий Салановтың атында шың бар.
АЛМАТЫ. Тамыздың 15-і. ҚазАқпарат /Сара Мұстафина/ - Кез-келген бұқаралық ақпарат құралы өзінің атындағы шыңымен мақтана алмайды. Ал, бұл күндері өзінің 90 жылдығын атап өтіп отырған Қазақ ақпарат агентігінің Іле Алатауында өз шыңы бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. «ҚазТАГ» шыңын 1938 жылдың жаз айында агенттік фотожурналисі және альпинист Дмитрий Саланов ашқан. Әсіресе тау суреттерін жақсы түсіретін Д.Саланов осылайша альпинизммен айналыса бастаған. Кейіннен альпинизм нұсқаушысы болған Д.Саланов, осы таудағы аты жоқ шыңдарды бағындырған бірқатар экспедицияларға жетекшілік еткен. 4 334 метр биіктіктегі сондай шыңдардың бірі Д.Салановтың бастамашылы-ғымен «ҚазТАГ-тың» құрметіне аталған. Бұл шың орталық Талғар алқабында орналасқан.
Агенттік ардагерлерінің естелігіне сүйенсек, соғыс басталған кезде фотожурналист тауда болған. Соғыстың басталғанын ести салып, ол экспедицияны тоқтатқан. Қорғаныс шыңында жазып қалдырып кеткен хатында: «Таулармен қоштасудамыз. Қайланы қаруға ауыстыру үшін әскери комиссариатқа барамыз. Кеңес халқы жеңеді!» деген. Д.Салановтың қасында тағы үш альпинист болған.
Бірнеше күннен кейін Д.Саланов өз еркімен майданға аттанған. Панфилов дивизиясында соғысқан. Д.Саланов 1943 жылы ерлікпен қаза болған. 1946 жылы жазда бір топ альпинистер - Ұлы Отан соғысының ардагерлері 4380 метрлік шыңды бағындырып, оған Дмитрий Салановтың есімін берген. Агенттіктің бастамашылығы бойынша «ҚазТАГ» шыңына екі рет - 1968 және 1998 жылы - шыңды бағындырудың 30 және 60 жылдығына жорықтар ұйымдастырылған болатын. Екі экспедицияға да республикаға танымал спорт журналисі, «ҚазТАГ» тілшісі Орал Қаймирасов қатысқан.
Хабар-ошар «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің сайтында кең таралған жанрлардың бірі. Хабар-ошар қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси маңызы бар ақпараттарды шағын, жедел тарату негізінде құрылады. Бұл жанрда жазатын журналист «кім?», «не?», «қашан?», «қайда?», «не үшін?» деген сұрақтарға жауап іздеп, оны 35-40 сөзден асырмай ықшамды түрге сыйғыза отырып жазады.
09.11.2010 / 19:24 «ҚазАқпараттың» мерейтойына РАТА-ТАСС орталық кеңсесінің қызметкерлері шақырылды
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - «ҚазАқпараттың» шақыруымен РАТА-ТАСС Ішкі саяси ақпараттар қызметінің халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Сергей Бушуев пен аталмыш агенттіктің бас шығарылым қызметі тобының жетекшісі Ирина Гурлынина Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Олардың бұл сапары «ҚазАқпараттың» 5 жылдығына орай болып отыр. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2002 жылы «ҚазААГ» республикалық ақпарат агенттігінің базасында «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы («ҚазАқпарат» ҮК» АҚ) құрылды. РАТА-ТАСС қызметкерлері «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның президенті Дәурен Дияровпен кездесті. Ол өз кезегінде қонақтарға компанияның құрылымы мен қызметінің негізгі бағыттары жайында айтып берді.
Хабар-ошар жанрының деректі қолдану тәсіліне, мазмұндық құрылымына келер болсақ екі типті аңғарамыз. «ҚазАқпаратта» осы екі тәсілдің екеуі де кездеседі. Бірінші түрі журналистің хабарлап тұрған оқиғаның, іс-қимылдың, жаңалықтың айналасында ғана деректі өрбітеді де, не болды? қашан? қайда? неге? қалай? болғандығын айтады. Мысалы, мына ақпараттағы деректер маңыздылығына қарай тізбектелген күйі беріліп отыр:
III Азаматтық форум аясында мемлекеттік тапсырыстар, ҮЕҰ мен Үкімет арасындағы қарым-қатынасты дамыту мәселелері ортаға салынды.
АСТАНА. Қазанның 17-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін III Азаматтық форум аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде әлеуметтік-салалық тапсырыстар және ҮЕҰ мен Үкімет арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелері «Мемлекеттік салалық-әлеуметтік тапсырыстар: әлеуметтік аудит және әлеуметтік маркетинг» атты пікіралмасу алаңында ортаға салынды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Аталмыш шараның жұмысына ҚР ҮЕҰ, орталық және жергілікті үкімет мүшелері мен Халықаралық ұйымдар қатысты. Пікіралмасу алаңының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев, саяси жаңаруға бағыт алып келе жатқан Қазақстан үшін, азаматтық қоғам құрудағы елеулі орынды ҮЕҰ алатынын ерекше атап өтті. «Сондықтан да ҮЕҰ мен үкіметтік құрылым арасындағы байланысты нығайту маңызды. Біз осы аталған мәселелерді ескере отырып, жыл сайын салалық-әлеуметтік тапсырыстардың қаржыландыруын арттырып келеміз. 2006 жылы 200 млн. қарастырылса, 2007 жылы бұл мақсатқа 299 млн. жуық қаражат бөлінді»,- деді Ермұхамет Ертісбаев.
Бұл ақпараттан байқайтынымыз деректер базалық оқиғаның, лидтің құрамдас бөлігі ретінде қолданылады.
Екінші типінде базалық оқиға белгілі бір дәрежеде қосымша деректермен түсіндіріледі. Жаңалықтың негізгі бөлігі, басты «өзегі» аудиторияға белгілі тұжырым немесе ойды ұсынса, екінші бөлігі тың деректер арқылы негізгі бөлігінде келтірілген сол тұжырымының ақиқаттылығын дәлелдейді. Бұл логикалық құрылым бастапқыда айтылған типке қарағанда күрделірек.
АСТАНА. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат. - Ұрлық-қарлыққа жиі ұшырайтын қала тұрғындары сабақ алмағанға ұқсайды. Өз мүліктерінің амандығын қадағалап, сақтық шараларына бара бермейді.
Мәселен, қаңтардың 9-ында ІІД-не жасы қырықтағы елорда тұрғыны келіп, осыдан жиырма минөт бұрын орталық парк аумағында оның қолынан белгісіз біреу сөмкесін алып қашып кеткенін хабарлайды. Сөмкенің ішінде 1,5 млн. теңге болған. Қылмыскер әлі іздестірлуде.
Жаңалықтың басты ойы адамдардың сақтанып жүрмейтіндігі, алдын алудың жолдарын қамдай бермейтіндігі, содан қапық жейтіндігі болып отыр. Ал екінші бөлігі сол ойға аргументтер келтіріледі, дәлелденеді. Аргументтер ақпарат идеясына толықтыру ретінде қолданылады. Мұндай құрылым тіпті керісінше, құрылуы да байқалады. Бірінші дерек жазылады да, содан ой, пікір, тұжырым жасалады. Мұны шетелдік журналист
Дэвид Рэндалл өзінің «Универсальный журналист» кітабында ақпараттарды лидттерге жіктеуде «байыптама лид» деп жіктейді. Яғни, «журналист өзінің ойын қоса отырып, хабар-ошарға байыптама сөзін қосады»[1,29-б].
«Хабар-ошардан» басқа ақпараттық жанрлардың түрлері «ҚазАқпарат» жаңалықтарында қолданылып жүр. Енді соларға тоқталайық.
Сайттағы «Есеп» жанрындағы ақпараттар көбінде, пікіралмасу форматында болатын түрлі конференция, отырыс, симпозиум, мәлімдеме, семинарлардан т.б. іс-шаралардан келіп туындайды. Осы санаттағы жаңалықтар мазмұны не болды? қандай істер қаралды? немесе қаралады? деген сұрақтар төңірегінде болуы тиіс. Репортаж жанрының ақпаратты беру тәсіліне өте ұқсас. Себебі, олардың мақсаттары бір. Бірақ деректі берудің тәсілдері әр қилы. Репортаж оқиғаны көркем эмоциямен деректілікті қоса баяндауы тиіс болса, есеп жанрындағы ақпарттарда қаралған, істелген маңызды істерді сөз шығындамай орнымен баяндау басым. Стилінде де ерекшелік бар.
«ҚазАқпарат» сайтында анонс-жаңалықтар күн сайын шығып тұрады. Аптасына бір рет «ҚазАқпарат-анонс» айдарымен жаңалықтар беріліп отыруы дәстүрге айналған. Бұл өтуге тиісті түрлі шаралар, оқиғалар, концерттер мен көрмелер жайлы жазылған хабар-ошар деуге де болады. «Анонс» сөзі ағылшын тілінен «мәлімет», «хабарландыру» деп аударылады [2,36-б]. Анонстық хабарларсыз БАҚ-ның жұмысын көзге елесету қиын. Сонымен қатар, шараларға адамдарды тартудың бірден бір жолы екені даусыз.
Журнал «Journal» француз тіліндегі сөз «күнделік» деген мағынаны білдіреді. Ол публицистикалық, көркем немесе ғылыми шығармаларды басатын мерзімдік басылым. Теледидарлық журнал ол да бір атаумен әртүрлі тақырыптағы материалдар жинақталатын бағдарламалар тобы.
Теледидарлық журналдың бағдарламалар ішінде сұранысқа ие болуы обьективті себептер мен заңдылықтарға бағынады. Бұл пішіннің көрермен қызуғышылығына, жасына, білім деңгейіне немесе басқа белгілеріне байланысты бөлуге бағытталғандығы өте маңызды. Сонымен қатар, аудиторияның молаюы журналдың танымдық, тәрбиелік әсерінің күшеюіне әкеледі. Мысалы, қызығушылыққа байланысты «Саяхатшылар клубы», «Жануарлар әлемі» т.б. көп жылдардан бері экран бетінен түспей келеді.
Көрермендердің белгілі бір тобына арнала отырып, бағдарламадан тұрақты орын алатын тележурнал көрермендермен жүйелік байланыс орнатады. Бұл өз кезеңінде бірнеше бағдарламалар кезегінде журнал шеңберінде қандай да бір мәселені терең зерттеуге мүмкіндік береді. Журналдық пішін белгілі бір тақырыпты (экономика, ғылым, спорт, музыка, өнер т.б) көп жақты баяндауға жол ашады. Журнал пішін ретінде шығармашылық тәжірбиенің кең мүмкіндіктерін ашады. Сондай-ақ журнал элементтерінің әртүрлі жанр қасиеттерін бойына сіңіруі маңызды мәнге ие, теледидарға қол жетімді барлық бейнелік құралдарды пайдалану мүмкіндігі өз кезегінде әртүрлі шығармашылық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ақыр соңында журналдың тағы бір мәнді артықшылығы – пішінінің ауқымдылығы. Ол материалдарды еркін топтауға, тиімді деген ырғақты композициялық бірізділікті орнатуға мүмкіндік береді.
Тележурналдың тұрақты қасиеттерін ерекшелей отырып, бұл пішіннің жаңа қасиеттер мен сапаларға ие болып, үнемі өзгеріп отыратындығын атап өту керек. Бағдарламаларды үнемі тереңдетіп отыратын тақырыптық бөлінуі, оларда жаңа бөлімдердің пайда болуы тележурналға әсер етпеуі мүмкін емес. Уақыт өте келе нақтылық анықталса, тақырыптық шеңбер кейде тарылады. Теледидар тәжірибесі дәлелдегендей, көрермендердің қызығушылығын туғызған, маңызды журналдардың тұрақты көрермендері көп, оның жүргізушісі танымалдыққа ие болады.
Журнал типтес ұзаққа созылған бағдарламалар сексенінші жылдардың соңына таман телеарналар деп атала бастады. Шын мәнінде, «арна» сөзі теледидарға қатысты техникалық термин (коммуникациялық канал, бейне мен дыбысты алыс қашықтыққа беруді қамтамасыз ететін байланыс каналы жайлы айтқан дұрыс). Алайда, іс жүзінде әдеттегідей үйреншікті ұғымды қайта саралау орын алды (журналда бұл қағаз беттердің типографиялық шрифтпен жинақталған белгілі саны). Алматы мен Алматы облысына арналған бір жүргізушісі бар бірнеше сағатқа созылған бағдарлама «Алматы» телеарнасына айналды. Жергілікті теледидар студияларында да әртүрлі бағдарламалар орнына бір телеарналар пайда болды.
Телеарналардың белгілі ерекшеліктері жайлы көп айтуға болады. Бұл уақыты жағынан ұзаққа созылған «жинақталған» теледидарлық бағдарлама. Оның құрамына кейде өзіндік жеке бағдарламалар (құрамдас бөліктері) кіреді, бірақ соған қарамастан, байқалып тұратын бірлікке ие не аумағы жағынан немесе тақырыбы жағынан, бірнеше танымал жүргізушілері бар, осылардың барлығы әртүрлі элементтерді бір бүтінге қосып тұрады.
Соңында бағдарламалардың «Шоу» деп аталатын түр туралы айту қажет сияқты. Бүгінгі күнде басымдылығы жөнінен музыкалық, ойын-сауық бағдарламалары баршылық. Мұндай бағдарлама сценариін жазу әдеттен тыс техникалық мүмкіндіктерді жетік білуді талап етеді. Бұған көптеген теледидарлық ойындарды жатқызуға болады. Олардың жанрын М.Колцов «Викторина» деген сәтті сөзбен анықтап кеткен. Бұл жанрға толық сенімділікпен қазақстандық «КВН» телеойынын, «Алтын сандық» интелектуальдық ойынын, қарапайым «Азамат», «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» бағдарлама-ларын жатқызуға болады.
Мұндай құрылымдық бағдарламаларды жасауда автор рөлі жоғары. Бұл жерде автор редактордың, режиссердің, шығармашылық топтың, басқа мүшелердің де жұмысына араласып отырады. Автор-сценарист кейде мұндай бағдарламалардың жүргізушісі де болады. Оның білімі, эрудициясы, ізеттілігі, көрерменді баурап алуы, тапқырлығы, әзілдеу қабілеті, ойын көпшілік алдында айта білуі, камера алдында студия қонағын әңгімеге тартуы және басқа да көптеген қасиеттері көрінеді. Шеберліктің қыр-сырын меңгерген автор тележурнал, телеарна, шоу, викторинаның сәтті болуын қамтамасыз етеді. Жүргізуші өз кезегінде бағдарламаның кадр сыртында қалатын ұжымы еңбегінің нәтижесін жарыққа шығаратын тұлға болып табылады.
Радиодағы ақпараттық бағдарлама түрлері. Ақпараттық радиохабар мерзімді баспасөздегі заметка секілді. Радиожурналис-тиканың барлық жанрдан радиохабар мерзімді баспасөз жанрына жақынырақ. Оның негізінде қоғамдық өмірде әлеуметтік маңызы бар мәселе жатады. Заметка сияқты радиохабар кім? не? қашан? қайда? қалай? деген сұрақтарға жауап береді. Жеделдік - радионың басты ерекшелігі. Сондықтан ақпарат уақытында берілмесе, оның маңыздылығы жойылады. Сонымен бірге, қашан деген сұраққа жауап бермейтін хабарлар тыңдарманды адастырады. Мысалы, «Қазақ радиосы» жаңалықтары. Қазақ спортшылары Канададағы әлем чемпионатын жеңілуінен бастады. Ойынның бірінші бөлімінде 3:4 көрсеткішпен жеңілді. Бұл мәтіндегі кемшіліктер: ойынның уақыты, күні жоқ, спорттың түрі аталмаған.
Редакция үшін қоғамда болып жатқан жаңалықтардан ең негізгі проблемаларды іріктеп алу – негізгі міндет. Ол саяси-әлеуметтік тақырыпты қозғайтын жаңалықтар болуы керек. Ақпарат көздері мемлекет органдары, отандық, шетелдік ақпарат агенттіктері, баспасөз, басқа радиостанциялар әртүрлі болуы мүмкін. Радиохабардың негізгі белгілеріне жеделдік, оқиға желісі, жаңалық, маңыздылық, ақиқаттық, нақтылық жатады. Кейде редактордың интернет, факс, телефон, телетайп немесе көрермендерден ақпараттың шыңайылығын тексеруге мүмкіндігі болмайды. Сондықтан тексерілмеген ақпарат кейде эфирге шығып жатады. Егер де әңгіме шоу-бизнес туралы болса, әрине, соңынан қателікті мойындап, кешірім сұрауға болар еді. Дегенмен, кейде тексерілмеген ақпарат келеңсіздіктерге түрткі болары хақ.
Хроникалық хабар 10-15 секунд жалғасатын, қысқалығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге, 30-40 секундқа жалғасатын хабарлар да эфирден орын алып жатады. Мұнда маңызды мәселелерге сипаттама беріліп, мысалдар келтіріледі. Дыбысталған радиохабар-ларда оқиға орнына жазып алған деректі дыбыс таспасы қолданылады. Мұндай радиохабар қысқа репортаж сияқты. Ақпараттық радиохабарда журналист, басқа мамандар, сарапшылар қатыса алады. Мұнда дерек - радиожурналистиканың негізі, түпқазығы рөлін атқарады.
Радиохабар құрылымы маңызды, жаңалықты жедел жеткізуіне байланысты. Сондықтан аудитория ықыласын баурап алатын алғашқы сөйлемді шебер жеткізу аса маңызды. Дерек, негізгі ой, аттар, географиялық атаулар хабардың басында, соңында қайталанады. Көңіл аударуға тұрарлық жағдайлар: журналистің мәтінді жазу тілі мен стилі; дауыстың тазалығы, жүргізушінің дикциясының талапқа сай болуы шарт.
Ақпараттық хабардың тілі қарапайым, көпшілікке түсінікті, стилі қысқы, нұсқа болуы қажет. Ақпараттық хабарларда төмендегі жайттарды қолдануға болмайды:
Көпшілік біле бермейтін географиялық атауларды (ауылда болған оқиғаны хабарлағың келсе, Астана маңындағы пәленше ауылында деп айту дұрысырақ).
Қысқартылған сөздерді пайдалану. Біріншіден, айтылуы жағынан қиын болуы әбден ықтимал. Екінші жағынан, тындарманға түсініксіз болуы мүмкін.
Терминдерді көп пайдалануға болмайды.
Жалпы ақпараттың тілі ауызекі сөйлеу стиліне неғұрлым жақын болғаны дұрыс. Радиохабарда журналист бар кәсіби шеберлігін көрсете алмайды. Бұл үшін радиосұхбат, радиорепортаж, радиоесеп сынды ақпараттық жанрлар журналистің шеберлігін толық көрсетуге мүмкіндік береді.
Радиохабар тартуда негізгі жанрдың бір түрі - ақпараттық бағдарламалар. 1980-1990 жылдары мемлекеттік радиомен қатар жеке меншік радиостанциялар пайда бола бастады. Олардың әрқайсысының өз бағыты, форматы болды. Олардың барлығы міндетті түрде жұрт назарына жаңалықтар ұсынып отырды. 1990 жылдары коммерциялық, мемлекеттік радиолар қорытынды жаңалықтар шығарудың ең тиімді уақыты қашан деген сұраққа жауап іздеді. Соның салдарынан бәсеке туды, ал бәсеке бар жерде сапа бар. Ақпараттық жанр көркейе, дами түсті. Қоғамдық өмірдің келбетін жан-жақты көрсету, аудиторияның қажеттілігін қанағаттандыру үшін радиожурналистикада ақпараттық бағдарламалар түрлері көп таратылады. Оларға: ақпараттық; ақпараттық-сараптамалық; ақпараттық-саздық; ақпараттық-көңіл көтеретін; ақпараттық-жарнамалық түрлер жатады.
Жедел ақпарат. «Соңғы жаңалықтар». Бірнеше бөлшектерге бөлінген бірыңғай жүйе секілді. Мұнда ақпарат қоғамдық маңызына қарай жіктеледі (саясат, экономика, мәдениет, спорт, ауа райы. т.б).
Ақпараттық-сараптамалық хабарлар жаңалықтардың қорытындысын шығарады. Олар берілу уақыты жағынан ұзақтау болады. Мұнда корреспонденция, сұхбат, шолу, комментарий сынды жанрлар қолданылады. Жүргізуші мұндай бағдарламаларда белсенділік танытып, өз ойын білдіре алады.
Ақпараттық-саздық. «Шалқар» уақыт көлемі аз болғанымен, радиохабар таратудың жүйесінде жиі беріліп отырады. Мұнда да ақпараттық-сараптамалық хабарлар сияқты саясат, экология, мәдениет, спорт, әлеумет тақырыптарына уақыт бөліну үрдісі қолға алынған.
Ақпараттық-көңіл көтеретін бағдарламалар шетелдік радиожурналистика тәжірибесінде жиі қолданылады. Қазіргі кезде Қазақстанның мемлекеттік, коммерциялық радиостанциялары шетелдік әріптестерінің тәжірибесін қайталауда.
Жарнаманы тиімді тәсілмен ойлап табудың нәтижесінде ақпараттық- жарнамалық хабарлар көрініс тапты. Алғашқыда жарнаманы ақпараттық мәтіннен кейін қоятын. Уақыт өте келе жарнаманы ақпараттық хабардың ортасына қосу кең етек алды.
Ақпараттық хабарлардың басқа хабарларда кездесетін белгілері бар. Олар:
- радиохабар тарату жүйесіндегі тұрақты уақыты болады;
- саздық безендірілуі өзіне ғана тән;
- тұрақты жүргізушінің болуы;
- жанр түрлері;
- қысқаша шолу.
Бірақ тек ақпараттық бағдарламалардың белгілері тән жағы болады. Олар: эфирге шығу жиілігі; ақпарат таратудың бөлшектенуі.
Заманауи ақпараттық хабарлар мынадай белгілерімен сипатталады: ақпарат ауқымын, тақырып аясын үнемі кеңейту; маңызды, көкейкесті мәселелерді көтеру; жүргізушінің еркіндігі. Ақпараттық бағдарламалар дамуының үрдісі: жеделдікті күшейту, ресми хабарлар көлемін азайту, жарнама көлемін көбейту, бұқараның қажеттілігін қанағаттындыруымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |