Корреспонденция
Баспасөздегі корреспонденция. Корреспонденция негізіне өз алдына бөлек, әлеуметтік маңызы бар оқиға алынады. Журналистің оқиға ортасында болуы маңызды емес, ол оқиғаны көзімен көрген, басы-қасында болған куәгерлердің әңгімесінен, не болмаса дерек көздеріне сүйеніп жазуына болады.
Қазіргі таңда кейбір зерттеушілер корреспонденцияның екі тобын бөліп көрсетеді - ақпараттық және талдамалы. Алайда, ақпараттық корреспонденцияның өзінде талдамалы жанр элементтері, яғни бағалау, болжам және т.б.кездеседі. Сондықтан да корреспондецияны талдамалы жанрға жатқызған дұрыс. Орыс ғалымы Н.Голядкин жанрды қалыптастыратын мынадай белгілерді атайды:
- зерттеу құралы ретінде проблемелық тұтастықтағы жеке жағдай;
нақты жағдайды талдау негізінде ағымдағы болмыстың даму заңдылықтарын табу;
дерек мәтіннің негізі ретінде, оны түсіндіру;
жүйеленген деректердің қорытудан шығатын авторлық ой-пікір:
айқын көрсетілген тізбек, тезис, дәлелдеме, айғақ, қоры-тынды»[10, 149-150-б].
Корреспонденция - публицистикадағы кең тараған жанр. Бұл жанр баспасөздің пайда болуымен қатар дамыды. XІХ ғасырдағы қазақ баспасөзінде корреспонденция жанрындағы материалдар алғашқы мерзімдік басылымдарда жарық көре бастады. “Дала уәлаяты”, “Түркістан уәлаяты”, “Қазақ” т.б. газет-журналдарда қорреспондения жанрындағы материалдар жеке айдар болып қалыптасты. Газетті корреспонденциясыз көз алдымызға елестету қиын. Бұл жанр мақаламен қатар газетте аса маңызды рөл атқарады. Корреспонденция - журналистің зерттейтін әлеуметтік мәні бар мәселе жайлы туындысы, уақытпен шектелген публицистиканың жанры. Корреспонденцияның ерекшелiктерi төмендегідей:
корреспонденцияның мақсаты – болып жатқан оқиға жайлы хабардар ету, жеңіл түрде есеп беру, кейде үгіттеу элементі орын алады;
корреспонденциядағы шындық бейнесiн айқындайтын басты әдісі – болып жатқан оқиғаны бақылау, қосымша ретінде құжаттары зерттеу, сонымен қатар, журналистің өзіндік көзқарасы;
корреспонденциядағы шындық белгілі бір аудиторияны қамтиды;
корреспонденцияда бейнелеу, суреттеу құралдары қолданылады;
Жалпы корреспонденцияның міндеттерін былай сипаттауға болады:
қазiргi шындықты зерттеудегі заңдылықты анықтау;
қоғамда болып жатқан оқиғалармен байланысын анықтау;
толық түрдегi нақты құбылыстарын көрсету;
тәжiрибенi белгілі бір тақырып бойынша зерттеу.
Корреспонденцияның мазмұны нақты айғақтардың шеңберімен, соған байланысты дәлелдерді қамтиды. Корреспонденцияда не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап бере отырып, оқиғаны баяндау жеткіліксіз және оның мазмұнын мәліметтермен кеңейтіп толықтырып отыру қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары тәжiрибесінде корреспонденцияның түрлері көп, соның негізгі үш түрі кездеседі.
Ақпараттық корреспонденция. Корреспонденцияның бұл түрі оқиғаның, не құбылыстың уақыты мен орны байланысқан хабардың мазмұнын көрсетеді. Ақпараттық корреспонденция – бұл кеңейтілген мақала. Не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап оқиғаның кейіпкерлері жайлы мәліметтермен, оқиғаға дейінгі және кейінгі мәліметтермен толықтырылады. Талдау және қорытындылау корреспонденцияда аса маңызды рөл атқармайды. Басты талап – оқиғаны нақты, байланысқан түрде, дер кезінде жеткізу.
Сараптамалық корреспонденция. Корреспонденцияның бұл түрі хабар берумен қатар, оған талдау жасайды. Не? қайда? қашан? сұрақтарымен қоса не мақсатпен? қалайша? деген сұрақтарға жауап іздейді. Оқиғаларға, ұсыныстарға, қорытындыларға баға бергенмен де, ол нақты бола алмауы да мүмкін. Уақытпен, оқиға орнымен шектелуі мүмкін. Сонымен қатар, мәселенің қойылуын қарастырады. Сараптамалық корреспонденция мақаланың жазылуына себепкер бола алады.
Суреттеме - корреспонденция (зарисовка). Корреспонденцияның бұл түрi уақыт және оқиға орнымен шектеледі және автордың бейнелеуі мен суреттеуі арқылы беріледі. Талдау екінші орынға түсетін корреспонденцияның сирек кездесетін түрі. Автор материалдың мазмұнына оқиғаға деген өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік алады. Корреспонденцияның бұл түрі әдеби тіл мен көркем-публицистикалық тілді пайдалануды талап етеді. Журналистің корреспонденциямен айналысуы, оның белгілі бір оқиғаны зерттеу талпынысына байланысты (керек болса оқиға кейіпкерімен кездесу, іс-сапарға бару, сарапшылардың кеңесі).
Корреспонденция – нақты материалға құрылған, өзекті тақырыпты арқау ететін, белгілі бір мәселеге талдау жасайтын жанр және өмір шындығының үзіндісі. Корреспонденцияда мақалаға қарағанда дедукция-бөлшектеу әдісі қолданылады, яғни мәселе жекеден жалпыға көшіп отырады. Ақпараттық корреспонденцияда материал кең қамтылады, тақырып тиянақты дамуымен ерекшеленеді. Талдамалы корреспонденцияда суреттелетін құбылыстың себептері ашылады. Жоспарланған корреспонденцияда деректердің талдануы мен бөлшектенуі негізінде өзекті, көкейкесті мәселелерді бейнелейді.
Талдамалы корреспонденцияда тілші оқырманмен бірлесе отырып бірқатар деректерді талдайды, салыстырады, қатар қояды, бағалайды. Егер мақала құрылымы өз еркінде болса, корреспонденцияда айдар, кіріспе, негізгі бөлім және соңы болады. Айдары бойынша корреспонденцияның сипатын білуге болады. Бұл жанрдың әр түрлі бастамалары болады: сюжеттік, ақпараттық, мәселелік.
Барлық газет жанрларының кезеңдік басылымдар үшін өз орны мен маңызды мәні бар. Әрбір жанр анықталған міндеттерді орындайды. Ақпараттық корреспонденция – қандай да бір дерек арқылы оқиғаларды хабарлайды.
Талдамалы жанрлар (әсіресе, деректер мен комментарийлер, корреспонденция, мақала, бейне, шолу, журналистік зерттеу) қандай да бір маңызды мәселені, тақырыпты зерделейді, сондай-ақ, қоғамның дамуы мен өзге де оқиғаларға нақты талдау жасап береді.
Талдамалы жанрлар деректері баспасөз материалдарының негізі болып табылады. Авторлық ұстаным, тезис, қорытынды, зерттеулер тізбенің логикалық құрылуының талдамалы жанрларының негізін көрсетеді. Сонымен қатар, әрбір жанрдың өзінің негіздемесі, ерекшелігі, айырмашылығы болады.
Радиодағы корреспонденция – «өмір бөлігінің» суреттелуі, ол сараптамалық жоспармен маңызды тақырыпты арқау етіп, белгілі бір мәселе туралы деректер нақты, дәл материалдан құралған жанр. Корреспонденцияда мақалаға қарағанда дедукция - синтез тәсілі қолданылады, проблеманың шешілуі жекеден жалпыға қарай жүзеге асырылады. Корреспонденция деректер тобына талдау жасайды. Бұл деректердің суреттелуімен, олардың сараптамасы және соған қатысты қорытындылар арқылы жасалады. Мұнда маңызды рөлді жеделдік, тақырыптың дәлдігі, анық адрес атқарады.
«Корреспонденция» өзінің мағынасы жағынан көлемді. Бұл адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуы немесе мекемелерде (хат, пошта-телеграфтық ақпараттар) және ең соңында тілшінің жіберген хабарламалары. Оның қызметі белгілі бір уақытта, белгілі бір жерде өтіп жатқан жағдайлар туралы нақты әңгімелеу. Өтіп жатқан жағдайларды әдістеу, әртүрлі ақпарат көздері арқылы мәлімет жинау, ең маңызды және мәні бар деректерді іріктеу, істің мәнін ашу, оны суреттеу, адамдардың берген мәліметтері, көрген-естігендерін журналистің жағдайды зерттеу кезінде ұсыныс жасаған адамдардан жазып алу, бәрін көркемдеп бір мәтін етіп жазу – корреспонденцияның шарты. Ақпараттық радиокорреспонден-цияның қарапайым түрі жағдайды нақты дәлелдермен хабарлау. Мұндай мәліметтер жаңалықтарда жиі айтылады. Ақпараттық бағдарламаға деректерді қатаң түрде таңдап алуды талап етеді. Барлық қосымша ақпараттар өткен жағдайды нақты ашып, тыңдаушыға нақты, толық ақпарат беруге көмектесуі қажет. Жаңалықтарда журналист әр кезде нақты ақпарат көздеріне сүйенеді. Радиокорреспонденцияда өткен жағдай жөнінде журналист немесе куәгер болған оқиғалардың ізін суытпай жұмыс атқарады. Бұл жерде халықтың ой-пікірі, магнитофон жазбасы құжатты мәліметтің негізін түрлендіре түседі. Корреспонденцияда тек қана принцип қымбат емес, сонымен бірге, мәліметті ашу, оны іріктеу, монтаждау үлкен рөл атқарады. Авторлық мәтін бұл компоненттерді біріктіреді және бір мезетте үлкен мағыналы, қажетті жүк ретінде көтереді. Ақпараттық корреспонденция нақты мақсаттарға қарағанда репортаждың немесе суреттеу мазмұнын иемденеді, бірақ кез келген жағдайда мәліметтің негізін ақпараттық толықтырулар құрайды. Нақты уақытқа корреспонденция әрқашан да байланысты емес. Оның пайда болуына уақытқа әртүрлі бағынушылықтар әсер етуі мүмкін.
Радиокорреспонденция репортаж бөліктерімен сұхбат, комментарий, бейнелер арқылы қосылады. Жиналған мәліметтер, болып жатқан жағдай мазмұны журналистің жазуы арқылы баяндалады. Ақпараттық корреспонденция жағдайды суреттей отырып, автордың оқиғаны өзіндік бағалауымен ерекшелінеді. Олар нақты мәліметтерді логикамен байланыстырады, болған жағдайды толығымен елестетуге көмектеседі.
Мәліметтер жүйесі жан-жақты тақырыпты ашуға мүмкіндік береді. Журналистің көзқарасының дұрыс-бұрыстығы тыңдарман-дардың берген бағасымен анықталады. Кейбір жедел хабарламалар асығыс түрде дайындалады, мұндай жағдайда журналист мәтін мазмұнына ұқыпты, тиянақты болуы керек, өйткені тілдік, стильдік қателер кетуі мүмкін.
Радиодағы корреспонденцияның түрлері мынадай:
Радиодағы ақпараттық корреспонденцияда материалдың кең ауқымда қарастырылуы жағдайға байланысты тақырыптың дамуымен ерекшеленеді.
Радиодағы сараптамалық корреспонденцияда суреттеліп отырған құбылыстың, оқиғаның себептері ашылады.
Радиодағы қойылымдық корреспонденцияда күнделікті, маңызды жағдайды, деректің сараптамасы мен синтезі негізінде жасалады.
Радиодағы ойшыл корреспонденцияда журналист оқырманмен бірге сараптама жасайды, сәйкестендіреді, теңестіреді, күллі деректер тізімін бағалайды. Егер мақаланың құрылысы екінші қатарда болса, корреспонденцияның құрылысы – спецификалық болып табылады. Оның ішіне: рубрика, бастапқы тақырып, бастапқы жолдар, басты материалға дайындық, негізгі бөлім және соңы кіреді. Рубрика арқылы корреспонденцияның сипатын анықтауға болады. Бұл жанр түрлерінің басты материалға дайындығы әртүрлі болады: сюжеттік, ақпараттық, проблемалық.
Телекорреспонденция (бағдарлама) өзге талдамалы публицистика жанрлары сияқты телевидениеге газет пен радиодан келді. Бірақ, бұл термин телевидениеге сіңісе алмады. «Корреспонденция» орнына телевидениеде «бағдарлама» термині кең көлемде қолданылады.
Біз үшін бұл жанрдың өзіндік ерекшеліктерін тану маңызды. «Корреспонденция» очерктегі көркемдікке бармай-ақ, газеттегі «корреспонденция» секілді дәлелденген, сұрыпталған деректерді көрерменге ұсынады. Бұл жанр маңызды мәселені талдап, өңдеп барып, онысын көрерменге өте шағын көлемде ұсынады. Корреспонденция тақырыбы шексіз: ауыл шаруашылығы, өнер, кәсіпкерлік, тапқырлық, халықаралық хабарлар т.б.
Хабарлама таратуда жеке адамды көпшілік алдына алып шығатын телевизиялық публицистика жанры ішіндегі корреспонденция бұқараны толғандыратын, күрделі мәселелерді зерттеумен айналысатын бағдарламаларда жиі қолданылады. Түптеп келгенде, телевизиялық корреспонденция газет-журналдардағы корреспонденция мен проблемалық мақалалардың экранға көшкен түрі.
Телевизиялық корреспонденция авторы-тілші кадрдан тыс қалса да өзінің жанрлық белгілерін жоғалтпайды. Жоғалтпайтын себебі, мұндай мәтіндерді автордың өзі оқиды. Шындығында, телеэкрандағы корреспонденцияның екі толыққанды авторы болады. Олар: әдеби қызметкер мен оператор (бұлардың екеуі де журналист деген атауға лайық). Мұнда сөзден бөлек, көркемдік бейненің берілуі де маңызды. Бірақ, шетелдік телекорреспонденция бұл заңдылықтарға қарап жатпайды. Олар сөздік аспектіге басымдық береді де, көшенің бойында тұрып-ақ айтарын жұртшылыққа жеткізуді жөн көреді.
Шолу
Шолудың жанр ретінде қалыптасып, дамуы ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталды. Тарихшы және журналист Н.М.Карамзиннің «Вестник Европы» (1802-1803ж.ж) еңбегіндегі саяси шолу жанры сол кездегі орыс қоғамына сілкініс әкелген құбылыс болды. Декабрист жазушы А.А.Бестужевтің шолулары сол заманда көп оқылған екен. Көптеген шолудың түрлерін В.Г.Белинский, Н.А.Добралюбовтің еңбектерінен кездестіруге болады. Өткен мыңжылдықтың ұлы сыншылары Н.А.Добролюбов, В.Г.Белинский шолу жазып қана қоймай, өздері осы жанрдың теориялық негізін жасады. «Отечественные записки» журналындағы жылдық шолулар сол кезеңдегі ерекше құбылыс деп бағаланды. ХІХ ғасырдың шолу еңбектері талантты және даралық сипатта болған. Алайда, өткен ғасырдағы шолудың бір ерекшелігі болды, олар өздерінің белгілері бойынша журналдық шолу болып есептелді.
Журналистік мамандықтар қатарында репортерден, коммента-тордан кейінгі орынды шолушы алады. Бұл қызметтің болуына телевизия тәжірбиесіндегі жанрдың спецификалық берік қабылдануына тікелей қатысты.
Мерзімді баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарына шолу. Қазақ басылымдарында бұл жанрдың пайда болуы ХІХ ғасырдан бастау алады. Оның нақты қалыптасуы мен дамуы және тұрақталуы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарымен тұспа-тұс келеді.
Баспасөздегі шолудың жарқын үлгілерін сол кезеңдерде шығып отырған «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» басылымдарынан байқауға болады. Шолу біздің ғасырымыздың басында белең алған революциялық-демократиялық, большевиктік баспасөзде кең етек жайған. Бұл жанрдың жаппай дамуы кеңес дәуірінде болды десек те болады. Баспасөзге шолу сол кездері партиялық баспасөзді басқаратын әдіс ретінде қолданылды. Шолу ұғымы бұл жерде «қарастыру», «ой қорыту» деген мағынаны білдіреді. В.Д.Пельт: «Баспасөзге шолу мерзімді басылым мен газет журналдардағы маңызды мәселелерді қарастырып, сараптама жасау, баға беруді көздейді»[11,32-б],- дейді. Ал И.Жуков: «Баспасөзге шолу рецензиялы мерзімді басылым, яғни, газет пен журналдардың пішінін құрайды»[12,67-б],- деп анықтама береді. Қазіргі кезде БАҚ-қа шолу басылымның немесе телерадио бағдарламаларының ерекшеліктерін зерттеу мен аудиторияны басылыммен таныстыру әдісі ретінде пайдалану кеңінен етек алған.
Баспасөзге шолу мерзімді басылым, жалпы БАҚ-ты ақпараттандыру мақсатында сараптама жасау, жетістіктерін көрсетуді мақсат етеді. Зерттеушілер БАҚ-қа шолудың мынадай үлгілерін атап өтеді. С.И.Жуков: а) тақырыптық; б) жалпы; в) газет пен журнал беттеріне шолу; г) соңғы поштадан. В.Д.Пельт: а) тақырыптық; б) жалпы; в) ақпараттық шолу. А.А.Тертычный: а) презентациялық шолу; б) тақырыптық шолу; в) мекен-жайсыз шолу деп бөледі.
Қазіргі баспасөзде шолудың көп кездесетін жалпы, тақырыптық, ақпараттық шолу сияқты түрлерін атап өтуге болады. Олар қазіргі таңда белең алған шолулардың көрінісі. Баспасөзге шолу басқа сараптамалық жанрлармен бірге қоғам өмірін зерделейді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі баспасөздің дамуын көрсетеді.
Шолу - сараптамалық жанрдың дәстүрлі берік түрі. Оның негізгі ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Біріншіден, ол фактологиялық жағынан қатаң жанр, себебі, ондағы деректер автордың мақсатына орай таңдалып, топтастырылады. Екіншіден, шолушы деректерді өзара байланыстырады, біртұтастықта қарайды. Үшіншіден, шолуда материалды жан-жақты, кең зерттеуге мүмкіндік беріледі. Коммен-тарийде оқиға немесе дерек үлкен рөл атқарады. Төртіншіден, шолудың материалы хронологиялық шеңбермен қысқартылады. Бұл жанрдың құралы - қоғамдық оқиға, ал мақсаты – оқырман, тыңдарман, көрермендерге қызықты оқиға, құбылыстардың себеп-салдарын көрсетіп, олардың мағынасын, даму тенденциясын ашуды көздейді. Экрандағы көптеген қиын тапсырмалардың көркемдік құралы сан алуан. Шолуда үдеріс қадағаланатындықтан, жедел ақпараттық материалдармен қатар мұрағаттағы бейнематериалдар да автор ойының логикасымен сәйкестендіріле қолданылады.
Кейінгі кезде шолудан бөлек шолу-диалог пайда болды. Мұнда шолушы әңгімелесушімен ең маңызды деген оқиғаны талқылайды. Сөйтіп ол әңгімеге айналып кетеді. Сондай-ақ телеэкранның таңқалдыратын мүмкіндіктері пайдаланылады. Олар: деректі кадрлар, фотоқұжаттар, бейнетаспа арқылы толықтырылады. Музыкалық, театрлық шолулардың өзіндік жанрлық ерекшеліктеріне орай халықаралық және спорт шолуларынан еш айырмашылығы жоқ. Өзгеретіні тек тақырып, жанрдың сипаты өзгермейді.
Газеттік шолу ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында дами бастады. Шолу дегеніміз - маңызды әлеуметтік оқиға, құбылыстардың байланысқан мазмұны десе де болады. Шолудың басты мақсаты - оқиғаның көрінісін қалыптастыру, онда автор деректер мен оқиғалар, қоғамдық өмірден жан-жақты хабардар ету көздейді.
Дерек, оқиға, шолудағы құбылыс жеке-дара қарастырылмайды, ол бүтіннің бөлшегі ретінде пайдаланылады. Шолушы дерек іздейді. Шолуда дерек басты заңдылықтың бірі ретінде қолданылады. Шолудың нысаны және тақырыбы шектеусіз. Таңдалған деректер мен көрсеткіштер шолуда шындықты ашып көрсетеді. Шолу деректі іздеу, оларды таңдау, жүйелеу, толық көріністі көз алдымызға келтіру сияқты әрекеттерімен ерекшеленеді. Деректерді жинақтау барысында ой пайда болады. Шолудың басты құрамы ол авторлық комментарий болып келеді.
Проблема шолудың қақ отасынан орын алады. «Шолу ерекше туынды, оның негізінде басқа жанрда жоқ панорама ұстанымы жатыр. Ол сонысымен де ерекшеленеді» [13,59-б],- дейді орыс ғалымы Е.П.Прохоров.
Шолудың әр бөлімі жеке туынды емес, бүтіннің бір бөлшегі болып табылады. Шолудың бөлімдері бір-бірін толықтырып, бір бүтінді құрайды.
Мазмұны бойынша шолуды келесі топтарға бөлген жөн:
а) Жалпы шолу.
б) Тақырыптық шолу.
Пішініне байланысты да мынандай түрге жіктеуге болады:
а) Ақпараттық шолу.
б) Сараптамалық шолу.
в) Көркем-публицистикалық шолу.
Шолу дегеніміз – болған оқиға мен құбылысты қадағалау және ол туралы көпшілікке ақпарат беру. Шолу көпсалалы ұғым. Ол өмір мен қоғамның барлық саласын дерлік өз бойына топтастырады. Қазіргі күндері газет беттері шолудың тек пішін емес, мазмұны бойынша да жіктелетінін дәлелдеп отыр. Газет беттерінен біз қазіргі таңда тақырыптық шолуды жиі кездестіреміз.
Шолу апталық немесе айлық басылымдарға да тән жанр. Шолу көбінде апталық немесе айлық оқиғаларға немесе қоғамның даулы мәселесінен туған оқиғаға құрылып жазылады. Шолу түрлі мақсатта жазылуы мүмкін. Бірі -хроникалық, яғни оқиғаның өрбуі, дамуы мен шиеленісуі. Екіншісі, белгілі бір хроника ескерілмейді, оқиғаға жалпы сипаттама беру. Үшіншісі, өзге ақпарат құралдарында шыққан мақалаларға шолу. Оның негізгі екі түрі жиі кездеседі: біріншісі мен екіншісі. Бірнеше басылымдардағы маңызды оқиғаларды хабарлайтын ақпараттық шолу, екіншісі, нақты бір тақырыпқа қатысты басылым беттерінде жарияланған кең спектрлі пікірлер топтамасын беретін тақырыптық шолу.
Байқау немесе шолу – талдау түсініктемесін қолдана отырып нақты оқиғалармен аудиторияны таныстыратын жанр. Басқаша шолуды «оқиғаның панорамасы» деп те айтуға болады.
Шолу түрлері:
1. Ішкі шолу – елдің ішіндегі өмір оқиғаларын қамтиды.
2. Халықаралық шолу – халықаралық өмір туралы ақпарат береді. Ол уақыты бойынша: күнделікті, апта сайын, ай сайын, жыл сайын жасалады.
Тақырыбы бойынша:
1. Саяси;
2. Экономикалық;
3. Спорттық;
4. Ауылшаруашылық;
5. Мәдени және т.б.
Шолудың басты түрі ретінде баспасөзге шолуды және хаттар шолуын атауға болады.
Сараптамалық жанрлар соңғы жылдарда ақпараттық жанрлармен бірге ақпараттық кеңістікте журналистік шығармашылықтың негізгі аясын ала бастады. Көбіне сараптамалық жанрлар орын алған газеттер пайда болды, бұған: «Панорама», «Кәсіби апта», «Айқын», «Алаш айнасы» және басқаларды жатқызуға болады. Шолу мақалаларында журналист өз пікірін ашық айтып, ойын қоса алады және оқиғаға баға беруге, өз ой-толғамдарын айтуға ерікті.
Телешолу. Телевидениедегі журналистік мамандықтар тізімінде репортерден, комментатордан кейін шолушы тұрады. Осы қызметтің болуы телевидениеде бұл спецификалық жанрдың нығайғанын көрсетеді.
Шолу – сараптамалық публицистиканың тұрақталған, дәстүрлі түрлерінің бірі. Оны сипаттайтын негізгі ерекшеліктері: біріншіден, авторлық мақсатқа байланысты деректер топтастырылады; екіншіден, шолушы деректер арасындағы себептік қатынастарды ашып, олардың өзара әрекеттесуін қарастырады; үшіншіден, шолу зерттеу ауқымдылығымен ерекшеленеді; төртіншіден, шолу материалы хронологиямен шектеледі.
Осы жанрдың пәні – қоғамдық оқиғалар, ал мақсаты - себеп-салдарлық байланысты ашу арқылы, олардың мағынасын анықтап, болашақ дамуының тенденцияларын көрерменге ұсынады. Шолуда тек ақпараттың жедел материалын ғана қолданбай, авторлық ой логикасымен топтасатын мұрағаттық бейнематериалды қолданған жөн.
Шолу екіге бөлінеді: белгілі бір уақыт кезеңіндегі әр түрлі оқиғаларды қарастыратын жалпы шолу және нақты мәселе сферасымен (экономика, ғылым, өнер, спорт) шектелген тақырыптық шолу. Соңғы жылдары монологиялық сипаты бар шолудан басқа да шолу-диалогтар пайда болды. Шолушы әңгімелесушілермен бірге қоғамдық өмір аясының өзекті мәселесі жайлы әңгіме құрады. Бұл жерде телеэкранның бейнелік мүмкіндіктері қолданылады: документалды кадрлар, фотоқұжаттар, бейнебаяндар, бейнеқатар және т.б.
Музыкалық шолу, театр көрсетілімдеріне арналған шолу және соған ұқсас бағдарламалар жанрлық ерекшеліктері жағынан халықаралық немесе спорттық шолудан айырмашылығы жоқ. Бағдарлама тақырыбы, шолушы спецификасы ауысады, ал жанрдың сипаттық мәні сол қалпында қалады.
Мақала
Мақаланың негізінде не жатады? Дерек пен жекелеген оқиға жатады, олар кең ауқымды құбылыс ретінде қарастырылады. Нақты деректер, оның тууына негіз болған құбылыстармен байланысқа түседі. Мақалада деректер автордың ойын жеткізу құралы ретінде қолданылады. Автордың көзқарасы, оның түйіндері кең ауқымды орынға ие және нақты дерекке негізделген жалпылама жинақты құрайды.
Мақаланың ерекшелігі оның бір ғана нақты ойды дамыта түсуінде жатыр. Логикалық ой мен дәлелдердің мақсаттылығы, сөйлемдер мен түйіндердің нақтылығы басты назарда болады. Мақаланың мәні ассоциация мен түйіндерден құрылатын автордың ойында жатыр. Сатылай келе тезистердің көмегімен автор оқырманды өзекті мәселеге жақындата түседі. Содан кейін өзінің дәлелдерінің логикалық тізбегін келтіріп, автор оқырманды өз ойының дұрыстығына иландыруға тырысады. Алайда, автор тек қана дәлелдердің логикасына ғана мән беріп қоймайды. Ол эмоциональды әсердің құралын пайдаланады. Журналистика теориясында мақала жанрының бірнеше анықтамасы бар. Зерттеушілердің бірі Н.М.Хлынов: «Мақала ғылыми ақпарат, бас идеялардың насихатшысы мен оқиғаны зерттеудің негізгі үлгісі. Теориялық және практикалық негіз, түйін, басқа жанрларға қарағанда оның мақсаттылығы мақала жанрында түсініктілігімен, тілдің әсерлілігімен, стильдің көркемдігімен үндесіп жатады»[14,35-б],- дейді. Д.Г.Бекасов: «Мақала – публицистикалық жанр. Ол нақты анықталған бір ойдың дамуын қамтиды»[15,26-б],-дейді. В.Д.Пельт ұсынған анықтамада: «Мақала – маңызды әлеуметтік мәселеге байланысты туған деректі ойды танытатын публицистикалық жанр»[11,56-б],-деген тұжырым ұсынады. М.С.Черепахов бұл жанрға төмендегідей түсініктеме береді: «Мақала дегеніміз - публицистикалық жанрдың ерекше бір түрі. Ол мәселені оқырманға тарту ету, теориялық және жалпылама деректер мен құбылыстардың сараптамаларын беруімен сипатталады»[16,69-б].
Жоғарыдағы анықтамалар әртүрлі. Алайда, олардың түйісетін жері біреу. Мақала – публицистикалық зерттеудің пішіні. Сонымен қатар, зерттеушілер мақаланың түрлерін де әр қырынан қарастырған. Н.М.Хлынов мақалаларды: насихаттық, проблемалық, сахналық, жалпылама, сыни, ақпараттық, публицистикалық (публицистикалық комментарий, публицист заметкасы)деп бөлсе, В.Д.Пельт мақаланы мынадай түрлерге бөледі: насихаттық, проблемалық немесе сыни, публицистикалық, ақпараттық. А.А.Тертычный мақаланың тұрақты пішіндеріне тоқтала отырып, былай жіктейді:
1. Жалпы зерттеу мақаласы.
2. Тәжірибелік-сараптамалық мақала.
3. Полемикалық мақала.
Қазіргі газеттің басқа жанрлары сияқты мақала да үздіксіз дамып, жетіліп отырады. Газет публицистикасындағы мақалаға уақыт көп өзгеріс әкеліп, жаңа түр берген. Мақала сол түрленушіліктен кенде емес.
Газет публицистикасында мақалалардың мынадай түрлерін байқауға болады:
Ақпараттық мақала.
Проблемалық-сараптамалық мақала.
Теориялық мақала.
Публицистикалық мақала.
Мақаланың бұл түрлері зерттеушілердің бұрын да атап кеткен үлгісі екені рас. Бұл бұрын болған мақала түрлерінің уақыт өте жоғалып кетеді деген ойды білдірмейді. 1980 жылдардың екінші жартысында болған қайта құру кезеңінде газет беттерінен бас мақала жанры мүлдем түсіп қалды. Бас мақаланың орнына газет беттерінен «Публицист заметкасы», «Публицист комментарийі» сияқты айдарлар көріне бастады. Алайда, жанрдың бас мақала түрі жоғалғанымен, оның газеттен біржола кеткендігінің көрінісі емес. Яғни, бірнеше жылдар өтісімен бұл түрдің мерзімді басылым беттеріне қайта оралуы ықтимал. Сонымен, мақала өмірді зерттеудің публицистикалық үлгісінің бір пішіні. Ол журналистен нақты шеберлікті, соның ішінде зерттеу, қорыту, түйіндеу, авторлық ойдың дұрыстығын дәлелдеу сияқты қасиеттерді талап етеді. Сонымен қатар, автор мақаланың жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін жетік біліп, оның композициялық құрылымын шебер қолдануды меңгеруі керек.
Мақала сараптамалық жанрдың ең күрделі түрі. Қазіргі таңда ол сапалы мерзімді басылымдардың бетінен түспейтін құндылыққа айналған жанр. Нөмірдің «шегесі» де мақала болып есептеледі. Қорыта айтқанда, мақалада қоғамның маңызды, қиын мәселелерін зерттеп, қарастырып, оның шешімін табу жолына бағыттау жағы басым түсіп жатады.
Баспасөздегі мақала - оның бағытын айқындайтын публицистика жанрларының маңызды түрі. Мақала автор, редактор, баспагердің көзқарасын айқындайтын жанр. Мақаланың мақсаты корреспонден-циядағыдай емес, оған көзқарастардың ауқымдылығы мен жалпылау тән.
Мақала - публицистика жанрының бір түрі. Публицистиканың бұл түрінде әлеуметтің ең маңызды, мәнді тақырыбы, мазмұны толық, жан-жақты терең зерттелген, барлық құбылыстардың, іс-оқиғалардың талдауы, деректерге негізделіп жазылуы керек. Сондай-ақ, мақалада оқиғалар мен деректердің дұрыс құрылған бірегей талдауы негізінде автордың өзіндік көзқарасы, пікірі көрінеді. Мақалада айтылған жағдайға байланысты ашылған дәлелге негізделген, оның мәтіні ережеге сәйкес кіріспе және қорытынды бөлімнен, шешімі мен ұсыныстан тұратын анық логикалық байланысқа құрылған мәліметтер негізінде жазылуы тиіс. Мақала - публицистика жанрының ең күрделі түрі.
Мақаламен жұмыс. Журналистің мақаламен жұмысы – кезеңдер қатарынан құралған ұзақ еңбек. Мақаланың атын таңдау қоғамның қажеттілігі мен ағымдағы саяси-әлеуметтік конъюнктурасымен себептеледі. Материалды жинақтау үнемі жүргізіледі.
Атақты публицистер өмір бойы жазбалар мен бақылауларын жазып отырған. Мақаланың сәттілігі автордың тақырыпқа қызығушылығымен, логикалық ойлау мен сараптауға қабілетті-лігімен, материалдарды мұқият зерттеуімен және білімінің кеңдігімен (әрине баяндау шеберлігімен қатар) сипатталады.
Мақаламен жұмыс істеу тәжірибесінде зерттеудің басқа да тәсілдері бар. Ақпарат жинауға, құжаттарды зерттеуге, сауалдар мен басқа дайындық кезеңінің элементтеріне ерекше тоқталған жөн. Жұмыстың әрбір кезеңіндегі және мәтін жазу алдында жағдайдың сипаттамасы маңызды болып келеді.
Жалпы мақаламен бүкіл жұмыс төрт негізгі кезеңге бөлінеді:
- Тақырып таңдау. Журналистің жеке қызығушылығы мен әлеуметтік қажеттіліктен туындайды.
Материал жинау. Бұл детализация мен жеке зерттеуді талап ететін айтарлықтай ұзақ үрдіс.
Әдеби өңдеу: мәтіннің жазылуы мен алдын-ала редакциялануы. Редакцияның талаптарын ескеріп, белгілі бір оқырман аудиториясына бағытталуы қажет.
Мәтіннің безендірілуі: соңғы редакциялану, жинау, түзету, қажет болса иллюстрацияларды қоса беру.
Өзекті мәселе қоғамда көп кездеседі. Журналист оған қоғамның назарын бірінші болып аударуы мүмкін, немесе мәселенің қоршаған шындықпен ешкім сезіктенбеген байланысын табу, немесе оны шешу жолдарын ұсынуы да ықтимал. Кез-келген әлеуметтік маңызы бар мәселе журналистиканың бөлігі болып табылады.
Қоғамдық мәселе журналистік зерттеуге дейін «өз ішінде» деген екі ұғымды қалыптастырады. Ол ақиқат арқылы өмір сүреді, бірақ ішінде не жатқаны мен сыртқы ортамен байланысы – ешкімге белгісіз. Осыны ашу - журналистің міндеті. Қоғамның өзекті мәселесін зерттеу үрдісі төмендегідей бөліктерден тұрады:
Дерек пен құбылысты белгілеу.
Маңызды мәселені тұжырымдау.
Материалды зерттеу.
Мәселенің жағдайы, даму барысымен жете танысу.
Зерттеу барысында кездесетін кедергілерді білу.
Мәселенің біржолата шешілуі.
Қорытынды тұжырымның өзекті мәселесі және оны шешудің жолдарының көрсетілуі.
Әрине, бұл қатып қалған қағида емес. Әрбір нақты жағдайда оған түзету енгізуге болады. Алайда болашақ журналист осы қағидаттармен жұмыс істей білуі тиіс.
Мақала – бұл өмірлік-маңызы бар құбылыстар туралы жазылған материал. Деректер мақалада негізгі рөл атқарады. Мақалада мәселе және құбылыс маңызды. Онда аргументация, әрекеттердің мотивациясы толығымен қолданылады, барлық мәтін түрлері пайдаланылады: баяндау, суреттеу және ой қосу да орын алады. Мақаланы шартты түрде былай бөлуге болады:
1. Үздік - бұған дәйектілік негіз болады.
2. Үгіттеу - мұнда үгіттеу маңызды әдіс болып табылады.
3. Таза ғылыми және ғылыми-танымдық мақала.
4. Проблемалық мақала - автордан мәселені жан-жақты, терең зерделеуді, бастамашылдықты, батылдықты талап етеді.
В.В. Ворошилов: «Мақаланың ерекше түріне әртүрлі оқиғаларға жедел үн қосып, оларға түсінік беруге және бағалауға мүмкіндік беретін публицистикалық түсініктемені жатқызуға болады» [17,171-б],-дейді.
Газет бетіндегі әртүрлі мәтіндер «мақала» терминінің мағынасына топтасқан. Қорытындылай келгенде, мақаланың мынадай түрлерін атауға болады: жалпы теориялық, тәжірибелік-талдамалық, ғылыми-көпшілік, полемикалық, бас мақала т.б.
Жалпытеориялық мақала қоғамдық дамудың жаһандық сұрақтарына жауап береді.
Тәжірибелік-талдамалық мақала қоғамдағы нақты жағдайлар мен үрдістерді талдауға бағытталады.
Ғылыми-көпшілік мақала ғылым саласындағы сұрақтарға түсінікті тілде жауап береді.
Полемикалық мақала автордың өз қарсыласына сәйкестендіріп құрған пікірталасын бейнелейді. Пікірталас қоғамның дамуына қатысты сұрақтарға жауап беретін жаһандық деңгейде, жеке проблема мен жауап берушінің көзқарасын білдіретін түр.
Мақаланың ескі түрі - бас мақала – айқын насихаттық сипатта жазылады, қоғам алдында тұрған негізгі міндеттерді және олардың шешілу жолдары тұжырымдайды.
Мақала материалдың кең көлемде талданатындығымен ерекшеленеді. Егерде корреспонденция жазу барысында журналист жалқыдан жалпыға ұмтылыс жасаса, мақалада, керісінше, жалпыдан жалқыға талпыныс жасалады. Зерттеушілер мақалаға тән белгілері мен міндеттерін ескере келе, мақаланың жазылу деңгейін төмендегідей етіп бөледі.
Мақала авторының алдында мынадай міндеттер тұрады:
Мақаланың өзектілігі мен маңыздылығына мән беру, тақырыптың мағынасын ашу.
Қоғамдық мәселеленің шешілу жолдарын көрсету, талдау жасау.
Жалған ақпарат беруден, жала жабудан аулақ болу.
Мақаланың белгілері:
Әртүрлі құбылыстардың бір-бірімен өзара байланысы.
Салыстыру, бағалау, түсіндірме, толықтырулар мен болжамдардың, яғни талдамалы-жинақтау әдістерінің қолданылуы.
Коммуникативтік құралдардың қолданылуы.
Болған оқиғаның кешегісі мен бүгінін салыстырмалы түрде байланыстыру.
Мақаланың қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге құрылуы.
Обьектінің мақалада көрінуінің бірінші кезеңі – онымен танысу. Бұл жағдайда берілген мәліметтердің топтамасы мен типология әдістері қолданылады.
Түсіндірменің екінші кезеңі – түсіндіру, яғни себеп-салдарлық байланыстарды көрсету.
Түсіндірменің үшінші кезеңі – болжам жасау. Мұнда сарапшы бағалауларының әдісі, экстраполяция әдісі, сценарий әдісі қолданылады.
Түсіндірменің төртінші кезеңі – баға. Тікелей авторлық баға, сарапшы бағалауының әдістері қолданылады.
Түсіндірменің бесінші кезеңі – қалыптасқан шарттар негізінде журналистің ұсынған іс-әрекетер бағдарламасы. Белгілі бір құндылықтарға ие бола отырып, өз мақсатына қалай жетуге болады, немесе мақсатқа жету үшін қандай құндылықтарды пайдаланған жөн.
Мақаланың композициясы автордың зерттеу әдісінің қандай түрін таңдап алатынына байланысты.
Стилистикалық ерекшеліктеріне келсек, мақаланы екі үлкен топқа бөлуге болады.
Ғылыми стильге бейімделген мақала. Бұл сипаттағы мақалалар тілінің нақтылығымен, терминдердің молдығымен, автордың ойлау тереңдігінің логикалық сипатын айқындайтын және ақпаратты «қосуға» мүмкіндігі молдығымен ерекшеленеді.
Еркін көсілуге болатын мақала. Мұндай мақалаларда авторлық «мені» белсенді жұмыс істейді, көркемдік бейнелеуіш құралдар, троп түрлері, ауызекі сөйлеу лексикасы еркін қолданылады. Жай сөйлемдер мен жалғаулықсыз байланыстар саны едәуір ұлғаяды.
Бас мақала. Газет пен журналдың кезекті санының алғашқы беті қоғамның ең маңызды мәселесіне арналады. Бұрын Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның басқарушы, бағыттаушы күші» болғандықтан, орталық органның газеті «Социалистік Қазақстанның» әр санында шеткі, сол жағына басмақала жарияланып тұрды.
Бас мақала сол жылдардағы қоғамның саясат, экономика, қоғамдық саясат, экономика, қоғамдық қатынастар, мәдениет, заң, адамгершілік т.б. аясына арналады. Кейде сондай мақалалар қоғамдық мекемені басқаруға арналған зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелерді шешуге арналғанымен, қоғамдық пікір туғызған жағдайлар да кездесіп отырған. 1980-ші жылдардың облыстық және республикалық газеттердің алғашқы бетінде басмақала жазуды үрдіске айналдырған.
Кейіннен бұл жанрдың қоғамдық маңызы жойылып, қайта құру жылдары газет беттерінен алынды. Дегенмен, жанрдың шындық бағасынан гөрі, күні біткен қоғамның ескірген тәртібі басмақала арқылы оқырмандардың наразылығын туғызды. Осы жанр арқылы редакция өткен жағдайларға талдау жасап, өзінің іс-әрекеттерінің (тоқсандық, жылдық, бесжылдық т.б.) қорытындысын шығаруға, болашақтың жоспарын құруға пайдаланды.
Журналдардағы басмақала кең көлемде жазылады. Жылдың алғашқы нөмірінде өткен жылдағы оқиғаларға баға беру, келешектің жоспары, басылымның алға қойған мақсат- міндеттерін хабарлау негізінде жазылып жүр.
Проблемалық мақала қазіргі таңда кең қолданысқа ие. Проблемалық мақала экономика, саясат, мәдениет, ғылым, білім, адамгершілік, заң, экология т.б. қоғамның барлық саласын қамтиды және әртүрлі тақырыпта жазылады.
Мақаланың бұл түрінің негізі - барша халыққа мәлім, қоғамда шешуді талап ететін мәселелерде жатыр. Егер елде инфляция, жұмыссыздық, заң бұзушылық кең етек алса, жалпыхалықтық мәдениет өзінің шындық бейнесін жоғалтса, онда халықтың өмір сүру деңгейінің төмендейтіндігі белгілі. Нақты, анық, еліміздегі маңызды деректерге сүйенсек: зауыттардың жұмысы (жалақы төленбей кешіктірілсе, мықты мамандар жұмыстан кетсе) тоқтайды. Бұдан қандай қорытындыға келеміз? Қоғамға себеп-салдар, шешім мен ұсыныстардың қайнар көзі керек.
Мақалаға «кім?», «не?», «қайда?», «қашан?», «қандай?» т.б. қойылатын сұрақтар жеткіліксіз. Негізгі «кім кінәлі?», «не істеу керек?» деген маңызды сұрақтар қажет. Журналистердің міндеті – зерттеу жүргізу, қиындықтардың көп тармақты себебі мен салдарын, туындаған күрделі мәселелерді анықтап, шешудің жолдарын табу проблемалық мақаланың міндеті.
Теориялық мақала. Мақаланың бұл түрінің мазмұны қоғамның саяси, экономикалық, мәдени дамуын және оның қазіргі жағдайына өзіндік көзқарасына, тарихи өсу тәжірибесіне ғылыми-теориялық жағынан талдау жасаудан құралады және газет-журналдарда, арнайы салалық басылым беттерінде жарияланады. Барлық тақырыптық бағыттағы мақалалар тартылады.
Ақпараттық мақала. Бұл атау үлкен қарсылық тудыруы мүмкін. Біз жоғарыда мақалада дәлелдеу, талдау және зерттеуге байланысты мәлімет бере кеттік. Енді корреспонденцияға келейік, онда тек қана сараптамалық талдау ғана емес, ақпараттық талдау болса, ол кеңейтілген, тереңдетілген ақпараттық мақала болуы мүмкін.
Ақпараттық мақала – мазмұны кең көлемде талданған, анықталған оқиғалардың деректеріне негізделеді. Сонымен қатар, қоршаған ортада барлық болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды бір-бірімен тығыз байланыста талдануымен маңызды. Ақпараттық мақаланың мақсаты – оқиғаларды жедел хабарлау емес, әлеуметтік маңызы бар оқиғалардың мәнін аша отырып хабарлау. Тек хабарлау емес, кең көлемді мақалалар жазу, ақпараттық хабарлар дайындау, ситуацияға қатысушы жаққа қатысты деректер мен дәйектерін зерттеулерді ұсынуы керек.
Мақала – зерттеу. БАҚ туралы заңның қабылдануымен редакциялардың қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларды дербес зерттеу жұмысын жүргізу мүмкіндігі туды. Көп жағдайлармен күрделенген, деректердің жинақталуы мен талдануын, мол құжаттардың зерттелуін, үлкен көлемдегі түрлі қалалар мен тіпті мемлекеттерде адамдардан сұхбат алуды талап ететін жағдайлары жөнінде сөз қозғалып жатыр. Сонымен бірге, осындай жұмысты кейде қысқа мерзімде өткізуге болады. Әрине, бір журналист кәдімгі мақаламен жұмыс істеу шеңберінде осындай жұмысты атқаруы мүмкін емес. Осы кезде сараптамалық орталық (немесе сараптамалық топ) іске кіріседі. Ақпараттың жинақталу мен талдану нәтижесі мақала- зерттеу немесе осыған ұқсас мақалалардың сериясы болуы мүмкін.
Мақала-зерттеу – жан-жақты, кешенді, ағымдағы өмір, өткен жылдардағы қоғамдық маңызы бар оқиғаны зерттеуге негізделген мақала түрі. Мақала-зерттеудің тақырыбы редакция пікірінше ресми органдар мен жеке БАҚ-нан толық емес және қате жария етілу салдарынан көбірек объективті, терең, мұқият қарастырылуға тиіс оқиғалар болуы мүмкін. Сонымен қатар, сөз көп жылдық тарихы бар оқиғалар жөнінде болуы да ықтимал. Мұндай мақалалардың мақсаты – шындықты ашуға талпыныс, әділдікті қалпына келтіру.
Мақала-зерттеудің авторы - авторлар тобы немесе ұжымдық зерттеуді пайдаланатын бір журналист те бола алады. Дегенмен, осындай мақалалар кейде авторы көрсетілмей, редакциялық болып беріледі.
Ең бір көрнекі мақала-зерттеуге мысал ретінде, бірнеше ай бойы басылған Оңтүстік-Кореялық ұшақтың 1983 жылғы қайғылы опат болуына арналған жарияланымдардың топтамасын алуға болады. Бүкіл әлемдік баспасөзде бұл туралы көп жазған болатын, бірақ кеңес үкіметі, сол кездегі тәуелсіз емес баспасөз әлемдік БАҚ-ның деректері мен ақпараттарында қайшылықтар көп болды. Бұл халықаралық шиеленістің себепшісі болды. Бұл шиеленісті жою үшін аталған оқиғаны қайтадан қарауды қажет етті. Мұнымен «Известия» газетінің сараптамалық орталығы айналысып, көлемді мақала-зерттеу жариялаған болатын.
Мақала-зерттеу бұрынғы және қазіргі тарихпен байланысты оқиғалардан басқа, жоғарыда көрсетілген мысалдай әртүрлі себептерге байланысты мәселені қозғауды, оның өңделуін, ақпаратпен қамтамасыз етілуін немесе теорияландыруын талап етпей, оның тергеуін талап ететін деректерге арналуы мүмкін.
Ресейдің «Литературная газета» басылымында соңғы жылдары бұл жанрдағы материалдар жарияланатын «Расследование «ЛГ» мақсаттық жолағы енгізілген. «Известия» газетінде мақала-зерттеулер көп жарияланады.
Достарыңызбен бөлісу: |