Ұғым - танылатын нысанның мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, концепт - ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы. Концепт лингвистикада әр қырынан қарастырылып келеді (В.И. Карасик, З.Д. Попова, И.А. Стернин, т.б).
Концепт ұлттық дәстүр, фольклор, дін, өнер, өмірлік тәжірибе, құндылықтар жүйесі, т.б. факторлардың өзара қатынасы нәтижесінде туындайды. Осылайша концепт адам мен әлем арасындағы мәдени ортаны бейнелейді [Арутюнова 1998]. Оның мазмұн межесі - нысан туралы ұжымдық және жеке санадағы білім ақпараттарының шоғыры болса, тұрпат межесі - тіл бірліктерінің жүйеленген көрінісі (лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық, т.б.).
Б.Хасанұлы еңбектерінде концепт терминінің қазақша баламасы ретінде тұжырым сөзі қолданылған. Ол тұжырым (концепт - лат. conceptus мысль, понятие) терминінің мағыналық астарын, тұжырымдама (концепция - лат. conceptio понимание, система) ұғымымен сабақтастыра қарастырып, тұжырым - адам санасына тән, ойлау қызметінің ғаламдық бірлігі, жинақталған түсінік, ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы, тұжырым-саланың (концептосфераның) бірлігі деген анықтама береді. Концептосфера деген - халықтық ретке келтірілген концептілер жиынтығы, ойлаудың ақпараттық негізгі (базасы). Концептінің ұлттық, әлеуметтік, топтық және жеке адамдық ерекшелігі болады, ал тұжырымдама - белгілі бір құбылысты түсіндірудің нақты тәсілі және оны баяндаудың негізгі идеясы туралы көзқарас, сындарлы ұстаным. Ғалымның 2008 жылы жарық көрген "Қазақ тілі" тұжырымы: пайымдаулардағы көрінісі" атты еңбегінде концепт (тұжырым), концептосфера (тұжырымсала) терминдерінің мән-мағынасы жете түсіндірілген [2008, 12-13 бб.]. Қазақ тілінде жазылған ғылыми зерттеулердің көпшілігінде концепт, концептісі, концептосфера, концептая нұсқалары қолданылады.
Концепт ұғымы когнитивтік психология ғылымынан енген. Ғылыми әдебиеттерде концепт термині әр түрлі түсіндіріледі: концепт "ұғымның" синонимі ретінде колданылады; концепт "қарапайым дүние бейнесінің" ментальді құрылымын білдіреді. Оның негізінде салт-дәстүр мен фольклордың, идеология мен діннің, адамның жеке тәжірибесі мен құндылықтар жүйесінің көрінісі. Ол лексикалық мағынаға қарағанда, едәуір кең мазмұнды бейнелейді [ Карасик 1996, 4 б.].
Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде мынадай анықтама берілген: "Концепт ұғымы адамның ойлау әрекеті мен тәжірибесін, білімін білдіретін, дүниені танып-білудің адамзаттық тәжірибесі мен білім "квантын" танытатын мағыналар [Краткий словарь когнитивных терминов 1996, 90 б.].
Концепт қалай зерттелу керек? Концептілік ерекшеліктерді анықтау үшін лингвистикалық талдаулар қалай жүргізілуі тиіс деген мәселелердің басын ашып алу қажет.
Тіл білімінде қолдануға тиімді деп танылатын концептінің құрылымдық үлгісін Ю.С. Степанов ұсынған болатын: "1) негізгі, өзекті белгісі; 2) қосымша (тарихи) белгісі; 3) сөз формалар арқылы берілген мағынасы (ішкі формасы)" [1997, 40 б.]. Ол әрбір мәдениеттің өз ішінде концептінің танылу деңгейі бірдей емес, сондықтан концептінің негізгі белгісі тілді қолданушылардың барлығы үшін маңызды болып саналады; қосымша (тарихи) белгісін кейбір әлеуметтік топ өкілдері ғана тани алады, ал ішкі формасын немесе этимологиясын тану ғалымдарға тиесілі дейді [1997, 44 б.].
Бірқатар ғалымдар (В.Н. Телия, Д.О. Добровольский) концептінің ішкі формасын кең не тар көлемде болсын тілді қолданушылардың да тани алатындай мүмкіндігі бар екендігін айтады. Ол әсіресе идиоматикалық саладан айқын көрінеді.
Концептінің құрылымдық үлгісін қалыптастыру зерттеудің сәйкесті (адекватты) әдістемесін жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мәселен, "ішкі форма деңгейін анықтау үшін халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, фольклорлық деректерге сүйену керек, яғни тура мағынасын іздеу керек" (Ю.С. Степанов). Бұл әдіс Д.О.Добровольский еңбегінде де көрсетілген. Оның пікірінше, тілдің мәдени ерекшеліктерін анықтау фольклор, мифология, ертегі, салт-дәстүр, тіл тәрізді бірнеше мәдени кодтардың негізінде жүзеге асады. Мәдени мазмұны бар символдар бірнеше мәдени кодтарда параллель айқындалған болса, жеткілікті түрде анықталған болып есептеледі. Алайда тіл үнемі басқа мәдени кодтармен параллель дами бермейді [1997, 42 б.].
Концептінің пассив қабатын зерттеу үшін тарихи (диахронды) әдіс тиімді. Ал актив қабаты алдымен, әлеуметтік қырынан, яғни синхронды талдау жолымен (ұжымдық санада қалыптасқан білім негізінде) анықталады. Бұл жерде БАҚ мәтіндері, қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлардың тілдік түсіндірмесі (интерпретациясы), т.б өзекті болып саналады [1999, 87-89 б.].
Концептілік жүйе ішкі және сыртқы құрылымдардан тұрады. Ішкі құрылымы концептіні танытуға бағытталған құрылымдар: когнитивтік үлгі (дүниенің ассоциациялық, таптаурындық, эталондық, этикеттік, символдық, бейнелік үлгісі) және оның санада бейнеленген типтері (фрейм, сценарий, ойсурет, сұлба); ал сыртқы құрылымы - сөз, сөз тіркесі, сөйлем, фразеологизм, метафора, метонимия, т.б
Достарыңызбен бөлісу: |