ЛЕКЦИЯ №9. ГЕНДЕРЛІК КОНЦЕПТ ЖӘНЕ КОНЦЕПТОСФЕРА
1. Гендерлік концепт
Гендерлік концепт санада танылу деңгейі мен ақиқат дүниенің болмысына, өзіндік ерекшелігіне қарай, метафизикалық (ата-аналық бастау), адамзаттық (еркек, әйел), мәдени (еркектік, әйелдік) деп шартты түрде жіктеледі. Гендерлік концептосфера - халықтың дүниетанымында, рухани болмысы мен тіршілігінде, оның "ғалам бейнесінде" орын алған жыныс өкілдеріне негізделген кешенді білім жиынтығы.
А.В. Кириллинаның пайымдауынша, "егер жыныс ұғымы "еркек" пен "әйел" категориялары арқылы ұғынылса, гендер "еркектік" және "әйелдік" категориялары арқылы түсіндіріледі. Дегенмен бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты" [1999, 90 б.]. Аталған категориялар бір-бірімен өзара байланысып жататындықтан, олардың аражігін ажырату қиын. Зерттеу барысында жыныстың тілдегі көрінісіне талдау жасау арқылы гендерлік концептінің сөз жүзінде көріну (вербалдану) ерекшелігіне назар аударылады.
Концепт когнитивтік лингвистиканың басты термині ретінде қарастырыла бастағаннан-ақ, зерттеушілер мағына/ұғым/концепт терминдерінің аражігін ажыратып көрсеткенді жөн көрді.
Сөздің дәстүрлі мағынасы "санада зат пен оның қасиеті, әрекеті туралы түсініктің бейнеленген, сақталған мазмұны" деп танылады [Гак 1990, 261 б.]. Лексикалық мағына - бұл теңеу, топтастыру, жалпылау, т.б. негізінде қалыптасатын санадағы ақпараттардың редукциясына қатысты адамның ойлау әрекетінің өнімі. Ю. Степанов көрсеткендей, "мағына тек тіл жүйесінде анықталатын тіл білімінің термині, ал ұғым тіл білімі мен логика саласындағы логикалық қатынастар жүйесінде анықталады" [1997, 73 б.].
"Ұғым" термині тек "зат пен құбылысты, олардың қасиеттері мен қатынастарының (яғни заттар мен құбылыстардың топтарына сәйкес келетін жалпы және ерекше белгілері) белгіленуі арқылы жалпылама түрде бейнеленетін ой" ғана емес, сонымен қатар, "метонимиялы түрдегі, сол топтардың өзі, яғни грамматикалық немесе семантикалық категориялар" немесе "категориялау" қағидасы (Тейлор) [Степанов 1997, 384 б.]. Басқаша айтқанда, ұғым өз ойына бір зат туралы не білеміз, соның барлығын жинақтайды, ол затты ойша елестету, ұқсасстыру (теңестіру) және нысанаға сәйкес сөзді белгілеу, нәтижесінде ой қорытындысын жасау, тұжырымдау (мысалы, Ф. де Соссюр ұсынған таңба сызбасында ағаштың түбірі, бұтақтары және жапырақтары бар (жаз айларында), жерде өседі, адамға қарағанда ұзақ өмір сүру мүмкіндігі бар, отынға пайдалану үшін араланып кесілуі мүмкін деп келтірілген). Соңғы кездері мағынаны танытуда "концепт" ұғымы қолданылып жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |